1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.
Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл Қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жодастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың,. Жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнайц қалды. Ол не? – Ол мынау: Абай тойында ақын, жазулардың бәрі бар; елдің кәрі таллан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып, шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді? Ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Онысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты, ол неге келіп отырмайды орнына… Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ақын жанның ұшағындай асыл жырды аспандата атапас па?…
Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты, бұл тойға. Неткен арсыз хабар. Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да, өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де; сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырмай сондай қуатты өмірді, сүмелек ауру басынғаны не сұмдық?
«Иса келіпті» деді бір жолдас. Қуанғанымнан «Иса, Иса! Иса!» дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Кеттім. Ендім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте маңдайы ұқсас, бір құс сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кеткендей болдым.
Дауысы ақырын ғана шығып, «Қарағым, Қасымым» деді де, қалт-құлт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгелімнен, оның салқын тартқан шенгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.
– Отыр, қарағым, – деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстінде отырды.
– Аман-есен қайтқанымды есіткем. Бәрін де есіткем. Қайырлы болсын, үй болыпсын. Ол меннен қандай өлең жазғандығымды, ағайын туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдырып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді…
– Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиды жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын, – деп, тегі мені «өледі» деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! – деді Иса.
Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Исаға Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасына жолықтым. Бірнеше адамдармен жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарласа жатқан домбырасын алды да «желдірмені» ойнап, бірден қосылып кетті. Амал не дауысы сәл-сәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр.
Бұдан соң жазушылар одағында не жаңылықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты қатты риза екенін айтты. Ақыр соңында:
– Мен осы қанша өлмеймін десем өлемін-ау деймін.Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, – деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:
– Иса аға, мен енді кетейін, – дедім. Қолын созды. Қолын алдым да шығып кеттім.
Осыдан біраз күн өткен соң Шаяхмет Құсаинов, Ғабдол Сланов тағы бірнеше жолдастар болып сол институтқа барып, Исаның сүйегін алдық…