Биыл Қазақстан халқы азаттық таңының, еркіндіктің отыз төртінші жылын қарсы алып отыр. Тарих үшін осынау кезең – қас-қағым сәттей көрінгенімен, халық үшін ол терең мағынаға ие үлкен белес.

1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Декларация — тәуелсіз Қазақ мемлекеттігіне бет бұрған алғашқы заңды қадам болды.

Бұдан кейін 1991 жылы нақты тәуелсіздікке қол жеткізу — қазақ халқы үшін тарихи әділдік пен жаңа дәуірдің басталуы еді.

1991 жылы қабылданған тарихи шешім – қазақ халқының ғасырлар бойғы асыл арманының орындалуы, ата-баба аңсаған азаттықтың ақ таңы еді. Туелсіздік күнгі әр шара – өткен жолға тағзым, бүгінгі берекені бағамдау, болашаққа бағдар түзеу.

Қазақ халқының Тәуелсіздігі бір күнде келген жеңіс емесі аян. Бұл – бірнеше ғасыр бойы үзілмеген ұлттық мұрат, бостандыққа ұмтылған күрескерлік рухтың жемісі.

Қаймана қазақ жұрты XVII–XIX ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығына төтеп беріп, елдік пен жерді қорғау жолында мыңдаған сарбазын құрбан етті. Осы тұстары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Малайсары секілді батырлар елдікті сақтау жолында ат үстінде ғұмыр кешті.

XIX ғасырда Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақтың тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруге деген жігері мен тастүйін талпынысын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал ХХ ғасыр басындағы Амангелді Иманов көтерілісі де халықтың өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысының көрінісі екені анық.

ХХ ғасырдың басында қазақ даласына жаңа серпін берген Алаш қозғалысы ұлт тарихында ерекше орын алады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мағжан Жұмабаев сияқты көптеген ұлт зиялысы «Оян, қазақ!» деп елді білімге, мүдде бірлігіне шақырды.

Алаш қозғалысының қайраткерлері — ұлт зиялылары мен ағартушылары — бұл ұзақ күрестің жаңа кезеңін ашты. Олар қазақ үшін мәдени, саяси, рухани жаңғыруды, өзіндік мемлекет болуды көздеді.

Жалпылай алғанда, Алаш партиясы демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет құруды мақсат етті. Олар тәуелсіздік идеясын саяси тұрғыдан жүйелеп, қазақ мемлекеттілігінің ғылыми, экономикалық, құқықтық негізін қалыптастырды.

Қуғын-сүргін, жазалау, тыйым салу – алаштықтардың үніне тоқтау сала алмады. Алаш рухы қазақтың жүрегінде сақталып, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекетшілдік іргетасына айналды.

1991 жылғы желтоқсан – ғасырлар бойғы арманның айқын көрінісі. Сол уақыттан  бері Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті.

Экономика жаңадан құрылып, жаңа әлеуметтік жүйе қалыптасты, мемлекет институттары жасақталды.

Елдің әл-ауқаты нығайып, халықаралық қатынаста беделді мемлекет мәртебесін иеленіп, ұлттық мәдениет қайта түледі, ғылым, білім, спорт, өнер салаларында жаңа жетістіктерге қол жетті.

Кеңестік жүйе ыдырап, Қазақстан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдары күрделі кезеңдерге толы болды. Алайда халықтың бірлігі мен ынтымағы, төзімі мен ерік-жігері, дұрыс саяси қадамдар мен реформалар, инвестициялық ашықтық Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшылардың біріне айналдырды.

Елдің инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа өндіріс орындары ашылды, мұнай-газ, металлургия, ауыл шаруашылығы, IT секторы қарқынды дамыды.

Қазақстан көпұлтты ел ретінде татулық пен тұрақтылықты басты құндылық ретінде қарастырып келеді. Соның айғағындай болған Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің берік тұғыры. Сондықтан да бүгінгі бейбіт өмір – бабалар аңсаған еркіндіктің нақты жемісі.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұтқыр үйлестіруімен, Үкімет және Парламент жұмысының нәтижелілігімен елде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы қоғамның жаңаруына жол ашып отыр. Президенттік билік қайта теңгеріліп, Парламенттің рөлі күшейді, әділдік пен ашықтық қағидалары басымдыққа ие болды. Бұл өзгерістер – мемлекеттің халыққа жақындай түскенінің айқын белгісі. Үйлесімді істің берекесі де халықтың көз алдында, күнделікті тұрмысында. Тұрмыс сапасы артып, жүздеген жаңа мектеп, аурухана, мәдениет үйі, спорт кешені салынды. Әсіресе жас ұрпаққа жасалған мүмкіндік – тәуелсіздіктің ең маңызды жетістіктерінің бірі. Тарқата түссек:

– жастар шетелде білім алуда,

– заманауи цифрлық білім беру орталықтары пайда болды,

– ғылыми жобалар мен инновациялар жанданды,

– кәсіпкерлікке жол ашылды.

Бүгінгі қазақ жастары ертеңіне сенімді, еркін ойлайтын, әлеммен бәсекелесе алатын буын деңгейіне жетті.

Қазақстан халықаралық қауымдастықта сенімді әріптес, бейбітшілік пен ынтымақтастықты насихаттаушы мемлекет ретінде танылып отырғанын атап өтпеске болмайды.

Еліміз әлемнің бірқатар беделді ұйымына белді мүше, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, жаһандық энергетикалық, экологиялық, гуманитарлық бастамаларды қолдап келеді. Астана әлемдік деңгейдегі дипломатиялық орталыққа айналып, Азия мен Еуропаны жалғаған мәдени-экономикалық көпір қызметін атқаруда.

Соңғы бес жылда экономика нығайып, өндіріс пен қызмет салалары дамыды. Тұтастай ел аумағында инфрақұрылым жаңғырып, білім, мәдениет, ғылым салалары кеңейіп, әлемдік стандартқа сәйкес даму жолына түсті. Қоғамда ұлттық сана қайта түлеп, біртұтас ел, бекем бірлік ұғымдары еселеніп, мақтаныш сезімі арта түсті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік — ең қастерлі құндылық. Тәуелсіздікті қорғап, күшейту — баршамыздың ортақ парызымыз» – дей отыра, еліміздің халқын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға әрдайым үндеп, жол көрсетіп келеді.

Қоғамы – біртұтас, тұғыры – биік, іргесі – берік, жастары – жалынды, аспаны – бейбіт Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгі болсын!

 

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий