Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты маңызды мәдени жоба аясында әдеби форум және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асқан жоба барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің бірқатар архивтерінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтады. Нәтижесінде 15 ғылыми-шығармашылық еңбек дайындалып, көпшілік оқырманға ұсынылды.
Жазушылар форумына Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов төрағалық етті. Форумға белгілі ақын-жазушылар Нұрдәулет Ақыш, Момбек Әбдіәкімұлы, Ділдар Мамырбекова, Серік Елікбай, Қайырбек Кемеңгер, Серік Сағынтай, Серікбол Хасан, Қанат Әбілқайыр, Қарлығаш Әубәкірова, Әлібек Байбол, Өміртай Еділханұлы, Алтынбек Құмырзақ, Бауыржан Мырзақұл, Біржан Ахмер, Елдос Тоқтарбай, Қанат Алтынбек қатысты.
Форум аясында авторлар өз еңбектерінің маңызын, архивтік деректердің әдебиет пен тарихқа қосар үлесін таныстырды. Зерттеу еңбегі туралы ашық талқылаулар тыңдалып, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, Ресей Федерациясынан арнайы келген қаламгерлер – ақын Полина Соколова-Шартон (Новосібір қаласы), балалар жазушысы Елена Мамонтова (Екатеринбург қаласы), жазушы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Ресей әдебиетшілер одағының жетекшісі Михаил Кохнович және «Омбы қазақтары» газетінің редакциясының қызметкері Сара Мунаева болды.
Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, мұндай жобалар мен жиындардың ел руханияты үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін біз қазақ әдебиеті үшін ерекше мәні бар маңызды сәттің куәсі болып отырмыз. «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жарық көрген жаңа еңбектердің тұсаукесері – біздің рухани әлемімізді байытып қана қоймай, қазақ әдебиетінің ғылыми негізін тереңдететін игілікті қадам екені анық. Осы бір айтулы оқиғаның біздің өңірде орын алып отырғандығын ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Бұл жобаның жүзеге асуы – мемлекет пен қаламгер қауымның бірлескен еңбегінің, өзара сенім мен серіктестіктің айқын белгісі, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Әдеби форумда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов жобаның ұлттық әдебиет пен тарихи сананы жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, архивтік зерттеулердің қазақ руханияты үшін құндылығына тоқталды.
– Бұл ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты: ТМД елдері архивтеріндегі зерттеу жұмыстары нәтижесінде жарық көрген жаңа еңбектерді көпшілікке таныстыру; Қазақ әдебиетінің ғылыми базасын кеңейту; Архивтік деректерді әдебиет пен зерттеушілік қызметке енгізу; ТМД елдері арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды нығайту екендігін атап өткім келеді. Бұл ірі жобаға 15 елге барып, сол елдердің архивтеріндегі қазаққа қатысты құнды деректерді іздеп, танысып, сол бойынша зерттеу кітаптарын жазған 15 зерттеуші-жазушылардың кітаптары оқырманға жол тартты. Аз уақытты қамтыған, үлкен жобаның аясында жазылған еңбектер қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына қатысты тың дүние, жаңа деректер мен ақпараттарды қамтыды., – деді Қасымхан бегманов.
Павлодарлық қаламгерлер Ғабит Сапаров, Юрий Поминов, Рашид Бектеміров және Қасымхан Бегманов кітаптардың тұсаукесер рәсімін жасады.

Аталған жоба мен әдеби форум ұлттық әдебиет пен тарихты терең зерделеуге бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде жоғары бағаланды.
Жиын соңында Қасымхан Бегманов Қазақстан мен Ресей жазушылары қатысқан форумның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликоваға, Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға, жазушы Серік Елікбайға алғыс білдірді.
ПІКІРЛЕР ТОҒЫСЫ:

Ақын Өміртай Еділханұлы:
– Жаңа 15 кітаптың ішінде менің де жазған әдеби-танымдық зерттеу еңбегім бар. Еңбекте Еділ бойындағы ежелгі мәдениет пен білім ордаларының қалыптасу тарихы, олардың ұлттық сана мен ағартушылық дәстүрді дамытудағы рөлі кеңінен ашылып, Еділ бойында өмір сүрген жыраулар шығармашылығы әдеби тұрғыдан талданып, жырлардағы елдік рух пен тарихи сана көркемдік қырынан пайымдалған. Алаш қайраткерлерінің Астрахан топырағындағы ағартушылық және қоғамдық қызметі нақты архивтік деректер арқылы баяндалып, олардың мұрасын ұлт руханиятының алтын арқауы ретінде ұсынып отырмын.

Зерттеуші Алтынбек Құмырзақ:
– Ауқымды жобаға біз де үлес қосып, «Науан хазірет – күрескер тұлға» (Науан хазірет Таласұлының өмірі мен қызметі хақында) деген 19 баспа табақ зерттеу еңбегім жарыққа шықты. Еңбекте күрескер, дін қайраткері, ағартушы, ұстаз Науан (Наурызбай) хазірет Таласұлының өмірі мен қызметі, ататегі мен отбасы, ұрпақтары туралы құнды деректер қамтылды. Зерттеуде Омбы облыстық мемлекеттік архиві (ООМА), РФ Мемлекеттік архиві (ГАРФ), ҚР Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА), А.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік ғылыми кітапханасының қорындағы бағалы деректер кәдеге жарады. Алаш қайраткері, ағартушы, ұстаз, дін ғұламасы Науан хазіреттің есімін жаңғыртуға, ғылыми-зерттеу жүргізуге «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы мұрындық болды.

Жазушы Елдос Тоқтарбай:
– Мен тұңғыш газет туралы «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» деген роман-хроника жаздым. Хроникалық романның жазылуына кеңесші болып, дерек берген филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, эссеист, Шәңгерей мен Ғұмар мұрасын зерттеуші марқұм Мақсат Тәж-Мұрат ағама және ақын, алаш мұрасын және «Қазақстан» газетін зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлы ағама, сосын Бакудегі аға-досым тарих ғылымдарының докторы, профессор, тағиевтанушы Фархад Джаббаров айрықша алғыс айтқым келеді.
Баку сапарында жәрдемі тиген тектанушы Алия Сагимбаева апайым, Түркі әлемі жас жазушылары одағының Басқарма төрағасы, ақын İntiqam Yaşar досым, филология ғылымдарының докторы Ағахусейін Шүкіров, тарих ғылымдарының докторы Gullu Yologlu апайым, Әзербайжан Республикасы Ұлттық тарих музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Найля Велиханлы, Нариман Нариманов мемориалдық музей-үйінің директоры Камиля Гусейінова Әзербайжан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, профессор Керим Тахиров, Әзербайжан Республикасы Ұлттық архив басқармасының басшысы Атахан Пашаев сынды азаматтарға шын жүректен ықыласымды білдіріп, Тәңір жарылқасын айтамын!
2022 жылғы 30 маусымда ақын Алпамыс Файзолла досым Оралда өтетін үйлену тойына арнайы шақырды. Оралға тойға барамын деген жоспарымды Түркияның астанасы – Анкарада бір бөлмеде тұрған әріптес Қанат Жәкенов досыма айтып ем, ол мені Бөрілі, Сырым, Қаратөбе аудандарын аралап, асықпай ел мен жер тарихымен танысуға шақырып, үлкен мүмкіндік тудырды. Сол кезде «Қазақстан» баспаханасы орналасқан Хохлачевтің үйі аталған ғимаратты көріп, ескі қабырғасын сипап, өткенмен сырласып, Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен облыстық архив және облыстық Өлкетану музейі қорындағы Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйраұлы, Ахметқали Мәметұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, «Қазақстан» газетіне қатысты құжаттармен танысып, көшірмелерін алдым.
Осы сапарда «Қазақстан» газетінің кітаптық нұсқасын даярлаған белгілі өлкетанушы, ұлт руханиятының үлкен жанашыры Жантас Сафуллин ағамен таныстым. Ағам маған өңір баспасөзінің тарихына қатысты шығарған кітаптарын сыйлаған-тын. Міне, осының бәрін әуелден тағдыр дәптеріме жазылған Жаратушымның сыйы деп сездім.

Жазушы Қанат Алтынбек:
– Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе жүзеге асырған «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты ауқымды жоба аясында Қырғыз еліне, нақтырақ айтқанда, Бішкек шаһарына арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін барған едім. Бір апта бойы қырғыз архивтері мен сирек қор кітапханаларында отырып, шаң басқан деректерді ақтарып, тарих қойнауында қалған талай құнды дүниелермен жүздестім. Сол сапардың, сол тынымсыз еңбектің нәтижесі — бүгін тұсауы кесілген «Біртұтас Алатау аспаны» атты әдеби-зерттеу еңбегі. Қырғыз архивтері мен сирек қорларда сақталған деректерге сүйене отырып жазылған бұл зерттеу еңбегінің тілі жеңіл, мазмұны бай, оқырманға берері мол болады деп сенемін.

Ақын Бауыржан Мырзақұл:
– Шетелдердегі, соның ішінде ТМД елдеріндегі архивтер мен ғылыми кітапханаларда сақталған қазақ халқына және қазақ әдебиетіне қатысты құнды мұраларды іздестіріп, зерделеуге мүмкіндік жасағандары үшін министрлік пен Жазушылар одағына ерекше алғыс айтамыз. Бұл бастама – ұлттың тарихи жады мен рухани мұрасын жаңғыртып, ғылыми айналымға тың деректер енгізуге жол ашқан игі қадам деп білеміз. Ресейдің Астрахан өңіріне қатысты жазылған «Еділ, Жайық – екі су…» атты еңбегіміз сол өлкені мекендеген қазақтардың рухани өмірін, тұрмыс-тіршілігін, өнері мен баспасөзін, ағартушылық дәстүрін жан-жақты таныту мақсатында жазылды.
