Шілде

Ақ қағазға жосылып түспей жатыр жол деген,

жол түспей тұр жырыма,

тумас білем енді өлең.

Күнде жүрген жолыма тас түсіпті көлденең,

Сары қалам сұлапты ақ қағазға көлденең.

Тайраң қағып көктемнің тамшысындай сөз қасқа

Сыңғыраса жамырап –

Жарыспас па, озбас па!

Ақ қағазға, сөз түгіл, осынша ыстық тер төлеп,

Әкеле алмай отырмын қаламды да желкелеп.

Жапырақ – шаң

Ой – шабан,

бөлме тыншу – күн ыстық,

тындырғаным шамалы кеңседе де жұмыс қып.

Шаш қисайтар жел үшін,

бір леп үшін тыныстық

желдеткішпен екеуіміз жекпе-жекке тұрыстық.

Омырауды желписің,

Жеңді иыққа сыпырып…

тоңазытқыш… оның да айраны ашып, сүті іріп.

Аспан өңіп кетіпті күн көзінен ағарып,

кеуіп қапты арықтар қайнап-қайнап құтырып.

Асфальт жатыр кезеріп,

Жиектегі көк тас та

тамсанатын секілді тілін жалап оқтаста.

Шекесінен қарайды торы төбел-тау қашықта –

Қайта жаба қоясың терезеңді ашып қап…

Бұл да махаббат шығар?

Көкте тұрып киелі

Күйіп-жанып Күн, бәлкім, Жерді осылай сүйеді?!

…Ыстығымен Шілденің сүйгендіктен мен оны –

Ол да жүдеп-сарғайып, қурап-солып келеді.

 

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.

 

Шілде

 

Ілезде ыдысыңның жартысы кем,

Жігіттің өтіп жатыр бал тісінен.

Көңілімді таппақ болып жүрсің, жаным,

Көршінің шұбат тасып банкісімен.

 

Ұн әкеп, қол батырып тағы нанға,

Түрің жоқ ренжірге, шағынарға.

Әніңді қоса созып ащы ішекше,

Шұбалтып кірістің бе лағманға?

 

Қала ғой, қара, олар қайда мұнда, –

Жоқ бүгін жас бауырсақ, қаймағың да.

Астан соң қосылып бір күле ішетін,

Ойлайсың қызыл күрең шай қамын да.

 

Қойдың сен бақ аралап гүл көруді,

Бас мешкей тойғыза алмай күнде қуды.

Жиналса аяқ-табақ, сөз ойлайсың,

Газетке жазу жазып үлгеруді.

 

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ.

Шілде

 

Шiлiңгiр шiлде аспаны тұнық неткен,

Қарайды күннiң көзi күлiп көктен.

Борпылдақ күлге аунаған күрең тауық,

Су iшiп тұр қалбырдан жылып кеткен.

 

Шөл қысып кепкен таңдай тақылдайды,

Басынан кешкен жандай қапыл жайды.

Асты от, үстi де от қарып тұрған,

Жамбасы қызған құман сақылдайды.

 

Шiлденiң табы қаппа ұрған көзге,

Соқпайды-ау, тiзгiнсiз жел қырдан кезбе.

Миың да қайнап бiр сəт кетедi екен,

Құдайдың күнi өртенiп тұрған кезде.

 

Үркердей ауыл куə қолаттағы,

Құлайды қырдан Сырға жол ақпалы.

Дем алған иiнінен қоразға ұқсап,

Самауырын дастарқанға қонақтады.

 

Аманхан ƏЛІМҰЛЫ.

 

Шілде. Қырман

 

Сені жырға қосайын, шілде, шілде,

Сұлу қызға жолықтыр бір кешіңде.

Берекеге белшеден батып қалған

Бейбіт ауыл тоқ қырман іргесінде.

 

Құшағына ап ғаламды алқара түн,

Құрған кезде ай-жұлдыз салтанатын,

Мөлдіреген көзіне қарап тұрып:

«Кім еді, – деп сұрайын, – қалқам, атың?»

 

Сылдыр етіп күлкісі, айтар атын,

Сол есімді мәңгілік қайтала, түн –

Санам саққа бөлінсе, ойым – онға,

Әзіліне сөз таппай қайтаратын.

 

Назды сөзін кестелеп ақылменен,

«Қысылдың, – деп сұраса, – батыр, неден?»

Түннен, қара шашынан жұтар ма едім

Бидай иісін аралас әтірменен!

 

Бұраң белі солқылдақ сәмбі талдай,

Қолға тисе, жырлар ем мәңгі талмай,

Жымиысы қапастан құтқарардай,

Ишараты шыңырауға қарғытардай.

 

Демін жиі ап,

Дірілдеп пісте мұрын,

Құйып тұрса жанары ішке нұрын.

Іздер ме едім мен ләззат арасынан

Меруерттей әдемі тістерінің!

 

Серік болып осы арман алды маған,

Ғашық әнге, туған жер, салды балаң.

Қырман кезіп жүрейін төсіңде мен,

Сұлуыңа жолықтыр балбыраған!

 

Бауыржан ҮСЕНОВ.

Шiлде

 

Толқытып жастардың күлкiсi,

ҚазМҰУ-ым, қастерлi қалашық.

Көгiңде қалықтап жыр құсы,

Тұрсың ба жазыңмен жарасып.

 

Оңтүстiк оғыздар елiнен,

Сонау жыл жол түсiп бағыңа.

Мен саған шiлдеде келiп ем,

Шiлдеде кеткенмiн тағы да.

 

Бәрi де жеңiл ме өткеннiң?!

Шулатып Жетiсу аймағын.

Мен сонда-ақ сезiнiп кеткенмiн,

Жерде де қол жетпес ай барын.

 

Тағы да оянып жатыр ма,

Сол сезiм кеудемде шым-шымдап.

Онда аңғал, ендi естi батырға,

Бiр ару күледi сыңқылдап.

 

Күл, қалқам, күлкiңмен жебегiн,

Жаралы ақынның жүрегiн.

Тiлiн де таба алар жебенiң,

Мен саған Жiбек деп сенемiн.

 

Несi бар тiл мен жақ жаңылса,

Үлгi алып өрiмдей өреден.

Елiмнен Төлеген табылса,

Мен мұнда Шеге боп келер де ем.

 

Ал қазiр жалғызбын, тағы да,

Жанымда жабырқау мұңым бар.

Сендер сәл сабырды сақтаңдар,

Сендер сәл дамылдай тұрыңдар.

 

Тағдыры ұштасқан аңызбен,

Түгендеп не жайсаң жүздерiн,

Өтейiн орталық дәлiзбен,

Еске алып өткен күн iздерiн.

 

…Япыр-ау, мына есiк таныс қой,

Таныс қой, көзiме тым ыстық.

Таныс қой және де алыс қой,

Не деген ұзақ бұл тыныштық?

 

Ашсам ба, жол әлде ашпасам,

Ашпасам арманда қалам ба.

Не айтам онда анау балаға,

Не айтам қалаға, далаға?

 

Өрiң не, қарсы сап ағынға,

Жанымды шөлге де сүйреген.

Сонау бiр бозбала шағымда,

Осында бiр қызды сүйген ем.

 

Сүйген ем… әлi де сүйемiн,

Не опа сүйгендi жасырып.

Сол кезден жаныма түйгенiм,

Сүюдiң соңы өрт, басы үмiт…

 

Япыр-ай, бұл қандай сиқыры,

Ашылған есiктiң өзi ме?

Бiр тәттi түс көрген ұйқылы,

Сенбесем, сенсем бе көзiме.

 

Тағы да сол ару жымиып,

Қозғалсам, кеудеме құлардай.

Қарсымда нұр болып құйылып,

Көркiмен көзiмдi тұр арбай.

 

Шынымен тартылып барам ба,

Тылсымдай демiне тым ыстық.

Не деген баянды бақыт бұл,

Не деген ғажап бұл тыныштық!

 

Көз салып осынау кейпiме,

Әлi де мың тұрып, мың құлар.

«Апайдың танысы-ау» дейдi де,

Күледi студент құрбылар…

 

Аманда пәк сезiм жұлдызы,

Таусылмас махаббат дастаны.

Елiмнiң бiлiмпаз ұл-қызы,

ҚазМҰУ-дың қиялшыл жастары.

 

Сол жанды көре алар күнiге

Сендердей бақытты ұрпаққа,

Мың бояу түр қосып үнiме,

Арман не, оқысам жыр жатқа.

 

Әмірхан БАЛҚЫБЕК.

Добавить комментарий