Тасын тепсең тарихы сайрайтын өлкеміз тектілігін жоғалтқан емес. Сол текті топырақтан қазақ халқына қызмет еткен азаматтар дүниеге келді. Баянауылды алыс-жақын жұрт-тек тұмса табиғатымен ғана емес, табы тарихта қалған перзенттерімен де таниды. Солардың ізін жалғап кеткен азамат, кешегі Сұлтанмахмұт пен Мәшһүр бабалардың еңбектерін ескеріп, жинақтаған ақын Шәймерден Торайғыров еді.

Ақын, фольклорист Шәймерден Торайғыров 1898 жылы 14 қазанда Торайғыр ауылында дүниеге келген. Ол Баянауылдағы орыс-қазақ мектебінде білім алады. Сол заманда білімнің ордалы шаңырағына айналған Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетін сырттай тәмамдайды.

Алғашқы еңбек жолын 1920 жылы өзі оқыған мектепте мұғалім және мектеп басшысы болып бастаған. 1926-1931 жылдары аудандық білім бөлімінің мектеп инспекторы болып жұмыс істеді. Ал, 1932-1935 жылдар аралығында Петропавл педагогикалық колледжінде және Қарағанды қаласының Қылмыстық іс жүргізу бойынша оқытушы болып жұмыс істеді. 1939 жылдан 1942 жылдың мамырына дейін Түркістан облысында орта мектептердің директоры болып қызмет істеді.

Бұл кездері алапат майдан басталып кеткен кез еді. Отан үшін қару асынып, соғыс алаңына аттанған ер азаматтардың қатарында Шәймерден Торайғыров та болды. Ол 1943 жылдың мамырынан 1944 жылдың маусымына дейін Түркістан қаласында құрылған атқыштар батальонының үгітшісі ретінде майданда шайқасты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының бұйрығына сәйкес Ұлы Жеңіске қосқан «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген.

Соғыстан оралған соң, 1944 жылы 6 қазанда ол Павлодар педагогикалық училищесінің директоры болып тағайындалды. 1945 жылы 2 қазанда оны Павлодар облыстық білім бөлімінің мектеп инспекторы қызметіне ауыстырады. 1946 жылы ол Қазақстан Кеңес жазушылары одағының уәкілетті өкілі және КСРО Ғылым Академиясы Павлодар облысы бойынша «Тіл және әдебиет» институтының ғылыми корреспонденті болып бекітіледі (Суретте, сол куәлік). 1949 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа дейін Павлодардағы Абай атындағы №10 орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.

Шәймерден Торайғыров өзінің немере ағасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен қызметіне байланысты әдеби және архивтік материалдарды жинаумен айналысқан. Ол балалық шағы мен жасөспірім кезінде де Сұлтанмахмұттың қасында болып, ақынның ғұмыр жолын, еңбектерін сол сәттен бастап жазып, жинап жүрген. Алайда, мұралардың барлығы мемлекет меншігіне өтіп кеткен екен.

– Шамамен 1949 жылы Шәймерден Торайғыров Павлодар облысының сотына арыз береді. Онда былай баяндалған. «Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өзі дүниеден өтер қарсаңында бар қолжазбасын соңында қалған еңбегінің ендігі мұрагер иесі Шәймерден болады» деп сол кездегі ауыл старшыны Арыстан Қорабаевқа қолхат жазып старшындық мөрін бастырған екен. Яғни, заң бойынша Сұлтамахмұттың еңбектерінің мұрагер иесі Шәймерден ағамыз болуы керек еді. Үкіметтің мұрагерлерге қатысты заңында он бес жылдың ішінде атына аударып ала алады. Ал, одан асып кетсе мемлекеттің меншігі болып табылады. 1949 жылдары Павлодар облысының прокурорының қаулысында уақытының өтіп кеткені жазылып, Сұлтанмахмұт мұралары мемлекеттің қарауына өтіп кетіп, мемлекеттің меншігі болып табылды. Мен бұл іс-қағаздарды мұрағат деректерінде көрдім, – дейді Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов.

Шәймерден Торайғыров өзі де Мақыш ағасы жайлы естелік қалдырып кеткен екен. Естелігінде төмендегідей сыр шертеді.

«Сұлтанмахмұттың анасы Зүплен Қарауыл еліндегі Жадайдың қызы. Менің әкем Қожахмет пен Сұлтанмахмұттың әкесі Әбубәкір елден көшіп кетіп, жезделері Әнәпияны сағалап Шабан-Шаншар еліне барғанда, Әнәпиядан пәлендей жақсылық көре алмай, оның жылқысын бағады. Әнәпияның жылқысын бағып жүргенде Меңіреуді қыстайтын Оспан ауылы Әбубәкірдің салығы болады. Ол көбінесе Жадайдың үйінде жатып, кір-қонын сонда жуғызып алады. Соның арқасында Жадайдың ұлы Бәкенмен танысып, сол арқылы оның қарындасы Зүпленмен көңілдес болады. Бәкеннің көмегімен екі жақ құдалық ырымын істеседі. Әнәпияның әйелі Шымпыр Әбубәкір мен Қожахметтің апасы, Әнәпия оны біздің жақтан 40 кісімен келіп әкеткен екен. Зүпленді Әбубәкір (Шоқпыт) жиырма жасында алған. Төрт жылдан кейін Зүплен екі қабат болып, 1892 жылы қысқа салым Меңіреуде Сұлтанмахмұт туады.

Сұлтанмахмұт жасында әдемі, толық, жылауды білмейтін сүйкімді бала болады. Жұрт оны қолдан-қолға түсірмей еркелетіп, өзін Мақыш деп атайды. Сұлтанмахмұт өзі де есейгенге шейін өзін Мақышпын деп жүрді. Тек 1911 жылы ғана, «Зарландым» әңгімесін жазғанда ғана бірінші рет ол Сұлтанмахмұт деген толық атты қойды. Зүплен Сұлтанмахмұт туғаннан кейін екі жылдан соң Бәшенді (Байқоңыр) көтереді. Ол туғаннан кейін төрт айдан соң, 27 жасында, екі қарғасының қызығын көре алмай, Зүплен жастай қайтыс болады.

Бұдан кейін Шоқпыт пен Қожахмет Қарауылдан өз елдеріне – Баянауылдағы Сүйіндікке көшеді. Шоқпыт Торайғыр көлін қыстап отырған Дүржанның қоңсысы болады. Дүржанның Қожахметтен басқа балалары ол кезде үйленбеген еді Сұлтанмахмұт екі-үш үйдің арасында жүгіріп жүрген жалғыз бала болатын. Ол Дүржанды «әке», Дарманды «әже», Жұматайды (менің шешем) «апа», Қожахметті (менің әкем), «қошақай» дейтін.

Торайғыр – Сұлтанмахмұттың төртінші атасы. Біздердің өзіміздің ру аты болған Сүйіндіктен бері таратқандағы ата-тек шежіреміз төмендегідей: Айдабол – Құлболды – Сүйіндік – Жанғозы – Төлебай – Едіге – Торайғыр – Әбет – Бөкет. Бөкеттен Әбубәкір мен Қожақмет тарайды. Әбубәкірден – Сұлтанмахмұт, Қожақметтен – Шәймерден.

Мен Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын жеке кітап етіп жаздым. Ол академияда сақтаулы. Оның бәрін келтіру мүмкін емес» – деп келеді Шәймерден Қожахметұлының естелігінде.

Сонымен қатар, ол үнемі фольклорлық материалдарды, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Сәбит Дөнентаевтың және басқа да Павлодар облысының көрнекті қайраткерлерінің құнды қолжазбаларын жинаумен айналысқан. Ол «Сұлтанмахмұт» зерттеу жұмысын, «Баян», «Олжабай батыр» поэмаларын, «1000 мақал мен мәтел», «Алты түлік» қолжазбаларын жазды. 1928 жылдан бастап ол республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарымен үздіксіз және жемісті ынтымақтастықта болды. «Баян» поэмасынан үзінділер Павлодар облыстық «Дауа» газетінде жарияланған. 1971 жылы Шәймерден Торайғыров Павлодар қаласында дүниеден өтеді.

Кешегі Едіге, Шоң, Торайғыр, Сұлтанмахмұттардан үзілмеген ұлылықты Шәймерден Қожахметұлы да жалғады. Оның әдебиет һәм мәдениеттен алыс болмағанын жоғарыдағы атап өткен еңбектерінен байқау қиын емес. Бабаға тартып туған ұрпақтың ұлы Мұрат ақсақал Шәймерден Торайғыровтың өмірбаянынан бізге деректер ұсынып, қолғабыс етті. Баянаула елінің тектілігі қай заманда болмасын өз болмысын жоғалтпасына сеніммен қараймыз.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий