Бүгін Павлодар қалалық орталық кітапханада ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғалым салған жол» атты тарих кеші өтті. Тарих кешіне Қазақ КСР-інің оқу-білім саласының үздігі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Ермұхан Бекмахановтың жиені Қылышбек Баязитов пен Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің «Өлке тарихын ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы Гүлжайнат Алиева қатысты.
Кездесуде Қылышбек Баязитов Ермұхан Бекмаханұлы туралы естелігімен бөлісті.
– Бекмаханов – қазақ халқының ұлы тұлғаларының есімдері арасында өзінің лайықты орнын алған адам. Ол қазақ тарихшыларының арасынан бірінші болып Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың орыс патшалығына қарсы шыққан қозғалысы туралы объективті баға беріп, еңбек жазды. Осы еңбегі үшін партия қатарынан шығарылды, елуінші жылдардың басында Сібірге 25 жылға жер аударылды. «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан жазылсын» деген макаладан соң, Е.Бекмахановтың соңына шам алып түскендер көбейеді. Республиканың өзінде Киікбаев, Айдарова деген тарихшылар орыс тарихшыларына қосылып, Е.Бекмахановты әшкерелеу науқанын бастаған-ды. Бірақ Бекмахановқа Мәскеуде тұратын белгілі тарихшы А.Панкратова арашаға түсті. Анна Михайловна Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы І.Омаров пен КСРО Ғылым Академиясының Президиумына жолдаған хатында былай деп жазған: «…мен тіпті мынаған түсінбеймін – грузин патшалары, немесе өзбек хандары бір деңгейдегі тарихи жағдайларда прогрессивті қайраткерлер болып саналады, ал қазақтар Абылай мен Кенесары Қасымовты қаралауға тиіс. Мен қалайда болсын, қазақ тарихының осы бір ірі тұлғаларына қарсы жолға түсе алмаймын».
Ал ұлтшыл деген жала жөнінде Е.Бекмахановтың өмірлік серігі Халима Адамбекқызы былай дейді: «Орталық Комитеттің Бюро мүшелері алдында мені ұлтшыл етіп жасай алмайсыздар. Мен білімді Ресейдің жоғары оқу орнында алдым, тарих ғылымының әліппесін орыс тарихшыларынан үйрендім, олармен бірге қазақ халқының тарихын жаздым. Менің ең жақын досым Ян Зутис, ұлты – латыш, сондай-ак, қырғыз, өзбек, ұйғырлармен де доспын. Сонда мен қандай ұлтшылмын? Сіздер ғылыми проблеманы саясатқа айналдырдыңыздар», – деп Ермұхан батыл айтты. Бәрібір Е.Бекмаханов ұлтшыл болып айыпталды, партия қатарынан аласталды».
Е.Бекмахановтың басына 50 жылдардың басында үйірілген қара бұлт оның туыстары мен жақындарының басына да төнді. Қуғын-сүргіннен қорқып, ғалымның дүниесін, шығармаларын, фотосуреттерін сақтаудан қорықты. Қазақтан шыққан облыстың бірінші энергетик инженері Нұртай Бегедаев қазақтың политехникалық институтында окып жүргенде-ақ Бекмахановтың немере інісі болғаны үшін қаншама шырғалаңнан өтті.
Есімде, анам сол кездерде тұйық мінез танытып, кейде жылап та алатын, колына түскен суреттерді тығып, жасырып жүрді. Кейін менің анам Забира Жұмаділқызы ғалымның немере апасы екенін білдім. Үйде Ермұхан туралы ашық айта қоймайтын. «Хрущевтік жылымық басталғанда, – дейді Халима Адамбеккызы, – Ермұханды босатты. Ол сотталғандардың алғы легінде босап шықты. Мәскеуде А.Панкратоваға әдейі барып, сәлем берді. Күпәйке киген Бекмахановты көрген Панкратова: «Алматыдағы жауларың сенің еңсеңнің түскенін көрмесін, дұрыс киініп бар» деп пальто мен костюмге ақша берді…»
Қылышбек ақсақал бұдан кейін Ермұхан Бекмахановтың Баянауылға соңғы сапары туралы айтып берді:
– 1958 жылы шілдеде Ермұхан мен Халима Бекмахановтар туған жерге – Баянауылға келді. Бұл оның туған өлкеге соңғы сапары болатынын кім білген? Осы сапарында олар біздің үйде болды. Бір күні Мәскеуден бір жолдасы телефон соқты. Ол Бекмахановты партияға қайта қабылдағанын, тарих ғылымының докторы атағын қайтып бергенін хабарлады. Атамекенде, туган жерде жүріп, осындай куанышты хабар естігенінде Бекмахановтың жүзі жайнап кетті. Ақыры, әділеттілік салтанат құрды. Бәрі орнына келді. Менің анам Зәбира да, Ермұханның жұбайы – Халима апа да жылап жіберді. Қуанғанынан болар. Ал Ермұхан нағашымның бойынан жеңімпаз адамды байқадым. Әділетсіздік пен жауыздық артта қалды. Мұны туған жерде сезінгенін айтсаңызшы.
Ермұхан нағашым Баянауылда, Жасыбай көлінің батыс жағында «Төреауылы» деп аталатын жерде, Шойынкөлдің маңында туған. Мұнда Тәукехановтар, Бекмахановтар, Жұмаділовтер тұрған екен. Анам Зәбира Ермұханның пысық, акжарқын болып өскенін айтып отыратын. Ермұхан, Шамхан, Әлімхан, Естай – бәрі құлын-тайдай тебісіп, бірге өсіпті. Жасыбайдын маңында олар баспаған жер болмапты, олар Баянауыл орыс мектебінде бірге оқыпты. Кейін осы ауылдан Қазақстанға танымал болған белгілі тұлғалар шықты. Шамхан мен Естай Тәукехановтарды атап өтейін. Шамхан Қазақстанға белгілі заңгер болды, прокурорлар арасынан Ленин орденімен алғаш марапатталғандардың бірі. Естай Тәукеханов Әскери-Теңіз флотында бірінші рангті капитан болған екен. Ағамның бауыры Әлімханның айтуынша, ерекше дарынды, зиялы азамат Ұлы Отан соғысында ерлікпен каза тауыпты.
Сол жылы 1958 жылы шілдеде Ермұхан нағашым елде аунап-қунап жатқан соң, Алматыға аттанды. Орта мектепті бітірген мені бірге ала кетті. Нағашымның үйінде жатып, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсуге дайындалдым. Акыры, қабылдау емтиханды тапсырып, оқуға қабылдандым. 1963 жылы университетті бітірген соң, Баянауылға келдім. Ұстаздық еттім. Нағашым сияқты тарихшы болып, шәкірттерге дәріс бердім. Бір кезде Бекмаханов оқыған мектепте ұстаздық жолымды бастағанымды мақтан етемін, – деп сөзін түйіндеді ол.
Гүлжайнат Мағазқызы ғалымның күреске толы өмірі туралы баяндады.
– Ғалым алғаш рет 1944 жылы «Қазақ ССР тарихындағы» Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы тараудың авторы ретінде әділетсіз сынға ұшырады. «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабында (1947 жылы) Кенесары Қасымұлы көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағандығы үшін саяси қуғын-сүргінге душар болды. 1952 жылы Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталды. Бірақ, академик Анна Панкратованың ықпалымен, екі жылдан соң Сібірдегі айдаудан аман оралды. Бостандыққа шыққан соң, 1955 жылдан бастап Қазақ университетіне жұмысқа орналасып, 1957 жылы екінші рет докторлық дәреже алу үшін диссертация корғады. 1962 жылы оны республика Ғылым академиясы өзінің мүше-корреспондеті етіп сайлады, – деді ол.
Кездесуде кітапханашы Айнаш Ахметова кітапхана қорындағы тарихшының еңбектері басылған кітаптармен таныстырды. «Талғамы биік, танымы терең» кітап көрмесіне ғалымның жеті томдық шығармалар жинағы қойылды. Көптомдық 2005 жылы Павлодар қаласында басылды.
– Көптомдықтың 1-томда тарихшының өмірбаяны мен шығармашылық еңбегі туралы жинақталған. 2-томға «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» кітабы, 3-томға «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты монаграфиясы енген. 4-томда – ғалымның мектепте, жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихын» оқытуға арналған әдістемелік-тәжірибелік еңбектері және 1966 жылы жарық көрген «Очерки истории Казакстана» атты кітабы жинақталған. 5-томнан әртүрлі тақырыптардағы ғылыми мақалаларын оқуға болады. 6-томға «XIX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан» монографиясы бойынша 1948 жылғы шілдеде өткен талқылауы енді. Ал, соңғы 7-томда Е.Бекмаханов туралы құжаттар мен замандастарының естеліктері топтастырылған. Бұл жинақтан бөлек кітапхана қорында Ермұхан Бекмаханұлының 1994 жылы Алматыдағы «Санат» баспасынан шыққан «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы бар. Сонымен бірге, «Присоединение Казахстана к России» (Мәскеу, 1957), «Очерки истории Казахстана ХІХ в.» (Алматы, 1966) кітаптары қойылған көрмеге. Е.Бекмаханов жайлы жазылған еңбектерден Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» кітабы бар. Кітап 2010 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан, Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан шықты, – деді кітапханашы.