Төлеген Тұрсынбайұлы Мұқаев 1949 жылы 3 наурыз күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Ж.Аймауытов ауылында дүниеге келген. Сәби шағында ата-анасы С.Торайғыров ауылына қоныс аударып, осы ауылда ес білді, мектеп табалдырығын аттады.

1967 жылы Торайғыров мектебін «Алтын медальмен» бітірді. 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 1973-75 жылдары аралығында аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде қызмет істеді. Қалижан Бекхожиннің 1986 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» атты ғұмырнамалық кітабындағы «Атақты ақынның атамекен жерінде» атты естелік мақаласында, совхоз директоры Қабиден Әубәкіровтың айтуымен мынандай дерек келтіріледі:

«…Ревалюция жылдарында Колчак сойқандарынан қуғын-сүргін көрген атақты Сәкен Сейфуллин нағашысы Мұқайды іздеп осы маңда болыпты деседі… Сол Сәкеннің нағашысы Мұқайдың немересі Төлеген Мұқаев ҚазГУ-дің филология факультетін бітірді, өлең жазып жүрген жас ақын, қазір Баянауылдың аудандық газетінде қызмет атқарады…»

Баянауылда аз ғана уақыт жұмыс жасаған ақын, 1975 жылы Алматыда «Жалын» баспасы құрылып, алғашқы редакторы Қ.Ыдырысовтың шақыртуымен сонда қызметке ауысты.

1977 жылы «Жалын» баспасынан Жүсіп Қыдыровтың редакторлығымен «Тұңғыш кітабы» жарық көрді. Ал, 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Айдын шалқар» ұжымдық жинағына «Тулайды жүрек» атты өлеңдер топтамасы енді. Одан кейінгі «Жер жылуы», «Ардақ» кітаптары жырық көрді.

1992 жылы алты айға жуық Қарағанды қаласында түрмеде отырған. Ел жақпен соңғы рет 1992-1993 жылдары хабар алмасқан ақын, сол жылдан із-түзсіз жоғалып кетті.

Алматы қаласында тұратын қарындасының үйіне барлық қолжазбаларын, жоспарлап қойған кітабын жинақтап қояды. «Өзім барып алып кетемін», – дейді. Ол үй қазіргі Райымбек батыр мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында болатын. Біраз уақытқа үйінен шығып, қонаққа кеткен қарындасы қайтып оралса, үйіне ұры түсіпті. Астаң-кестеңі шыққан үйде Төлеген жинастырып кеткен жәшік жоқ болып шығады.

Шілдеде

Қанша гүлі шөліркеп, қанша бағы,

Қырдың жатыр кеберсіп еріндері,

Бала-дала еріксіз тамсанады.

Төбесінен тесіліп күн қуырған

Қалың орман қойнына аптап еніп,

Тұрып алды желінін қақтап еміп.

Жел де осынау азапқа төзбеді ме:

Құйындатып, уыстап шашады кеп

Өз тозаңын даланың өз бетіне.

Сәби дала жаутаңдап аспанына,

Күттірмеші дегендей енді мені,

Көздері боп көлдері телміреді.

Қағып сонда көк жүзі қоңырауын,

Қанжар болып жарқ етіп найзағайы,

Тіліп-тіліп жіберді омырауын:

Аспан-ана шығарып бұлт- емшегін,

Ақ уызына бойынан лек-лек үзіп,

Нәр тілеген бөбегін жатты емізіп…

Сағат

Тағаты жоқ, сағатым, сыртылдаған,

Сыртылыңнан мен талай сыр тыңдағам.

Ырқында ғой сиқырлы ырғағыңның

Бар адамзат, осынау бүкіл ғалам.

 

Түсерінде әрдайым сынға күшім,

Шығарында бүкпесіз шын дауысым,

Құлағыма тосамын мен өзіңді,

Тіршіліктің әуенін тыңдау үшін.

 

Хақым жоқтай бір сәт те кідіретін,

Алды-артыма қарайлап мүдіретін,

Сені тыңдаған сайын аптығамын,

Сыртылыңның сезініп құдіретін.

 

Ұмтылмаған күндерде құлшынбаған,

Өкпелейтін шығарсың, мүмкін маған?!

Қараймын да өзіңе, қатуланып,

Өз-өзімнің аяусыз шырқымды алам.

 

Бас қамымды, қайтемін басқа мұңды,

Қуантпасам елімді – асқағымды.

«Не бітірдің?» –  деген бір қатал үнің

Қалт жібермей санап тұр қас-қағымды.

 

Қамы қозғап заманның, ұлы елімнің,

Түн ұйқымды төрт бөліп, түледім мың.

Қамшыласын сыртылың жігерімді!

Жиілетсін дүрсілін жүрегімнің!

***

Көрген едім мен бірде…

Қатыгез оқ қыран құсты

Кеткен еді жаралап.

Көз алдында шыр айналды бар алап:

Ақтық күшін жинап ап,

Отты көзбен шолыа жер, көк арасын,

Биігінен төмен қарай сорғалап,

Біржолата жоғалтқан-ды қарасын.

Өлер сәтті шырқап өрлік ғазалын,

Тездеткен-ді ажалын ­­­–

Жер бетінде көрмейін де

Мүсіркеудің азабын…

 

Тас жүрек бұл заманда

Мүсіркеудің қажеті жоқ маған да!

Өлеңімнен өрттей жанып батты күн,

Өлеңіммен рухтанып таң атты.

Өлең барда өмірде

Жүрегім де қыран құстай қанатты.

 

Бұл жүрегім қос қанатты қырандай,

Әлі бітіп биігінде тұра алмай,

Тіршілікпен қош айтысса – сөзім жоқ!

Қыран құстай қара жерге

Құлап кетем өзім кеп:

Болмауы үшін аянышты ажалым,

Көрмеу үшін мүсіркеудің азабын!…

***

Бейнетке мен торықпаймын,

Азапқа да жүгінбен.

Ажалдан да қорықпаймын

Өз басыма үңілген.

 

Жетеді-ау деп өз түбіме,

Қорқыныш жоқ маза алған.

Қорқамын тек, көз тіріде

Арға төнген ажалдан.

***

Табайын деп түнді іздеп Күн келеді,

Күн соңынан ентігіп Түн келеді.

Бірін-бірі осылай қуысумен

Дөңгелейді уақыттың дөңгелегі.

 

Біз үшін де сан жылдар дөңгеледі,

Әр жыл алға өз жүгін өңгереді.

Шыр көбелек осылай айналдырып,

Зыр жүгіртіп келесің сен де мені.

***

Құшағымда сен барсың…

Құшағымда:

Баға жетпес асыл бардай сезінем.

Асау көңіл бақытына

Бас ұрғандай сезінем.

Азды-көпті шаттығыма

Тасынғандай сезінем.

Асып-тасып аптығым

Басылғандай сезінем.

 

Құшағымда сен барсың…

Құшағымда:

Ойда жоқта ойнап кетер

Жасын бардай сезінем.

Ойнап кетсең жасын боп,

Көңіл көгің ашылардай сезінем,

Көкейіңнен інжу-маржан

Шашылардай сезінем.

Күнді айналған Жердейін

Ырқыңнан бір шыға алмастай сезінем.

Ғұмыр бойы тылсымыңды

Ұға алмастай сезінем…

 

Өктем әуен өрілсе де сөзіңнен,

Жауап айтар бір батылдық таба алмай,

Қиналамын өзім болып өзімнен…

Өстіп дәйім оянып,

Өстіп жатып талай рет көз ілгем.

Мықты болған ерік-күш,

Темірдейін төзімнен,

Махаббат деп аталатын

Шын құдірет өзің бе ең?!

…Өстіп жүріп үйренермін қарауды

Өмірге де енді өзіңнің көзіңмен.

***

Өткен күн өртесе де өзегімді,

Кінәлап, жазғырмаймын мен өзіңді.

Бұл жүрек сүйетінін сезе білген

Қоштасар күн барын да сезе білді.

 

Бәрібір бар қылығың асыл маған,

Бағысың маңдайымның ашылмаған.

Махаббат өлкесінде біз екеуміз –

Қос өзен қатар ағып қосылмаған.

 

Ойлаймын көңіл бұлты ашылды деп,

Сел-сезім саған деген басылды деп.

Бәрібір бір асылын жоғалтқандай

Өзіңе бауыр басқан ғашық жүрек.

***

Бір тұман көңілден

Жүргенде тарқамай,

Сәуле боп көрінген

Сымбатты қалқам-ай.

 

Өзің боп оралды

Арманым бір алыс.

Ағынан жарылды

Кеудемде қуаныш.

 

Тасытты жыр селін

Көкейім күй тұнған.

Құпия бір сезім

Оятты ұйқымнан.

 

Еркімді билеген

Жайдарлым, қылықтым.

Сезімім күйреген

Күндерді ұмыттым.

 

Сейілтті түнімді

Көзіңнің жарқылы,

Сағынып үніңді

Жүрегім балқыды.

 

Шалқысын жыр-араман,

Алаңсыз сүй, күнім.

Тағдырдан бір алған

Ғажайып сыйлығым.

 ***

Сенімді ақтағайсың,

Есіңде сақтағайсың:

Шыр етіп туғаныңда

Арманға арыз жаздың,

Өмірді қарызға алдың…

 

Ойларсың, қамығарсың!

Шарларсың, сабыларсың…

Күндердің алыс кеткен

Жеткізбей көші мүлдем,

Өткенге өкінумен,

Қара жер жамыларсың.

 

Тағдырдың сом білегі

Ырқына көндіреді.

Сен болсаң жүрсің әлі

Солқылдап тал шыбықтай,

Тірліктің парқын ұқпай.

 

…Арбаса медетті күн,

Ертеңін елепті кім!

Шықпайтын тұғырларға

Жүрсің-ау шығып талай.

Әйтеуір ұмытпағай:

Қарызға алғаныңды

Қайтару керектігін.

Атамның эллегиясы

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,

Кімдердің көңіліне қарай алған!

Үзіліп қалып еді талай үміт,

Жеткізбей кетіп еді-ау талай арман.

 

Біз тартқан ашылмады көп есіктер,

(Тағдырмен мықты болсаң егесіп көр).

Гүл ме деп құшқанымыз – шөп әншейін,

Тау ма деп шыққанымыз – төбешіктер.

 

Қиындық өзін бізге танытты анық,

Сонда да сабырды біз сарықпадық,

Құшаққа күліп еніп тәтті күндер

Тастар деп мойнымыздан қамытты алып.

 

Неліктен аз болды деп несібеміз,

Тағдырға күйінеміз несіне біз,

Біріне барар жердің бұрын жетсек,

Есесіне – бірінен кешігеміз…

 

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,

Кімдердің көңіліне қарай алған.

Күйдірді күні кеше талай үміт,

…Ескірді бүгіндері талай арман!

 

Ақ пейілі адамның

Осы болар өмірдің мәні, бәлкім,

Мейір көрсем мәртебем кетеді өсіп.

Отырады еркін кеп төріме әркім,

Мен үшін де болған жоқ бөтен есік.

 

Қалай ақсын туламай тыныш қаным,

Бойымда бір бұла күш барын білем.

Жауыздықтың қақ бөліп қылыштарын,

Адалдыққа арнаймын барымды мен.

 

Бар асылды ақтарам бойымдағы,

Маңдай терім моншақтап ағады шын.

Соның бәрі – күнімдей көгімдегі

Жылуы мол, жүзі нұр адам үшін.

 

Кетпесем де қондырып құсын бақтың,

Ізім болып ізгілік қалады нық.

Мен де өйткені өмірдің отын жақтым,

Ақ пейілін адамның пана қылып.

 

Кіші кімдер, демей-ақ ірі кімдер,

Адалына суыңның тұнығын бер.

Тіршіліктің күн десек қайнар көзі,

Жер бетінде толып жүр тірі күндер.

 

Солар барда

Нық басам қадамды алға,

Алынбайтын мен үшін қамал бар ма!

Күннің де батқанына қынжылмаймын

Жанымда жарығы мол Адам барда.

 

Талпыныс таңдары

Демейін озып алысқа кетем,

Қайткенде жұрттан қалыспай өтем!

Қарап отырсам тіршілік мына

Жүйріктері көп жарыстай екен.

 

Шабандоздардың жаныма қатты

Шапқанда қалған шаңдағы батты.

Шапқанда мен де шаң тастайын деп,

Талпынуменен таңдарым атты.

 

Таң атқан сайын талпынуменен,

Жырымнан жаңа жарқылды көрем.

Болмайды дейді шын жүйріктерде

Мәреге жетпей алқыну деген.

 

***

Көз алдымнан өткені неше көшіп,

Іні көрсе – мерейі кетеді өсіп.

Інілікпен есейген өз өмірін

Інілермен келеді еселі етіп.

 

Алып мен де өмірден аласымды,

Інілермен бөлісем бар асылды…

Көзге ұратын үлгіні көре жүріп,

Көкірегімнің осылай көзі ашылды.

 

Көңілі ашық, болған соң жүзі жарқын,

Еркін келіп айтады сырын әркім.

Азамат боп, ақын боп, ардақты боп,

Өмір сүрі үлгісі – осы, бәлкім!

***

Байлама, жаным, бағыңды,

Ынтызар болсаң егер шын.

Азапқа салсаң жанымды,

Өзің де азап шегерсің.

 

Қалай мен тыныш ұйықтармын,

Махаббат әнім, іңкәрім?!

Сауырын тіліп бұлттардың,

Самғасын десең сұңқарың.

 

Тынбасын десең тасқын ән,

Сөнбесін десең жан оты,

Көгінде ұшқан жас қыран,

Талмасын десең қанаты,

 

Қуат бер маған, нұр таңым,

Ақ сәуле төгіп, арайла!

Құшуға тиіс арманын

Ынтызар көңіл қалай да.

 

***

Келдім жерге келісілген кешегі,

Сен деп көңіл самал болып еседі.

Сиқыр сезім…

Кеудем толы қуаныш,

Көңіл – күлкі, көңіл бқлты тым алыс.

 

Қиялым – шың, жаным – жаз да, гүл – өңім,

Күн күледі, мен де бірге күлемін.

Кейде өзім де сол гүлдерге ұсап қап,

Тұрмын сансыз шаттық гүлін құшақтап.

 

Гүлдер кенет сола бастап бірақ та,

Күлкімді мен соза алмадым ұзаққа,

Сен келмедің…

Күдік біткен жиылып,

Қалды-ау үміт кете жаздап қиылып.

…Өзің жайлы ой-қиялға шым батып,

Сені осылай күту де өзі бір бақыт.

 

***

Жырым бар сусындаған мың бұлақтан,

Сырым бар шындығыма куә қылар.

Жұлдыз бар көңілімде жымың қаққан,

Құшағымда көктемнің шуағы бар.

 

Жалын құшып өтуге бәс тіккенмін,

Жүректе жарқылдаған жасын от бар.

Біткенше ең ақырға ақтық демім,

Бір сүйсем, құлай сүйер қасиет бар.

 

Адалдық сөйлетеді жауыма өктем,

Арманым, асқақ менің, әділ сөзім.

…Сен менің жан дүниемді танып өт тек,

Мен саған сыйлап өтем бәрін соның.

Добавить комментарий