Биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі басталды.
Облыстық театр алдында фестивальге қатысушы 11 театр ұжымының шеруі өтіп, әртістер қызыл кілеммен төрге шықты.
КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов фестивальді ашып, құттықтау сөзін айтты.
– Бүгінгі фестивальдің ашылуы келешекте халықаралық, бүкіл халықтық бүкіл әлемдік фестивальға айналса, жақсы болады. Өйткені әр елден келген өнер қайраткерлерінің әр театрының бағыт бағдары өзгеше, сондықтан көп нәрсені танып білесіздер, – деді Асанәлі Әшімов.
Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланатын театрлар додасы 2024 жылдың 20-25 қыркүйек аралығына жоспарланған. Қойылымдар кестесін мына сілтеме бойынша көруге болады.
Бұл фестивальдегі негізгі талап – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс. Бұл театрлар арасындағы бәсекелестікті арттыра түсуге бағытталған.
Елордадан келген Жастар театрының актері Дәурен Серғазин фестивальге Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» драмасын алып келгендерін атап өтті.
- Шақыртуды қуана қабылдадық. Біз әкелген драма соңғы жылдары шыққан спектакль. Әлі фестивальдарға қатысып көрмегендіктен жаңа, тың шығарманы ұсынамыз. Ең бастысы қойылымды ойдағыдай өткізіп, көрерменнің ыстық ықыласын алу және сарапшылардан қай бағытта жүріп жатқанымыздың сынын тыңдау, сондай-ақ басқа да театрлардың жаңашылдықтарымен танысу, – деді Дәурен Серғазин.
Айта кетейік, қойылымдарға билеттерді Ж.Аймауытов және А.П.Чехов театр кассаларынан немесе Тикетон сайты арқылы алуға болады.
Ескерту! Кестедегі қойылымның қай театрда өтетінін анықтап алу қажет.