Тамыз келді от құшақ, ыстық ерін

Abit non obit (лат.: Көзден кетті, көңілден кеткен жоқ)

Тамыз келді от құшақ, ыстық ерін,

Бір періште аспаннан түсті керім,

Ұшты менің құстарым бұлттан әрі,

Жусаннан да аласа міскін едім.

 

Мына қала, мына жұрт, мына маңда,

(Құдайым-ау, қалаң не, бұ ғаламда),

Сонша бақыт, осынша нөпір бақыт,

Көп емес пе, расында, бір адамға.

 

Қарашы, әлем сөйлеп тұр жыр тілінде,

Көрінбейді Алатау бұлты мүлде.

Түс болса егер бұл күндер, оянбалық,

Өңің болса, өтінем, кірпік ілме.

 

Керім Ай кеп қонып тұр керегеме,

Қайта жанды көп жұлдыз сөне бере.

P.S. Мұның бәрі өтірік. Қайда сол жаз?

Қайда?

Неге, неге жоқ?

Неге? Неге?

Есенғали РАУШАНОВ.

 

Сары қыз, сарша тамыз, сары орамал

Иығынан күн аймалап кәрі құздың,

Тамызда тамылжыды әні күздің.

Соңынан сағым қуды

Сағынышым

Сарытауға сапар шеккен сары қыздың.

 

Туғалы талайына тағдыры ерген,

Ұл едім,

Жоқты көрген

барды көрген.

Сарытауға оқу іздеп сары қыз кетті

Мен қалғам Сарыарқада сал күреңмен.

 

Бір үміт өзегімді тепкілейді,

Көңілім көктем туса көк тірейді.

Сары қыз Сарытау жақтан оралмады

Біреулер: – оқу өтіп кетті, – дейді.

 

Жаныңа медет сұра – жасытпа! – деп,

Сарғаю сағыныштан – ғашыққа әдет.

Сағымға сарнап тұрып сыр ашқанмын:

«Сарытау Сарыарқадан қашық па?» – деп.

 

Жылдар да желге ілесіп желіп кеткен,

Әппақ қар жауған талай,

еріп кеткен.

Сарғайды жан қалтамда сары орамал

Сары қыз сонау жылы беріп кеткен.

 

Ақынның сол ма деп ем қонар бағы,

Кім білсін ол алдады,

Жол алдады.

Мен жүрмін салкүреңді сары желдіріп

Сары қыз Сарытау жақтан оралмады.

 

Сырыңды кім бар жатқан күнде ескеріп,

Жанымды жырға орадым

Гүлдесте ғып.

Сарытау Сарыарқаның арасында

Өткеннен өшпей қалған бұл да естелік.

 

Жаныма жарық сеуіп самалалар,

Аялап айдынымды ән оралар.

Мені де сары түске іңкәр етті

Сары қыз,

Сарша тамыз

Сары орамал.

 

…Тербе, күй,

Қалықта, жыр,

Аңсат, аңыз!

аңсамай өзімізді шаршатамыз.

жаныма жарықтарын жағып кетті

Сары қыз,

сары орамал,

Сарша тамыз…

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.

 

Тамыздағы жылы-жылы жаңбырда

 Тамыздағы жылы-жылы жаңбырда,

Бауырым төсеп жатар ма едім шалғынға!

Мың құбылған тау бұлтының мінезі,

Қылықты қыз секілді ғой күн өзі.

Нұр кірпігін бірде қағып, бір қақпай,

Қойды маған тіл қатпай.

Мың иістің арасынан танимын,

Жер-ананың төсін емген сəбимін.

Не қыламын нұрлы күннің шапағын,

Бауырым төсеп көк шалғында жатамын.

Əнеу шөпте жалғыз тамшы тұр тұнып,

Жаһұт болып, əлем болып құлпырып.

Ол күннен де шұғылалы һəм таза,

Оны ешкім де бөле алмайды балталап.

Ешқашан да алдамайды ол сені,

Кір ғаламның кінəсіз бір бөлшегі.

Енді саған сене алмаймын, көк аспан!

Күн шығыстан шығады деп адасқам.

Қан шашырап батқан күннен дерт емдім,

Қарай-қарай кірпіктерім өртенді.

Жолым ауыр, жүрек сыздап, жаншылар,

Құтқар мені, мөлдір, салқын тамшылар!

Біздің таудың құзарына бұлт үйір,

Жанарыма тұрар тамшы бір түйір…

Əнеу шөпте жалғыз тамшы тұр тұнып,

Жаһұт болып, əлем болып құлпырып.

Мұрат ШАЙМАРАН.

 

Тамыз түні

Күйкi тiрлiк бiткендей қансонары,

Ұйқыдағы Алматы тамсанады.

Көше шамы телмiрiп жұлдыздарға

Көрер таңды көзiмен қарсы алады…

 

Намыс-бұлттан жарқ етер жай табылды,

Жұлдыздарды жарамсақ жайқап ұрды.

Аңдаусызда аспанға нұрын шашып

Нәлiсiндей етiктiң… Ай қағылды.

 

Бәрi қалып,

Басылыпты автолар желiгi анық.

Жұлдыз күлiп секiрдi жерге қарай,

Жыртыс қылып көк жүзiн бөлiп алып.

 

Ай бөлмеме қарайды әлi үздiгiп…

Қараша емес, бар бiрақ сәл ызғырық.

Тәңiр берiп тамызға салқын түндi,

Байғұс жазды қойғандай қарыз қылып.

 

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ.

 Тамыз түні

 Хақтың аппақ нұрынан гүлдеп әмән,

Жақындайды жұлдыздар түнде маған.

Сегіз пейіш қақпасы ашылғандай,

Бейтаныс боп көрінер мүлде ғалам.

 

Мен де түнде аспанға жақын келем,

Хатшысы ғой Тәңірдің – ақын деген.

Жүрек керек бұл сырды түсінуге,

Бара алмайсың алысқа ақылменен.

 

Түн баласы – жердегі қара сағым,

Таң атқанша жаратам жаңа сарын.

Түйсігімнің түкпірін жап-жарық қып,

Құс жолында ойнап жүр бала шағым…

 

Жанарымда жап-жасыл жаз күледі,

Періштенің есіп тұр назды лебі.

Бір бұрышта мысқылдап сайтан отыр,

Ол – тамұқтан дүреген азғын еді.

 

Азғырудан сақтайды жыр-иманым,

Өмір үшін күресіп құриды әлім.

Ұмытамын кей кезде ажалды да,

Жадқа мөрлеп жанымның жымиғанын.

 

Жатқан сынды алдымда алтын белес,

Суық та емес тамызым, салқын да емес.

Тылсым түннің сапарын таңға жалғап,

Оянармын ұйқымнан жалқындап ес…

 

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ.

 

 Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың…

 Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың,

Боқырау кеп,

Бозға оранса абыз-құм.

Бір елесін аңдап-бағып жүрем мен

Бұлт ішінен баяу түскен Қобыздың.

 

Ол да, Мен де – көп бейбақтың біріміз,

Һәм тоғысқан бір арнада үніміз.

Алдымызда Өмір жатыр,

Өңіне

Алма-кезек тамшылайды мұңымыз.

 

Қоңыр-қоңыр қасіретін созғасын,

Қазға айналып кетсем деймін өз басым.

Дөң үстінен қарайды да жылайды ол,

Сіз Қобыздың көрмегенсіз көз жасын.

 

Қыршын күнін сағынған ба кешегі,

Қыр мінез жел Қалба жақтан еседі.

Оның жасы үлкен емес әсте де,

Оның шашы ерте ағарған деседі.

 

Себез тартқан сенімге есік ашты кім,

Сонымен бір жетпеп еді достығым.

Маған қарап еске алғанын қайтейін

Жоққа тойған жетімдігін, жастығын?..

 

Қоңыр-қоңыр қайдан келген

бұл қайғы,

Басқа ешкімге көрсетпе, Өмір,

мұндайды.

…Боқырау кеп,

Бозға оранса кәрі Алтай,

Біздің ауыл Қобыз зарын тыңдайды.

 

Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ.

 

 Тамыздың соңғы түнінде

Айқай салып қырда анау

Күзім бұла,

«Қош, Тамыз!» деп,

күрсінді түзім мына.

Іңір отыр ұшында

кірпігімнің,

Көкжиектің

тырналап жүзін құба…

Уақыт қағып мезгіл –

көш қоңырауын,

Боз тұманға

оранған қоңыр ауыл.

Жел ыңылдап

өтпелі өмір әнін,

Аймалайды

адырдың омырауын.

 

Бұлт қалқалап

бозғылтым орақ-айды,

Жусан бүрін

жұтынған торап ойлы.

Жаздың соңғы түніне

әлди айтып,

Ұйқысырап тынды үнсіз Қарағайлы.

Жаз дәурені құлпырып өткенімен,

«Баянды өмір…»

дейді ғой, текке білем.

Баянсыз күн

қош айтып өтіп барады(ы),

Түн әуені тамшылап шөп демінен…

 

Саян ЕСЖАН.

Добавить комментарий