Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толы. Ақын мерейтойына орай ол туралы ұлт зиялыларының пікірін оқырман назарларына ұсынамыз.


Мұхтар ӘУЕЗОВ:

«Қадыр Мырзалиевтің пікірлері маған өте ұнады. Мысалы: «Жас ақынға», «Жырға сыймас нұр көрдім», «Еңбек» өлеңінің өзінде жұртшылық аузына түсе қоймаған талай оралымдар, шеберліктер сезілетін сияқты болады»

 

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:

«Қадыр Мырзалиевтей қадау талантқа ғана айтылар бағаның салмағын ешбір сөзбен жеткізе алмайсың… Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі. Мұндай даусыз даңқ, татаусыз танымалдылықтың сыры – Қадыр талантының қарапайымдылығында».

 

Мұқағали МАҚАТАЕВ:

«Қадыр – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы – өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес».

 

Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ:

«Қадыр – мықты бәрімізден де, менен де мықты ақын»

 

Мұхамеджан ҚАРАТАЕВ:

«Ол (Қадыр) жұрттың бәріне белгілі таныс, тіпті етене боп сүйекке сіңірген күнделікті өмір, тұрмыс құбылыстарынан өнегелі ой түюге өте шебер. Бірақ бұл түйін миға қонбайтын, кісіні мезі қылатын жалаң үгіт-өсиет емес, миға да, жүрекке де оңай жол табатын ақыл мен сезімнің жарасымды түйіні. Ал үні болса жылы, жұмсақ, онда елірмелік те, лепірмелік те жоқ – жатық, жағымды»

 

Серік ҚИРАБАЕВ:

«Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда. Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді»

 

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

«Біздің арамызда ең көп оқитын, көп білетін ақын – осы Қадыр. Біздің арамызда көп ізденетін, сол іздегенін көбірек табатын да Қадыр» 

 

Хамит ЕРҒАЛИЕВ:

«Ол – бай, бірегей талант, жұлдыз болғанда… мәңгі жұлдыз! Ол – ақын Қадыр”

 

Зейнолла ҚАБДОЛОВ:

«Қадыр – қазір ұлы ақын! Бұл сөзді мен өмірімде екінші рет айтып отырмын! Бірінші рет Мұқан – Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлыққа иегер болған күні айтқанмын…»

 

Зейнолла ҚАБДОЛОВ:

«Енді тұрысына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте беріп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан, шын Қадыр Мырзалиев»

 

Күләш АХМЕТОВА:

«Қадыр Мырза Әли – ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын,ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшінің мінін,қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын. Ұлы ақын»

 

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ:

«Ақындардың бәрі ой толғайды, бірақ ойшыл ақындардың бәрі бірдей философ бола бермейді. Сен ойламаған ойын, оқымаған кітабың жоқ, ендігі философ ақындардың бірегейі едің»

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ:

«Қадыр Абайдан кейінгі көп оқылатын ақын», деп бағалауы шындықтың ауылынан алыс емес. Ақынның өлең жолдары ұлағатты сөздері мен афоризмдері әр ауылды, аудиторияны аралап кеткелі қашан?! Жалпы Қадырдың өлеңдерін білмейтін қазақтың жоқ екені аксиомаға айналды»

Добавить комментарий