Темірғалы Нұрекенов (1856-1919) – қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі, Ресей империясының Мемлекеттік Думасының II шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, өз заманында қазақ мүддесін жоғары мінберлерде көтере білген азамат. Ол Семей облысы, Павлодар уезіндегі Сейтен болысын басқарған, әрі ел ішіндегі әлеуметтік-саяси мәселелерге белсене араласқан қайраткер.
Темірғалы Нұрекеновтің «Петерборға барған турасынан» атты мақаласы – XIX ғасырдың соңындағы қазақ даласының танымал тұлғаларының бірі ретінде оның көзімен жазылған құнды тарихи жазба. Бұл мақала 1895 жылы «Дала уалаяты» газетінде жарық көрген. Мақалада қазақ даласының өкілі ретінде Петерборға сапары, сол заманның технологиялық жетістіктері, империялық астананың сәулеті мен мәдениеті туралы баяндалады:
«…Ұлықтардың ықтияры бойынша Дала уалаятынан Петерборға жіберген депутаттардың ішінде бірге бардым, ақ патшаға һәм оның ханымына шын ықылас көңілімізбен табиғ болғанымызды білдірмек үшін һәм нан мен тұзды ұсынбақ үшін, Ұлы ұлық биік абзалды патша император хазіретілерінің некаһи болғанына қарай. Әуелі Омбы шаһарында жиналып 7-ші январьда отарбаға мініп Петерборға жөнелдік. Қандай ыңғайлы! Еш нәрсені ойламайсың, қайғысыз, қаперсіз отарбаның пәуескесінде отырасың, ұйықтағың келсе, қашан да болса ұйықтай бересің. Тамақ жегің келсе, тамақ даяр. Отарба атқан оқтай болып зырылдайды да отырады. Бірақ анда-санда кейінгі станцияларда тоқтап, отын мен су алады. Қазақтың қандай жүйрік аты болса да отарбаға жете алмайды. Қайда оған жетуге! Жүйрік ат отарбамен жарты сағаттай таласып, мұнан кейін қалса керек.
Сегіз күннің арасында үш мың жарымнан көбірек жер жүріп Петерборға келдік. 18-ші январьда 12 сағатта біз сияқты Петерборға келген мұраты бар депутаттардың баршасы Николаевский қыс күні тұратұғын ордасына жиналды. Бұл жерде әр халықтан келген депутаттар патшаға һәм патшаның ханымына нан мен тұз ұсындық һәм шын ықылас көңілімізбен табиғ болғанымызды білдірдік. Біз дала уалаятының қазақтары былайша құзыр қылдық. Ақ патшамыз һәм оның ханымы рахыммен біздің ұсынған сыйларымызбен нан, тұзымызды алды һәм біздерге тәңір жарылқасын айтты. Николаевский қыс күні тұратұғын ордасының іш һәм сырт келбеті біздей қырдың балаларына таңғажайып болып көрінді. Патшаның ордасы бек үлкен екен. Біз көпке шейін бұл орданы таң-тамаша қылып қарап тұрдық. Япырмай, мұндай үлкен үйді кім тұрғызды екен! Егер де менің байқағаным қате болмаса, орданың әр жанында елу терезесі бар. Әр терезесінің үлкендігі әр үйдің есігінің үлкендігіндей бар. Орданың ішінде ұзыннан-ұзақ салып қойған бірнеше зал үйлері бар. Бұлардың салтанаты бек ғажайып-дүр. Николаевский деген біреуінің ішінде депутаттардың бәрі мейлімізше кең тұрдық. Көзбен өлшеп қарағанда бұл үйдің ұзындығы жүз қадам, ені отыз үш қадам, астыңғы тақтайынан төбесіне шейін жиырма кез болса керек. Бұл үйдің ішінде алтындаған орындықтар бар. Бұл үйдің қасындағы бөлме үйдің керегелерінде қолмен тоқып істеген соңғы жүзінші жылдағы батырлардың суреттері бар. Бұл суреттердің арасында соғыстардың һәм Түрік жұртының батыры Осман патшаның суреті де бар екен. Мұның суретін жаралы болып қолға түсіп патша ағзам Александр екіншінің алдында тұрған мезгілде салған екен. Біздің патшамыз оның батырлығы үшін рахым етіп қылышын қайтарып беріп тұр екен. Және адмиралтейский деген үйдің керегелерінің үстінде атақты батырлардың суреттері бар екен. Әсіресе жандарал Кутузовтың суретін көріп таң қалдым. Бұл 1812-ші жылы Россияның күшті дұшпандарын жеңген екен. Бұл үйде бек көп салтанатты гүлдер бар екен. Бұл үйдің алдында әр түрлі қымбат бағалы жейтұғын тамақтарымен үлкен үстел тұр. Көңіл қалаған адамдар тоқталмастан ұят жоқ, шам жоқ келіп өзінің көңілінің қалағанынша жеп, ішіп тұрды. Үстелдің жанында 15-20 жасар жас даяшы қызметкерлер тұрды. Бұлардың кигені алтынды қысқа киім, ақ байпақ, қара башмақ екен. Орданың ішінде 40-50 шақты солдаттар тұрды. Бұлардың бойы биік, зор, киімдері ақ жағадан, қолдарында қылыштары бар. Жүздері бек сұлу, әдемі, сақалдары қара, бірінен-бірін айырып болмайды. Қараса кісінің көзі тоймайды.
Патша ағзам хазіреттеріне ұсынған сыйларды офицер һәм обер офицер уәзірлері реттеп жазып тұрды. Патшаның нөкерлерінің киген киімдері алтынмен тіккен, шалбарлары ақ. Обер офицер қолында қысқа таяғы бар, таяқпен алыстан тұрып ишарат қылса, кейінгі қызмет иелері орнына келтіреді. Біздерді һәм өзге депутаттарды қай уалаяттан, қай халықтан екенімізді білдіріп патша ағзам хазіреттеріне Внутренных Дел Министр хазіреті айтып тұрды.
Орданың ішінде жылдам жүруші деген қызметкер бар екен. Киімдері жарқыраған алтыннан екен және бұлардың араларында киімдерін алтынмен тіккен 4 арабты көрдік. Бұлар патша ағзамға һәм ханымына тамақ көтеріп жүреді екен. Екінші күні степной генерал-губернатордың рұхсаты бойынша Петропавловский шіркеуіне бардым, Құдай тағаланың әмірімен бұл дүниеден сапар шеккен патша ағзамның қабіріне күмістен жасалған гүлді қоймақ үшін. Бұл гүлдің үстінде ұлық католикшілдікті орнатқыш Александр үшіншіге Семей облысына қараған Сейтен елінің болысы Т. Нұрекеновтен деген жазуы бар екен. Петропавловский шіркеуі бек зор һәм ғажайып. Мұның ішінде арулап көмген Петр ұлық Патшадан бермен қарай патшалардың баршасының қабірі бар. Мұнда кірген адамдардың баршасы Александр үшіншіге дұға оқыды һәм біз, қазақтар да, өзімізше алла тағаладан сұрап дұға оқыдық, марқұм патшаның тұрағын ұжмақтан қыла көр деп.
Мұнан соң біз Петербордағы белгілі ғажайып нәрселерді қарап көруге жөнелдік. Мұнан кейін Эрмитаж деген жайға бардық. Бұл жайда бұрынғы һәм осы заманның неше түрлі тамаша нәрселері бар екен. Мұнда орыс Патшаларының нәрселері, саймандары, бөтен патшалардың һәм әртүрлі халықтардың һәм Россияның әр рулы халықтарының орыс патшасына ұсынған сыйлары да бар екен. Ұлық Петр патшаның өз қолымен істеген нәрселері – салмағы 15 қадақ темір таяғын көрдік.
Эрмитаждан шығып патшаның қуаныш тойы күні мінетұғын пәуескелерін көрдік. Пәуескелері алтыннан, әр қайсысы бір миллионнан екі миллионға шейін тұрса керек. Бізге ұлық патшаның өзі жасаған пәуескесін көрсетті. Пәуескенің кіретұғын есігінде бір сурет бар. Әр қайсысының бағасы елу мың теңгеге шейін болады дейді. Мұнда патша ағзам екіншіні қас қылып өлтіргенде сындырған мініп жүрген пәуескесінің сақтаулы тұрғанын көрдік һәм жарадар болған орнынан ордаға салып алып келген шанасын да көрдік. Ат қорасының биіктігі, ұзындығы һәм ені отыз кезден, мұны тіреп тұрған тастан жасаған бек жуан діңгегі бар екен. Мұны қалайша орнатқан деп ғажайыпқа қалдық.
Мұнан соң музей деген жайға бардық. Мұнда барша халықтың суреттері һәм кептіріп салып сақтап қойған кісілердің денелерін, сүйектерін көрдік.
Мұнан соң аң-құстардың тұратұғын бақшасына бардық. Мұнда барша дүниедегі жануарлар бар екен. Әсіресе, бізге бегемот, піл, арыстан ғажайып болып көрінді. Бізге айтты бегемоттың салмағы жүз елу пұт болады деп. Бұл аң онша биік емес, ені бек жуан, басы есепсіз үлкен, көзі кішкентай һәм мұрны соншалық жалпақ, екі танауының арасы мол ширек кез болса керек. Қашан бұл ашуланып, аузын ашқанда бек үлкен тістері көрінеді. Пілдің биіктігі 4 кез. Денесі жуан, аяқтары қысқа, құлақтары үлкен, тұмсығы ұзын, ұшы жіңішке екен. Әр нешік ғажайып істер қылады екен. Тұмсығымен қандай нәрсе болса да жерден көтеріп алады екен. Адамға жуық. Баққан кісісі не қыл десе соны қылады екен. Арыстанның биіктігі, үлкендігі 3 жасар өгіздей екен. Мұның бақырған дауысынан аң-құстар түгіл адамдардың да зәресі қалмас. Бұл бақшада бек көп аңдар, бек көп құстар бар екен.
Цирк деген орынға бардық, ғажайып таң қалғандай ойындарды көрдік. Господин полковник Чириков генерал-губернатордың бұйрығы бойынша, бізге, депутаттарға жол қаражатымызды таратып беріп, әр түрлі ғажайып нәрселерді көруге көп жәрдем қылды. Бұл біздерді әр жайға алып барып білмеген нәрселеріміздің баршасын баян етіп ұқтырып тұрды. Ол бізге тамақтың құрт науқасының сыворотка деген дәрісін аттың қанынан даярлайды деп һәм детерит деген екпе шешекті бұзаудан егіп жасап алады деп баян етіп көрсетті.
Петербордағы үй, магазин, лапка, әскерлер бек ғажайып, ауызбен айтып жеткізіп болмайды, түні күнінен жарық. Адамдары бек ынсапты, әдепті һәм әркімнің көңілін тауып хош қылуға жаһұт қылады. Мұса Шорманұғлы осы жүз жылдың басында Петерборға барып қайтып келіп айтқан екен: «Петерборды көрмеген кісінің туып, дүниеге шықтым дегені бекер» деп. Бұл айтқаны анық рас…»
Темірғалы Нұрекенов мақаласынде, міне, осылай дейді.
Сапардың негізгі мақсаты – сол кездегі ақ патшаның (ІІ Николай) таққа отыруына байланысты құттықтау және қазақ даласының адалдығын білдіру үшін арнайы делегация атынан нан мен тұз ұсыну еді. Сол дәуірдегі саяси ахуал контекстінде бұл рәсім – бодан халықтардың патшаға деген сенімін көрсететін символдық мәнге ие болатын.
«Ұлықтардың ықтияры бойынша Дала уалаятынан Петерборға жіберген депутаттардың ішінде бірге бардым» деп бастаған Нұрекенов мақаласы сол кездегі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жағдайы мен өркениетке деген қызығушылығын ашады. Автордың баяндауы арқылы қазақ даласының қарапайым ұланы Петербордың дамыған өркениетін көріп, оған таңдана отырып, жаңалықтарды туған еліне жеткізуге тырысқанын байқаймыз.
Темірғалы Нұрекенов Петерборға бағыт алған жолды егжей-тегжейлі сипаттайды: «Қандай ыңғайлы! Еш нәрсені ойламайсың, қайғысыз, қаперсіз отарбаның пәуескесінде отырасың…» – деп, отарбаға алғаш отырған қазақтың ерекше сезімін жеткізеді. Бұл сол заман үшін технологиялық прогреске таңданыс пен сүйсінудің көрінісі.
Петерборға жеткен қазақ делегациясы патшаға арнайы тарту-таралғысын ұсынып, тарихи Николаев ордасына барады. Темірғалы бұл ғимаратты «бек үлкен екен» деп тамсана сипаттайды. Оның әрбір бөлмесі, залдары, әсіресе алтынмен әрленген орындықтары мен әйгілі батырлардың суреттері қазақ даласының қыр баласына «ғажайып» көрінеді.
«Япырмай, мұндай үлкен үйді кім тұрғызды екен!» деген таңданысы сол уақыттағы қазақ қоғамы мен империялық орталықтың айырмашылығын ашып көрсетеді. Темірғалы бұл таңданысын жасырмайды, әрі ғимараттың әр бөлшегіне мұқият назар аударады.
Темірғалы мақаласында Ресей империясының салтанатын, тарихи және мәдени құндылықтарын сипаттай отырып, сол кездегі қазақ қоғамына таныс емес дүниелерді баяндауға тырысқан. Ол Петропавл шіркеуінде Александр ІІІ-нің қабіріне арнайы күміс гүл қойып, қазақ халқының патшаға деген құрметін білдіреді.
Эрмитажға сапары барысында Темірғалы «Ұлық Петр патшаның өз қолымен істеген нәрселері» мен басқа да тарихи жәдігерлерге тәнті болады. Ол Ресейдің батырлары мен патшаларының тарихына қызығушылық танытып, «1812-ші жылы Россияның күшті дұшпандарын жеңген жандарал Кутузовтың суретін көріп таң қалдым» деп жазады.
Жануарлар бақшасы, цирк ойындары және басқа да ғажайып дүниелерді көрген Нұрекенов олардың ерекшелігін қазақ оқырмандарына жеткізуге тырысқан. «Адамдары бек ынсапты, әдепті һәм әркімнің көңілін тауып хош қылуға жаһұт қылады» деп Петербор тұрғындарының мәдениетін де жоғары бағалайды.
Темірғалы Нұрекеновтің бұл сапары – оның тек әкімшілік қызметкер немесе саясаткер ғана емес, сонымен қатар білімге құштар, өркениетті тануға ұмтылған жан-жақты тұлға екенін көрсетеді. Ол қазақ даласының өкілі ретінде империяның жүрегіне барып, оны өз халқына түсінікті тілмен жеткізе білді.
Мақалада оның орыс мәдениетінен көрген прогреске таңданысы айқын байқалады. Отарлық езгі жағдайында өмір сүріп жатқан қазақ халқы үшін мұндай сапарлар үлкен мәнге ие болатын. Олар қазақ зиялыларының әлемдік өркениетке, мәдениетке деген көзқарасын кеңейтті.
Темірғалы Нұрекеновтің бұл мақаласы – қазақ халқының өткен ғасырдағы интеллектуалдық деңгейін, озық ойлы азаматтарының елге деген жауапкершілігін танытатын маңызды дерек. Петербор сапары қазақ оқырмандары үшін тек таңғажайып оқиғалар ғана емес, жаңа заманға бейімделу қажеттігін де ұғындырғандай. Темірғалы Нұрекенов сынды қайраткерлердің қалдырған мұрасы бүгінгі күні де өзінің тарихи-мәдени құндылығымен қымбат.
Бұл мақала – бір тұлғаның көзімен жеткізілген империялық астананың бейнесі ғана емес, сол дәуірдегі қазақ зиялыларының ой-өрісін көрсететін құнды жазба.
Абзал РЫМБЕК,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері.