Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан Университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық меретойы аясында «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық ақындар мүшәйрасы өтті.
Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен, Әлихан Бөкейхан Университеті, Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалы және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жыр додасына Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия елдерінен 80-ге жуық ақын өз шығармаларын жолдаған.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор Дүйсебай Шаштай, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ербол Алшынбай және Қазақстан Жазушылар одағының Абай облысты филиалының төрағасы, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, ақын Мерей Қарт құраған әділ қазылар алқасы мүшәйраның ұйымдастыру комитетіне өлеңдерін жіберген 80 ақынның 8-ін шешуші кезеңге шақырды.
Көрермен қауым алдында өз туындыларын оқыған ақындар Абай ұлағаты мен қазақ болашағы туралы ой толғамдарын тебірене жеткізді.
Қазылар алқасы мүшәйра жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтап, оларды арнайы дипломдармен және қаржылай сыйақылармен марапаттады. Бас жүлдені ақын Ұмтыл Зарыққан (Астана) иеленді. Бірінші орын Нұрбек Кеңесбайға бұйырды (Астана). Екінші орынды белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақып (Алматы) иеленді. Үшінші орын жас ақын Дәурен Тілеуханға (Түркістан) бұйырды.
Жерлесіміз, Май аудандық мәдени-сауық орталығының қызметкері Ерлан Аманқожа «Жас Абай» аталымымен марапатталды. Ал, өзге де арнайы номинациялардың иегерлері төмендегідей: «Көрермен көзайымы» – Бауыржан Игілік (Семей), «Ерекше қонақ» – Қуаныш Оспан (Көкшетау), «Жылы жүрек» – Әлия Іңкәрбекке (Алматы) бұйырды.