2020 жылы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» ретінде мерекелік дата болып бекітілген еді.
Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларына арналған құттықтауында:
«…Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!», – деді.
Бүгін бүкіл республика бойынша ұлы Абайдың ескерткішіне бір уақытта гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Павлодар қаласындағы Абай ескерткішіне гүл қойып, ақын рухына тағзым ету іс-шарасына облыс әкім Асайын Байханов бастаған ардагерлер, халық қалаулылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
Жиында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шахимардан Әбілев Абай мұрасы туралы толғанысын жеткізіп, ақын өлеңін оқыды.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Мағжан Ысқақ Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындады.
Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясының оқушылары Ерасыл Молдабеков, Арайлым Болатбек, Алуа Бастеми және №7 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Альтаир Әсет Абайдың – «Қалың елім, қазағым…», «Әсемпаз болма әрнеге», «Өлең – сөздің патшасы…» өлеңдерін оқыды.
Бүгінгі күні Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы тұлға, ұлы ойшыл жаһан жұртына лайықты деңгейде танылуда. Абай поэзиясының оқырмандар аясы жаңа елдер мен континенттерді қамтып, дүние жүзі бойынша өз кеңістігін кеңейтіп келеді. Әлемдік әдеби кеңістік аса көрнекті ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың мәңгі, әрі өзекті терең философиялық ойларымен баюда.