Несіпбек АЙТҰЛЫ
Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың ғасырлық мерейтойына арналған әдеби кеште, қаламгердің шәкірті, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы «Мұзарт Мұзағаң» мақаласын Ертіс-Баян өңіріндегі оқырманға арнайы жолдайтынын айтқан болатын. Қаламгер уәде еткендей, жиырма жыл бұрын жазылған мақаласын хат-қоржынымызға салып жіберді.
2003 жыл «Астана ақшамы» газетінде жарияланған мақала Мұзафар Әлімбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналыпты.
Сексеннің сеңгіріне шыққанға дейін қолынан қаламын бір сәт түсірмеген, қиялмен қиянды шарлап, тұңғиық ой тереңінен сөз маржанын терген марғасқа Мұзағаңның (Мұзафар Әлімбаев) шәкірті болып соңына ергеніме табаны күректей отыз жылдың жүзі болыпты. 1973 жылы Қазақ университетінің журналистика факультетінің ІV курсында оқи жүріп, Мұзағаңның шақыруымен «Балдырған» журналына қызметке келдім. Көп өтпей 50 жылдық мерекесі тойланды. Мерекелік жиналыс Қазақстан Жазушылар одағының сол жылы ғана салынып біткен, осы күнгі мәжіліс залында өтті. Мерейтойды алғаш көруім. Залда ине шаншар орын жоқ. Студент-жастар жағы иін тіресіп түрегеп тұрды.
Салтанатты мәжілісті Сырағаң (Сырбай Мәуленов) басқарып, баяндаманы Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) жасады. Жиналған жұрттың ақынға деген ықыласы ерекше болды. Қалың құттықтаулардан соң сөз той иесіне тиді. Жанары жарқылдап, жүзі бал-бұл жанған ақын ширақ басып мінбеге көтеріліп, халқына ризашылығын білдіргеннен кейін бірнеше өлең оқыды:
Мерт болды ер.
Жүзі оның күліп қапты,
Туған жер ыстық қанын суытпапты.
Ырғағын қағып алып жүрегінің,
Сағаты қолындағы жүріп жатты.
Өзі бастан-аяқ кешіп өткен қан майдан туралы қаншама өлең жазды. Алайда бүкіл майдан суреті сыйып тұрған осы бір жалғыз ауыз өлеңнің орны айрықша. Өлеңді мен де іштей күбірлеп, қосыла жатқа оқып тұрдым. Өйткені мектеп қабырғасында жүргеннен жатқа білетінмін. Өлең өлкесіне алғаш қанат қағып, шарқ ұрып ізденіп жүрген шағымда Мұзағаңның кітабы алғаш қолыма түсіп, басыма жастап оқығаным бар. Сонда көкейіме мөрдей басылып қалған жырлардың бірі – осы өлең еді. «Өзі де осы өлеңін жақсы көреді екен-ау» деп ойладым мен іштей. Өлең ары қарай оқылып жатты. Менің көз алдымда қайғы мен қуанышы қат-қабат түсіп жататын өмірдің қилы суреттері кезек алмасып, көңіл түкпіріне құйын үйіріп тұрды.
Өмір сонша ала қолды болар ма?!
Біреу тойда… миллиондар боранда…
«Он сегізде… оңдырдым он сұлуды…» –
Деп лепірін тылда біреу жүрулі.
Он сегізде он танкіні қиратып,
Отыр солдат он тал мұртын ширатып.
Өмір сонша ала қолды болар ма?
Біреу тойда, миллиондар боранда…
Қысқа да шымыр өлең. Бірақ қысқа өлеңнің бойынан бес жылға созылған ұзақ-сонар сұрапыл соғыстың қыруар қайғы-қасіретін көруге болады.
Мұзағаң әдебиетке біздер сияқты мектеп қабырғасынан емес, ажалдың аузынан – майдан төрінен келді. Сондықтан да оның майдан жырлары өзінің майдандас, қаламдас ДОСы Сырбай Мәуленов жырларындай жалын шарпыған ойларға толы. Жас ақынның сызды окоптарда туған тырнақалды туындыларының өзінен ерте есейген азаматтық үн аңғарылады. Майдан жырларының ішіндегі ең шоқтықтысы – «Ту тіккен» поэмасы. Берлинге жеңіс туын тіккен қазақ Рахымжан Қошқарбаев ерлігі туралы бұл поэма – шебер қолдан шыққан шымыр туынды. Оқ жауып тұрғанда жүз қадам жерді бауырымен жылжып өткенше жүз жылдай көрінген қиямет сәтті ақын өте ұтымды да нанымды бейнелеген.
Елінің өткені мен ертеңіне терең үңіле білген ақын ұзақ жылғы шығармашылық ғұмырда бірде бетін, бірде сыртын беріп, мың құбылған алмағайып кезеңдерде де өзінің азаматтық биігінен төмендеген жері жоқ. Ұлтының ұлы бола білді. «Менің Қазақстаным» поэмасы да өз заманының шындығын шырқата жырлаған, халықтың өмірге, болашаққа деген сенімін арқалаған кемел шығарма.
Қозы ұстап, қой қайырып, құлын мініп,
Қырынан жидек теріп, гүлін жұлып,
Тілдіріп табаныңды қияғына,
Өскен жер қаршадайдан сырын біліп.
Кім білер ел қадірін есі кірмей,
Туған үй өз босағаң, есігіңдей.
Туған жер – жайлы төсек көзің жұмсаң,
Бөпе боп тұңғыш жатқан бесігіңдей.
Ақын уақыт үкіміне бағынып, саясат шылауында кетпейді. Тереңнен толғап, көкейіндегі көрікті ойдың реңін аша, құлпырта суреттейді. Жалпы эпикалық жанрға 1958 жылы «Құрбымның күнделігі» атты тұңғыш поэмамен құлаш ұрған ақын «Естай – Қорлан» поэмасында еркін көсіледі. Махаббат мұңын мөлдірете жырлайды. Елуден астам кітап шығарған Мұзағаң әдебиеттің қай саласында болсын өнімді еңбек етіп, ерлік үлгісін көрсетті. Қазақ өлеңінің көшін қара нардай өрге тарта жүріп, балалар әдебиетінің де іргетасын бекітуге атсалысты: ауыз әдебиетін зерттеді; ән-өлеңдер, жүздеген эссе, сын мақалалар жазды; мақал-мәтелдер шығарды. Ақынның тереңнен маржан сүзгендей талмай ізденіп тапқан әдеби олжалары келешекте талай зерттеушілердің көз майын тауысары анық. «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Мың бір маржан», тағы басқа көптеген кітаптары – әдебиет қазынасына қосылған құнды еңбектер.
Зады, Мұзағаң – ойшыл ақын. Өрнекті сөздің кестесін құлпырта әшекейлеуге, әр тіркесті майдан қылшық суырғандай епті қолдануға, тіл тазалығы үшін күресуге келгенде ерекшелігімен көзге түседі. Қазақ өлеңінің хас шеберлерінің бірі Мұзафар Әлімбаевтің шығармашылық шеберханасынан шалағай бұйым шығып көрген емес. Көбік ой, көпірме сөзден аулақ.
Теңіз де тартылады,
Мұхит та сарқылады.
Құлайды орман-тоғай,
Қирайды орда-сарай.
Жер болып тау шөгеді,
Жайқалған бау семеді.
Көз жастан қақ қалады,
Сонда не сақталады?
Мәңгілік сөз қалады,
Қозғайды, қозғалады.
Өтерміз біз де бір кез,
Қалар ма бізден бір сөз?
Ықылым заманнан бері мынау опасыз жалғаннан кімдер өтпеген? Дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Бәрі де өзгереді, бәрі де өшеді. Өшпейтін, өзгермейтін – сәулелі сөз ғана дейді ақын. Расында да, соңында бір сөзі қалған адамда арман бар ма?! Ал Мұзағаңдай мұзарт ақындардан бір емес, мыңдаған сөз қалатынына өз басым кәміл сенемін.
Мұзағаң балалар әдебиетінің қарашаңырағына айналған басылым – «Балдырған» журналында ашылған күннен бастап, отыз жылдан аса бас редактор болды. Осы жылдар ішінде қазақ балалар әдебиеті аршындап өсті. Қаншама шәкірттер дайындады. Бүгінде балалар поэзиясының классиктері атанып жүрген ақындардың көбі Мұзафар мектебінің түлектері десек артық айтқандық емес. Әнуарбек Дүйсенбиев, Қадыр Мырзалиев, Жақан Смақов, Қабдікәрім Ыдырысов, Мүбәрак Жаманбалинов, Құрманбай Толыбаев, Сұлтан Қалиев, Жәнібек Кәрібозин, Ермек Өтетілеуов, Бейсебай Кірісбаев, тағы басқалар Мұзағаңның ықыласына бөленді. Өзі де жазып, өзгеге де жаздыра жүріп, ойдым-ойдым тоғайдан балалар әдебиетін көз жеткісіз көк орманға айналдырған бағбан болды.
Талмай іздену, уақытты бос өткізбеу – Мұзафар ақынның басты қасиеті. Әр минуттың қадірін білу де кемеңгерлік екенін Мұзағаңа қарап білесің. Өзі шығарғанын былай қойғанда, Мұзафар Әлімбаев жинаған, аударған мақал-мәтелдер – қазақ халқымен бірге жасайтын бірегей дүниелер. Осы күні кімде-кім мақал-мәтелден мысал келтіру керек болса, Өтебай Тұрманжанов пен Мұзафар Әлімбаев жинаған жауһар қазына қоймасына қол созатыны да сондықтан.
Әйгілі әншілеріміздің аузынан күн сайын шырқалып жүрген көптеген әндердің өлеңін де Мұзағаң жазғанын әрқашан мақтаныш етеміз. «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Өзің де, жігіт, қызықсың», «Маралдым» әндеріне жазылған өлеңдер тыңдаған сайын тамсандыратыны сөзсіз.
Сан қырлы талант иесі, сөз өнерінің кемел қариясы – сыр-дариясы Мұзағаңның шалқар шығармашылығын бір мақалада түгел қамтып, зерделеп шығу мүмкін емес болғандықтан сөз аяғын өлеңмен түйіндеуді жөн көрдім.
Қайық боп суға түстің де,
Кеме боп тарттың жағаға.
Тулаған толқын үстінде
Талайды көрдің, жан аға!
Айырып ерте есебін,
Өмірден әкең сырғыды.
Жетімдік деген көшенің
Болып та көрдің тұрғыны.
Емес қой, сірә, жастық шақ
Қызулы жардың төсегі.
Аузынан бүріккен от бұршақ
Соғысты көрдің кешегі.
Алдыңды қанша орады
Арпалыс өрті сұғынып.
Жылдардың дауыл, бораны
Кеудеңде жатыр бұғынып.
Тереңнен тартып толғаған,
Аңғартып сырды азырақ,
Қақпаңды ашсаң,
Сол боран
Соғардай қайта азынап.
Төгесің шуақ ал бірақ,
Ызғарын қыстың жасырып.
Жайнайсың гүлдей албырап,
Мерейін жырдың асырып.
Жан бар ма уақыт жаншымас,
Жырыңмен асқақ, заңғарсың.
Көзіңде тұнса тамшы жас,
Оныңды кімдер аңғарсын?!