Қазақ кәсіби домбырашылық мектебінің негізін салушы Рүстембек Омаровтың туғанына – 105 жыл

 

Өмірбаяны және өнер жолы

Рүстембек Бейсенұлы Омаров 1919 жылы Павлодар облысы, Шарбақты ауылында дүниеге келген. 1934 жылы Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен құрылған халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейін домбыра тобының концертмейстері қызметін атқарды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысуы – оның шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. 1937 жылы Санкт-Петербург музыкалық училищесінде оқып, кәсіби білім алды, алайда 1939 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Финляндия, Латвия елдерін қорғау шайқастарына қатысқан. Кейін әскери бөлімдері қоршауда қалып, Рүстембек Омаров тұтқынға алынады. Оның өмірінің осы кезеңі туралы қызы Қарлығаш Омарова қызықты мағлұматтар береді. «Қазақта «Көрер жарығы бар екен» дейтін сөз бар ғой. Солай болса керек, әкем Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебінде жүріп немістердің құрсауына түскен екен. Десе де, немістер де адам баласы, бұларды қырып салмапты, күштеп жұмысқа салса да, асыраса керек. Сондағы қызықты айтайын, әкем немістерді таңғалдырумен жүріпті. Қолдан домбыра жасап шығыпты да, күйлерін орындапты. Бұл оның жиырмадан енді ғана асқан бозбала шағы ғой. Мен әкемнің сол кездегі батырлығына, өнеріне, ішкі рухани күш-қайратына әлі күнге дейін тәнті боламын», – дейді ол.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан соң, тұтқыннан босатылып, елге оралады. Бұдан кейін ол Ахмет Жұбановтың қолдауымен Алматы консерваториясына оқуға түсіп, 1951 жылы тәмамдады. Майданнан оралған соң, 1946 жылы Алматы консерваториясында білім алды. Бұдан кейінгі шығармашылық қызметін ұстаз ретінде консерваторияда, домбырашы ретінде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде қатар жүргізді.

 

Шеберлігі мен өнері

Рүстембек Омаровтың орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланған. Оның күйлерін орындау мәнерінің өзіндік ерекшелігі болған: күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін сақтай отырып, ешқандай нотаны дұрыс орындап, дәлдікпен орындаған. Бұл туралы Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» еңбегінде былай деп жазған: «Рүстембек күйді шегелеп, шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды».

Р. Омаров қазақ халқының күй мұрасын, әсіресе, Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерді. Домбырашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды» деп жазған. Рүстембек Омаровтың орындауындағы халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызық қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Кәуеннің «Сәнау», Абылдың «Нарату» күйлерінің нұсқалары кең таралып, домбырашылардың репертуарына енді. Сондай-ақ, Омаровтың орындауындағы Тәттімбеттің «Сылқылдақ» және «Саржайлау» күйлерінің нұсқалары әлі күнге дейін ұлт аспаптар оркестрімен орындалып келеді.

 

Күйші ретінде танылуы

Өнерге деген сүйіспеншілігін бала кезінде-ақ танытқан Рүстембек домбыра тартуды әкесі Бейсеннен үйренді. Оның әкесі де домбырашы, әнші әрі домбыра жасаушы шебер болған. Өнер жолын Семей қаласындағы балалар үйінен бастап, жас өнерпаздың табиғи дарындылығын байқаған қазақтың әйгілі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов оны Оқап Қабиғожин мен Қали Жантілеуовке баулуды тапсырды. Осылайша, Рүстембек Құрманғазы мектебінің дәстүрін меңгеріп, қазақтың күй мұрасын жаңғыртушы, әрі сақтаушы ретінде өзінің өнер жолын бастады.

Рүстембек Омаровтың аты күйші ретінде кең танылған. Ол қазақтың күй өнерін тек орындаушы ретінде емес, сонымен қатар зерттеуші ретінде де дамытты. Қазақстанның халық артисі, профессор Қаршыға Ахмедияров Рүстембек Омаров туралы жазған естелігінде: «Рүстем ағаның тартқан күйлерінің ішкі-сыртқы құрылысы, динамикасы күй жанрына лайықты, білімді музыкантқа сай құбылыс болатын. Мысалы, Динаның «Байжұма» күйін тек Р.Омаровтың орындауында ғана ести аламыз. Ал Дина шешемнің орындауында еш архивте жоқ. Сонда шешемнің тартқанын өзінше дамытып, күрделі шығарма ретінде қалыптастырған Р.Омаров десе болады. Осындай дәстүр жалғастырған орындаушылар тарихта көп емес, соның бірі Русахаң. Мен өзім де Рүстем ағадан соң оркестрдің бас домбырашысы болғанымды мақтан тұтамын. Русахаң көп сөйлеп, сырын ешкімге шашпайтын, күй тартқанда дыбысқа өте мән беретін, сахнаға шыққанда тыңдаушысын сол дыбыс сазымен, бояуымен өзіне баурап алатын қағысымен қатар қазақтың барлық күйшілік мектептерін барынша меңгерген күйші болатын. Өзі Арқада туып-өссе де, Оқап Қабиғожинның шәкірті болды және Динаның, Мұрат Өскенбаевтың қолынан күй алған домбырашы» – деп баға берген.

 

Ұстаздық қызметі

 Рүстембек Омаров тек орындаушы ғана емес, үлкен ұстаз да болды. Ол көптеген талантты домбырашыларды тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Боздақ Рзаханов, Қаршыға Ахмедияров сынды өнер майталмандары бар. Оның шәкірттері қазақ күй өнерінің дәстүрін сақтап, жалғастырушы болып шықты. Күй өнеріндегі дәстүр сабақтастығын осылай жалғады. Ол Роза Бағланова, Шәкен Айманов, Әмина Өмірзақова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров бір ортада жүрді.

Рүстембек Бейсенұлы өзінің ұстаздық қызметін Алматы консерваториясында жалғастырып, домбырашы ретінде Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде өнер көрсетті. Ол өз шәкірттеріне күй тартудың техникасын ғана емес, қазақ күйінің терең философиясын, оның табиғатын да үйретті.

 

Мәдени мұраға қосқан үлесі

Рүстембек Омаровтың күй өнеріне қосқан үлесі орасан. Оның орындауындағы күйлер қазақ халқының музыкалық мұрасының алтын қорына айналды. Ол өз кезеңінің ең үздік домбырашыларының бірі ретінде күйшілік мектептің дамуына және ұлттық музыка өнерінің халықаралық деңгейде таныстырылуына зор ықпал етті. Әрбір күйдің терең мәні мен көркемдік ерекшелігін ұғына отырып, Рүстембек Омаров оны өз орындауымен жаңғыртты.

Рүстембек Омаровтың қазақ ұлттық музыка әлеміне сіңірген еңбегі зор. Оның орындауында мыңдаған тыңдармандар халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Абылдың «Нарату» тәрізді тамаша күйлерін жадына жаттап өсті, осы күнге дейін күй сүйер қауым ұмытқан жоқ, ұрпақтан ұрпаққа насихаттап келеді.

Әрине, күйші Динаның, Мұрат Өскенбаевтың қолынан күй алған Рүстембек Омаровқа арнап жазылған Л. Шаргородский мен С.Шабельский өңдеген Сейтектің күйі «Тойбастар» да – өнер ұжымының көпшілікке ұсынып жүрген классикалық туынды.

Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына ерекше ықпал еткен Рүстембек Омаровтың есімі ұмытылмайды. Оның орындаушылық өнері мен ұстаздық қызметі қазақ күй өнерінің ең жоғары шыңдарына жетуіне септігін тигізді. Қазіргі таңда Рүстембек Омаров атындағы ұлт аспаптар оркестрі оның мұрасын сақтап, ел арасында таратуда маңызды рөл атқарады. Оркестрдің репертуарында Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова сияқты халық композиторларының шығармалары орындалады, сондай-ақ шетелдік танымал туындылар да қазақ оркестрімен орындалады.

Қазақтың кәсіби күйшілік мектебі жайлы сөз қозғағанда көрнекті күйші, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР-нің Халық артисі Рүстембек Омаровтың есімі айрықша ілтифатпен айтылады. Оның есімі қазақ музыкасының тарихында мәңгі қалып, шығармашылық жолы мен ұстаздық қызметі келешек ұрпаққа жол көрсетеді. Оның күйлері мен орындаушылық шеберлігі қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде ғасырдан ғасырға жалғаса бермек.

2017 жылдың сәуір айында Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының ұлт аспаптар оркестріне қазақ өнерінің алтын қазынасын жаңғыртқан, күй өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан әйгілі күйші, Қазақ КСР-нің халық әртісі Рүстембек Омаровтың аты берілді. Бұл шешім – өнер саласында өшпес із қалдырған ұлы күйшінің өмірі мен шығармашылығына деген құрмет белгісі. Рүстембек Омаровтың өмірі мен қызметі қазақ халқының музыкалық мұрасының сақталуына зор үлес қосып, кейінгі ұрпаққа аманат болып қалды.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий