Жазушы Дидахмет Әшімханұлының туғанына – 75 жыл

(«Қазақ прозасы қазынасынан» сериясымен шыққан  «Сары самауыр» кітабына жазылған алғысөз)

 

Уақытын минутпен өлшеп, сөзін ширақ қайырып, ісін тап-тұйнақтай жинақы бітіріп, тынысыңды тарылтпай сөйлесіп, сені де еркінсітпейтін және өзі де еркінсімейтін, бірақ бойын еркін ұстап, содан кейін келгеніне де, кеткеніне де салмақ сала өкіндірмей, емеурінмен ғана жаныңды баурап, жан түкпірінің тазалығына сендіре, айылын тез жиып, шылбырын жеңіл қағып жүріп кететін Дидахметтің тұла бойында бір тылсым да сипатты мінез бар. Мұндай елгезектік сөйлемі құрмалас, сөз құрамы шиырлы, ойын түсіну ауырға соғатын, ұзағынан оратылып тура жолға түсетін, тұтығып от алатын біз сияқтылардың көңіліне қонып, айызын қандыра бермейді. Өзіңнің бір сөзің айтылмай қалғандай, ол бір сөзді айтпай кеткендей сезінесің.

Кейде сағынып жүріп, кейде тарынып жүріп, аңсарыңды басқың кеп ағыңнан жарылып ақтарыла берген сәтіңде… уайымыңды ыдыратып, сенімсіздігіңді сейілтіп, ақыл айтпай нандырып, шешім шығармай-ақ шырмауық ойыңды жөнге салып, тарамыстай ширатылып келіп, сені де тарамыстай ширатып кетеді. Сырдаңсыды дейін десең – сырыңды қозғайды, сырт тартты десең – сырын ашады, тереңдемеді дейін десең – дертіңнің тамырын басады. Ол кеткен соң жүрегіңде шымыр-шымыр етіп ишаралы сезім қалады…

«Ол ишарасы не ишара, ол емеуіріні не емеуірін өзі? Дегім келіп жүріп: жан сырын жазғанынан жасырып қала алмас. Мүмкін, бар гәп, кілт-кілтипан сонда болып жүрмесін» деп әңгімелерін парақтай бастадым… Иә, бар гәп, Дидахметтің өз кілті де, кейіпкерлерінің кілтипаны да сонда, соның ішінде екеуінің де емеуірінінде болып шықты.

Ал емеуірін дегеніңіз істің ыңғайы, сөздің төркіні, үнсіз үкім. Зілі ауыр, дығы мол, астары аманатты ұғым.

Бұрын Дидахметтің өзін де, көркем сөзін де жанымның туыс түйіршігіндей сезіп, ол суреттеген маралдың лағы мен шымсыз бұлағын, мүбарак жанына мәңгілік аңсар мен қиянаттың сызаты енді ғана түскен өспірімдерін, қамсыз аңқау қарты мен алаңғасар ағасын, сырты ынжық – іші алмас ағайынын, ажары ашық – өзегі ез еркектерін, дәмелендіретін келіншектері мен дәмелі жігіттерін, тіпті кержақтарын да етенемдей көретінмін. Ол бейнелеген табиғат көріністеріндегі бір асудың ар жағынан ашыла кететін аңғар да, кейіпкерінің келесі әрекеті мен айтатын сөзі де, шиырып тастайтын емексітуі де мен елестетіп немесе күткен тұстан шығатын. Арман ортақ, ағайын ортақ, ортамыз ортақ, дос ортақ, бірақ… өмірдегі түйсігің мен тұщымыңның өнерде тұспалдасуы (Дидахмет: «мұнда бір шикілік бар» десе де) тылсымның тылсым бұйрығы сияқты. Дидахметті қайдам, өзім сезінген бұл тұспалдың «емеуірінін» ақыры оның шығармаларын суыртпақтап емес, қайыра сыпыра оқып шыққаннан кейін ғана түйсіне түсіндім.

Сөйтсем, ол өзінің пендешілік қалпы мен мінезін қалыптастырмас бұрын ішкі көркем әлемін жүйелеп, жүлгеге түсіріп алыпты. Сол сызған көркемдік жүйенің қатаң тәртіпке құрылғаны, мақсатына қапысыз берілгені, өнердегі мақсатының өз өмірімен астасып кеткені сондай, әуелі де мұның жан дүниесінен бөлініп шыққан кейіпкерлер енді Дидахметтің өзін бауырына басып, ортасына сіңіріп алып, мұның өзін тәрбиелепті. Сөйтіп, жазушы Дидахмет пен Әшімхан ақсақалдың ұлы Дидахметінің тумысы тұтастанып барып, бір тұлғаға айналған екен. Өзімен әңгімелессең – кейіпкерлері, шығармасын оқысаң – өзі көз алдыңа елестеп, жаныңмен жанасып тұратыны сол екен.

Бұл – шығармашылық психологиясында кездесетін, алайда қазақ қаламгеріне жұға қоймаған ғадет еді. Өнер адамдарының жан дүниесіндегі тылсым құпияның бірі – тұлғалардың тұтасуы немесе тұлғалардың қос жарылуы деген шетін психолгиялық-философиялық ұғым содан туындаған. Шүкіршілік, Дидахметтің өмірлік-өнерлік мақсатына адалдығының арқасында ол өзінің көркем жүйесін толық қалыптастырып, тіршілігінің мағынасын – өнерінен, өнерінің мағынасын – тіршілігінен табатын тұтастыққа жетіпті.

Бір жіптің бойынан табылатын мұндай сабақтастық қазіргі қаламгерлердің бойынан сирек кездеседі.

Өмір мен өнердегі уақыт үйлеспейтін өлшемдер. Көркем туындыда шығандап кеңістікке де шығып кетесің. Ал Дидахметте ондай өлшеусіз уақыт та, кенересіз кеңістік те жоқ. Өзін қалай тіршілік ережесіне бағындырса, кейіпкерлері де өмірдің етегінен мықтап ұстап алып, өзіне бөлінген уақыт аясынан аспайды. Ойында әбден шиыра сабақтап алған оқиға жібін талғамның көзінен өткізіп, сондай ұқыпты және епті саусақпен өмір-уақытты іліп алады да, сөз бен сөйлемінің жатығын келтіре жөргей жөнеледі. Психологиялық шегініс, авторлық баяндау, кейіпкер толғанысы сияқты көркем құралдарды оқырманның көзі мен көңілі бір-бірінен көз жазып қалмайтындай мөлшерде ғана пайдаланады да, оқиға не ұшқыр ой өмірде осынша уақыт алады-ау деген сәтте кейіпкерін келесі желіге ауыстыра қояды. Жүйкеңнің бір тамырына ілінген әлгі жіп санаңа салмақ салмағанымен, зейініңді өзіне қарай жетелеп, жіпсіте тартып, ең соңында ғана болар-болмас қып солқ еткізеді де, сабағынан суырылып кете береді. Тек жүрегіңде өзіңе белгісіз әсер қалады. Әңгімеге тақырып етіп алған тонның, медальдің, тістің, самауырының, қияр мен иттің, бар мен жоқтың шығармаға не сенің өзіңе қандай қатысы барын қайта оқып барып, емеуірінінен ғана сезінесің. Осы кезде «өзің білесіңнен» арыға басып ақыл айтпайтын, өзінің пікірін емеуірінімен-ақ бағана білдіріп қойған Дидахметтің ишарасы есіңе түседі.

Ал жазушының міндеті қайтып өмір сүру туралы үкім шығару емес, соған ой салу екенін ескерсек, біздің досымыз екі мақсатына да жеткен болып шығады.

Адам мен адамның арасындағы әңгіме мен көркем шығарманың әсерін арттырып-бәсеңдеттіретін, өзегіңді қыздырып-суытатын және сендіріп не сезіктендіретін шетін психологиялық желі – адамның сөйлеу мәнері мен жазушының жасырын «мені», екі арадағы көзге көрінбейтін сыралғы мінез. Бұл ретте де екі Дидахмет жоқ. Ол мәселені бұлдырлатпай бірден: «Әсілі, пәле деген сайтанның жүрмейтін жері, ұрынбайтын адамы жоқ шығар. Жоламанның жолын тосып жатқан сайтан түкке арзымас тон болды» деп бастаса – тон, «Кызмет жоқ, жұмыс жоқ, қазан-ошақтың қасында отырып-ақ медаль аламын деп кім ойлаған» десе – медаль, «Дені дұрыс баланың қасқа тісі алты айлығында-ақ шығады» десе – тіс, «Бәкең туралы әңгімені сағынып жүремін» десе – Бәкең туралы әңгімесін бастап кетеді. Бірақ бұл оқиғаның қалай аяқталарын бірден ашып алған аңқаулыққа жатпай-ды. Тіс те, тон да, медаль да Дидахмет үшін тігіп қойған қарауыл. Ал тілінің астындағы тығулы маржанды шығарманы оқып шыққаннан кейінгі әсерің арқылы ғана тұспалдай аласың.

Ол сырласымен егіле сөйлесіп, жарыла ақтарылмайтыны сияқты сөзін де, сөйлемін де ширақ құрып, қиыстырып қисындырады. Шешенсіп те кетпейді, шебін шетінетпейді де. Авторлық мәтіндеріндегі сөз бен сөйлемдерінен ділмарлық шаң берсе де, кейіпкердің сөзі оның мінезімен астасып кеткенде, ешқандай жасандылық байқалмайды. Тура сол араға тек сол сөзді қолдану керек екеніне иланасың.

Ол жазушы мен кейіпкердің, оқырманның арасындағы аралық қашықтықты сондай бір ысылған тәжірибемен қатаң сақтай біледі. Сырттай сезімнен гөрі сырдаңсуға бейім сергек сөйлемдермен сені сендіре де, күрсіндіре де алады. Тас моншаның сызынан тасбауыр жанның көңіл сызы, кейіпкердің киіп көрмеген тонынан өмірдің ызғары, шықпаған ақыл тістен жетілмеген жете, аттамаған босағадан жетімсіреген өгей өмір, сарыатанның сағымынан басылмаған сағыныш, дәмі алынбаған дәмеден қанбаған мейір, алып-беріп жарытпаган ағайыннан адамдық сезім лебі еседі. Демек, Дидахмет тыңдаушыны да, оқырманды да өзінің бауырына тарта баурайды, бірақ сіңісіп кетпейді, ара жігін сақтайды. Қазақша айтқанда, идіріп тартып отырады. Қытықсыз араласып кетуден бойын аулақ ұстайды. Төрін ұсынады, төрелік айтпайды. Оқиғаны тарқатып бермейді, түйіншегін мегзейді.

Бұл оның көркем ойлау жүйесінің басты қағидаларының бірі. Соны өмір сүрудің де бір тәсіліне айналдырып алған сыңайы да бар.

Мінез – тумыстық қасиет. Көркем шығарманы бабына келтіретін оқиғаны қозғалысқа түсіретін піскек. Қаламы кірпияз Дидахмет кейіпкердің мінезін көркем шешім деңгейіне дейін жеткізе білетін санаулы санаткер. Мінез демекші, Дидахметтің сөзінде де, сөйлемінде де, баяндау тәсілінде де өзіне тартқан мінезі бар. Шебердің баппен қалаған кірпіші сияқты тізілген компоненттердің үйлесімінен автордың көзқарасын табасың.

Ол тағдыр талқысы, өмір қақтығысы, шексіз қуаныш, түпсіз қайғы, мағыналы-мағынасыз тіршілік сияқты мәңгілік және түбегейлі жауабы табылмайтын сұрақтарды қойып, оны шешуге ұмтылмайды. Балқыған самауыр, сынған ердің қасы, тағылмаған медаль, жеріне жеткізілмеген жолаушы, тапсырылмаған сурет, түспеген монша, қонбаған үй сияқты нақты детальді қарауылға іліп қояды да, қалған ерікті кейіпкеріне береді. Оқырманның қаперінде тұратын әлгі детальді бірі аңғал, бірі аңғарлы, бірі қу, бірі можантопай, бірі адал Дидахметтің кейіпкерлері күліп не күйініп, үміттеніп не түңіліп, сағынып не сабылып жүріп оған мән бермей өте шығуы мүмкін. Әңгіме аяқталғанда, сенің жүрегіңді мүлдем басқа жай әсерлендіргенін сезінесің. Сонда ғана Дидахметтің көздеген жамбысы – тиipменнің тасы болса, тығып қойған маржаны – кейіпкер мінезінің ағысы мегзеген емеуіріннің астынан жылт ете қап, өмірдің көмейінен өтіп кеткенін бір-ақ байқайсың. Осынау елеусіз де ескерусіз тағдыр иелері Сапардың, Ақжанның, Бәкеңнің, Кабдөштің (қараңызшы, Қабдеш демей, Кабдөш деуін. Осының өзінде бір кілтипан жатыр), Тілеубердінің, Күлзипаның, Қожықтың сенен басқа ешкім естімейтін: «Қудым сені, сұм дүние, жалықпай-ақ, ұстатпайсың судағы балықтай-ақ», – деген аңсарлы сарыны өзегіңді жеңіл ғана дызылдатады.

Шындығында, тіршіліктің тұтқасын шегелеп тұрған да сондай қамкөңіл, қарапайым пенделер екені анық қой.

Жазушы Дидахмет солардың жанына шуақ түсірген ғайыптың шырақшысы ғана. Ол түсірген шуақ әлгі мүскіндерді жылытпайды, жанашырлық та танытпайды, жарылқамайды да. Өмірдің түсі қандай суық болса, жазушы да оларға сондай салқын. Өмір қандай әділетсіз үкім шығарса, жазушы да оларға сондай бейқам қарайды. Адасып бара жатқан жолынан қайтарып, жөн сілтемейді. Мысалы тағдырының есігін ашып берген Кабдөш мұғалімді көргенде, Телжан амандасу керек еді дейді де жүре береді. Бұл арада жазушы қалай ділмарсып, қандай салмақ саламын десе де сыйымды еді. Тіпті оқиғаның өзі соған сұранып тұр. Әңгіменің бар кілтипаны осында жатыр. Алайда оған оқырманның өзі іштей өкінбесе, Дидахмет сені зорлап өкіндірмейді. Ақыл айтпайды, қалай қабылдасаң, солай түсін. Өйткені өмірдің қатал шындығы солай. Барлық шығармаларында қаламгер осы қаталдығынан қайтпайды. Өмірде болып жатқан әділетсіздіктің қасынан сені алып өтті. Енді оған қарайлап әділеттілікке шақырасың ба, елемей жүре бересің бе, жөнге саласың ба, ол сенің шаруаң. Жоғарыда айтқан, жүрегіңді солқ еткізіп, шаншып алатын кезі де осы тұс. Қалғанын өзің білесің. Дидахметтің жиі айтатын сөзінің бірі де осы «өзің білесің». Артық сөзді түсіндіріп, уақытын шығындап жатпай-ды. Өйткені кейіпкерге бөлінген уақыт та сонымен бітіп қойған болатын.

Оның шығармаларымен таныс болғаннан бергі отыз жылдың ішінде Дидахметтің тізгінін қоя беріп, еркін көсілетін шағымды бір шабысын үнемі күтумен жүр едім. Қалайда арыны ашылып, аршыны кеңіп, уақыт пен мінездің өлшеміне сыймайтын көсілісті дүниені өмірге әкелетін сияқты көрінетін де тұратын. «…Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап іздеп келеді», – деген жыр жолдарын оқығанда, үмітім алдамапты деп қуанып қалып ем. Қателесіппін. Әннің қайырмасы сияқты осынау сұлу ырғақтар ара-арасында қайталанып отырғанымен де «Жер аңсаған Сарыатан» хикаяты Дидахметке тән және әбден қалыптанған жез шегемен шегенделе бекіпті. Тақырыбы мен тағдырдың талқысы да, оқиғаның қоюлығы мен уақыт өлшемі де тосын әрі кең болғанымен, көркем жүйенің кестесі өзгермепті. Ездігіне ызаландырып, мысыңды басатын Қожықтың ұлы қасиеті ашылғанда, сүйсінсе оқырман сүйінер, ал қаламгердің жүрегі жібімейді. Адамның асыл қасиетін оятқан тебіреністі сезімді басыңнан кешуді сенің өзіңе енші етіп қалдырады. Өйткені, ол өзінің жазушылық парызын орындап шықты. Мақсатына жетiп тынды.

Жігіт ағасы атанған шақтағы дүниеге келген, Дидахметтің көркем жүйесінің кеңістігін кеңейткен «Сарыатандағы» қалам қарымында бір өзгерістің барлығы байқалады. Өзінің де, сөзінің де тізгінін тартып ұстайтын достың дәл қазір өнер жайлауында есіле де, еркін көсілетін дер шағы. Жонып жазамын, жосылтып жазамын десе де еркі. Мен тұспалды тұлғаның – нысаналы жүйріктің мәтқапысыз шабысын көргім келеді.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

2006 жыл.

Добавить комментарий