Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, “Құрмет” орденінің иегері Ғалымбек Сағымбайұлы Жұматов “Ала көжек” атты повестер жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының әдеби сыйлығымен марапатталды.

“Ер Төстік” деп аталатын әдеби сыйлық қаламгерге Алматы қаласында өтіп жатқан жазушылар форумында салтанатты түрде табыс етілді. Сыйлықты табыстаған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов шығармашылық иесіне оқырман атынан алғыс білдірді.

Ғалымбек Сағымбайұлы Жұматов 1952 жылы 15 қазанда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, «Үлгілі» ұжымшарында туған. 1979 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді.
Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде ұзақ жылдар қызмет етті. 1991 — 1995 жылдары республикалық «Халық кеңесі» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Кейін Павлодар қалалық «Шаһар» газетін ұйымдастырып, алғашқы редакторы болды.

Сонымен қатар, Ғалымбек Жұматов өңірімізде 2000 жылдардың басынан шыға бастаған «Айдын» әдеби журналының алғашқы шығарушы редакторы атанды.

Қаламгердің алғашқы әңгімелері 1980 жылы «Арман қанатында» жинағында жарық көрген. 1984 жылы «Трактор қалай жасалады?» деген кітапшасы шықты. 1986 жылы «Ала көжек» повесі «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде үшінші сыйлыққа ие болды. «Жалғас — жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз» повестері 1992 жылы жинақ болып жарық көрді.

Ғ.Жұматов оқырмандарына ақын ретінде де танымал. Ол 2003 жылы «Қазақстан – қара шаңырағым» атты республикалық мүшайраның бірінші жүлдесін жеңіп алды. Балаларға арналған «Біз – 42 әріппіз» (2003 жыл) және «Жеңіс жалауын желбіреткен» (2005 жыл) жыр жинақтарының авторы. Ұлы Жеңістің 60 жылдығында композитор Н.Дүкенбаевпен бірігіп жазған «Жеңіс жолы», «Майдангер аталарға» әндері және 2008 жылы Астананың 10 жылдығына арналған «Астанам әсем-асқақ ән» әндер жинағы мерекелік салтанат рәсіміне енді. 2006 жылы «Ана өсиеті» атты поэтикалық эссе кітабы мен «Сағыныш сазы» жыр жинағы жарық көрсе, 2007 жылы оқырмандарына «Кемелді елдің Кемері» атты деректі повесін, 2008 жылы «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық кітабын, «Сары белең» повестер мен әңгімелер жинағын ұсынды. Ертістің Павлодар өңірінде шығып тұрған “Найзатас” әдеби-танымдық журналының бас редкторы болып, зейнетке шықты. Зейнетке шыға отырып, жеке шығармашылығын өрістетіп, бірнеше кітапты оқырманға ұсынды.

Қадірлі қаламгер ағамызды құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз!

Добавить комментарий