Қазақ руханиятының сан ғасырлық тарихы тағдыры күрделі, рухы биік, таланты қуатты, еңбегі мәңгілік елдің жүрегінде қалған ұлы тұлғалардың өшпес іздерінен құралады. Осынау айшықты шоғырдың ішінде Ертіс-Баян өңірінің әдеби мұрасында өзіндік өрнегін қалдырған, сан салалы өнерпаз Қабек Сағитовтың орны ерекше.

Ол ақын, жазушы, сатирик, драматург, айтыскер, публицист, сондай-ақ, ұстаздық пен ұсталық секілді көпқырлы қасиеттерді бір бойына тоғыстырған біртуар тұлға. Осынау сипаттар оның шығармашылық әлемін байытып, халқына қалдырған мол мұрасын айқындайды.

Ертіс өзенінің кең арнасы мен көк майсалы тоғайын мекендеген, бес таңбалы Қара Қыпшақтан тараған Әліп таңбалы Бұлтың руының атақонысы  Құдас ауылы – киелі топырақ. Бұл өңір – қазақ өнерінде өшпес із қалдырған дауылпаз ақын Иса Байзақов дүниеге келген киелі мекен.

Ал сол өнер ордасынан алыстамай, туған даласының топырағын басып, қуанышы мен мұң-шерін қағазға төгіп, думан үстінде суырып салып, домбырасымен дүлдүлше төгілген ақын Қабек Сағитұлы да – осы өлкеден түлеген, өнер желісін жалғастырғандардың бірі. Екі тұлға – бір өңірдің рухани тынысы, екі жүрек – бір арнадан нәр алған қос бұлақ іспетті.

Ақын Иса Байзақовтың өзі жазушы Сапарғали Бегалинге: «1918 жылдың бас кезінде «Құдас-Төбет» деген елдің ішіндегі Сағит деген ақынмен айтыстым. Тұңғыш айтысым осы… Сағит кексе, көпті көрген ақын…» деп сыр шерткені – осы өнер мектебінің тарихы. Журналист Мұхамеджан Дәуренбеков Қабек Сағитұлының өнерге деген құштарлығын бағалай келіп: «Сен кешегі дүлдүл ақын Иса жыр төккен ауылда дүниеге келіп… Сағит ақынның ұлы, алтынның сынығы едің», – деп тамырын дәл басуы да тегін емес. Иә, қанында бар бұл өнер – оның кейінгі бүкіл шығармашылық жолының бағдарына айналды.

1930 жылы Ертіс ауданының «Қызыл жұлдыз» ауылында дүниеге келген Қабек Сағитов сөз өнеріне бала кезден ынтық болып өскен. 1938 жылы М.Горький атындағы жеті жылдық мектептің табалдырығын аттап, оны 1945 жылы тәмәмдайды. Ал, 1945-1946 жылдары Павлодар қаласындағы агрономдық мектепке түседі. Алайда, тағдырдың жазуымен 1947-1949 жылдары денсаулығына байланысты оқуын тоқтатуға мәжбүр болып, үлкен сынақты бастан кешіреді.

Дегенмен, ізденімпаз жастың жігері сынбайды. Ол 1949-1952 жылдары оқуын Ертіс ауданы орталығындағы қазақ орта мектебінде қайта жалғастырып, орта білімді сәтті аяқтап шығады.

Мектеп қабырғасында жүрген шақтан бастап-ақ өлең жазып, ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, суырыпсалмалық қасиетімен ерте танылған Қабек Сағитұлы үшін бұл жылдар – тек білім алу ғана емес, ақындық дарынын шыңдаудың да уақыты болды. Десе де оның алдында сөз өнері арқылы халқына қызмет етудің жаңа жолы тұрды.

Қаламгердің әдебиетке алғашқы қадамы – сыни пікірлерді тыңдауға, жетілуге бейім ізденімпаздық жол болды. «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне алғаш түскен көлемді шығармасы жетілмеген тұстары үшін сыналып, кейін екі мәрте қайта түзелгені Қабек Сағитовтың қаламгерлік мінезін танытады. Бұл қасиет оның кейінгі прозалық, поэзиялық және драмалық шығармаларының сапасына әсер етті. Бұл туралы ақын Мүбарак Жаманбалинов өз естелігінде: «Әлі есімде, облыстық «Қызыл ту» газетінің мәдениет және тұрмыс бөліміне түскен хаттардың арасында соңғы бетіне дейін жазуға толы бір қалың дәптер де келді. Бұл 1957 жылдың жазы болатын. Дәптердегі махаббат тақырыбына жазылған ұзақ әңгімені оқып шыққаннан кейін (мен ол кезде «Қызыл ту» газеті редакциясының мәдениет бөлімінде істейтінмін) әжептәуір ойға қалдым. Әдебиетке жаңа ғана араласа бастаған жастың аяқ алысын, тырнақалды еңбегін ұзақ шығарма жазудан бастағаны несі екен? Сөйлемдері шұбалыңқы, сюжетінің арқауы босаң, әлсіздеу жазылған екен.

Алайда шығарманың өн бойында жылтырақ сөздер, тәп-тәуір суреттер, теңеулер жиі кездеседі. Келешекте үміт күттіретіні байқалып-ақ тұр. Жариялауға келмейтін бұл шығарма туралы пікір айтып хат жазғамыз. Соңынан біздің пікірімізге құлақ асып, ол осы шығармасын екі дүркін қайталап жөндеп шықты. Содан кейін оның редакцияға өлең, әңгіме, пьесса жазып тұруы жиілеп кетті. Бірақ олардың ішінде жарияланғандары өте сирек болып, автордың қаламын төселдіре беру үшін көп жұмыс істеуіне тура келді» – деп, жас қаламгердің шеберлігі мен кемшілігін бірге атап өтеді. Редакцияның пікіріне құлақ асқан Қабек Сағитовтың шығармасын қайта жөндеуі және кейіннен редакцияға өлең, әңгіме, пьеса жазып тұруы – оның қаламын төселдіруге деген зор талпынысын көрсетті.

Алпысыншы жылдары оның өлеңдері облыстық және республикалық басылымдарда жиі жарияланып, «Отанға», «Көктем», «Соғыс өрті болмасын», «Адамның өмірі» секілді туындылары оқырман жүрегіне жол тапты. Ақын табиғат поэзиясын, азаматтық лириканы, еңбек адамын бейнелегенде шынайылық пен қарапайымдықты басты құндылық деп білді.

Шығармашылықпен қатар, Қабек Сағитұлы білімін толықтыруды да назардан тыс қалдырмады. 1963 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтына түсіп, 1969 жылы оқу орнының толық курсын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша сырттай бітіріп шықты. Бұл қадам оның ақындық дарынын кәсіби біліммен ұштастырып, әдебиетке деген жауапкершілігін тереңдете түсті.

Жерлесіміздің әдеби ізденістері жалғыз поэзиямен шектелмеді. Ол – жасөспірімдер мен жастар тақырыбына арналған әңгімелер авторы, айтыс өнерінің облыстық деңгейдегі дамуына үлкен үлес қосқан суырыпсалма ақын. 1970-ші жылдары айтыскер ақын Қимадиден Нығымановпен, Зекебай Солтанбаевпен айтысқан жыр жолдары «Қызыл ту» газетіне жарияланып, екі ақынның тапқырлығы мен азаматтық ұстанымын жарқырата көрсетті.

Қабек Сағитұлы драматургияға да қалам тартқан. Иса Байзақовтың жастық шағына арналған «Айқас» атты пьесасы республика драматургтері тарапынан оң баға алып, есімі қазақ даласына кеңінен тарай бастады.

Қаламгердің тағы бір қыры – өткір тілші, сатирик ретіндегі еңбегі. «Кереку сонасы» бұрышындағы фельетондары, ауыл арасындағы кемшіліктерді батыл сынауы – оның қоғам алдындағы адалдық ұстанымын аңғартады. Әділ сөзден таймайтын бұл мінезі кейде өзіне қиындық әкелсе де, Қабек Сағитов қаламын таза ұстады, сөзін халық мүддесіне арнады.

Ұстаздық жолы да оның өмірінің маңызды бөлігі болды. Талай шәкіртке білім беріп қана қоймай, туған жерінде Иса ақынды оқытуға алғаш қадам жасаған жандардың бірі болып, мектеп бағдарламасына «Исатану» сабағын енгізді. Бұл – рухани мұраға деген құрметтің, ұлттық құндылықты ұлықтаудың бір үлгісі.

Қабек Сағитов қысқа ғұмырында мол мұра қалдырды. Оның өлеңдері – жүрек жылытар мөлдір сезімнің, азаматтық парасаттың айнасы; әңгімелері – адамгершілікке үндейтін көркем ойдың жемісі; публицистикасы – қоғамның кереғар құбылыстарын батыл әшкерелеген шыншыл сөз; айтыстары – зеректіктің, тапқырлықтың, өнерпаздықтың көрінісі.

 

Абзал РЫМБЕК,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий