Оқырман назарына Әзілхан Нұршайықовтың «Екі естелік» кітабынан алынған «Әуезовпен болған бес күн» естелігінен үзінді ұсынамыз. Аталған кітаптың кіріспесінде: «Қаламгердің ұмытылмас өмірі, азаматтық, адамгершілік қасиеті туралы қаламдас шәкіртінің айрықша ізетпен, сүйіспеншілікпен тебірене толғаған жазбаларының бүгінгі ұрпаққа сыйлар, кейінгі күндерге жеткізер қуанышы, тәлім-тәрбиесі мол», – делінген екен. Бұл сөздің шындыққа ұласқанына уақыт куә, ақиқатқа айналғанына замана куә. Сол себепті ұлы қаламгердің Ертіс-Баянауыл өңіріне жасаған сапары жайлы ескірмес естелікті оқырман санасында тағы бір мәрте жаңғыртуды жөн санадық.
Әуезовпен болған бес күн
1958 жылы 24 июньде, Павлодар қалалық партия комитетінің өтініші бойынша, Мұхтар Омарханұлы Әуезов Қерекуге келді. Ол кезде Павлодарда «Қомбайн заводы» деген шартты атпен қазіргі трактор заводы және осы күнгі алюмин заводы салынып жатқан болатын. Әріректе Қереку делініп, кейініректе Павлодар аталған бұл кішкене қаланың екі жақ шетінен орнаған осы екі завод, әлдебір алып құстың қос қанаты іспеттеніп, күн сайын құлаш жайып өсе бастады. Бұл зәулім заводтардың іргесі көтерілген сайын, Қереку де ұлғайып, көркейе түсті. Құрылысшы қала тұрғындарының мәдени-рухани талабы және арта бастады. Олардың Қазақстанның көрнекті жазушыларымен кездесу жайындағы тілегін ескере отырып, қалалық партия комитеті Павлодарға астананың алғашқы қонағы етіп Әуезовті шақырды.
Қерекуге Әуезов келетін күні таңертең, біз, ол кезде Қазақстан Қомпартиясы Орталық Қомитетінің жауапты қызметкері, жазушы Зейнолла Қабдолов екеуміз, Баянауыл-Екібастұз сапарынан оралған едік. Қеле сала Әуезовтің түстен кейінгі төрт жарымның самолетімен келіп түсетінін білдік
Сағат үште үйден шықтық. Аэропорт басына ертерек барып, Мұхаңды сол жерден күтуді жөн көрдік. Онда аэропорт қаланың шығысында, Ақмола-Павлодар темір жолының ар жағында болатын. Темір жол үстінен салынған үлкен көпір қала мен аэропорт аралығындағы ең биіктеу тұс еді. Машинамыз көпірге көтерілгенде, темір жолдың арғы бетінде аэропортқа қарай ағылып бара жатқан алуан түрлі көлікке көзіміз түсті. Алғы лекте көсіле зымырап қара «Зим» кетіп барады. Оның соңында түйдектеле тайпалған бірнеше «Волга» көрінеді. Төңкерілген астауға ұқсап, екі-үш «Победа» және жүйткиді. Солардың соңын ала, аңшының алдынан қашқан ор қояндай безектеп, «Газ-69-дар» тоңқаңдайды. «Қалдым-ау», «қалдым-ау» дегендей ышқынып, бар күшін сала «Москвичтер» мықшыңдайды. Беліне екі-үш кісіден мінгестіріп, артына көк түтіннен шеңбер шашқан мотоциклдер де тырқ-тырқ ете дедек қағысады. Велосипедке мінген он-он бес ересек бала қаздай тізіліп, қалың шаңның ішінде келеді. Олардан арқан бойы алыста қалғап, аяғы велосипед педаліне еркін жетіңкіремейтін кішірек бала, құйрығы бұлтыңдап ершіктің ол жағына бір, бұл жағына бір аунап, жаны қалмай ілгері ұмтылады. Ол да аэропортқа халықпен қатар жетуге асығады. Ең соңында, Қерекудің ескі «таксиі» аталған жеңіл жайдақ арбалар өз алдына бір тізбек құраған. Арбаларға аяқтарын салбыратып ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарттар жайғасқан. Әр әженің тізесінде немерелері және шоқаяды. Қарттардың кейбіреулері алақандарымен көздерін көлегейлеп, бастарын шалқайта аэропорт жаққа қарап қояды.
Алаш қайраткерлері
– Ана ақсақалдар да Әуезов мінген самолетті көздеп келеді, – деп, Зейнолла көпір үстінен төңірекке тебірене көз тастайды.
Жазушыны қарсы алуға аэропорт басына келген ресми адамдар көп емес екен. Олар «ЗИМ-нен» түсіп, аэропорттың кішкене үйіне кіріп шыққанша, айнала қаптаған машина мен мотоциклге толып кетті. Аттарын қузай айдаған арбакештер де аэропорт іргесіне ілінді.
Қалалық партия комитетінің секретары, ұзын бойлы, ақ сары жігіт Владислав Сумочкин Әуезовті қарсы алуға аэропорт алаңына осыншама жұрт жиналады деп ойламаса керек.
– Қараңыздар, қаншама қауым жиналған! – деп ол кемпір-шал, әйел-еркек, бала-шаға аралас қалың жұртты таңдана иегімен нұсқады. – Қарт әжелер немерелерін және жетелей келіпті. Ал бұларға аэропорт басына шығыңдар деп ешкім хабарлаған емес.
Әлгінде, аэропортқа қарай ағылған жұрттың соңынан ілесе темір жол көпіріне көтерілген кезде алда кетіп бара жатқан «ЗИМ-ді» көрген Зейнолла менен қалалық партия комитетінің секретары Сумочкиннің аты-жөнін сұрап алған еді.
– Олар өздерінің сүйікті жазушысын қарсы алуға келді ғой, Владислав Владимирович, – деді Зейнолла, «сүйікті жазушысын» деген сөздерді нығырлай айтып.
– Әрине, бұл үлкен сүйіспеншілік нышаны, – деп, В.Сумочкин ықыластана бас изеді.
Осы сәтте мен Қабдолов пен В.Сумочкинді бір-біріне таныстырдым. Сол екі арада аспаннан мотордың күшті гүрілі естіліп, жұрттың бәрі көкке көз тікті. Қылыш сақалдарды жел майырып, шоқша сақалдар мен қылтанақсыз иектер кәукиіп самолеттің соңынан ілесті. Қүмістей жарқыраған ақ самолет – «Ил-14» аэропортқа тамап төніп келді де, қайқаң етіп, қайта аспанға көтерілді.
– Көтек, кетіп қалды, – деді жас әйелдердің бірі өкінгендей үн шығарып.
– Қайта айналып келіп қонады, – деді велосипедке сүйенген балалардың бірі көзін самолеттен жазбастан.
Үстеріне жаңа қара қамзол, ақ кимешек киіп, бастарына жаулық салынған қарт аналар, жағаға тізілген пингвинге ұқсап, оң қолдарымен көздеріне күн сала самолетке қарап, сол қолдарымен жердегі немерелерінің шашын сипап, сабырмен үнсіз тұрды.
– Әз аға, сіз Мұхаңмен жақсы таныс па едіңіз, – деді Зейнолла да көзімен самолетті қуалай тұрып, қасындағы маған үн қатып.
Соғыстан келген студент кезімде, университетте, Мұхаңнан көп шәкірттерінің бірі болып дәріс тыңдағанымды айттым.
– Одан басқа етене таныстығым жоқ, біле қоймас, – дедім.
– Әй, сол кісі сізді білетін болар-ау, тегі, – деп Зейнолла сол самолетке қараған күйі менің білегімнен ұстады. – Әне, қонды!.. Ал енді сіз менен қалмаңыз, мен өзім жақсылап таныстырамын…
Аэропорттың арғы шетінде, самолет доңғалағы жерге тиген кезде, бұрқ еткен қалың шаң аспанға көтерілді. Павлодардың май топырағының қою шаңын артынан арқандай шұбылтқан ақ самолет, жұртқа жердегі шабысын көрсеткісі келгендей, жұлдыздай зымырап барып-барып, бері қарай бұрылды. Солығын басқандай боп, портқа қарай жай аяңдаған самолет, бағана басындағы үлкен балықтың торсылдағындай тырсиып тұрған қара ала қаптың тұсына келгенде, кілт тоқтап қалды. Ешқандай қаша-қоршауы жоқ алаңның жан-жағынан жұрт лап беріп, самолет тоқтаған жерге қарай жүгірді. Порт қызметкерлері олардың ортасынан саты-арбаны самолетке қарай әрең итеріп өтті.
Самолеттен шыққан Әуезовтің табаны сатыға тигенде, жұрт жабыла қол соғып жіберді. Кейбіреулер, жазушыға бұл қошемет артық емес пе дегендей, жалтақтап, жан-жағына қарасты. Қөпшілік оны елеген жоқ. Содан соң олар да алақандарын шапалақтай бастады.
Әуезов шетен шляпасын сол қолына ұстап, мейірлене күліп, баспалдақпен сабырлы түрде төмен қарай түсе бастады. Үстінде метродан мол етіп тігілген жолақты сұр костюмі бар. Қеудесінің сол жағында, кішкентай жалын болып, депутат значогы жарқырайды. Мойнындағы қоңыр жолақ галстугы костюмінің түсімен үндестік танытады. Пиджагінің жеңінен ақ көйлектің екі жеңі оза шығып, ағара көрініп келеді. Шалбардың бір кездегі ұзын кең балағын кейін қысқарта тарылттырғанға ұқсайды. Сондықтан да жазушының аяғындағы сарғылт түсті таспадан өріле тоқылған жеңіл туфлиі жалт-жұлт етіп, айқын көзге түседі.
Әуезов сатының ең төменгі баспалдағынан аттап жерге түскенде, жұрт бірін-бірі итере сығылысып келіп, оны қоршап алды. Жақындағылар жапырлай амандасып, алыстағылар аяқтарының ұшымен көтеріліп, жазушыға қарай мойындарын созады. Жас балаларды иықтарына мінгізіп алған еркектер: «Әне, көр, түстеп танып ал» дегендей, жазушыны балаларына қолдарымен нұсқай көрсетеді. Әуезовті қаумалаған қалың жұрт мені ығыстырып, шетке шығарып тастады да, қасымдағы Зейнолладан айрылып, адасып қалдым. Жазушының қасына жарты адым жақындауға мүмкіндік болмады.
«Екі естелік» кітабы (Алматы, «Жалын» баспасы, 1985 жыл)
Чукот теңізінің мұзын жарып, тырмыса ілгері жылжыған «Челюскин» пароходына ұқсап, үсті-үстіне гудок беріп, бір қозғалып, бір тоқтап, қалалық партия комитетінің қара қасқа «ЗИМ-і» әрең дегенде самолет қасындағы жазушының жанына жетті. В.Сумочкин бастаған жолдастар Мұхаңды қаумалап, машинаның алдына мінгізді де, өздері жапырласып артқы орындарға жайғасты. Өзге адамдар өз машиналарына қарай жүгірісті, Халықты қақ жарған «Челюскин»-«ЗИМ» әрең деп ілгері қозғалды да, сәл жүріп барып қайта тоқтап қалды. Жұрттың жота, иықтарының үстінен, бастарының арасынан алғашында Әуезовтің ақ шетен шляпасының төбесін көзім шалып қалды. Артынан шляпа ғайып болды да, Мұхаңның бұйра-бұйра самай шашы мен оң жақ торсық шекесі біресе көрініп, біресе қалың бастардың арасына қайта сіңіп кеткен сияқтанды. Әуезов әлдекімдерге бас иіп, сәлемдесіп тұрғанға ұқсады. Сөйтсем ол бағанағы қарт аналар мен ақсақалдар тұрған тұс екен. Оларды көзі шалған Мұхаң машинаны тоқтатып, жерге түсіп, сәлем беріп, әрқайсысының қолын алыпты. Содан соң қара «ЗИМ» қайта қозғалып, халықтың ішінен сытыла шығып, заулап қалаға қарай тартты. Өзге машиналар ілгері-соңды орындарынан қозғалып, нөкір тізбек болып, соның соңынан жөнелісті. Тырағайлап мотоциклдер, тырбаңдап велосипедшілер кетті. Кемпір-шалдар арбаларына қайта жайғасып, ақсақалдар ат басын ауылға қарай бұрды.
2
Осы көрініске қызыға қарап, қалт тұрып қалған мен бір кезде жан-жағыма көз салсам, жұрт тегіс тарап кетіпті. Менен он-оң бес адым ғана жерде, ұзындығы менің бойыма жуық үлкен екі чемоданның ортасында, көзілдірікті, тәпелтек келген жалғыз жолаушы ғана қалыпты. Ол да, мен сияқтанып, қалаға қарай бірінің соңынан бірі қуалай жүйткіген машиналар жаққа қадала қарап қалыпты.
– Сіз кімсіз? – дедім мен оның қасына таман келіп.
Жолаушы енді ғана ес жиғандай болып, маған жалт қарады. Сонда да, бірден жауап бергісі келмегендей, алдымен бас-аяғымды тегіс шолып өтті. Жұртта қалған мен сияқты біреуге жөн айтуды лайық көрмеді-ау деймін, көзілдірікті жолаушы маған қарсы сұрақ қойды.
– Ы-ы-ым, өзің кімсің?
– Мен «Социалистік Қазақстан» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі едім, – деп аты-жөнімді айттым.
– А, кім дейсің? – деп тәпелтек жолаушы алақанымен қалқалап, құлағын қайта тосты. Тегі, құлағының тосаңы бар біреу болды ғой деп ойлап, даусымды қаттырақ шығарып, аты-жөнімді қайтадан айттым.
Жолаушының көзі күлімдеп, жалпақ танауы желбеңдей жөнелді.
– Әй, сонда сен өзіміздің Әзілханбысың, – деп, қысқа мойнын маған қарай қылқаң еткізе созып, алақанын жайды. – Мен Әбдірашит Ахметовпын ғой!..
– Әбдірашит Ахметов?.. Иә, білемін. Атын бірнеше рет естігенім бар. Бірақ көрмеген кісім. «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты секретары дейтін. Газеттің жауапты секретарьларын тек қана редакцияларда ғана кездестіретіндіктен, Ахметовпен аэропорт басында жолығармын деген үш ұйқтасам, ойымда жоқ болатын.
– Сіз де осы самолетпен келдіңіз бе?
– Иә, Мұханның бұл сапардағы серігі менмін ғой!
Мен қалбалақтап қолымды ұсындым.
– Қолыңды қоя тұр, өзің келші бері, – деп ол құшағын жайды.
Екеуміз құшақтаса кеттік. Иегіміз біріне-бірі тірелді. Ол жуандау, мен жіңішкелеу екенмін. Ол менің сол жақ бетімнен сүйді. Мен оң бетінен. Содан соң «осы да жетпей ме?» дегендей, сәл ойланып алып, оң бетімнен сүйді. Мен сол бетінен.
– Машинаң бар ма?
– Бар.
– Қайсысы?
– «Волга».
Ол доғарылып, дертеден босаған аттай болып, екі чемоданның ортасынан шықты. Содан соң сұқ саусағын шошайтты да:
– Екеуі де Мұхаңның чемоданы, көтер, – деді маған.
Әуезовке қолым жетпесе де, оның атқосшысын құшақтап, чемоданын көтергенге – мен мәз. «Өлмегенге – өлі балық» дегендей, жұртта қалған Ахметовке мен кездескеніме – ол мәз. Екеуіміз де арсалаңдап келеміз: ол –алда, мен – артта.
Түрі, түсі, тұрқы бірдей егіз тәріздес екі чемодан онша ауыр болмағанмен, едәуір биік екен. Қолым сәл босаса болды, екі чемодан кезек-кезек жер сүзіп қалады. Жерге тигізбеймін деп мен мықшыңдап келемін. Мінген машинам обкомдыкі еді. Обкомның шоферлары нығыз келеді, өз бастығыныкі болмаса, өзгенің жүгін көтеріспейді. Машинаның багажнигін ашып қойып, кілтпен ойнап тұр. Терлеп-тепшіп, екі чемоданды багажникке әрең жайғастырдым. Ахметов машинаның алдына жайғасып алған екен. Артқы кабинада мен шоқиып, жалғыз отырдым. Бағана Зейнолла екеуіміз қатар отырып келіп едік.
– Әбеке, ана «ЗИМ-нен» неге қалып қойдыңыз?
– Ойбай-ау, оны халық көрсетті ме маған? – деді ол. – Анадайда кетіп бара жатқанын бір-ақ байқап қалдым. Әйтпесе тырп еткіземін бе мен ол «ЗИМ-ді».
Ахметов алғашқы сөздерін алға қарап отырып айтып еді. Содан соң мойнын сол жақ иығына қарай бұрды.
– Айтпақшы, соған Ернар мінді ме?
– Білмеймін. Ернар кім?
– Ернар Мұхаңның ұлы ғой, сегізінші класта оқиды. Осы жолы ел көрсін деп ертіп келіп едік. – Содан соң ол қайта алға қарап, өз сұрағына өзі жауап берді: Мінген шығар?!
Әуезовке комбайн заводының қонақ үйінен орын әзірленгенін бағана естіген едім, айдап отырып сонда келдік. Бес этажды биік үйдің алдында машина самсап тұр. Мұхаң үшінші этаждағы жетінші люкске жайғасқан екен. Подъезден бастап, үшінші этажға дейін баспалдақ толған жұрт. Біз солардың ортасын қақ жарып көтеріліп келеміз. Ахметов – алда, мен – артта. Ол жұртты жайғап, жол ашады. Мен одан қалмауға тырысамын. Екі чемодан әр баспалдақтың кенересін қатар сүзеді. Екі самайдан аққан тер жылжып, жағаға құйылады. Сөйтіп, үшінші этаждың дәлізіне жеттік.
– Жетінші люкс қайда? – дейді Ахметов орысшалап.
– Мұнда, мұнда, – дейді оған дәлізді кернеп тұрған жұрт алдағы ашық тұрған есікті нұсқап.
Мұхаңның қоңыр даусы құлағыма келеді.
– Ал бүгінгі жоспар-жобаларыңыз қандай?
Осы кезде біз номердің табалдырығын аттап, мен екі чемоданды бұрышқа апарып қойдым.
– Сағат кешкі сегізде, қалалық паркте, Павлодар тұрғындарымен кездесу болады, Мұхтар Омарханұлы, – деді Сумочкин Мұхаңның сұрағына жауап беріп. – Егер шаршап келген болсаңыз, онда…
– Жоқ, Владислав Владимирович, о не дегеніңіз, – деді Әуезов. – Осы күнгі жолаушы шаршаушы ма еді? Егер халық хабарланып қалған болса, онда тура сол сегізде бастауымыз керек. Мен әзірмін.
Олар осыған уәделесті де, Сумочкин жиналып тұрғандарға тараңдар дегендей ишара жасады. Жұрт біртіндеп, жазушының бөлмесінен шыға бастады. Осы кезде Ахметов Сумочкиннің қасына барып, қолын ұсынды.
– Сәлеметсіз бе! Менің фамилиям – Ахметов. – Осылай деді де ол өзінен бойы биік Сумочкинге көзілдірік астынан тесіле қарады. – Қымбатты Владислав Владимирович, сіздің қалаңызға келген жазушының сенімді серігін (соңғы екі сөзді нығай айтты) айдалаға, аэропорт басында қалдырып кетуге қандай хақыңыз бар? Ал Алматы осы ұлы жазушыны сеніп, мына маған тапсырған болатын.
Ахметов осылай деп, оң қолының сұқ саусағымен сол сұсты қалпында өзінің кеудесін түртті. Әуезов мырс етіп, күліп жіберді. Қып-қызыл болып кеткен Сумочкин Ахметовті екі иығынан қапсыра құшақтай алды.
– Ғапу етіңіз, ақсақал, аэропортта адам көп болды да, байқай алмай қалыппыз. Кешірім етіңіз, – деп, жік-жапар жалынғандай болды.
– Егер мұндай оқиға бұдан былай қайталанбайтындай болса, мен кешіремін, – деді Ахметов иығын көтере түсіп.
– Енді ешқашан қайталанбайды, – деп В.Сумочкин Ахметовтің қолын қайта-қайта қысты.
Облыстық комсомол комитетінің бірінші секретарьлығынан қалалық партия комитетінің секретары болып сайланған В.Сумочкин жаны жібек, жақсы жігіт еді. Ахметовтің аэропортта қалып қойғанына қатты қысылып, қайта-қайта бас шайқап, інілік ілтипатпен қоса адамгершілік үлкен ұялыс танытты. Осыны аңғарған Әуезов арашаға өзі түсті.
– Владислав Владимирович, қазақтардың осындай, ұрысқа бергісіз әзілі болады, – деді ол күле сөйлеп. – Менің досым Әбдірашит Ахметов сізге кінә тағып тұрған жоқ, әзіл айтып жатыр. Оны көңіліңізге ауыр алмаңыз.
Осы кезде Ахметов қарқылдап күліп жіберді.
– Әрине, әзіл ғой, – деп өзінен көп жас кіші В.Сумочкинді еркелете арқасынан қақты.
– Әзіл екенін түсініп тұрмын ғой. Бірақ кінә бізден болды, – деп, Сумочкин серіктерінің соңынан аяңдады. Әбдірашит оны қолтықтап, есікке дейін шығарып салды.
3
Бұл кезде бөлмеде жолаушылардан басқа Зейнолла екеуіміз ғана қалған едік. Зейнолла бағана «ЗИМ-ге» мінгесіп, бізден бұрын кетіп қалған екен. Әбдірашит Сумочкинді шығарып салуға беттегенде, Зейнолла мені Мұхаңға таныстырды.
– Мұха, мына жігітті өзіңіз білесіз, – деді Зейнолла маған қарай қолын созып, Әуезовке қарай жақындауға икемдеп. – Соғыстан келгеннен кейін университетте оқып, өзіңізден лекция тыңдаған. Қазір Қазақстанның Овечкині аталып жүрген очеркисіміз осы кісі, – деп Мұхаңа менің аты-жөнімді айтты.
Мен Мұхаңа сәлем беріп, қолымды ұсындым.
Әуезов менімен бейілдене амандасты.
– Пәлі, сен де осында ма едің? – деді қолымды жалпақ алақанымен жайлап қана қысып.
– Осындамын, Мұха.
– Қашаннан?
– Елу үшінші жылдан.
– Оған дейін қайда болдың?
– Университетті бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстанда» қызмет істедім. Содан облыстық газеттің редакторы етіп, осында жіберген болатын.
– Пәлі, кешегі солдат бүгінде мынадай азамат болыпсың-ау! – деп, Мұхаң менің бас-аяғымды тағы бір шолып өтті. – Облыстық газет редакторы деген үлкен қызмет қой.
– Сол үлкен қызметтен осы кісі өзі өтініп босады, – деді Зейнолла әдетінше әрбір сөзін нығыздай айтып. – Редакторлықтан өзі тіленіп түскен адам жалғыз осы кісі-ақ болар.
– Неге? – деп Мұхаң маған қарады.
Неге екенін жөпелдемеде айтып жеткізуге аузыма сөз түспей, мен бөгеліп қалдым. Бұл тұйықтан тағы да Зейнолла шығарып жіберді.
– Редакторлық деген өзі ресмилеу жұмыс қой, Мұха, – деді ол маған бір қарап қойып. – Оның өзі кеңседе отыруы көп. – Ал бұл кісі ел аралап, өмір көруді артық көрді де, «Социалистік Қазақстанның» осы облыстағы меншікті тілшісі болып кетті.
Осылай деп бір бөгелді де, Зейнолла сөзін қайта сабақтады.
– Сіздің памятіңіз не деген ғажап, Мұха! – деді ол шалқи сөйлеп. – Алдыңыздан жүздеген шәкірт өтті. Солардың көбін, тіпті, бәрін білесіз. Міне, өзіңізден он жылдан аса бұрын сабақ алған мына кісіні де біліп тұрсыз…
– Пәлі, Зейнолла, «Абайды» төрт жыл соғыста арқалап жүрген Әзілханды мен қалай ұмытайын, – деді Мұхаң мұрнын саусағымен бір сипап қалып.
– Иә, айтпақшы солай еді-ау, – деп Зейнолла маған тесірейе қарады. Мұнысы оның: «Әу, сіздің соныңыз бар екен-ау» дегені еді.
– Төрт жыл бойы мен Абайды емес, Абай бізді, соғыстағы қазақтарды арқалап жүрді-ау, Мұха, – дедім мен.
– Ол сөзің де есімде…
– Ал, Мұха, енді бұл жігіттерді де жіберейік, – деді Әбдірашит ішкі бөлмеден шығып. Жаңа ол, Сумочкин шыққан соң, ауыз бөлмеге мен әкеп қойған екі чемоданды төргі бөлмеге қарай алып кеткен еді. – Кешкі кездесуге дейін сіз аздап тынығып алыңыз.
Мұхаңның маған байланысты бастаған сөзі аяқталмай үзіліп қалды. Біз кешке кездесеміз ғой деп, бас изесіп, есікке қарай аяңдадық.
Мен Әуезовтің қасынан көңілді қайттым. Оның: «Абайды» төрт жыл соғыста арқалап жүрген Әзілханды қалай ұмытайын!» деген сөзі мерейімді тасытқандай болды.
– Әз аға, Мұхаң мені біліңкіремейтін болар деп едіңіз бағана, – деді Зейнолла екеуіміз келіп машинаға мінгеннен кейін. – Біліп шықты-ау, сабазың.
– Сан шәкіртінің бірімін ғой, ұмытып қалған шығар деп ойлап едім.
– Сол сан шәкіртінің бәрі бірдей төрт жыл соғыста Әз ағаңдай «Абайды» арқалап жүрмеген болар.
Осылай деп ол менің бетіме бақырая қарады. Мен оған қарап ежірейдім. Бұл екеуміздің өзара әзілдескенде жасайтын бір әдетіміз еді.
Содан кейін екеуміз де ұзақ уақыт үнсіз отырып қалдық. Бәлкім, Зейнолла соғыс кезінің қиыншылықтарын есіне түсірген болар. Ал мен Әуезовті ең алғаш көргенімді көз алдыма елестеттім…
5
…Қабдолов екеуіміз қалалық паркке жарты сағат бұрын келдік. Парк ішіндегі «Жазғы театр» аталатын жұқа тақтайдан тұрғызылған үлкен үйдің ішін жұрт кернеп кетіпті. Жиналған қауымның көпшілігі орыс жұрты. Бірсыпыра қазақ интеллигенттері де келіпті. Бастарына тақия киіп, иектеріне әр пішінді сақал қойған қазақ шалдары, ақ кимешекті қартаң әйелдер және көрінеді.
Сағат сегізге бес минут қалғанда театрдың сырт жағындағы есікке қарай Әуезовтер келді. Біз алдарынан шығып, қарсы алдық. Сумочкин каланың өсуі, көркеюі жайынан Мұхаң мен Әбдірашит Ахметовке деректер айтып келе жатыр екен. Әуезов бойы иығынан асыңқы сида денелі ұлы Ернарды сол жағына ұстап, қолтықтап алыпты.
– Пәлі, сендер де келіп қалғансыңдар ма? – деді Мұхаң бізді көріп.
– Мұха деймін, – деді Зейнолла әрі ерке, әрі еркін үнмен, жазғы кинотеатрды иегімен нұсқап. – Сіздің құрметіңізге бүгін бар Павлодар тегіс жиналыпты осында.
Мұхаң да иек қаққан сияқты болды. Ол Зейнолланы құптағаны ма, әлде айналада өзіне анталай қарап тұрған жұртқа амандасқаны ма – анық аңғара алмай қалдым. Біз бәріміз театрдың сырт жағындағы, сахна тұсындағы есікке тоқтадық.
Жұрт жиналған орынға кірер алдында бас киімін шешу Мұхаңның бұлжымас бір әдеті болуы керек. Қинотеатр есігінің табалдырығын аттардан бұрын тоқтай қалып, басындағы қоңыр лентамен жиектелген ақ шетен шляпасын шешіп, қолына алды. Алды да оны біресе оң қолына, біресе сол қолына ұстап, дәл бір қайда қоярға білмегендей, бөгеліп қалды. Осы кезде Зейнолла қолын созып:
– Мұха, шляпаңызды маған беріңіз, – деді.
Мұхаң шляпаны Зейнолланың созған қолына ұстата салды да, сәл еңкейіңкіреп, табалдырықтан ішке қарай аттады.
Қонақтар сахна төріне көтеріліп, президиум үстелінен орын алғанша бүкіл зал тікесінен тік тұрып, қол соғып, құрмет көрсетті. Жұрт жайғасқаннан кейін қалалық партия комитетінің секретары В.В.Сумочкин қысқаша кіріспе сөз сөйледі.
– Бүгін біз қазақ мәдениетінің тарихына кіретін тамаша бір күнді басымыздан кешіп отырмыз, – деп бастады ол сөзін.
Ол тарихи оқиға – қазақтың Абайдан кейінгі атақты жазба ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың еліне, теңдесі жоқ импровизатор – суырып салма ақын Иса Байзақовтың жеріне, дала бұлбұлы атанған әнші Майра Уәлиеваның қаласына, әрі әнші, әрі күйші, әрі композитор Жаяу Мұса Байжанов пен атақты ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың, белгілі орыс совет жазушылары Всеволод Иванов пен Антон Сорокиннің, атақты орыс ғалымы Григорий Потаниннің өлкесіне – осы Павлодар өңіріне қазақ халқының және бүкіл совет халықтарының аса көрнекті жазушыларының бірі, «Абай» тәрізді өлмес эпопеяның авторы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің келуі.
Жұрт тағы да ду қол шапалақтады. Өзіне қуана қол соғып отырған адамдардың жүзіне қарап, Мұхаң мол денесін ширақ қозғап, шапшаң орнынан тұрды. Қөкжиектен жарқ етіп жаңа көтеріліп, бар дүниеге шексіз мол мырзалықпен жылы шуақ, ыстық нұр, асыл нәр таратар күндей күлімдеп, балаша жымиып, Мұхаң, торсық шеке, қасқа маңдай, кесек бітімді басын залдың екі жақ қанатына, алды мен арғы түкпіріне, тіпті, өзінің қасында, президиум үстелінің басында отырғандарға дейін кезек иіп, көңіл ризалығының кемел ілтипатын жасады. Осы кезде бүкіл зал орнынан қайта көтеріліп кетті. Шартылдаған шапалақ даусы одан сайын үдеп, күшейе түсті. Халықтың сүйікті жазушыға көрсеткен құрметіне Павлодар паркіндегі жұқа тақтайдан жасалған жазғы кинотеатрдың қабырғасы қақырап жарылып кете жаздағандай болды. Бұған әрі разы болған, әрі осынша жұртты табанынан тік тұрғызып қойғанға өзін өзгеше бір кінәлідей сезінген Әуезовтің екі бетінің ұшына ал қызыл қан теуіп, оның өңіндегі бағанағы баладай тәтті жымиыс одан сайын ұлғайып, толық ерні мен томпақ көзі бұрынғысынан кішірейе түскен тәрізденді. Жазушы: «Мен бәрілеріңізді бауырымдай танып, көкірегіме қыстым. Мына кеудеде жүрек соғып тұрғанда, бұл ықыластарыңды ешқашан ұмытпаймын!» – дегендей, ишарамен екі қолын айқастыра кеудесіне басты да, екі рет залға қарап, қайтадан бас иді. Содан соң жайлап қана өз орнына жайғасты.
Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан
Әуезов орнына отырғаннан кейін жұрт та, әлдебір жақыннан басталып, алыстан аяқталар күн күркірін еске түсіре, астыңғы тақтайлары айналмалы орындықтардың салдыр-гүлдір дыбысы залдың алдынан артына қарай лықсып, жайғаса бастады. Мұхаң қалтасынан орамал алып, бетін енді сүрте берген кезде, аяқ астынан әлдебір жарылыс туғандай, зал ішін ду еткен күлкі кернеп кетті. Жұрт неге күлді дегендей таңданыспен орамалын бетінен алып, тез төмен түсірген жазушы алдыңғы қатарда жалғыз өзі шошайып түрегеп тұрған қазақ әйелін көрді. Қою шашын маңдайынан қақ жара бөлген қос бұрымды, отыздың ішіндегі ақ жүзді ажарлы әйел. Жаңа ғана жұрттың қол соққан ырғағымен, салалы саусақтарын сол қолының әр жеріндегі от күйдіріп, темір қарыған тұстары қара қотырланып, кей жері тыртық боп қалған жұмыскер алақанын қайта-қайта соғып тұр екен. Айналадағы жұрттың тегіс орындарына отырғанын сезбей, екі көзін жазушыға қадап, әлі құрмет көрсетуде. Осыны аңғарған Мұхаң алға ұмтылып, етжеңді иегін шошайта ілгері созып, әйел жанының жалын-сырын ұғуға деген ықылас сәтінде қозғалмай қатып қалды. Әуезовтің бір нәрсеге тіктей көз қадаған сәті алысқа дүрбі салып тұрған адамға ұқсайтын еді. Қиырдағыны қасына келтіру үшін дүрбіші сұқ саусағымен шарнирді қозғағанда, алыс жақындап, жақын зорайып шыға келетіні сияқты, Әуезов салалы ұзын кірпіктерін қағып-қағып қалғанда қияндағы оқиғалар оған аяқ астынан танылып, ал қарсы алдында тұрған адам жүрегінің әр қылын айқын көріп, әр тамырдың лүпілін санап алатындай сезілуші еді. Осынау қалың топтың ішіндегі оқшау тұрып қалған оқырман әйелдің жүрегінен өзіне деген шексіз ризалық, ілтипат, құрмет сезімін аңғарған Әуезовтің көзін лезде әлдебір ыстық тұман кернеп кеткендей болды да, ол үстіне жасыл шұға жапқан үстел астындағы оң қолымен уыстай ұстаған орамалын қайтадан жоғары көтере бастады.
Залда жалғыз түрегеп қалған әйелге тебірене көз тастаған Сумочкин осы сәтте өз сөзін одан әрі жалғап кетті. Алдымен ол әйелге арнап: «Біздің қадірлі жазушымызға білдірген ерекше ықыласыңыз үшін сізге шын жүректен ерекше рақмет, ардақты ана!», – деді де одан соң: «Рақмет, апа», – деген екі сөзді қазақша айтты. Әйел өзінің оқшау қалғанын сонда ғана аңғарып, дереу жан-жағына қарады да, отыра кетті. Сасқанынан қасындағы жұртпен қосыла күліп отырған күйеуінің тізесін төмпештей бастады. Оны көргендер тағы да ду күлді. Көзін сүртіп, көңілі бұзылғандай боп қалған Мұхаң да мырс етіп күліп, әйелдің ол еркелігін де құптағандай боп бас изеді.
– Абайдай ұлы ақын әр халықта бар. Бірақ сол ақындарға арналған шығармалар ішінде «Абайдай» туынды еш жерде жоқ, – деді Сумочкин кездесуге арналған кіріспе сөзін одан әрі жалғап.
– Мен Қазақстанда туып-өскен жоқпын. Тың игеруге байланысты, дәм тартып, Россиядан келген кісімін. Осында өзіме көптеген қазақ достар таптым. Ал қанша қазақ досым болғанымен, мен қазақ халқын «Абай» эпопеясы арқылы ғана айқын таныдым. Бұл – асыл адамгершілік жыры. Бұл –халықтар достығы туралы туынды. Бұл – адамзат бауырластығы жайындағы шығарма. Бұл – бейбіт өмір, тыныш тіршілік хақындағы дастан. Бұл – қазақ халқының жан жомарттығы, асқақ өнері туралы тарих… Абайдай асыл перзент туғызған халық өлмейді. Әуезовтей жазушысы бар халық өлмейді…
– Бүгін біздің ортамызда жер бетіндегі ең білімді адамдардың бірі отыр, – деп қалалық партия комитетінің секретары қасындағы Әуезовке қарай бұрыла сәл еңкейіп қойды. Бұл кезде Мұхаң сырттай сабырлы көрінгенімен, іштей қатты тебіреніс күйінде еді. Бұл тебіреніс жаңағы бір жасаң әйелдің орнына отыруды ұмытып, қалың жұрт алдында состиып, жеке қол соғып қалған шақтан басталған. Жұрт ду күлгенімен, ол жазушы жүрегіне өзгеше әсер еткен әсем сәт болатын. Сумочкиннің содан кейінгі әр сөзі сол сәттің қуанышын барған сайын күшейте түскендей болды. Алғашында, Әуезов Сумочкинді аэропорт басында көргенде, мынау ұзын бойлы ақ сары жігіттен өзіне арналған осыншама жылы сөз шыға қояр деп ойламаған еді. Іс-қимылы, сөз-сөйлемі, белгілі шеңберден шықпайтын қызметкерлердің бірі болар деген де қойған. Енді, міне, сол адам сондай ықыласты сөз сөйлеп тұр. Ең алдымен ол өзінің осы елден шыққан жүрегіне ең жақын адамдардың аттарын атады.
Сұлтанмахмұт есімі сол бір таудай талант иесінің өмірден өте жас кеткендігіне өкіндірді. Бір сәт осындай қалың жиын алдында желдірмесін желдей естіріп, шабыттана жыр төгіп отырған дауылпаз Иса ақын көз алдына елестеді. Ал әрқашан сыпайы, әрқашан дана Қанышпен ол кеше ғана қоштасып шыққан болатын. Өзінің Қерекуге кетіп бара жатқанын айтқан. Сонда Қаныш досының қолын ұстап тұрып: «Баянауылға бара қайт, көзбен көрген Баян мен көңіліңдегі Баянды салыстыр, өкінбейсің», – деп, оған оң сапар тілеген. Содан соң Қаныш Мұхтарды қолтықтап, кабинет есігіне дейін шығарып салған. Қазақтың екі алыбы бірін-бірі қимағандай боп қоштасып еді.
Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова
… – Келесі сөзді қадірлі қонағымыз, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтар Омарханұлы Әуезов жолдасқа берейік. Совет халқының сүйікті жазушысының лебізін тыңдайық.
Сумочкин осылай деп сөзін аяқтады да, өзі бастап қол соқты. Жұрттың ду қол шапалақтауымен Мұхаң маңғаз басып, мінбеге қарай аяңдады.
6
Мұхаң мінбеден залдағы жұртқа мейірлене бас изеп тұрды. Сумочкин қос қолын кәнігі дирижердей сермеп өтініш жасап, халықты тыныштандырғаннан кейін, сөзін бастады; орыс тілінде сөйледі. Алғашқы төрт-бес минут ішінде қатты кібіртіктеп, қайта-қайта тамағын кенеп, сөзге шорқақ адамның сипатын танытқандай күйде болды. Біраздан соң барып, бауырын жазған жүйріктей жүйткіп, жөнеле берді.
Әуезов сөзі жұрт көңілін, ең алдымен, өзінің өзгеше бір ырғағымен баурап әкетті. Ол, қазақ жазушыларынан тек Әуезовтің өзіне ғана тән белгілі теңіз ырғағы еді. Жазушы бірін-бірі қуалап, бірінен-бірі озған теңіз толқынындай етіп, түйдек-түйдек сөз төкті. Бір сөзінен бір сөзі, бір ойынан бір ойы асып түсіп, ағыл-тегіл ақтарылумен болды. Білегіндегі сағатына анда-санда бір қарап қойып Мұхаң дауылды күнгі теңіздей буырқанып, сол бір ырғақтан жаңылмай сілтеді. Теңіз тебіренгенде оның өз гүрілінен бөтен еш дыбыстың естілмейтіні сияқты, Мұхаң сөзге кіріскен минуттан бастап, көлденең ешбір тықыр, ешбір сыбыр сөз құлаққа шалынбады. Жазушының теңіз ырғақты үні дауалап тастағандай болып, залдағы орыс, қазақ, украин, еврей, белорус, татар және басқа жиырма шақты ұлт өкілдерінен құралған қалың қауым тегіс Әуезовтің аузына бақырая қарап қалған. Сол ырғақ іштен тербеп, біресе олар дауылды күнгі пароход кенересінде келе жатқан жолаушыдай теңселеді. Біресе әлдебір ғажап күй тыңдап отырғандай, ырғала тебіренеді…
… Осыдан кейін ол алда болатын СССР жазушыларының және Қазақстан жазушыларының кезекті съездеріне, сол сияқты таяуда болмақ Азия мен Африка елдері жазушыларының Ташкент конференциясына әзірліктің жайын бір сала сөз етті. Республика әдебиеті мен өнерінің биылғы жылдың аяғында Москвада өтетін онкүндікке әзірлік барысынан оқырман қауымға мәлімет-есеп берді… Әдебиетіміздің дарынды жас ұрпағы қаулап өсіп келе жатқаның өзгеше бір мақтанышпен мәлімдеді.
Енді бір сәтте Мұхаң бейбітшілік, тыныштық жайында төгілте сөйлеп және жөнелді. Туыстық пен достық туралы жеке тарау парасатты жыр шертті. Енді сөзін жинақтауға ыңғайланып, сағатына қарады да, қазір бітіремін дегендей, президиум жаққа және бұрылып қойды. Бұл кезде президиум үстелінің мінбе жақ шетіне жайғасқан Зейнолла Қабдолов алдындағы Әуезов шляпасының шетін алақанымен жайлап қана сипай түсіп, ұстаз ағаның сөзін толғана тыңдап отырған еді. Соған көзі түсіп кеткен Мұхаң бағана бір көсілте шауып өткен тұсқа аттың басын қайта бұрғандай болды. Әлгінде ғана сонша мақтанышпен айтып өткен қазақ әдебиетінің жаңа толқын жас күштеріне арналған сөзін қайтадан бастады.
– Мен жаңа қазақ әдебиетінде талантты жас жазушылардың үлкен шоғыры өсіп, жетіліп келеді дедім. Сол шоғырдың алдыңғы легінде келе жатқан аса дарынды жасымыздың бірі, «Өмір ұшқыны» атты тамаша романның авторы, бүгін осы кездесу президиумы үстелінің басында отырған менің шәкіртім Зейнолла Қабдолов жолдас, – деп Мұхаң Зейнолланы иегімен нұсқады.
Жұрт ұлы ұстаздың шәкіртін құрметтеп, қол соқты. Зейнолла орнынан тұрар-тұрмасын білмей, сәл көтерілді де, қайта отырды. Осы кезде мен артынан айтпақ болып, Зейноллаға арнап көңіліме әзіл түйіп қойдым.
Әуезов ешбір қағазға қарамастан өз жүрегінен шыққан жалынды сөздерді жаңылмас ырғақпен жалындата төкті де тұрды. Мінбеде тұрып, бір сағат он бес минут сөз сөйледі. Бірақ ол отырған жұртқа он минуттай да болып көрінген жоқ. Жазушы сөзінің қалай аяқталып қалғанына таңданғандай, таңдай қаға тамсанып қалды.
– Бірлік-мақсатымыз, достық-мұратымыз біздің, осы отырған бәрілеріңіздің сау-сәлемет болып, Отан игілігі үшін жемісті еңбек етулеріңізге шын жүректен тілектестік білдіремін. Сонымен бірге арнайы шақыру жасап, менің Қереку халқымен осындай жылы шырайлы жүздесу өткізуіме мүмкіндік туғызғаны үшін біздің қымбатты досымыз, білгір азамат, білімді басшы Владислав Владимирович Сумочкин жолдасқа, ол арқылы Павлодар қалалық партия комитетіне шын жүректен рақмет айтамын. – Осылай деп жазушы президиум үстеліне қарай бар денесімен бұрылып, Сумочкинге бас иді. Содан соң қайта залға қарады. – Осы кездесуге келген бәріңізге, оның ішінде жаңа жұрт алдында көбірек тұрып қалған әм сыдайы, әм сүйікті әйел оқушыма деп жазушылық, авторлық адал алғысымды жолдаймын! – деп Мұхаң оң қолының жалпақ алақанымен кеудесін басты. Тағы ду қол шапалақтау үстінде мінбеден түсіп, Мұхаң президиум үстеліне қарай аяңдады.
Екі темірдің басын қосып, жігін жойғаннан кейін, ол екеуін мәңгі ажырамас етіп пісіре біріктіріп тастаған өз өнеріне сүйсінген құрылысшы электросварщик, бетіндегі қалқанын алып, жымдасқан темірге жымия қарайтын. Президиум үстеліне жайғасқаннан кейін дәл сондай болып залға көз тастаған Әуезов те адамдар жүрегінің жымдастырушысы тәрізді боп танылды.
7
Бұдан кейін жазушыға бірсыпыра сұрақтар берілді. Сұрақтан гөрі жұрттың Әуезовтен автограф алуға ынтырып отырғаны бірден танылды. Мұхаң мінбеден келіп орнына жайғасып, Сумочкин орындықтан қайта көтерілген кезде залдың алдыңғы қатарында отырған әркімдер қолтықтарындағы кітаптарын ыңғайласып, қопаңдасып қалып еді. Сумочкин оларға бас изеді де:
– Автограф артынан болады, жолдастар. Алдымен сұрақтарыңыз болса қойыңыздар, – деді.
– «Абай» кітабын қанша уақыт жаздыңыз? – деп сұрады алдыңғы қатарлардың бірінен көтерілген жас орыс жігіті, алюмин заводы құрылысының жұмысшысы.
Мұхаң орнынан тұрып, залдың арт жағына, алысқа көз қадағандай боп сәл бөгелді де, кірпіктерін қағып-қағып қалды. Алысты жақындату үшін жасайтын бұл әдетін қайталағаннан кейін ол ізет көрсете түрегеп тұрған жұмысшы жігітке, сол қолымен нұсқап, «отырыңыз» деген ишара жасады.
– Мен Абай туған жерде туып-өстім, – деді жазушы залды кернеген көпке қарай үн қатып. Менің атам Абаймен дос-жар кісі болыпты. Сол атам маған Абай өлеңдерінен әліппе жасап, сауатымды ашты. Сөйтіп, Абай өлеңдерін де, Абай туралы әңгімелер де менің құлағыма жас күнімнен сіңді. Бұл – бір. Екіншіден, елде Абайды көзі көрген бірсыпыра адамдар бар еді. Мен олармен сөйлесу бақытына ие болдым. Абайдың достарымен де, қастарымен де көп кездесіп, ұзақ уақыт материал жинадым. Сонымен материал жинау, ойланып-толғануы, жазуы бар бәрін қосқанда мен бұл кітапқа жиырма жыл ғұмырымды жұмсадым.
«Кітап жазу қиын іс екен ғой» дегендей, құрылысшы жігіт қайта-қайта басын шайқады. Жазушы оған арнаған жауабын аяқтаған кезде бағанағы қара шаш келіншектің қасында отырған жігіт орнынан тұрды.
– Ардақты, Мұха, біз сіздің жүзіңізді көргенімізге шексіз қуаныштымыз, деді ол тебірене үн қатып. Жаңағы өзіңіз рақмет айтқан мына келініңіз екеуіміз де мұғалімбіз. – Жігіт келіншегінің шынтағынан көтеріп, оны да орнынан тұрғызды. Қара шаш келіншек, ақ жүзі алаулай нұрланып, Мұхаңа өзгеше ілтипат білдіре бас иді. Президиумнан Мұхаң келіншекке де, күйеуіне де жылы жымиып, бас изеді. – Біздің сізден сұрағымыз, жазушының халық пен қоғам алдындағы парызы туралы айтып берсеңіз екен.
Мұхтар Әуезов туған жерінде (1957 жыл, 22 қыркүйек)
– Пәлі, бұл бір үлкен сұрақ, – деді Мұхаң бұрынғыдан да бейілдене түсіп. – Бірақ мен сіздерге кешірейтіп жауап берейін, отырыңыздар. – Ерлі-зайыптылардың орындарына отырғанын тосқандай, жазушы сәл бөгеліп тұрды да, жауабын бастады. Жазушының халық алдындағы, қоғам алдындағы парызы орасан үлкен ғой. Оны адам мойнына жүктелер ең қиын, ең ауыр парыздардың бірі деп айтуға болар еді. Атап айтқанда, ол – оқырманға мәңгілік шығарма беру. Халқының сан ұрпағына серік боларлық, бүгінгілердің жанын лаулатып, болашақтағылардың да көңілін толқытатын кітаптар қалдыру. Ол қалдырғаның халыққа қажет дүниелер болуы керек.
…Бүгінде одақ оқырманы менің «Абайыма» да ден қойып отыр. Әр жазушының… өз «Абайы» болуы керек. Әр жазушының «Абайы» болуы керек дегенде, ол өз жазғанын өзі «Тынық Дон» немесе «Жас гвардия» екен деп түсінбеуі, тіпті, олардан да артық деп ойламауы керек. Ол шығармасын ел сүйіп, халық құрметтесе ғана бірдеңе бітірген екенмін деп есептеуге болады. Бірақ онда да тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Мәселен, мен дүниеге бір эпопея беріппін. Енді ештеңе жазбасам да маған ешкім ұрыспас еді. Бірақ оған ар-ұжданың жібермейді. Өйткені жазушы – парызы мәңгілік парыз. Жазушы сау күнінде де, ауру күйінде де, қашан көзі жұмылғанша, қашан тас боп тілі байланғанша жұмыс істей беретін жан. Өйткені оның тіршілігі – тынбай істейтін жұмыс. Адам баласында өмірінің соңғы сәтіне дейін, есінен танғанша еңбек етіп жататын жалғыз ғана жан жазушы болуға тиіс. Жазушының халық алдындағы мәңгілік парызы дейтініміз, ол парызды өтеу жолындағы жан қиярлығы дегеніміз осы болар.
– Мұха, жауабыңызға дән ризамыз, рақмет, – деп мұғалім орнынан тез тұрып, тағы да жазушыға бас иді.
– Мұха, сіз мені білесіз, фамилиям – Құдышев Омарғали, «Абай» романын «Қазақ елі» журналында шығарғанда істес болғанбыз. Қазір осы облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторымын. Сұрағым мынадай, – деді үкідей сары кісі саспай сөйлеп. – Осы «Абай» романын кітап етіп шығарар кезде аудармашыларыңызбен, редакторларыңызбен қалай істес болғаныңызды айта кетсеңіз екен. Солардың сізге естен кетпестей көмек көрсеткендері бар ма?
– Пәлі, Омарғали сен де мұнда келіп қалған екенсің ғой, қоныс құтты болсын. Ал енді сұрағыңа келетін болсақ, – деп Мұхаң Құдышевқа таныс адамның ілтипатын таныта сөйледі. – Біреудің ойын біреу жете түсіне бермейтіні белгілі. Сенің өзіңе алтын тәрізді боп көрінетін кейбір сөз, сөйлем, теңеулерің оған арзан, тіпті қажетсіз артық сияқты боп тұрады. Әне жерінің, мына жерінің орыс оқырмандарына керегі жоқ дейтін желеу және бар. Неге керегі жоқ? Қайта өзге жұртта кездесетін өзгешелік жайлар орыс оқырмандарына қызық емес пе? Қітап аударылмасын. Аударылған екен, онда орыс жазушысы жазғандай боп тұруы шарт емес. Шығарманың ұлт тілінен аударылғаны ұлттық колорит, мінез-құлық, психология мен мұндалап, көрініп тұрсын. Аударма кітап сонымен құнды.
Ал енді «Абай» кітабының орысша аудармасына келсек, біраз қиналыстар болғаны рас. Қиналмаған істің қызығы да жоқ қой. Леонид Соболев аударған тұстардан мүлт кеткен ештеңе жоқ. Ол екеуіміздің бұрын бірлесіп шығарма жазып, бір-біріміздің әдіс-тәсілімізді, сөз саптау, ой өрнектеу ерекшелігімізді жан сыры, жүрек лүпіліндей түсініскенімізден болар. Басқа аудармашылармен бірсыпыра келеңсіздіктер, келіспеушіліктер болды. Мәселен, Анна Борисовна Никольская «Абайдың» ең бірінші тарауында, Семейден оқудан қайтқан күннің ертеңінде бала Абайдың әкесі Құнанбайдың Қодарға жасаған жауыздығының куәсі болатын тұсындағы Қарашоқы деген жер атын «Жұлдыз» деп аударыпты. Ондағы оқиғаның бәрін, табиғат суретін тегіс жердегі Қарашоқы аталатын тауға емес, аспандағы бір «шоқ» жұлдызға бейімдепті. Сенің ойың, ниетің айдалада қалған. Ішіңнен шыққан әп-әдемі балаңды біреу басын жарып, көзін шығарып, адам танығысыз күйге түсіріп жатса қалай жаның шыдар! Никольская әкелген аударманы тыңдап отырып, сондағы күйінгенімді осы күнге дейін ұмытпаймын. Анна Борисовна деген өте бір мәдениетті, сезімтал кісі еді. Менің булығып, түтіккен түрімді көргенде ол байғұстың өзі есінен танып қала жаздады.
– Мұхтар Омарханұлы, сіз сырқаттанып отырған жоқсыз ба, өңіңіз өзгеріп кетті ғой, – деп қайта-қайта бетіме қарай берді. Сөйтсем ол кісі жолма-жол аудармадағы «Қарашоқыдағы» деген сөздің мағынасы не деп біреуден сұраса, ол «аспандағы шоқ жұлдыз» деп түсіндіріпті. Артынан аудармашының ол тұстарды бүтіндей қайта аударуына тура келді.
Ал Темірғали Нұртазин қазақ тілін жетік білетін білімді азамат қой. Ол қамшы салдырған жоқ. Бірақ біраз әурешілік Ановтың аудармасынан шықты. «Абай жолының» екінші кітабының аудармашысы Николай Ивановичты өзім таңдаған едім. Николай Иванович қазақ мәдениетімен көп араласқан кісі, өзі Алматыда тұрады. Жақын жерден өзімнің көмектесіп отыруыма да қолайлы деп, сол кісіге тоқтаған болатынмын. Оның «Түн-түнекте» деген алғашқы аудармасын өзім жасап бердім.
Бірақ Анов мені көп қинады. «Құз қияда», «Қастықта» деп аталатын екі тарауды мүлде жаратпай тастап, тегіс қайта аударттым. Жаратпайтыным «Бұл орыс оқушысына керегі жоқ» деп тәржімәші оның көп жерлерін аудармай аттап кетіп отырған. Мен оған: «Сіз мен болып аударыңыз, мен жаққан бояуды бұзбай, сол күйінде, тек сол күйінде қалдырыңыз. Менің роман тұрғай жай мақаланың өзін лирикалық әуенмен жазатынымды білесіз ғой. Құдай ақына, содан жаңылмаңыз деп үнемі ескертіп отырдым. Біз ақын жайында роман жазып отырмыз ғой. Сондықтан бұл шығарманың әр жолынан ақындық әуен айқын сезіліп тұруы керек. Оның үстіне менің сөйлемдерім иірімді, ұзақтау болып келеді. Ол – менің стилім. Мен тақ-тұқ еткен телеграф стилі дегенді жек көремін. Өйткені мен Главпочтампқа барып қаладан-қалаға телеграмма жолдап, амандық білдіретін жай адам емес, кітап арқылы болашаққа бір халықтың басынан өткен сан қилы тарихты жеткізетін жазушымын ғой» дедім. Обалы не керек, Николай Иванович шама-шарқы жеткенше айтқанымның бәрін де жөндеп, қалдырып кеткен жерлерін аударып қайта қосты. Кешкен қиыншылықтардың бәрі артта қалды. Енді бүгін сол аудармашыларымның бәріне рақмет-алғыстан басқа айтарым жоқ. Солардың бірлескен күшімен «Абай» орыс тілінің аспанына көтерілді. Мен осыдан да «Достық» деген керемет күштің куатын күн сайын сезінемін.
– Ал енді редакторлар туралы әңгіме өз алдына жыр. Сен, Омарғали өзің де редакторсың ғой, олардың жайын жақсы білесің, – деп, Мұхаң Құдышев жаққа тағы бір бас изеп қойды. – Қейбір редакторлардың көктемде көтерілген қылтанақ көкке алғаш тісі тиген көтерем қойдай болып, қолжазбаға жабысып алатыны болады. Ондайлар өзінен-өзі үркіп: «Мынау жері қалай?» – дейді. Мен оның қалай екенін түсіндіремін. «Жоқ, осы жер ескіні дәріптеу емес пе?» – дейді ол тағы да саусағын шошайтып. «Қайдағы дәріптеу? Бұл болғанды баяндау ғой. Өмір бір қалыпты тұрмайды: тұрмыс-тіршілік, салт-сана өзгереді. Сонда бұрынғы салт, бұрынғы сана, ескілік тұрмыс, тіршілік қандай болып еді дегенді кейінгі ұрпаққа кім айтып жеткізеді: сен бе, мен бе? Жоқ, екеуміз де емес. Өйткені біз табиғат өз тұстарымызға берген өмір шеңберінен шықпаймыз, ол дүниеге өз ұрпағымызбен үзеңгілес аттанамыз. Сонда арғы ұрпаққа осыны кім жеткізеді? Қітап жеткізеді. Тек қана кітап. Кісі өледі, кітап қалады. Міне, ол сондықтан керек», – дейсің күйініп.
Мұндай даусыз дәлелге көнетін редактор да, көнуге мәжбүр етпесе болмайтын да редакторлар болады. Қейбір білімсіз редакторлар саясатты сылтау етеді де, бас сауғалап, жоқтан өзгеге жармасқыш келеді, жаныңды қинайды. Сенің жазғаныңда партия жолына қиғаш келер титтей нәрсе жоқ бола тұрса да, соған саяси көзбен қарағансып, өзінше саясат сақшысы сияқтанып, қырағы боп көрінуге тырысады. Қазақтың халық өлеңінде: «Жігіттің алған жары болса жаман – бір кеткен барымтаға малы-дағы» деген жолдар бар емес пе? Малы бар болсын, дүниесі құрысын! Ал мынау сенің жаныңды жұлмалап, жүрегіңді жұлқалап, ақыл-ойыңды барымталау ғой! Бұған қалай күйінбессің, қалай шыдарсың? Халық: «Жаман әйел – жігіттің соры» десе, ал мен «Жаман редактор – жазушының соры» дер едім.
Бұған қарап сіздер редактор дегендер оңбаған адамдар екен, жазушының жауы екен деп қалмаңыздар. Тіпті де олай емес. Біздің баспаларымызда жақсы редакторлар да жеткілікті, Бұл жөнінен мен, әсіресе Москва баспаларының редакторларын үлгі тұтар едім. Мен оларға дән ризамын. Өздеріңіздің қолдарыңызда отырған «Абай» кітабының екі томы биыл ғана баспадан шықты. С.Даронян мен Ю.Светланов деген қос редактордың қолынан өтті. Бұлар менің жанымды қинаған жоқ, қайта сүйсіндірді деуіме болады. Сүйсінетінім олардың «Абайды» басынан аяғына дейін түйсініп, түсінгендері сондай, автордың алдына принципті екі мәселе ғана қойды. Бұрын менің Абай туралы жазылған төрт кітабымды біресе «романдар сериясы», бірде «романдар циклі» деп жүретінмін. Алғашқы екі кітаптың аты «Абай», соңғы екеуінікі «Абай жолы» делінетін. Москвалық редакторларымның (мен олардың біреуімен, әсіресе Сергей Қарпович Даронянмен көбірек істес болдым) маған екі томның сыртындағы ортақ атын «Абай» деп атап, ішкі беттерінде бірінші томға, «Абай», екінші томға «Абай жолы» деп жазуды ұсынды. Мен бұған бірден келістім. Ал бұрынғы «Абай» сериясына кіретін екі кітапты бірінші, екінші бөлім деп, ал «Абай жолының» екі кітабын үшінші, төртінші бөлім деп атадық. Одан кейін редакторларымның мені ерекше қуантқан екінші бір жай кітаптың жанры туралы мәселеге байланысты болды. Сергей Қарпович Даронян кітаптың жанрын «Роман-эпопея» деп атау жөнінде табанды түрде пікір айтты. Мен алғашында бөгеліңкіреп қалдым. Бөгелетінім Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігінің» де, Алексей Толстойдың «Петр біріншісінің» де жанры роман делінген. Шолохов өзінің «Тынық Донын» «төрт кітапты роман» деп атаған. Ал Степанов пен Шишков өздерінің әйгілі кітаптары «Порт-Артур» мен «Емельян Пугачевқа» «Историческое повествование» деп айдар таққан. Сонда Лев Толстой өз эпопеясын «Роман» деп атағанда, менің «Роман-эпопея» деуім қалай болады деп ойладым. Бұл жерде редакторым менімен табанды түрде дауласты.
– «Соғыс және бейбітшілік» те төрт том, «Абай» да төрт кітап, – деді ол.
– «Соғыс және бейбітшілік» алғашында алты том болып шықты ғой, – деймін Даронянға.
– Ол алғашында. Қейін жазушы оны қысқартып, кіріктіріп, төрт томға түсірді ғой. Бүгінде бүкіл дүние жүзі оны төрт том деп таниды, – деп редактор алған бетінен қайтпады. – Толстой төрт томының көлемі 63 баспа табақ ал «Абай» 83 баспа табақтан асады. «Соғыс және бейбітшілікте» де орыс қауымының бүкіл бір дәуірі суреттеледі. «Абайда» да қазақ халқының басынан өткен бүкіл бір дәуір жайында сыр шертіледі. Ендеше, бұл нағыз дәуірнама-эпопея. Сондықтаң оны тек қана «Роман-эпопея» деп атау әділ.
– Сергей Қарпович, мұндай айдар әлі ешбір әдебиетте жоқ қой, – деймін мен редакторға ақырғы дәлелімді айтып.
– Болмаса, болады. Ондай айдар «Абайдан» басталса не айыбы бар, -деп, ол отырып алды.
Ақыры мен редактордың бұл ұсынысына да келістім. Артынан соны қабыл алғаныма өзім де қуандым. Өйткені барлық оқырман қауым бұл айдарды құптап қабылдап жатыр. Қейбір достарым: «Айдарды да әдемі етіп тауып қойған екенсің», – деп құттықтайды. Ол менің тапқаным емес, редакторларым Сергей Даронян мен Юрий Светлановтың еңбегі, солардың жанашырлық ұмытылмас жақсы қызметі еді. Бұл жерде «Жақсы редактор –жазушының жан досы» деген сөзді сіздердің – менің оқырман достарымның алдында бар дауыспен атап айтқым келеді, – деп Әуезов бұл жауабын да аяқтап, халыққа бас иді.
Редактордың адал қызметіне автормен қоса қуанған жұрт дүр етіп тағы да қол шапалақтап жіберді.
Бұдан кейін жазушы «Павлодарға бұрын келіп пе едіңіз?» «Болашақ творчестволық жоспарыңыз қандай?» деген және басқа сұрақтарға жауап берді. Павлодарда өте ертеректе – жиырмасыншы жылдар ортасында бір рет болғанын, енді өзінің қазақ халқының советтік дәуірдегі өмірін суреттейтін жаңа эпопея жазуға әзірленіп жүргенін айтты.
– Енді қандай сұрақ бар? – деді Сумочкин залға қарап.
Залдың арт жағынан біреу орнынан ұшып тұрып, асыға жауап берді.
– Сұрақ тоқтатылсын деген ұсыныс бар. Енді автограф алсақ дейміз, -деді ол.
Сумочкин орнынан тұрып, Павлодар қалалық партия комитетінің өтінішін қабыл алып, жердің шалғайлығына, уақытының тығыздығына қарамастан, сонау Алматыдан осында ұшып келген жазушыға, осы кездесуге келген және ешкімнің шақыруынсыз бағана аэропорт басына барып, Әуезовті қарсы алуға қатысқан барлық Павлодар азаматтарына шын жүректен рақмет айтты. Осыдан кейін оқырмандарға автограф беру басталды…