
Бүгін Достық үйінде конституциялық реформаны түсіндіруге арналған Павлодар облысы активінің кеңейтілген отырысы өтті. Кездесуге облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Отырыста 31 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы талқыланды.
Өңір басшысы жаңа негізгі заңның әзірленуі кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың нәтижесі болғанын атап өтті. Қоғамдық талқылау барысында азаматтардан, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінен түскен 2000-нан астам бастама жиналып, талданды.
– Сіздердің әрбіріңіз мәтінмен мұқият танысты деген сенімдемін. Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттік құрылымның барлық жүйесін қайта қарастыру жолындағы тарихи қадам, жекелеген өзгерістерден түбегейлі жаңа негізгі заң моделін жасауға көшу, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімі жаңартулардың едәуір бөлігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге және қорғауға, сондай-ақ саяси жүйені терең институционалдық трансформациялауға бағытталғанын атап өтті. Алғаш рет конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» құндылық бағдарлары мен «Заң және Тәртіп» қағидаты бекітілді, бұл жауапты әрі әділ мемлекеттік басқару бағытын көрсетеді.
– Адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Қоғамдық татулық пен тұрақты дамудың негізі ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға айрықша мән берілген. Мәдениет пен білім, ғылым мен инновациялар болашақтағы басым бағыттар ретінде белгіленді, ал қоршаған ортаны сақтау жауапкершілігі жалпыұлттық құндылық ретінде бекітілді, – деді өңір басшысы.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына Павлодар облысының өкілдері де кірді: облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким және қалалық мәслихат депутаты Гүлзира Атабаева.
Талқылау барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі жаңалықтары жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко негізгі заңның жаңа редакциясын талқылау процесі шамамен жарты жылға созылғанын айтты.
– Өткен жылдың қазан айынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімінде азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық бірлестіктерден жүздеген ұсыныс түсті. Талқылау Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан кейін басталды. Негізгі өзгерістерді үш бағытқа топтастыруға болады: мемлекеттің адамға бағдарлануы, шикізаттық модельден адами капиталды дамытуға көшу және саяси жүйені жаңғырту, – деді ол.
Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының басшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Аманбаев Конституция жобасында Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапқанын атап өтті.
– Заң жобасын талқылау кезінде өңіріміздің әрбір тұрғыны ел болашағына бей-жай қарамай, өз пікірін білдіруі тиіс. Баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын, – деді ол.
Сондай-ақ ол соңғы үш жылда Павлодар облысы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды көрсетіп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының сенімінің бір дәлелі ретінде Құрылтайда берілген тапсырманы атауға болады: Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру, сондай-ақ өңірдің энергетикалық әлеуетін цифрлық нарыққа бейімдеуге бағытталған Ұлттық көмір өндіру орталығын қалыптастыру, – деп атап өтті Болат Аманбаев.
«Торайғыров университеті» КЕАҚ ректорының міндетін атқарушы, PhD докторы Салтанат Әубәкірова жаңа Конституция мәтінінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар алғаш рет мемлекетті дамытудың негізгі басымдықтары ретінде нақты бекітілгенін айтты.
– Мемлекет адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуға басымдық беріп отыр. Алғаш рет конституциялық деңгейде азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау бекітілді. Қазақстан зайырлы мемлекет болып қала береді, бұл барлық азаматтардың теңдігін және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді Салтанат Әубәкірова.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, «Торайғыров университеті» КЕАҚ әлеуметтік ғылымдар магистрі Борис Поломарчук қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған нормаларға назар аударды:
– Кемсітушілікке тыйым салу, адамның қадір-қасиетін қорғау, әркім өзінің ана тілін және мәдениетін пайдалану құқығы. Әралуандық – біздің ортақ байлығымыз, ал оны құрметтеу қоғам бірлігінің негізі, – деп түйіндеді ол.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Аққулы ауданының БЖСМ директоры Дулат Абетжанов Қазақстанның әрбір азаматы негізгі заңды жаңартудың маңызын түсініп, азаматтық жауапкершілік танытуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары мен айтылған ұсыныстары үшін алғыс білдірді:
– Жаңа Конституция тәуелсіздіктің символы ғана емес, мемлекеттің қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілігінің құралына айналып отыр. Соңғы шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Осы өзгерістердің мәні мен маңызын өңірдің әрбір тұрғынына жеткізу біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Отырыс қорытындысы бойынша Павлодар облысының активі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын толық қолдайтынын білдіріп, оны түсіндіру мен қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
