Иса Байзақов – 125
Ертістің Павлодар өңірінде қазақ руханиятының аса көрнекті өкілі, біртуар тұлға Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейлі тойы аталып өтуде.
Мерейтой шымылдығы бүгін Павлодар қаласында «Сарыарқаның дүлдүлі» атты рсепубликалық конференциямен түрілді. «Достық үйінің» мәжіліс залында ұйымдастырылған шарада Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова аты аңызға айналған Иса ақынның мұрасы ұлтымыз үшін, ұрпағымыз үшін орасан зор маңызға ие екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, Айгүл Қайыртасқызы еліміздің әр түкпірінен тойға келген қауымға құтты болсын айтып, осыған орай өңірімізде ұйымдастырылатын әр шара танымды арттырып, кеудеге тағылым сіңірері даусыз деді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, оқу орындарының өкілдері, Иса ақынның ұрпақтары мен жергілікті зиялы қауым қатысты.
Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық өкілдігінің төрағасы Серік Елікбай модераторлық еткен жиында дауылпаз Иса Байзақовтың қайталанбас болмысы, айрықша мазмұнға ие шығармашылық әлемі, ұлт руханиятына қалдырған көл-көсір мұрасы жан-жақты сөз болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Аманжол Әлтай ақынның айтыскерлік, суырыпсалмалық тұлғасы туралы тұшымды әңгіме рбітті. Ал Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Хатшысы,«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы,филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жақып ерекше мәлімет-ақпарға, тың ізденістерге толы баяндамасын алға тарта келе: «Сан қырлы талантымен аз ғана ғұмырында аңызға айналған Иса ақынның асыл мұрасы қазақ халқымен бірге жасай береді. Осында Иса поэмаларының кейіпкерлерінің атын алған Құралай, Қырмызы, Еркежан бастаған дүлдүл ақынның немере-шөберелері отыр. Біртуар тұлғаның 125-жылдық торқалы тойы баршамызға құтты болсын,ағайын!», – деп түйіндеді.
Ақын, аудармашы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақытжан Қанапиянов Иса Байзақов шығармаларының орыс тіліне аударылуы мен кеңінен тарауы жайында сөз қозғады.
Ақынның немересі Қырмызы Ертісқызы Байзақова «Иса Байзақов шығармашылығындағы әйелдер келбеті» тақырыбында құнды талдауларын орта салды.
Айтыскер ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Қойлыбай Асанов «Ақын, импровизатор Иса Байзақов шығармашылығының көркемдік ерекшелігі» туралы кең көлемді әңгіме өрбітіп, Иса ақынның әлемдік деңгейдегі есімін дәріптеу жөнінде тың ойларды көпшілік назарына ұсынды.
Қазақстан Республикасының Құрметті Журналисі Ғалия Балтабай «Иса Байзақовтың мұрасын зерттеу жұмысы туралы» баян ете келіп, тұлғаның есімін ұрпақтар есінде қалдыру бойынша бірнеше ұсыныс айтты.
Жергілікті оқу орны – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогика университеті ректорының міндетін атқарушы Бауыржан Сатыбалдұлы мерейтойға орай университет Иса ақын туып-өскен Ертіс ауданының биылғы 3 мектеп түлегіне оқу гранттары бекітілгенін мәлімдеп, керемет жаңалығымен бөлісті. Жақсыдан – шарапат, деген осындай-ақ болар деп түйді жұртшылық.
Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев Иса ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректермен бөлісті.
Дауылпаз Исаның өңірдегі мерейтойына қатысты іс-шаралар одан әрі жалғасын табуда. Туған жері – Ертіс ауданында жұртшылықты ерекше бағдарламалар күтіп тұр.
Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойынша арналған рсепубликалық конференция барысында жасалған баяндамаларды біздің сайттан оқи аласыздар.
«Aiqara.kz»