Әнші, музыкант, домбырашы Х.Байырмановтың туғанына – 120 жыл

Хасен Байырманов – әнші, музыкант, домбырашы, актер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, қазақ халқының дәстүрлерінің сақталуына, Қазақстандағы, Семей қаласындағы театр өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер. Ол 1905 жылы 8 сәуірінде Павлодар облысы 4-Ермак ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 7 жасында жетім калып, байлардың үйінде жалшы болып күн көрген. Ауыл молдасынан хат танып, араб тілін жақсы білген, Құранды меңгерген. Коллективтендіру кезінде белсенділік танытып, халық комиссариатында учаскелік милиция болып жұмыс жасаған. Сол кезде әлі жас бала болса да, халық арасындағы мерекелерге терме, жыр, толғауларды жатқа айту үшін шақыратын болған.
1930 жылы Керекуде алғаш жас таланттардың байкауы больш, Хасен Байырманов атақты әнші Естай Беркінбаевтың «Қорлан» әнін орындайды. Осы шара соңында байқауға төрешілік еткен ақын Сәбит Дөнентаев оған жолығып, ел астанасы Алматы қаласында драма театр ашу үшін ел ішіндегі жас таланттарды іздеп жүрген, аталмыш байқауды ұйымдастырушы Жұмат Шанинге жолығуға кеңес береді. Кездесуден кейін Жұмат Шанин Хасен Байырмановты драма театрға жұмыс істеуге шақырады. Осы кезден бастан оның бүкіл өмірі өнер саласына, оның ішінде қазақ драма өнерінің дамуына арналады. Хасен Байырманов кеңес беріп, өнерін бағалағаны үшін ақын Сәбит Дөнентаевқа өле өлгенше риза болып, үнемі есіне алып отырған. Театрда Рахила Сүлейменованы кездестіріп, отбасын құрады. Рахила Сүлейменова да өнер адамы, театр бишісі, атақты Күләш Байсейітованың құрбысы және әріптесі болған. Жас отбасын атақты импровизатор ақын Иса Байзақовтың отбасы өз қамқорлығына алып, аяқтарынан тұрып кетулеріне кемектескенін Хасен Байырманов құрметпен еске алатын.
Хасен Байырманов Алматы драма театрында енбек ете жүріп, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Жапалдың рөлін сомдаған. Ж.Шаниннің «Шахта», «Торсықбай қу» шығармаларындағы жанына жақын жұмысшылардың рөлін асқан шеберлікпен ойнап шыққан. 1931 жылы жас таланттарды Мәскеу театр техникумына окуға жібереді. Осы жылдары ол атақты этнограф, композитор, музыкант А.В.Затаевичпен танысып, «Қазақтың 100 әні» жинағына оның ұсынуымен 10 шақты қазақ әні енеді. Оқудан келген соң жас әртістерді Қазақстанның әр жеріне театр өнерін дамыту, театр ашу жұмыстарымен жолдайды.
Сол кезде Хасен Байырманов пен Рахила Сүлейменова Семей қаласына жіберіледі. 1933 жылы Семей қаласына келгенде театр жоқ, ол өз жұмысын ет комбинатына қарасты Мәдениет үйінде жас домбырашылар үйірмесін ашудан бастайды. Үйірме барысында радиодан концерттер беріп, жан-жақтағы шағын ауылдарды аралап, өнер көрсетіп, өз өнерлерін насихаттайды. Осы Мәдениет үйінде жас таланттар байқауында төрелік жасап, Бибігүл Төлегенованың өнерін бағалаған адамдардың бірі болады. Бұл қазақ өнерін насихаттаудың алғашқы бастаулары еді. Сөйтіп, 1934 жылы Семей қаласындағы музыкалық драма театры ашылғанда Хасен Байырманов оның алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болып, тарихта аты қалады. Ол туралы театр архивінде көптеген деректер сақталған. Театр сахнасы І.Жансүгіровтің «Кек» драмасымен ашылғанда Хасен Байырманов қойшы баланың рөлін асқан шеберлікпен сомдап шыққан. Сөйтіп, 50 жылға жуық Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық драма театрында аянбай тер төгеді.
Жас кезінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Кебектің, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пьесасындағы Төлегеннің, «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасындағы Жантықтың рөлдерін сомдаса, бертін келе «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Нысан Абыздың, «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасындағы Қобыландының, «Қыз Жібектегі» Төлегеннің әкесінің, «Ревизордағы» Хлоповтың, «Свадьба в Малиновке» драмасындағы дядя Нечипараның, «Назар Стодолядағы» соқыр Гуслярдың, тағы да басқа көптеген рөлдерді асқан шеберлікпен ойнап, халықтың сүйікті актерына айналады. Театр сахнасында 200-ден аса басты және қосалқы рөлдерді сомдайды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 1942 жылы Семей қаласына Франко атындаты Украин театры көшіп келеді де, Семей театры халық комиссариатының бұйрығымен Қызылорда қаласына көшіріледі. Хасен Байырманов ол жақта бір жылдай қызмет жасап келеді. 1943 жылы Семейге қайтып оралған соң 47 пештен от жағып жылытатын Луначарский клубында спектакльдер қойып, қыстың аязы мен суығына қарамай, халыққа қолдау көрсету үшін өз жұмысын жалғастыра береді.
Театр жұмысын тоқтатпау үшін отқа жағатын отын дайындауға кезекпен барып, ауыр күндерді басынан кешіреді. Хасен Байырманов күндіз госпитальға барып, жарақаттанған жауынгерлердің алдында ән салып, домбыра тартып, көңілдерін көтерсе, кешке театр сахнасында өнер көрсетіп, бар күш-жігерін халық өнеріне арнаған тұлға.
Театр маусымы күзде басталып, жазда аяқталатын. Сол жазтың екі айында Семей облысындағы ауыл-ауылдарды аралап, спектакльдер қойып, күні-түні өнерлерін көрсеткен. Ауыл адамдары оларды құрметтеп үйлеріне орналастырып, өнерлерін сүйіспеншілікпен тамашалағаны туралы Хасен Байырманов тебірене еске алады.
Оның туа біткен табиғи дауысы бар еді. Академик Ахмет Жұбанов оның орындауындағы халық әндерін ерекше ықыласпен тыңдап Алматы қаласына шақырған. Осылайша, қазақ әндерінің жинағын шығарғанда Хасен Байырмановтың орындауындағы әндер де жинаққа енген. Оның даусын радиоға жазған. Қазір «Алтын қорда» Хасен Байырмановтың орындауындағы 20-дай ән сақталған. Бүгінгі күнге дейін «Шалқар» радиосының алтын қорындағы әндерді жолдағанда Хасен Байырмановтың орындауындағы әндерді тыңдауға болады.
1944 жылы елге сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағын алған. «Еңбек ері» атағын да иеленіп, көптеген орден-медальдармен марапатталған. 1946 жылы Коммунистік партия қатарына өтіп, өз елі алдындағы патриоттық міндетін адал да адамгершілікпен атқарған.
Еңбек ете жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Театрдағы кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп, үгіт-насихат жұмыстарымен де айналысқан. Ардагерлер кеңесінің терагасы да болған. Сол кезде театр жайында, актерлар мен спектакльдер туралы жергілікті газет-журналдарда мақалалар, хабарлар жиі жарияланып тұрған.
1986 жылы Хасен Байырманов өмірден өтті. Өзі кетсе де, қоғамға өзінен кейін пайдасын тигізер 4 баласын тәрбиеледі. Өзі тұрған үйдің қабырғасына Семей музыкалық драма театрының ұжымының ұйымдастыруымен ескерткіш тақта қойылған. Бүгінде сол үйде ұрпақтары жиналып, әкелерінің әндерін тыңдап, атқарған істерін сүйіспеншілікпен еске алады.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Хасен Байырмановтың ұрпақтары – Абланова Ермек Хасенқызы 83 жаста, профессор, химия гылымдарының докторы, қазір құрметті еңбек демалысында, Байырманов Ханзада Хасенұлы 75 жаста, жеңіл өнеркәсіп инженері, қазір құрметті еңбек демалысында, Капакова Ләйлә Хасенқызы 75 жаста, тамақ өнімдерінің инженері, қазір құрметті еңбек демалысында, Хасенова Зейнеп Хасенқызы 72 жаста, жогары санатты невропатолог дәрігер, қазір құрметті еңбек демалысында.
Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, әнші, актер Хасен Байырмановтың 120 жылдығына орай «Өмір өсірген өнер иесі» атты әдеби музыкалық кеш ұйымдастырылып, жеке көрмесі ашылды.
Кеш барысында актердің тұңғыш рет көрмесі ұйымдастырылды. Қызы Ләйлә Хасенқызы жеке заттары мен құжаттарын музей қорына тапсырды. Олар: кесесі, медальдары, гримдары, айнасы, бас киімі, шапаны, жейдесі және оригинал фотолары.
– Ләйлә Хасенқызының жасы сексенге таяп қалды. Сол себептен, іс-шарамызға келе алмады. Алайда музей қорына жеке заттарын тарту етті. Музей атынан алғысымызды білдіреміз, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің меңгерушісі Сәуле Арынғазина.
Хасен Байырмановтың аталас туысы Зада Хайргельдин сөз сөйлеп, Мағжан Ысқақтың, Алмаз Мұқатайдың, Назымгүл Шапағаттың орындауында әсем әндер шырқалды, музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының «Кербез» жетігеншілер ансамблі күй тарту етті.
Әнші, музыкант, домбырашы, актер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Хасен Байырмановтың өмір және еңбек жолы жастарға үлгі, оның еліміздің театр өнерінің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Жерлестері Хасен Байырмановтай біртуар тұлғаларымен мақтанады, мәңгі естерінде сақтайды.
Гүлбану ӨЗКЕЙ.
