Бүгін – ғұмырын ғұламалардан ғибрат алуға арнаған жазушы Медеу Сәрсекенің туған күні (1936-2024). Қаламгер қазақ ғылыми-фантастикалық әдебиетінің негізін қалаушы ретінде және алпыс жыл ғұмырын Қаныш сәтбаевтың өмірі мен еңбегін зерттеуге арнаған қайраткер тұлға ретінде көпшілікке танымал.

1980 жылы «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде «Қаныш Сәтбаев» ғұмырнамасы жаық көрді. Одан кейін, яғни 1988 жылдан бастап жазушының «Сәтбаев», «Қазақтың Қанышы», «Қаныш елі» (орысшасы «Родина Сатпаева»), «Планета Сатпаева», «Дара дарын», «Фенемон», «Құлыпталған ғұмырнама», «Через тернии к Сатпаеву», «Қуғындалған Сәтбаев» деген атаулармен ондаған кітап жазды.

Жазушының шығармашылық мұрасын түгел қамти алмаспыз, дегенмен негізгі еңбектеріне, сүйекті шығармаларына тоқтала кеткеніміз жөн.

Медеу Сәрсекенің Мәскеу мен Алматыда 1983, 1987 жылдары «Взрыв» деген атпен, әрі екеуі де мол таралыммен екі мәрте орыс тілінде жарық көрген романының қазақша басылымы сауысқандай сақ редактор мен қатаң цензура тарапынан қатты қысымға ұшырап, көптеген беттері мен тараулары қайшыға түсіп, бастапқы «Жарылыс» аты да «Жаңғырық» болып өзгеріп («Жазушы», А., 1979 ж., 41 мың дана) жарияланған. Соны романның ана тіліндегі алғашқы басылымының 21,37 баспа табақ, ал орысшасы 27,28 баспа табақ көлемде шыққанынан-ақ қандай қыспақ болғанын аңғаруға болады.

Сонша қиянаттың себебі – жазушының қазақ инженерлерін ғылыми-техникалық төңкеріс заманының алдыңғы легінде көрсетіп, түйе мінген Дала перзентінің ата кәсібі мал бағумен қатар, қорғасын шайқап, бағалы металдың ең таза түрлерін қорытуды кәсіби меңгергенін баса суреттеуінде. Баспа комитетінің қырағы рецензенттері содан да, ұлы орыс халқының көшбасшылық діліне нұсқан келетін ұлтшылдық «көріп, яки кейіпкерлердің рухани биік деңгейіне шабуыл… деп жариялаған. Нәтижесінде көлемді роман жөнсіз тілгілеуге ұшыраған. Ең ғажабы, инженер жазушының туындысы Мәскеу сыншылары тарапынан қолдау көреді. Одан үзіндіні «Литературная газета» мен «Молодая гвардия» журналы жариялады. Одақтық баспасөз бетінде де өндіріс тақырыбына жазылған үздік туындылардың бірі деген жоғары баға алды. Кезінде роман бойынша жасалған драма облыстық театрлар мен М.Ю.Лермонтов атындағы республикалық орыс академиялық театры сахналарында бірнеше жыл бойы сәтті қойылған…

«Жарылыс» романы 2015 жылы бастапқы нұскасы бойынша, жазушының көптомдық «Шығармаларында» екінші рет толық түрде жарияланды.

Медеу Сарсекенің «Көмбе» романы, «Жазушы» баспасынан 1985 жылы шыққанда, сол кездегі цензураның талабымен кейбір тарау немесе беттері жөнсіз қысқартылып жарияланған. Сірә, сөйтуге шығарманың бас кейіпкері Қазыбек Қазтуғановтың күрескерлік рухын даралап, оның жер асты қазынасын іздеу жолындағы қайсарлығын, билік басындағы өзімбілемі мол ойыншық «құдайлармен» ымырасыз күресін батыл суреттеуі, өсіресе сол кездегі тоғышар қауымның дертіне айналған жарамсақтығы, шенқұмарлық пен мансапқорлықты, жалған мәліметке бой ұрған былықшылықтарды түре ашып, шынайы адамшылық ұстанымдардың аяққа басылғанын әшкерелеуі түрткі болған. Жазушы бірақ сол қиянатпен келіспей, шығармасын орыс тілінде жария еткенде (Мәскеу, «Советский писатель», 1989 жыл. Ааударған Николай Родичев) қазақша кесілген беттерді қосып, 150 бетке «қампайтып» шығарғанын екі басылымның бет айырмашылығынан аңғару қиын емес.

«Ноқталанған тарихшы» деректі роман-эссесі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған. Жарық дүниеге келген әрбір пенде өз қалауынша өмір сүруге ерікті. Ермұхан Бекмаханов та мейірімді Алла пешенесіне жазған дарын-қабілеті арқасында өз қатарынан қара үзіп шығып, Қазақ Елі тарихының қатпарлы сырларын тереңдете қазып, туған халқына елеулі еңбектер беруге құлшынған білімпаз еді. Амал қанша, батыл ойға тұсау, еркін көңілге кісен салған қатыгез заман оның ең алғашқы қарымды еңбегіне тыйым салып, қазақ тарихнамасының төрі түгілі, босағасынан да орын бермей, үнемі қуғын көріп, нағыз дер шағында өмірден озды.

«Ноқталанған тарихшы» ғұмырнамасында жазушы шерменде тарихшының өмірін әсірелеусіз баяндап, оның жолын кескен қаскүнем замандастарының есімдерін де, қастандық әрекеттерін де УКК-нің жабық мұрағатынан алған деректермен нақты сипаттайды. Кешегі кер заманның қитұрқы зауалын бүкпесіз ашып, билік басындағылардың сорақы қиянаттарын әшкерелейтін деректі туынды оқырманды бейжай қалдырмайды.

«Біртуар Бекетов» ғұмырнама романы ҚР ҰҒА-ның академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтың ғұмырын арқау етеді. Ол – қысқа ғұмырында химиялық элементтер кестесінің халькогендер тобын егжей-тегжей зерттеп, дара мектеп түзеген ғалым. Сонымен бірге ол ұлағатты ұстаз, қаламы қарымды жазушы, әдебиет сыншысы, шынайы ақын һәм шебер аудармашы, солардың бәрінде де айшықты бедері бар дарын иесі. Осыншама ұлан-ғайыр істерімен танылған ғұлама тұлға, амал қанша, ортамызда тірі жүрген кезінде лайықты бағасын алған жоқ. Бүгінгі дабыра құрметке ол өмірден қайтқан соң ғана көп жылдан кейін ие болды.

Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап тағылым алған, оның ұлағатты да шерменді өміріне куә болған жазушы Медеу Сәрсеке халқымыз дара туған ғалымның ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғаларды қайыра жаңғырту арқылы тартымды желіде өрбітеді, ғұмырнама ерекше шыншылдығымен дараланады.

Жазушының «Шыңғыс хикаясы», «Айшықты мезетте», «Ағайынды үшеуге – бір жаза», «Жылқышы», «Аласармас асқар таудай ардагер», «Қаз қайтканда» сынды деректі хикаяттар мен әңгімелері қазақ қауымына жақсы мәлім, орыс тіліне де аударылып, жұртшылық тезінен өткен деректі хикаяттар. Олар туралы жазушы: «Өмірлік мұраттарымыз жаңарған соң өткен тарихымызға деген бұрыңғы көзқарас түбірімен өзгерді. Күні кеше құнды болған жайттарға сыпыра жаңару жүруде. Кезінде жұртшылыққа ұсынылған, мақтау-мадақ көрген кейбір шығармалар қате түйсікпен марапатталған деген желеумен қайбатталатын болды. Алайда сол туындыларды бүгінгі талапқа қабыспайды деп жадымыздан сызып тастауға бола ма? Өз басым соған шүбәлімін. Жоқ, ұмытуға болмайтын да жайттар бар, кешегі тарихымызға да тергеу жасағанда жадымызда сақтарлық құндылықтар аз емес…», – деген тұжырым айтады. Оқырман да жазушының тырнақалды туындыларынан азаматтың ой тұмасын, ізденіс бастауын аңғаратыны сөзсіз.

Добавить комментарий