Оқырман назарына Ілияс Есенберлиннің өмірінің соңғы жылдары (1976-1983) жазған ойлары мен нақыл сөздерін ұсынамыз:
Махаббат пен әділдік
Мен адамдарды құрмет тұтам. Бірақ олардың Американы, немесе бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқандықтан, немесе ғарышқа ұшуымен емес, тек таза көңілмен сүйе білу және жақсылық жасап, әділ бола білу, біреудің қайғысын бөлісе білуіне қарап. Өйткені адамды адам ететін және Мәңгілік ететін біріншісі емес, екіншісі – әйтпесе бәрі де апат болар еді… Тіпті, егер де ең ұлы ашылымдар болмаса да – бәрі бір адамзат өмір сүрген болар еді, ал егер сүйіспеншілік жоқ болса ол тез арада құрып бітер еді.
Өмір мен бақыт
Бақытты болашақтың ең басты негіздерінің бірі – бұл жалпыға бірдей жақсылық тілеу. Ал өкінішке орай, біздің күндерімізде жамандық тілеу әлі де етек алуда. Бүл әрқалай байқалады. Кейбір басшылар шындықты айтқысы келгендердің аузына қақпақ болса, тағы біреулер кабілетті жастардың өсуіне жол бермейді. Ал талантты қайраткерге ең үлкен бақытсыздық – оны шығармашылық қауымнын қабыл алмауы.
Өмір мен сүйіспеншілік
Менімше – бұл өмірде махаббаттан асқан казына жоқ.
Жазушының қоғамдағы рөлі туралы
Бұл жерде, әрине, барлық мән жазушының өзінде. Оның бәрі осы өмірде не көрді, ол жәйлі не біледі, адамдар туралы ойында не сақталды, қандай үрейден қажыған, оның адамгершілігі қандай, әдептілігі, азаматтық позициясы қандай болса, оның шығармасы да сондай болады.
Жазушы мен қоғам
Жазушы көне заманның тарихи зерттеулерімен ұзақ уақыт айналысқан кезінде, өткен дәуірдің адамдары мен оқиғалары өзінен-өзі оның жадында жаттала бастайды. Және ол осылардың астарынан тек адам тағдырын ғана көреді. Осындай жағдай менің басымнан да өтті. ХІХ ғасырдағы Кенесарымен байланысты ұлт-азаттық қозғалысты зерттей келе мен осы өткен тарихи оқиғалардан ұлы тұлғаның бақытсыздығын көрдім. Оның күрделі мінездері, жетістіктері мен сәтсіздіктері туралы романымда ешқайсысын ақтамай, қараламай тағдыр тәлкегі қалай болған болса, сол қалпында жаздым.
Шығармашылық пен атақ
Егер жазушы ең жақсы шығармалар үшін емес, өзінің атын шығару үшін қиналса, онда оның алаяқ саудагерден еш артықшылығы жоқ.
Жазушы мен сын
Сыншылар мен әдебиетшілер тобына жаңа адамдар – жас мамандар қосылды. Бұлар профессор Рымғали Нұрғалиев, Мұрат Әуезов, Сағат Әшімовтер. Олардың барлығы талпыныспен жұмыс істеуде. Мысалға, жас зерттеуші Мұхтар Мағауин қазақ поэзиясының оқылу шекарасын 200 жылға тереңдете жылжытты. Ғылым кандидаты Райымбеков бірінші болып қазақ әдебиетіндегі жұмысшы табы туралы маңызды жұмысын бітірді.
Профессор С.К. белсенділенуде. Соңғы жылдары ол өзінің кандидатурасының академияға жоғарылауымен әуре болуда. Жоғарылауы түсініксіз. Менің кітабымды сөгуден шаруасын бастады. Бірақ бұл себеппен сөзге шығып тұрғаным жоқ. Қайда бал болса, сонда ара дегендей. Не қырсық? Ең бастысы ол өзін көрсете бастады. Осының бәрінде жолдас С.К. тек бір шындықты ұмытпаса: тіпті профессордың өзіне де объективтік қажет бұл тұста. Сын үлкен тасқа жармасқаннан күшеймейді. Сынның күші оның жақсылық тілеуінде. Ал біздің профессорімізде осының бәрі пілді құмырсқаға айналдырсам ба деген тілекті еске түсіреді.
Махаббат пен бақыт
Жүректі шын күйдірсе, махаббат азабының өзі де бір қуаныш емес пе? Иә, зор қуаныш. Өйткені жүрек күю үшін шын махаббат, зор махаббат керек. Ал, ондай махаббат жаныңа қанша азап салса да – қуаныш, бақыт.
Махаббат пен адам
Махаббат деген – қасиетті күш. Дүниеде махаббат болмаса, адам баласы қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер еді. Махаббат бір аққу құс емес пе: өзі де сәнді, әні де сәнді. Дүниеде аққудан әдемі құс бар ма? Сондай-ақ махаббаттан әдемі, одан қымбат адамға сезім бар ма?
Аққуды атуға, махаббатты қорлауға болмайды! Махаббат әні – аққу әні. Оның сұлу ырғағын естудің өзі адамның өмірдегі бір тәтті арманы емес пе?! Әрине, аққуды ататындар да, махаббатты қор ететіндер де табылады. Бірақ олар – дүниенің қызығын, сәнін түсінбеген бейшаралар. Олар үшін махаббат әні – аққу әні салынбайды. Ал қор болған махаббат зары – жаралы аққудың соңғы әні. Оның мұңына, оның зарына елжіремеген жүрек, ол – жүрек емес.
Адам мен сүйіспеншілік
Ал адам біреуді сүйер болса, оны кәусәр суындай таза, гауһар тас сәулесіндей мөлдір ләззатпен сүюге тиісті. Сөйтсе ғана ол өзінің де, жақсы көрген адамның да арман мүддесін адал сақтайды, кір жұққызбайды.
Шын махаббат бар да, махаббатпен ойнау бар. Шын жақсы көру – өмір бақи сәулесін, сұлулығын жоғалтпайтын гауһар тас. Кімде-кім шын сүйсе, өз сезімін қадірлейді, өйткені оның ләззаты ыстық жүректен туған. Ал жүректі ауыстыра алмайсың.
Қызғаншақтық пен адам
Қызғаншақтық – кең дүниені тар еткізетін кесел. Өз мінезінен өзі құса болған қайғыдан жаман қайғы жоқ. Ол адамды іштен жегідей жейді. Бір кездегі денелі салмақты жас жігіт, енді күжірейген, қас-қабағы түнерген, ашулы кісіге айналады.
Сенім мен өмір
Сенім! Бұл бір ұлы күш! Әсіресе жаны таза адамға өзгенің көрсеткен сенімі бойына қайрат, киялына қанат береді. Сол сенімді ақтаймын деп қандай киындық болса да қарсы тұра алады, ақтап шығуға жанын аямайды.
Адам туралы
Адам беті, оның құбылысы – оқи білген жанға алуан-алуан сыр ашатын тамаша бір қиял-ғажап кітап! Кісінің көзінен қиялға шомғанын, қайғы-мұңға берілгенін, ернінен қуанғанын, ренжігенін айыруға болады.
Жанашу туралы
Адам баласы қызық қой, әлде мен солаймын ба, өз қайғымнан гөрі, өзгенің қайғысын көбірек ойлаймын, біреудің жылағанын, не опық жегенін көрсем, со күні менің де берекем кетеді. Қолымнан келер жәрдемім болмаса да, әлгі адамның қайғылы халі ойымнан шықпай қояды.
Адам мен творчество
Ақыл, ой адамының творчестволық қиналуы – негізінде оның сұлулыққа ұмтылуынан, бірақ сол сұлулықты қалай берудің дұрыс шешімін таба алмауынан туады. Мақсаты бір алыстан бұлаңдаған қызыл түлкі тәрізді, ал қуып жетіп көр. Сол қызыл түлкіге қолын созған сайын, көңілін күдік, ойын тұман басады, бір шешімнен екінші шешімге көшеді. Тастап кетейін десе алдындағы қызыл түлкі-арман көңілін тартып, қоймайды. Тастамайын десе, дәл тапқан жол жоқ, алды бұлдыр сағым, құр елес. Міне, осындай жағдай – ой адамының жанын жегідей жеген творчестволық қиналуына себеп.
Ілияс Есенберлиннің ойлары, нақыл сөздері, естеліктер топтастырылған «Жан сырым» кітабынан (Құрастырушы – Ахмет Дүйсенбаев).