Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағы – «Әдебиетшілер үйінде» дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті. Екі күнге жалғасқан жиын мазмұнды іс-шаралармен толықты.
Бірінші күні әдебиет әлемінің ардагерлері мен жас қаламгерлері бас қосқан бұл алқалы жиынның шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүрекжарды сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен шығармашылық үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталып, қалам ұстаған қауымға жаңа табыс пен шығармашылық шабыт тіледі.
Кіріспе сөзден кейін Жазушылар одағының 2024 жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстары жөнінде арнайы әзірленген бейнематериал ұсынылды. Онда бір жыл ішінде жүзеге асқан әдеби бастамалар мен мәдени жобалардың ауқымы мен маңызы көркем өрнектелді.
Шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов жүргізді. Әдебиет мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысып, руханият төрінен орын алды.
Жиында 2024 жылы жарық көрген әдеби туындылар мен басылымдарға әділ талдау жасалып, бір жыл ішінде әдебиетте қол жеткізілген жетістіктер мен кездескен түйткілдер жан-жақты сарапқа салынды. Қаламгерлер ұлттық руханияттың бүгіні мен болашағы жайлы келелі ой қозғады.
Әдеби жиын барысында әр жанр бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, әдебиеттің көкейтесті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Әдебиет кеңестері бойынша жасалған баяндамалар тізімі:
- Проза кеңесі – Нұрлыбек Саматұлы, «Қара сөздің бәрі проза емес»;
- Поэзия кеңесі – Бақытжан Абыз, «Бүгінгі өлең өрісі: кемелі мен кемісі»;
- Орыс әдебиеті кеңесі – Василий Шупейкин, «О состоянии и некоторых проблемах развития русскоязычной литературы в Казахстане»;
- Детектив жанры – Темірболат Ахметов, «Еліміздегі детектив және фантастиканың бүгінгі ахуалы»;
- Балалар әдебиеті кеңесі – Нұрдәулет Ақыш, «Өткен жылғы қазақ балалар әдебиеті: жаңаша ізденістер үрдісінде»;
- Деректі проза – Бейбіт Қойшыбаев, «Отаншылдық сезім тәрбиесі»;
- Шетелдегі қазақ әдебиеті – Бақытбек Бәмішұлы, «Көсем әдебиеттің күміс бұлақтары»;
- Әдеби сын кеңесі – Гүлжан Орда, «Қазіргі әдеби сын мен әдебиеттану»;
- Ұйғыр әдебиеті кеңесі – Рахметжан Юсупов, «Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің кезекті жетістіктері»;
- Сатира кеңесі – Доқтырхан Тұрлыбек, «Күлгенге не жетсін, ойланған да дұрыс»;
- Драматургия кеңесі – Амангелді Мұқан, «Отандық драматургияда заман тынысы сезіледі»;
- Жастар кеңесі (проза) – Айзат Рақыш, «Жастар прозасы – тірі құбылыс»;
- Жастар кеңесі (поэзия) – Еділбек Дүйсен, «Жастарға жаппас жала жоқ»;
- Аударма жанры – Айнағұл Садықова, «Түпнұсқаны түсіну – жұмыстың жартысы»;
- Қазіргі қазақ әдебиеті – Газиза Құдайбергенқызы, «Қазіргі қазақ әдебиеті: оқырман және автор».
Әдеби жыл қорытындысы қазақ әдебиетінің бүгінгі бағытын бағамдап қана қоймай, келешекке жаңа серпін беретін ұмтылыстарды айқындап берді. Бұл басқосу – қаламгерлердің рухани тұтастығын бекемдеп, ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне жол ашқан тағылымды күндердің бірі болды.
Әдеби жыл қорытындысының екінші күнгі ресми басқосуда сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жиынның мәні мен маңызын тереңірек тарқатып берді.
– Екі күнге созылған бұл әдеби жиынға атсалысқан барлық қаламгерлерге алғысымыз зор. Соңғы үш жылда қазақ әдебиетіне, қазақ жазушысына деген қоғамдық ықылас арта түсті. Ел Президентінің кітапқа деген ықыласы ерекше екеніне куәміз. Жуырда 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып жарияланып, бұл мереке Астана қаласында және барлық өңірлерде кең көлемде аталып өтті. Байқаулар ұйымдастырылып, 10 номинация бойынша үздік баспагерлерге қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Бұл қадамдар еліміздің рухани өмірінде маңызды бетбұрыс болып отыр, – деді Мереке Құлкенов.
Төраға өз сөзінде қазіргі таңда редакторлардың беделін көтеру мәселесіне де тоқталды. Себебі сапалы кітаптың кілті – мықты редакцияда. Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастаған маңызды жобалардың қатарында қазақтың ұлы перзенті Абайдың туған күніне дейін үздік деп танылған 10 кітапты анықтап, сол арқылы “Қазақстанның ең көп оқылатын 100 кітабын” таңдау бастамасы үлгі етілді.
Мереке Құлкенов балалар әдебиетінің маңыздылығын айта келе, “Ертөстік” әдеби сыйлығының негізі қаланғанын сүйіншіледі. Ендігі жерде балаларға арналған үздік шығармалар лайықты бағасын алатын болады.
Жиында жазушы Марат Тоқашбаев әдеби жыл қорытындысына жоғары баға беріп, тіл мәселесін әдебиет арқылы шешудің маңыздылығын жарыссөзде атап өтті. Ол: – Қоғамдағы тіл мәселесі Ата заңда айқын жазылған мемлекеттік тіл мәртебесін толық түсінбеуден және қадірін сезінбеуден туындауда. Бұл бағытта әдебиеттің күші ерекше болмақ, – деді.
Жазушы Дәурен Қуат “Жұлдыз” журналының қазіргі ахуалын сөз етіп, басылымның таралымын арттырудағы ақын-жазушылардың белсенділігін арттыру қажет екенін алға тартты. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып әр жанр бойынша өткен кеңестердің қорытындысына тоқталып, қазіргі замандағы нонфикшн, фэнтези, детектив жанрларына қатысты өрбіген терең пікірлерді ерекше атап өтті. Сонымен бірге, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылудың маңыздылығын, қазіргі таңда QR код арқылы жазылу мүмкіндігінің бар екенін жеткізді.
Драматургия кеңесі атынан драматург Алишер Рахат сөз сөйлеп, Қазақстанда Орталық Азия көлемінде жас драматургия мектебінің қалыптасқанын атап өтті. Алайда жас драматургтердің шығармалары сирек сахналанып жүргенін, бұл мәселені шешу қажет екенін қаперге салды.
Жиында поэзия кеңесінен Ақсұңқар Ақынбаба, орыс әдебиеті кеңесінен Фархат Тамендаров, балалар әдебиеті кеңесінен Елдос Тоқтарбай, “Жалын” журналының жәй күйін Құдияр Біләл, ұйғыр әдебиеті кеңесінен классик жазушы Ахметжан Ашири жарыссөзге шығып, өзекті ойларын ортаға салды.
Әдеби жыл қорытындысының екінші күнін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Шара барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы, сондай-ақ баспа саласына еңбегі сіңген қаламгерлерге Қазақстан Жазушылар одағы мен Баспалар ассоциациясының бірлесіп тағайындаған арнайы марапаттары салтанатты түрде табысталды. Марапаттарды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов өз қолымен тапсырды. Сонымен бірге жиында Қазақстан Жазушылар одағы және «Сәуле-Куяш», Абдумажит Дөләтов атындағы республикалық әдеби сыйлығының дипломдары иелеріне табысталды. Сондай-ақ Одақтың жаңа мүшелеріне арнайы мүшелік билеттері табысталып, қазақ әдебиетінің сапына жаңа есімдер қосылды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері:
- Жандәулет Тұрсынбай – «Көгілдір аспан – жұмақ күн» кітабы үшін
- Алауханов Есберген – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
- Әлпейісова Камал – «Жүрегімде жасырған жырларым» кітабы үшін
- Қайымов Қанат – «Патшалар алқабына саяхат» кітабы үшін
- Ниетқалиева Гүлзада – «Аллажар» өлеңдер жинағы үшін
- Құрманқұлов Бауыржан – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
- Сарин Қалқаман – «Жарығы сөнбес жалғыз жол» кітабы үшін
8.Әбілқайыр Қанат – «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы үшін
- Жақыбаев Әдепхан – «Туған жер – құдіретті құт мекенім» кітабы үшін
- Әріп Ғалым – «РухСана» кітабы үшін
- Сүйінов Есенгелді – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
- Әшірбаев Бегжан – «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы үшін
- Шәкен Жәди – «Ертіс қызы» әңгімелер жинағы үшін
- Ахметов Темірболат – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
- Сейдазым Айдар – «Жапырақ ғұмыр» кітабы үшін
- Қамшыгер Саят – «Көңіл көктемі» өлеңдер жинағы үшін
- Үмбетәлиев Мұхтар – «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағы үшін
- Шарахымбай Болат – «Қайшылықтар дилеммасы» кітабы үшін
- Мырзахметов Алмаз – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
- Ақынбаба Ақсұңқар – «Жанартау» өлеңдер жинағы үшін
- Нұрғожаев Жақыпжан – «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін» кітабы үшін
- Құныпияұлы Кәдірбек – «Талтүс» өлеңдер жинағы үшін
- Әуезов Елубай – «Жан азабындағы Бақыт» өлеңдер жинағы үшін
- Нұрахметов Бекен – «Менің тағдырымдағы адамдар» эсселер жинағы үшін
- Жүніс Ерлан – «Үміт жырлары» кітабы үшін
- Токин Тұрсынбек – «Әзірбайжан – Отаным» кітабы үшін
- Назаров Шавкат – «Жиғлима, қәлбим» кітабы үшін
«Қазақстанның Құрметті жазушысы» марапатының иегерлері:
- Түменбаев Қуандық
- Сейітжан Зұфар
- Әбдезұлы Қансейіт
- Дәдебаев Жанғара
- Әрін Әміре
- Бектемірова Нұрила
- Әбдірахым Нүсіпбай
- Қожахметова Мағира
- Ақыш Нұрдәулет
- Қайырбеков Әділғазы
- Аязбеков Жанұзақ
- Кенебай Жұмаш
- Қорғасбек Жүсіпбек
- Бестібаев Қайрат
- Естенов Арасанбай
- Сейітжан Зұфар
- Жәнәбілов Серік
- Қыстаубаев Захардин
Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы – қаламгерлердің басын қосып, қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен болашағын айқындайтын тағылымды да маңызды басқосу ретінде есте қалды.
Қазақстан Жазушылар одағының Баспасөз қызметі.