Қаныш Сәтбаев – ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі ғана емес, есімі әлемге аян көрнекті ғалым, ірі қайраткер. Әсіресе, оның отандық геологияны ғылым ретінде дамытудағы еңбегі ұлан-ғайыр. Қаныш Имантайұлы іске асырған іргелі жобалар еліміздің экономикалық жағдайына күні бүгінге дейін оң ықпал етуде және маңызы ешқашан жойылмақ емес. Біртуар тұлға болмысына тереңірек бойлап, оның ғылымға қосқан үлесін аз-кем салмақтау үшін біз Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ тарихи мұражайының бас маманы, сәтбаевтанушы Аспандияр Әденұлымен сұхбаттасқан едік.
– Аспандияр Әденұлы, сіз сәтбаевтануға қалай келдіңіз? Қаныш Имантайұлы тұлғасына қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Менің Қазақ ұлттық техникалық университетінде қызмет істеп жүргеніме 30 жылдан асты, 2005 жылдан бастап сәтбаевтанумен түбегейлі айналыса бастадым. Оған себеп – ғалымның шәкірті, академик Мұхтар Мұқашұлы Бәкенов маған өзінің орыс тілінде жазылған «Сатпаевоведение» деген кітабын қазақ тіліне аударуға берді. Соны аударып шықққаннан кейін ол: «Менің жасым келді, артыма сәтбаевтанумен айналысатын шәкірт дайындап кетуім керек. Осыны сен қолға алсаң қайтеді», – деп қолқа салды. Оның алдында да өзім Қаныш аға туралы өз бетімше ізденіп, оқып, қызығып жүретінмін. Сөйтіп, Мұхтар Мұқашұлы екеуіміз сәтбаевтанудан 2 оқулық жаздық. Өзімнің «Сәтбаев және ұлт руханияты» деген монографиям бар.
– Жалпы, ғылымның қай саласында Қаныш Имантайұлының үлесі, қолтаңбасы басым?
– Сәтбаев араласпаған сала жоқ. Ғылымның барлық саласында Сәтбаевтың қолтаңбасы бар. Көп адамдар ол кісіні тек «геолог» деп таниды. Әрине, ол кісінің басты еңбегі – геологияда. Бірақ әдебиеттану, тарих пен археология, өнертану, математика мен физика ғылымдарында да Сәтбаевтың ізі сайрап жатыр. Бұл кісі сегіз қырлы, бір сырлы талант, энциклопедиялық білім иесі болған. Заманында ол тек Ресейдің ғана емес, шетел оқымыстыларын да таң қалдырған, Сәтбаевты бәрі мойындаған. Ол кезінде Мәскеудің атақты ғалым, академиктерінен «Мүмкін еместен мүмкін нәрсе жасаған Сәтбаев» деген баға алған.
Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль кезінде Сәтбаевқа «Совет Одағындағы №1 геолог» деп баға берген. Совет Одағын басқарған Н.Хрущевтің өзі Сәтбаевтың білімділігін мойындаған. Хрущевтің Сәтбаевпен кездесуіне ықпал еткен – У.Черчилль. Совет Одағына келіп Хрущевпен сөйлескенде: «Сіздің аз ұлттарыңыздың ішінде бір ұлы ғалым жүр, білесіз бе?» деп сұрайды. Хрущев армян, грузин сияқты басқа ұлттарды айтады. Ана кісі: «Жоқ, білмедіңіз, сіздер өздеріңіздің ұлы ғалымдарыңызды танымайды екенсіздер. Ол – Қаныш Сәтбаев деген қазақ» дейді. Содан Н.Хрущев Черчилльді шығарып салысымен Алматыға келіп, Ғылым академиясында, Геология институтында болып, Қаныш Имантайұлының еңбектерімен танысады. Сөйтіп, «Сәтбаев бір ғана Қазақстанның емес, бүкіл Совет Одағының жерінің астында қай жерде қандай байлық жатқанын алақанындағыдай біліп отыр ғой» деп таң қалған.
Жалпы, біз XX ғасырдағы қазақ мәдениетінің дамуын екі бөліп қарастырамыз: 1). Алаш арыстары кезеңі; 2). Сәтбаев бастаған жұлдызды ғалымдар шоғыры.
– Қалай ойлайсыз, ұлт алыптарының осы екі тобының арасында сабақтастық, қандай да бір рухани байланыс болды ма?
– Болғанда қандай! Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов төртеуі Семейдегі мұғалімдер семинариясында бірге оқыған, «Алаш» қозғалысының ең жас әрі белсенді мүшелері болған. «Алаштың» тәлімімен сусындаған бұлар ұлтқа қызмет етуді мақсат етті. 50-жылдары Баянауылда болған бір кездесуде Қаныш ағаның: «Біз Алаштан жазбаша түрде бас тарттық, бірақ жанымызбен, жүрегімізбен алашшыл болып қалдық және олардың идеясын іске асырып жатырмыз» деп айтқаны бар екен.
Томскінің Технология институтына М.Усов деген профессор оқуға шақырған кезде Қаныш Имантайұлы Міржақып Дулатовпен, Ахмет Байтұрсыновпен ақылдасады, «оқиын ба, не істейін?» деп. Ана кісілер айтады: «қазақта мұғалім мен дәрігер жетеді, енді бізге инженер керек», – деп. Кейіннен институт бітіріп, сол кездегі астана Қызылордаға келген Қаныш Сәтбаев түнгі сағат 2-де ең бірінші Міржақып Дулатовтың үйіне барып түседі. Ол кісі әйеліне көрсетіп мақтанады: «Міне, біздің қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді инженер келді», – деп. Бұл М.Дулатовтың қызы Гүлнар апамыздың кітабында бар. Соны біле тұра, біз қалай Сәтбаевтың Алашпен байланысы болған жоқ деп айтамыз? Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландардың Ахмет Байтұрсыновтармен бірге түскен суреті де бар. Мен бұл туралы Мұхтар Мұқашұлынан сұрадым. Ол кісі: «Бұлар таза сол Алаштың шәкірттері ғой. Менің қатарымдағы буын Алаш десе зәреміз ұшып, қалтыраймыз. Біз әбден күшігімізден таланып, шошып қалғанбыз. Сол үшін біз Алашты айта да, зерттей де алмаймыз. Ал сен осыны қолға ал, зертте», – деді. Содан бастап Сәтбаевты Алашпен байланыстырып зерттеуді қолға алдым, көптеген тың мәліметтерге қол жеттті. Шынында, Сәтбаев – Алаш баптаған, Алаш дайындаған тұлға. Қарап тұрсаңыз, Алаштың қалдырып кеткен бөлтіріктері: Әуезов – әдебиетті, Сәтбаев – ғылымды, Әлкей Марғұлан – археологияны қандай деңгейге көтерді! Ал солардың өздері де болғанда қазақтың мәдениеті, өркениеті бүгінде қандай деңгейге жетер еді десеңізші!..
– Сол тәлім-тәрбиесі, өнегесі текке кеткен жоқ. Қаныш ағаның өзі де ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен таланттар шоғырын тәрбиелеп шығарды емес пе?
– Әрине. Атақты Шахмардан Есенов, Евней Букетов, Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани, Салық Зиманов, Нығмет Сауранбаев, Өмірхан Байқоңыров, Сақтаған Баишев, Шапиқ Шокин, бұлардың бәрі – Сәтбаев дайындап шығарған ұлт кадрлары.
Политехникалық институт ол кезде Тау-кен металдары институты деп аталған. Қаныш Имантайұлы Қарсақпайда зауыт директоры болып жүрген өзінің шәкірті Өмірхан Байқоңыровты алдыртып, институтқа басшы етіп қойғызған. Сондағы берген тапсырмасы: «Мұндағы қазақ студенттерінің саны 20 пайыздан аспай жатыр, соны көбейтесің» дейді. Сөйтіп, Ақжан Машанов, Евней Букетов, барлығы жабылып жүріп, институттағы қазақ балаларының санын 50 пайызға жеткізеді. Сонда Орал, Ақтөбе, Петропавл, Өскеменге жіберілген адамдардың барлығы балалардың математика, физикаға жақсы, бірақ Алматыға оқуға келетін ақшасы жоқ екенін білген және өздері ақшасын төлеп, алып келген. Сонда Өмірхан Байқоңыров екі рет Пленумға түскен, бір рет партиялық сөгіс алған. Бірақ өз дегенінен қайтпай, ұлт алдындағы міндетін орындап кеткен.
Қаныш Имантайұлы осы университеттің геологиялық барлау факультетінде мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болған, кадрларды сөйтіп жүріп таңдаған өзі. Сонда осында оқып жатқан студенттердің аты-жөнін, қайсысы қалай оқып жүргенін біліп отырған. Гонорардан түскен ақшаларын сейфіне сақтап қояды екен, соны өзінің бала-шағасына бермей, жағдайы болмай жүрген студенттерге берген.
Қаныш аға өзінің сенімді серіктеріне: «Техникалық оқу орындарын қазақыландырмайынша, Алматыны қазақыландыра алмаймыз. Себебі, мединститут пен пединститутта оқып жатқан балалар бітірген соң барлығы ауылға кетеді. Ал мына техникалық оқу орындарын бітіріп жатқан балаларды Алматыға зауыт, фабрикаларға алып қала аламыз. Алматыны қазақыландырғанда барып даусымыз шығады, теңдікті, тәуелсіздікті сол кезде ғана талап ете аламыз» деген. Сонда қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан кезде бұл кісі Алматыны қазақыландыру үшін күрескен. Қ.Сәтбаев, Ө.Байқоңыров, Ш.Шокин, Ш.Есенов, А.Машани, бұлардың қай-қайсысы да ұлт үшін өзін құрбандыққа шалуға дайын тұлғалар болды. Зерттеу барысында менің соған көзім жетті.
– Қаныш ағаның Ұлыбритания Премьер-министрі Уинстон Черчилльмен кездесуі және сондағы керемет сөзі туралы әр жерде айтылып жүр. Соның жай-жапсары қалай болған?
– Қаныш Имантайұлы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Лондонға барғанда Уинстон Черчилльмен кездеседі. Бойының сұңғақтығын меңзеген У.Черчилль: «Қазақтардың барлығы сіз сияқты ірі ме?» деп сұрайды. Қаныш аға: ««Мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Менің халқым менен де биік» дейді. Ағылшынның бірнеше газет-журналдары соны тақырып қылып, Сәтбаев туралы мақала берген. Ол кісінің ұлтын шексіз сүйгенін, оған үлкен құрметпен қарағанын осыдан-ақ көруге болады. Сол жолы Қаныш Имантайұлын Лондонның геологиялық музейіне алып барады. Гид: «Бізде Ұлыбританияда сирек кездесетін тас» деп бір тасты көрсетеді. Сәтбаев ары қарап, бері қарап, күледі де: «Жоқ, бұл – біздің Қазақстанның, оның ішінде Орталық Қазақстан, Қарсақпай деген жердің тасы» дейді. Гид таң қалып: «Мұнда жазып қойған ғой» дегенде: «Мен туған жерімнің әр тасын танимын» дейді. Бұл әңгімені У.Черчилль естіп: «Туған жерінің әр тасын тани беретін ол – қандай геолог? Зерттеп, маған нәтижесін айтыңдар» дейді. Зерттегенде, ол шынымен де, XIX ғасырдың аяғында бір ағылшын капиталисі Қазақстаннан алып барған тас болып шығады. У.Черчилль: «Туған жерінің тасын кез келген геолог тани бермейді. Мынау Совет Одағындағы №1 геолог қой» деп қалтқысыз мойындайды.
– Ал Мәскеудің ғалымдары «Мүмкін еместен мүмкін жасаған Сәтбаев» дегенде нені меңзеді? Қаныш Имантайұлы оларды қандай жаңалығымен мойындатты?
– Біріншіден, Сәтбаев шөл даладан Жезқазған қаласын ысалдырды. Сол үшін Жезқазғанды «Сәтбаевтың төл тумасы» дейміз. Одан басқа да жүздеген қаланы Сәтбаевтың есімімен байланыстыруға болады. Қаныш аға Жезқазғаннан мыстың миллиондаған қорын тапты. Сөйтіп, Совет Одағы мыс өндіруден әлемде 1-орынға шықты. Одан кейін II Дүниежүзілік соғыс басталғанда мойындатты. Ол кезде марганец кен орны Украина мен Белоруссияда ғана болды, оларды немістер басып алды. Енді геологтардың алдында марганец табу мәселесі тұрды. Марганецтің қасиеті – оны болатпен қосып балқытқанда брон пайда болады. Брон – соғыс жағдайындағы ең қажетті, оқ өткізбейтін, жарылмайтын металл. Сәтбаев соны «Орталық Қазақстаннан табамын» дейді. «Орталық Қазақстан тұрмақ, бүкіл Орта Азиядан таппайсыз, біз ол жақтың бәрін зерттеп, барлап қойғанбыз» деп орыстың көрнекті ғалымдарының бәрі оған қарсы шығады. Қаныш Имантайұлы өзінің теориясы мен практикасын ұсынады. Сталиннің адамдары геологиялық экспедиция ашып, Сәтбаевқа 1 жыл уақыт береді. Сәтбаев кен орнын бір жыл емес, бір айдан сәл асқанда тауып, Мәскеуге мәлімдеме жасайды, сол мезетте марганец өңдейтін зауыт та дайын болады. Міне, біздің ата-бабаларымыз қандай қажырлылықпен жұмыс істеген!
Бұл кісінің қасиеті – кен шықпайды деген жерден кен тауып отырған. Мысалы, Маңғыстаудың мұнай, газы қазір әлемге белгілі. Сәтбаевқа дейін ол жаққа екі геологиялық экспедиция барып, түк таппай келеді. Сәтбаев Шахмардан Есеновті ертіп барып, мұнай, газдың мол қорын табады. Сөйтіп, жұмысты ары қарай жалғастыру үшін Шахмардан Есеновті сол жерге қалдырады. Шахмардан Есенов сонда қызмет істеп, елдің экономикасын көтеріп қана қойған жоқ, Хрущев Маңғыстауды түрікменге береміз деп тұрған кезде алысып, алып қалды. Мәскеудегі жиналысқа барып қатысып, мұнай, газды қазақтардың өздері игере алатынын дәлелдеді. Ал Шахмардан Есеновті кім дайындап шығарды? Сәтбаев шығарды.
– Қаныш Имантайұлының есімімен байланыстырылатын тағы бір үлкен жоба, ол – Қарағанды-Ертіс каналы…
– Оның тарихы былай: 50-жылдары Қазақстан үкіметі қаулы шығарып, Мәскеу оған келісіп, Қарағанды қаласын жауып, таратпақ болған, «су жоқ» деп. Сәтбаев соның бәрін тоқтатып, Ертістен Қарағандыға канал тартудың жобасын өзі сызып, сөйтіп барып Қарағандыны сақтап қалған. Сол Ертіс-Қарағанды каналы қазір Сәтбаевтың атымен аталады. Сол үшін біз Сәтбаевты қазақтан шыққан тұңғыш геолог қана емес, тұңғыш менеджер деп те батыл айта аламыз.
– Геологиялық карта дайындағанда Қаныш Имантайұлы көптеген кен орындарын «ұрпағымызға керек» деп жасырып қалған деседі…
– Қаныш Имантайұлы – «кен орны жоқ», «қазба байлық шықпайды» деген жерден қазба байлық тапқан адам. Ол кісінің жерден көтеріп алған бір тасы кен орнына айналған. Ол ашқан кен орындары үлкен қалаларға айналған. Міне, сол кезде өзінің сенімді шәкірттерімен жүріп, кейбір пісіп тұрған кен орындарын өндіріске жібермей, жаптырып тастайды. Шәкірттері «неге өндіріске жіберіп пайдаланбаймыз?» дегенде: «Біз қазір бар қазба байлықты игеріп алсақ та жетеді. Арттағы ұрпағымызды неге ойламаймыз? Мына қазба байлық соларға қалсын. Ертең еліміз жеке ел болады. Сонда экономикасын қалай көтереді, қалай аяғынан тұрады?!» дейді. Міне, қандай көрегендік, қандай көріпкелдік!
– Осы орайда, Қаныш Имантайұлын қолдағандар да, аяғынан шалғандар да кездескені анық қой. Жалпы, еліміздің үкімет басындағылардың ол кісіге көзқарасы қандай болған?
– Сәтбаевты бірден-бір қолдаған адам – Қазақстанның сол кездегі үкімет басшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов ағамыз. Қаныш Имантайұлын Жезқазғаннан алдырып, Ғылым академиясына қызметке қойған – сол кісі. Қонаевты Риддерден алдырған да – сол. Қазақтың тұлғалы екі азаматын Нұртас Оңдасынов екі жақтан алып келді сөйтіп. Нұртас Оңдасынов пен Қаныш Сәтбаев екеуі өле-өлгенше тығыз байланыста жұмыс істеді. Нұртас Оңдасыновтың тікелей көмегімен Қаныш Имантайұлы 1942 жылы республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды, 1946 жылы Ғылым академиясын ашты. Нұртас Оңдасыновтың көмегімен, жан-жақтағы ғалымдарды Мәскеуден, Ленинградтан, Сібірдің қалаларынан, Киевтен шақырып, Қазақстанның Ғылым академиясына жұмысқа тұрғызды. Бәріне Алматыдан үй бергізді. Әр келген орыстың, еврейдің ғалымына екі-үштен қазақ баласын аспирант қып бекітіп берді. Сөйтіп барып 4-5 жылда ұлттық кадрды қалыптастырды.
Сәтбаев әдебиеттану мен өнертануға да үлкен еңбек сіңірді. Өзі домбыра, гитара, мандалин, скрипкада шебер ойнаған. А.Затаевич қазақ әндерін жинағанда Қаныш аға «Бүркітбай», «Гауһартас», «Алтыбасар» сияқты кең тынысты 25 әнді өзі орындап, жазғызады.
«Иллиада» мен «Одиссейді» екі орап алатын «Қырымның 40 батыры» дастанын жырлайтын Мұрын жырау Сеңгірбекұлы 1942 жылы 82 жаста екен. Нығмет Сауранбаев пен Қаныш Сәтбаев: «Мұрын жырауды Алматыға алдырып, стенограммаға жаздырып алмасақ, інжу-маржанымыздан айырыламыз. Жасы келген ақсақал ертең олай-бұлай болып кетсе, дастанды жоғалтамыз» деп Н.Оңдасыновқа хат жазған. Нұртас Оңдасынов ойланбастан 10 мың сом аудартады. Ол кездегі 10 мың сом – қазіргі 100 мың доллардың құны. Содан Мұрын жырау Алматыға келіп, бір жаз жатады. Осылайша «Қырымның 40 батыры» Сәтбаевтың арқасында жазылып, сақталып қалады. 1928 жылы «Ер Едігені» Мәскеуден кітап қып шығарған да – Қаныш Сәтбаев. Кейін сол «Ер Едіге» үшін бұл кісі «ұлтшыл» атанып, таяқ та жейді. Өйткені, Едіге Тоқтамыс ханның қолбасшысы. Мәскеуді соңғы рет басып алған, оны Алтын Ордаға алым-салық төлеуге мәжбүр еткен – Едіге. Сондықтан Мәскеуге ол ұнаған жоқ. Оны көрсетіп, арыз жазып, түрткілеген де – баяғы өзіміздің қазақтар.
– Сонда не үшін көре алмаған? Не деп арызданған?
– Бұл кісі тікелей Мәскеумен жұмыс істеген. Қазақстанның Орталық Комитетімен жұмыс істеуді екі жұмыс деп қараған, бәрібір Мәскеусіз шешілмейтінін білген. Сонда кейбір көре алмаушылар «Сіздерді менсінбейді, өз бетінше тірлік жасайды», «адамға санамайды» деп жоғарыдағыларға жамандап отырған, үстінен арызды қарша боратқан. Көзі тірісінде жауы көп болды, пендешілік қызғанышты, көре алмаушылықты бастан өткерді.
Қаныш Имантайұлы КСРО Мемлекеттік сыйлығын, Лениндік сыйлықты, 4 рет «Ленин» орденін, «Ұлы Отан соғысы» орденін алған. 60 жасында Мәскеу «Социалистік Еңбек Ері» атағын беріп тұрған кезде Қазақстанның Орталық Комитеті қарсыласып, «ұлтшыл» деп бергізбей қойған. Сонда Мәскеуге шақырылады. Орталық Комитеттегілер: «Сізге осындай атақ берейік деп едік, жерлестеріңіз арыз жазып жатыр» дейді. Сәтбаев алдына қойылған арызға қарамайды да, оқымайды да. «Жерлестерім қарсы болса, онда мен әлі жұмыс істеуім керек, әлі еңбегім сіңбеген ғой» деп шығып кетеді. Соны есіне алған орыстың бір академигінің: «Ондай ұлылық Сәтбаев сияқты адамда ғана болады» деп жазғаны бар. Шындығында, ол атақ үшін, мансап үшін жұмыс жасаған адам емес.
– Қаныш Имантайұлының ұлтына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегін саралау барысында тағы не байқадыңыз? Қай қырына, қай әрекетіне тәнті болдыңыз?
– Мұнай-газ ашылып, Жаңаөзен, Жетібай, Ақтау салынып жатады. Бірақ аймақта тұщы су қоры жоқ. Жерасты сулары әлі зерттелмеген. Каспийдің суын тұщытатын атом электр станциясы салына бастайды. Сол кезде Қаныш аға қатты ауырып, Мәскеуде ауруханада жатады. КСРО Атом өнеркәсібі министрі көңілін сұрауға барады. Сонда Қаныш Имантайұлы: «Мені дәрігерлер қарап жатыр ғой, мені қайтесіз. Анау Ақтаудағы станцияны тезірек бітіртіңізші. Менің халқым шөлдеп жатыр ғой» дейді. Оның өзі екі дүниенің ортасында жатса да ұлтын ойлап жатқанын көрген ана кісі: «Мен ауруханадан жылап шықтым және Сәтбаевтың құрметіне станцияны тезірек бітірттім» дейді. Сөйтіп, Ақтауға тұщы су беріле бастайды. Бұл – сол министрдің Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығында айтқан естелігі.
Тағы бір азаматтығы, Мәскеуде ауырып жатқан кезінде КСРО Ғылым академиясының президенті В.Коморов келіп: «Сізді Лондонның дәрігерлері емдейді. Осынша миллион ақша керек екен, оны үкімет бөлетін болды» дейді. Сонда Қаныш ағамыз айтады: «Сіз білесіз бе, менің ауылдағы жерлестерім аудан орталығына келіп емделе алмай жүр. Ал мен миллиондаған ақшамен шетелге барып емделсем, ертең олардың бетіне қалай қараймын? Мені емдесе – осында емдесін, емдемесе – онда бас тартамын», – деп келісім бермеген. Сөйтіп, 1964 жылы 65 жасында 30 қаңтарда қайтыс болды.
– Биыл Қаныш Имантайұлының туғанына 125 жыл толады. Жалпы, ол кісінің еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсете алып жүрміз бе?
– Бүгінде Сәтбаевтың атында ғаламшар бар, Уранның жаңадан ашылған серігі «Сәтбаев планетасы» деп аталады. Қала, Жоңғар Алатауының мұздағы, гүлдің жаңа сорты бар. Қаныш Имантайұлының досы, геолог-ғалым Е.Анкинович өзінің ашқан жаңа минералын «Сатпаевит» деп атаған. Еліміздің бүкіл қалаларында көптеген мектептер мен көшелердің атауы Қаныш ағаның құрметіне қойылған. Қазақстанда ол кісіге 20 зәулім ескерткіш тұрғызылған. Бір Алматының өзінде Сәтбаевтың атында 5 нысан: көше, мектеп, Ұлттық университет, Геологиялық институт, Ғылым академиясында Сәтбаев музейі бар. Бірақ қалай дегенмен де, Сәтбаевтың ұлт тарихындағы қайраткерлік тұлғасын әлі ешкім жеткізіп айта да, жаза да алмай жатыр. Сәтбаевты айттырғысы келмейтіндер, ана кісінің, мына кісінің алдына шығарғысы келмейтіндер әлі де бар. Ал шындығын айтқанда, осы XX-XXI ғасырда Сәтбаевтай тұлға қазақтан әлі шыққан жоқ. Тіпті, Қазақстанды басқарған азаматтардың өзі Сәтбаевтың деңгейіне жеткен жоқ. Мен мұны қашанда ашық айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Almaty aqshamy».