Шоң би Едігеұлы

(1754-1836)

Қазақтың көрнекті биі, Баянауыл сыртқы округінің алғашқы Аға сұлтаны, «Төрт ұлы» одағының төбе биі, ХІХ ғасырдың басындағы Ертіс-Баян өңірінің тарихында ел билеген, өнегелі ісімен өшпестей із қалдырған «Дала губернаторы» атанған тарихи тұлға. Түркістанда жерленген.

Шоң нақылдары

Құдай рахмет қылсын: «Шоң би айтады екен: «Берген аста береке бар». «Береке» деген – періштенің аты. Берген үйдің асына періште береке береді. «Бермеген аста біте бар. «Біте» деген шайтанның аты. «Бермеген үйдің асын Біте деген шайтан сорып құртады», – дейді.

Отыз жеті жасымда Ташкент барғанда, атармын (аңармыз) құлақтан құлақта қалған сөз еді. Алпыс үш жасымда нұсқа болып қағаз үстіне жазылды. Жасымда жүрмесем, тұрмасам, маған бұл қайда?

1921-інші жылында 25-декабрьде – жаңаша.

 

Тіл мен көз

 Бір сөзді жазып отырғанда, бір сөз ойға түсіп кетеді. Шоң би, Торайғыр би және қасында Тайкелтір бидің тоқалынан туған баласы Өтеп сақау бар және Торайғырдың атшысы Ыстықмұрт Ерсары бар – Қаракесекке бітімге бара жатып, Қаракесектің бір ауылына жақындап қалғанда, бір кісінің басындай доп-домалақ ақ асты көріп, айнала тұра қалып, тамаша қылып, көреді де, кете барады. Ауылға барып қоныпты. Байдың екі ала бас ботасын, екі қара бас марқасын көріп, тамаша қылып, таңданыпты. Бұл аттанғанша, екі бота да, екі марқа да пышаққа ілініпті. Сонан бұлар әңгіме қылыпты:

– Мына екі бота мен екі марқаға біздің көзіміз тиді. Кешегі біз таңданған тас қайтті екен?, – десіп, әлгі ауылдан аттанып, әдейі барып, тасты көрсе, тас ортасынан қақ айырлып жатыр екен дейді.

 

Сарман мен Шоң

Шоң би бір шаруа жөнінен ақылы алты тарап болып отырғанда, бір-екі даугерді Сарманға айдап жіберген екен. Сонда Сарман екеуінің сөзін сұрап естіп алып:

– Сен де жан бер, сен де жан бер! – депті.

Екеуі қайта Шоңға келіпті.

– Қайттіңдер, біттіңдер ме? – депті.

– Екеуімізге де жанға салды, – депті.

Сарманды шақырып алып:

– Мұның рас па? – деген екен.

– Маған салсаң, осы сөзден басқа айтарым жоқ! – депті.

 

Шоң бидің бір әйелден жеңілуі

Кіші жүз Атантай хан алпыс жасқа келгенше баласы болмай, бала үшін елден қаңғып, бір сұлу қыз алыпты. Амантайда бес жыл тұрғаннан кейін, Амантай қаза болып, алған әйелі 25 жасында ерге тимей отырып қалғанын Орта жүздегі Шоң, Шорман билер естіп, Шоң бидің әйелді алуға көңілі кетіп, Шорманға:

– Сол әйелді маған алып беруге жәрдем көрсететін болсаң, сенің қалауыңды беремін!, – деп, Шорманды ертіп, Амантайдың үйіне барады. Барып отырса, Амантайдың өлгеніне 2-3 жыл болса да, үй айналасы тозбаған. Ері жолаушы кеткен әйелше ұстап отырғанын ұнатып, Шоң би жақсы кеңестер айтып отырады. Кезек Шорман сөйлеуіне келгенде, Шорман: Ері өлген әйелдердің ұяты шығып, буаз болып, болмаса, өсегі білініп, қалғандарды ерсіз отырмақ жағына бейім сөздер сөйлейді.

Сонда әйел айтады:

– Ұлы өзеннің бойына

Үлгілі билер қонады.

Үлгілі билердің кеңесі

Рулы елге болады.

Шөкет қара суларға

Шөңкиген билер қонады.

Шөңкиген билердің кеңесі

Шөмекейінде болады.

Шоң, Шорман ұялып аттанып кетіпті.

 

Шоң мен Тіленші

Екі елдің дау-жанжалы, «Ердің құны – нардың пұлы» сияқтыларды Қаракесек, Төртуылдың билері бас қосып, бітім, тыным қылып, ел арасын тиыштандырып, жайландырады екен. Сонда Қаракесектің биі Тіленші, Төртуыл  биі Шоң би – екеуі бас қоспақшы болып, Шоң би Қаракесекке бет алып жүрмекші болып: «Айдабол Тайкелтір бидің Өрік деген тоқалынан туған Өтеп сақауды ала жүрейік!» – деп, барса, Өтеп кедейлікте қара қасқаның өзі екен.

– Атым-тоным жоқ, – деген соң, Тайкелтірдегі Манкен байдың торы жорғасын алдырып, мінгізіп, шұға шекпенін алғызып киігізіп, алып жөнелді.

Сонда Өтеп сақау айтыпты:

– Алдынан буа сөйлейін бе, артынан қуа сөйлейін бе? – дегенде, Құдай рахмат қылсын, Шоң би айтқан екен:

– Артынан қуамын деп жүргенде, жеткізсе жақсы, шалдырмай, шығып кетсе, қапы соғып қаларсың, не болса да, алдынан буа сөйле! – депті.

Билер бас қосып, сөзді бастағаннан-ақ Өтеп сақау ешкімге сөз бермеді, Тіленшінің аузын ашырмады. Сонда Тіленші не дерін білмей:

– Мынау өзі жағасы кір-кір немең кім өзі? – депті.

Сонда Өтеп сақау айтқан екен:

– Көйлек кірі жуса, кетер; көңіл кірі айтса, кетер; сүйек кірі қайтсе, кетер? – дегенде, Тіленші:

– Менің сүйегімде не кір бар? Әкем – Бекболат, бабам – Қазыбек, – Бошанға, Болатқожаға шейін шұбыртып сөйлегенде, сонда Өтеп сақау айтқан екен:

– Әкең айсыз қараңғы түн еді, жерошақтың басында, көгеннің қасында жататын шеше – сол Мықыра күң еді, – дегенде – Тіленші сөз таба алмай, Шоңға айтқан екен:

– Ай, Шоң-ай, мына сөзді биті быжынаған, құрты құжынаған жаманыңнан есіттірмей, өзің-ақ айтып тыңсаң, не етеді?! – дегеннен басқа дәнеме айта алмапты.

Сол Қазыбектің ұрпағына: «Кімсің?» дегенде «Кішікпіз!». – дейтіндері бар. Онысы: «Біз Сұлымқарадан емеспіз», – дегені. Кішік – қатынның аты болса керек. Сұлымқарадан жирендіріп қойған Өтеп сақаудың сөзі болмаса, кімнен туғанын кім біледі?

 

Шоң бидің Қуандық еліндегі асқа баруы

(бірінші нұсқа)

Шоң-Торайғырдың Шоңы қартайғанда, Қуандықта бір асқа барған әңгімесі. Қуандықта: Қопа, Сапақ, Қорысбай деген байлар болған. Сол «Қорысбайдың асы бар!» – деп, сауын айтты. Ошақ қазған жері – Есіл бойы: Амантай, Қарқаралының қақ қасында. Сол асқа Шоң биді шақырды. Шоң би ат бәйгесіне қосуға Жананның Қараласын алып жүрді. Балуан бәйгесіне түсіруге Қаржас: Ақша – Байболаттың Байболатынан шыққан Жаманқара Кенжеқараның Жаманқарасын алып жүрді. Ақын бәйгесіне жарысқа салуға Орманшыдан шыққан Сақау ақынды алып жүрді.

– Осы жолы бағымды сынайын деп едім, осы астан тапқан, алған олжаң менікі болсын! Үйге қайтып келін түскен соң, қыздың қалың малын алсаң да, қолың бос болсын!, – деп, Қараланың алдында жанды қара түссе, аттырамын!, – деп, Күлік: Жаңабатыр бидің баласы «Қаһарлы Жанақты» алып жүрді. Бұл Жанақ: «Аттым!» – десе, мал да, жан да мұрттай ұшады екен. «Шоң бидің сабасы деп айтсын!» – деп, Акбура: Қаралтайдың баласы Қарқымбайдың сабасын алып жүрді. Ол сабаның көрінісі – төрт сары айғырдың терісінен – жүнін сыртына қаратып, жал-құйрығын өзіне қойып, бұлқынына бір өгіздің терісін тіктіріп, өзін түйеге теңдегенде, сегіз қанат үйдің бір үзігі бір жағына тең болады екен. Алты атанға қымыз артып барып, асқа барғанда, сабаны үйге орнықтырып, алты атанға артқан қымызды ішіне сол жерде құяды екен.

Шоң би асқа бара жатқан бетінде Амантайдың басына шығып, асқа тіккен үйлерді тамаша қылып тұрды. Көптігі – бір шеті мен бір шетіне көз жеткісіз екен. Сол жерде тұрып, Қарала атты алдында алдырып, Қарала атпен серттесті дейді:

– Осы Амантайдың басынан қарақшы тіктіріп, пәлен жерден айдатпасам, маған серт! Алдында келмесең, Қарала, саған серт! Алпыс төртте мен тұрмын, жиырма төртте сен тұрсың! Енді Қуандықтың асы, Шоң, саған екіталай, енді бәйгенің алды, Қарала, саған да екіталай: екеуміздің ақыр-тақырымыз – осы!, – депті.

Асқа барып түсіпті. Шоң би ақын Сақауға:

– Алдымен мына Шонтыжанға өлең айтып, басындағы тақиясын алып ки, ырым болсын! Сонан соң бар да, ілкі бұрын Саржан төреге айт, онан сұра-тон. Өтебай жындыға айт, басынан сәукелесін сұра. Қанша дүние берсе, алма! Егер сәукелесін бере қалса, етегіне орап, алдын-артыңа қарамай, мұнда алып кел! Елі білсе, тартып алып қалар! – деп, батасын беріп, жөнелтіпті.

Саржан төре өлеңшінің өлеңін керек қылмайды екен, алдына өлең айттырмайды екен. Бұл Сақау домбыра алмайды екен, домбырасы жоқ болған соң, мұның кім екенін қайдан білсін?! Саржан төренің алдына барып, шарт жүгініп отырып, өлеңді қоя беріпті. Сонда айтқан өлені:

Құдай артық жаратқан тілегіңді,

Гауһар тастан жаратқан жүрегіңді!

Бір тартқанда, өткізген жеті шоттан,

Айналсам да, болмай ма, білегіңді?! – дегенде,

Саржан төре:

– Тоқта, тоқта, сөзің түгел болды, жетті. Аузыңа сөз салып тұратұғын күшті перің бар қу екенсің. Мынаған бес көк ала бас атан, бес дүрие шапан ап келіп беріңдер! – депты.

Оны Шоң биге беріп жіберіп, Өтебай жындыға барыпты. Бұл Өтебай жынды Алтай: Тоқаның Тоқасынан, Көктің көліндегі Инем баласынан щыққан сал екен. Әкесі Күшікбайға он екі мың жылқы біткен екен. Сол он екі мың жылқы мұны жындандырмай, қалай тыныш қояды?! Осы асқа киіп келуге өзіне арнап сәукеле  жасаттырған екен. «Тоқа: Сапақ қызының сәукелесінен де артық болсын, Алтай: Алдажұман қызының сәукелесінен де артық болсын!» – деп, жасаған ұсталар: «Жүз биенің құнына, пұлына жеткіздік» – деген екен.

– Осы асқа барғанның бәрінен биік боламын, – деп, сәукелені  басына киіп, түйеге мініп келген екен.

Өзі бір үйде жалғыз жатады екен де, сәукеле басында, үлкен құс жастық арқасында, аяқ жағына есіктей айна қойдырып, өз түрін өзі айнадан көріп:

– Бар түрің осы ма, бар болғаның осы ма? – деп, ішіне сиейін, кө…імді сүртейін! – деп аузын осыртып, айнаға қарап, ернін шығарып, өзін-өзі келемеждеп жатады екен.

Сақау кіріп барып өлеңді қоя берді.

– Үйден барып, қысырақ ал, – деді, – жүзді ал, мыңды ал, – деді.

– Басыңнан бермесең, тіпті алмайын! – деп, бұ да өлеңмен ерік әліне қоймай бүріп кетті.

– Өзіме де сүйкімсіз болып, түрімді бұзып жатыр еді енеңді с…інді арман ап кетші, көрмегенім осы болсын! – деп, басынан жұлып алып, есікке қарай лақтырды дейді.

Сақау алды да, жөнелді, Шоң бидің алдына ап келіп қойды.

– Сегіз ұлдан соң көрген жалғыз қызы, … жанды ұзатқанда, басына кигізсін, – деп, сәукелені Шонтыға байлады дейді.

Міне, бұрынғылардың бәрі әулие екендігі осындайдан білінеді. Қанша ұста жидырып, жүз биенің құнына жеткізіп жасатқан иесі Өтебайға бір тақия есебінде болды. Еңбек қылып алып келген ақын, әдейі жіберіп алдырып отырған Шоң, – бәріне де бір тақиядан артық құны болмады. Сонда Тоқа: Сапақ бай:

– Қарқынбайдың жылқысы қанша? – деп сұрапты.

– Төрт жүз бар шығар, – десіпті.

– Менің бір қыста соятұғын соғымым құрлы жылқысы жоқ неменің сабасы қандай екен, көрмек керек, – дегенін естіп, Шоң би, Құдай рахмат қылсын, тамам ер тоқымды бір жерге үйдіріп, сабаны соның үстіне орнатып, туырлықты тестіріп, піспектің басын сонан шығартып, далада ат үстінде тұрып пісетұғын қылып қойыпты. Үкісін бұлғаңдатып, күмісін жарқ-жұрқ еткізіп, атпен пісіп тұрғанын Сапақ анадайдан көріп, келуге ұялып, қайтып кетіпті.

Бұрын бес Мейрам ортасында ас берілсе, Шоң биге келіп: «Қарақшыны қайдан тігеміз, атты қай жерден жібертеміз?» – деп, ақыл сұрайды екен. Бұл күнде Қоңырқұлжаның аға сұлтан, дуанбасы күні, бұл Қайырқоңырдың заманы болып тұрған күні екен. Төрелік қылып, Шоңға келмей:

– Ат шабар! Ат шабарлап, қарақшыны алып шығып кетті дейді.

Шоң би атқа мінбей, жатып алды. Бұл аста Қаз дауысты Қазыбек ұрпағы болған Тіленші баласы Алшынбай би бар екен. «Ат шабар, ат шабарлап» қарақшыны ала жөнелген соң, олар да шығып кеткен екен. Сонда Шоң би Алшынбайға кісі жіберді дейді.

Тіленші би өлгенде, Шоң би орнына дұға (дуа) қыла барып, бір күн, бір түн жатып қайтқан екен. Сонда Алшынбай жиырмаға жетпеген уыз жас күні екен, Шоң биді шығарып салу үшін еріп шығып, «Айыркезең» деген таудың түбінде аттан түсе қалып, рұқсат (ұлықсат) сұрап:

– Кеше бесінде барып түскеннен бүгінде бесінде аттандыңыз. Сіз түскеннен аттағаныңызша алдыңызға жұлдыздай ағып сөйледім де, отырдым, бір қақпадыңыз. Сіздей кісі қақпайтұғын менің сөзім сонша мүлтіксіз, оң болып кетті ме, болмаса мені ақымақтанып, әуейіленіп кете берсін дедіңіз бе?! – депті.

Сонда Шоң би айтыпты:

– Сенің ана бір сөзіңнің анадай сөкеті бар еді, о бір сөзіңнің мынадай оғашы бар еді деп, жұрт көзінше топ ортасында пәлен-паспадан демегенім: «Қарадан хан болды – деген Шоң  да бұған бір ауыз бір нәрсе деуге жарамады», – деп, елің қатықтай қатып, сүттей ұйып, қалта қарап тұрып қалсын! – дегенім ғой!» дегенде, Алшынбай жылап жіберген екен.

– Айыркезеңді ұмытпасаң, бір қаруын қайырарсың, балам! – деп, жүре берген екен.

Жіберген кісісіне барып, айтып еді.

– Би қайда? – деді.

– Би атқа мінген жоқ, жатып алды, төсегін жайлап сатып алды, – деді.

– Би мінбесе, біз не алғалы міндік?, – деп, түсіп отырып қалған жерінен атына қайта мініп алып, – Қарқабат, Қарқабат! – деп, ұран шақырып, айғайды салып келіп, түсіп жатып алды.

Қуандық кісісі үрпиісіп, шошып қалып:

– Бұл қалай, бұл қалай! – десті.

Күптені жоқ бір қу таңдай суырылып сөйледі:

– Мұнда аруақтың соңы болған, Айдаболдың Шоңы болған Шоң деген кісі бар. «Қай жерге қарақшы тігеміз, атты қай жерден жібереміз? – деп, маған сабағат салмады!» – деп, қиянқылық қылып жатқаны, – деді.

Төрелер:

– Біз ондайын білмедік, бара көріндер, қарақшыны қай жерден тіксін дейді, атты қай жақтан жіберсін дейді. Өзі білсін! деп, кісі жіберді.

Сонда олардың жіберген кісісіне Шоң би былай сөйлейді:

– Бұл Қорысбай асы бес Мейрам басын қосып, ақылдасып берілетін ас еді. Солай болғанда, қар суынан осылай беттеп көшіп, ошақ басына қонатұғын едік. «Көптеген қонақ атандырады, көмектеген жау қашырады» – дегендей, оп-оңай тарқайтұғын еді. Аған-туғанды ақылға алмай, бір-екі төре не десе, сол болады дегенмен, «Төреге ерген ерін арқалайды» – демеді ме? «Түлкі алмайтын жаман құс ат еңбегі, Абылайдан басқа төре ет еңбегі» – деген сөз бар емес пе? Ел жайлауға беттегенде, сауын айтылмай, елдің жайлаудан қайтарына қарсы айтылып, қайта көшіп бара жатқан бетімізден: «Ағайын шақырған асымызға келмеді» – дер деп, ұялғаннан зорға келдік. Сілетіден шығып келдік. Атымыздың мойны қатып, азаматымыздың сілесі құрып келді, ертең тұрып, бүрсігүні ат шаппаса, жайымыз жоқ! – депті.

Сонан соң Қуандық қайта саба жиып, қайтадан соғым сойып, асты екі берді. Міне, Шоңның қара қазақтан бағы асқан жері – осы.

Айтқан ертеңі өтіп, бүрсігүні болды. Амантайдан қарақшыны тіктіріп, Қаралаға серттескен жерінен атты айдатты. Атты жөнелтіп жіберген соң:

– Балуан, балуан! – деген айқай шықты.

Сонда Шоңның балуаны Жаманқара күреске қалай түседі? Бұл Жаманқара мойнына қыл шылбырды күрметіп байлатады екен. Ол шылбырдың бір ұшын бір бозбаланы атқа мінгізіп, тақымының астына бастырып ұстатады екен де:

– Өлсең, айырылма! – деп айтады екен.

Бір-екі бозбаланы атқа мінгізіп, қолын құрық беріп, құрықтың жіңішке басымен:

– Құрайт, құрайт! – деп, құрықтың астына алып, аямай тарсылдатып сабатады екен.

Әбден бойы қызып, дуылдап алған соң, шылбырды жұлып кетіп, биеге шабатұғын айғырдай оқыранып барып, күреске түседі екен. «Жылқы жыным бар» дейді екен. Бұл бүйтіп түскен соң, мұнымен күрескен өлмей қалғанын зор ғанибет деп біледі екен.

Балуан жықты, бас бәгені алды дейді ғой!

– Ат келеді, ат келеді десті.

Қараса, өзге ат жоқ. Бір-екі қара келеді: біреуі – баранқара,  біреуі – жазған Қарала. Баранқара Қараланың алдына түсіп келеді. Сонда Шоң қасындағы мергеніне:

– Ат ана Қараланың алдына түсетін немені! – дегенде, мергені оң қолының сұқ қолын артына тығып:

– Әне аттым! – депті.

Қара мұрттай ұшыпты: Қоңырқұлжа төренің қара аты екен. Үстіне мінген бала Мұрат: Аманкелді деген бала екен. Бұл Аманкелдінің інісі Малкелдіге өзіміз ауызба-ауыз жолығып, сөйлестік.

Қуандық жағы жуандығына кетіп, «Қарала жерінен шапқан жоқ, жолдан қосылды, бәйге бермеймізге» түсіпті.

Шоң би ат үстінде бармағымен маңдайын тіреп, көзін жұмып тұр екен. Өзінің әдеті екен: жай отырғанда, көзін жұмып, бармағымен маңдайын тіреп отырады екен де, сөйлеуге келгенде, көзін ашып, ақыра сөйлейді екен. Шоңнан дыбыс шыққанда бас жанның аузына, сөйлейін десе, сөзі аузына түспей қалады екен. Сонда Шоң сөзі:

– Делегей етек, жуан қоныш Қуандық ағамның баласы, қамшыңның көптігіне де сөз жоқ, ақылыңның жоқтығына да сөз жоқ. Атым жерінен шапты, талас, тартыссыз жалғыз келді, бәйгемді бер! «Қапым бар!» десең, атты қайта жіберуге бұйырамын. Өзім күнсіп далада тұрмаймын, Алдажұман ауылына барып жатамын. Тағы бір ат құйрық тістесіп, Қараланың соңынан келеді. Екі аттың бәйгесін сол жерге алып келуге бас бұрып, бүлк етпейсіңдер! – деп, атты қайта айдатып жіберді де, өзі жөнелді.

Алдажұман ауылына келіп түсіп жатып алды. Астан бұрын Абайділда түскен екен, оған да бір ат сойып, жеті еркек қой үйткен екен. Шоң биге де бір ат сойып, жеті еркек қой үйітті.

Айтса, айтқандай болып, Қараланың соңынан бір қарақасқа ат құйрық тістесіп келіп, екі аттың бәгесін шып-шырғасын шығармай, Алдажұман ауылында жатқан Шоңға айдап келіп берді.

Бұл қарақасқа ат Айдабол – Күліктің Күлігінің ішінде өсір-өнген Майлытор – Шегірдің Шегірі «Әлісүйірдің (Алысойырдың) қарақасқасы» атанған екен. Үстіне мінген баланың аты: «Жайылған» екен: «Қарақасқаға жиырма бесіме дейін шаптым» деген екен.

Сонда Қуандық Сапақ байға өкпелепті: өкпелеген себебі – қарақшы тіккен төбенің басында Сапақ Шоңның қасында отырып қалған екен.

– Шоң Сүйіндіктің құты еді, сен Қуандық құты едің. Екі жарылған жерде ортамызда отырмай, Шоңның қасында неге отырып қалдың? Сен өз ортамызда болсаң, бүйтіп маңдайымыз жып-жылтыр болып қалмайтұғын едік! – десіпті.

Сонда Сапақ айтыпты:

– Шоң деген кісінің алды жарық, арты қараңғы екен. Шоңнан былай бұрылып кетейін десем, адасатұғын болдым. Мен оның қасына түсейін деп түсіппін бе? Амалсыз түстім: алдын жарық, артын қараңғы қылып, бақытын аса зор қылып жаратқан Құдайға өкпелеңдер. Шіркіндер, Құдайдан деп білмей, менен көреді ғой! – депті. Алдажұманнан аттанып, былай елсізге шыққан соң, Қаракесек, Сүйіндік болып, бір жерге түсіп, бәйгені ортаға салып, үлесін алысыпты. Аттың, балуанның бәйгесінен Сақау бәйгесі он есе үздік болып шығыпты. «Жүйрік ат, шешен жігіт жұрттың бағына туады» – дегенді көзбен көріп, нанысыпты. Ақын Сақау үйге барған соң:

– Маған дүние малын берсең, алмайсың. Осы көптің көзінше Шоң маған оң батаңды берші! – деп, ұшып түрегеліпті, сөйтіп бата алыпты. «Шоң биден, шешен болдым, бата алған соң!» – деген сөзінің мәнісі осы екен. Сол астан қайтып келе жатып, Тоқада: «Үш қозы» атанған Телқозы, Байқозы, Қарақозының Телқозысына түстену үшін түсе қалғанда, Телқозының бәйбішесі сабау ұстап, қымыз құйып отырып, Шоңның қаралдысына көзі түсіп, бойы иіген екен. Кідірмей бір ұл туып, атын Шоң қойған екен.

«Күні кеше Алтай: Тоқада атағы жер жарып: «Шоң болыс» атанған Шоң сол еді», – дейді.

«Тоқсан ауыз сөздің түймедей түйіні бар», – деп, бұл әңгімені ұмыттырмаған Сақаудың бір ауыз өлеңі:

Мейрамның бас қосқанда бес баласы,

Бұл Қайырқоңыр екен дуанбасы.

Қуандық Қорысбайға ас бергенде,

Жананның келген екен Қараласы.

Бас Мейрамның ұлына түгел жеткен

Қарқымбайдың үкілі бір сабасы.

Қарқымбайдың сабасы Көтеш ақынның бір өлеңіне қосылған:

Қаралтайдың баласы Қарқымбай-ды,

Мырзалығың Байғананы алқымдайды.

Үкілі піспек болғанда, күміс ожау

Жиын сайын сабасы жарқылдайды.

Құйып ішер үйінде саумалы жоқ.

Олжаш неге би болып барқылдайды?

Олжаш деген Күлік: Дербісәлі баласы – Олжаш би. «Олжаш би – дейді екен», – сөзі бәтуасыз, берекесіз, өзі де оңбаған, арты да мәз болмаған жан» деседі. Осы жаздың келешек қысына Шоң би дүниеден қайтып, денесін былғарыға тігіп, қыс ішінде жүз жылқымен Хазірет (Әзірет) Сұлтанға апарыпты. Әзіретідегі қожалар: «Арқа қойып, үш жылдан соң ап келсең едіңдер. Еліңнің құты екен, құты шайқалды ғой!» десіпті.

Шоң бидің өлген жылы қой жылы екен, келер қысына «Қу мешін» деген жұт болыпты. Шоң өлген жылы туған балалар екен. Шоңның өз немересі, Төкі баласы Бажықай, Ақын баласы Айман өмірінде оңбай, қара қасқа кедей болып, еңбегі жылтырап, қартайып өліпті. Шоң өлген соң жаз шыға ас беріпті. Сол асқа Батыр – Бәрменнің Бәрмені «Алакөл», «Көсеу» деген екі атын алып келіп қосыпты. Үндемей қосқан жоқ, айт қосыпты:

– Енді, Қарала, саған бәйгенің алды түгіл, қаямның қақ басы да жоқ! – деп.

Айтса, айтқанындай болып, Шоң бидің асында Алакөз, Көсеу екеуі құйрық тістесіп келіпті. Қарала төртінші болып зорға ілініпті, қалғанының алды осы дейді.

«Қу мешінде» жұрт жұтап қалғанда, Көтеш ақынның айтқан екі ауыз өлеңі:

Қозған, Қақсал теп-тегіс қақсап қалды,

Жылқы – отарда, қолдағы ат ақсап қалды.

Баянаула бауырында Жанқозы атаң

Қара малдың тұқымын жақсы ап қалды.

«Ақыл», «Сексен» атанған еліміз-ді,

Атпен тартып қағатын желімізді.

«Мал кетті!» – деп, бозбала, мұңаймаңдар,

Азар болса, үш жылғы төліміз-ді.

Айдабол: Боштай баласы Құсайын, Қаракесек: Алшынбай баласы Қақабай, Қаржас: Еркебұлан баласы Жантемір – Шоң өлген жылы туған балалар. Осы айтылғандардың жиырма бес мүшелінде туған Мәшһүр Жүсіп өзінен жиырма бес жыл бұрын өлген Шоңнның қасында бірге жүрген бе, қалай?

Жинақтаған: Мейрам НҰҒЫМАН.

Добавить комментарий