(Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылық мұрасының интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызы)
«…Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» дейтін Жүсіпбек сөзі – қай кезде, қай заманда болсын алдымызда жанған шырақ. Алау, жалын деп пафосқа ерік бермейін. «Үп етіп жел соғып», сол шырақ жалп етіп өшуі де мүмкін. Жо-о-оқ, оған жол бермейміз деп жанталассақ жақсы. Сол жанталасымыз құр сөз, жалған намыс болмаса, тіпті керемет!
Қош, Жүсіпбек айтқан кешегі оқығандар, бүгінгі заманның интеллектуалды тұлғасы. Ол – өзін-өзі таныған, үнемі дамып отыратын, ғылым-білімді толық игерген және үнемі оған басымдық беретін, өз тілін құрметтейтін және озық тұрған жұрттардың тілін меңгерген, ақыл-ойы қалыптасқан, санасы ашық азамат. Ұлтты жеке тұлғалар құрайды, сондықтан әр адамның өресі биік, өрісі кең болғаны жөн. Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда, өрені өсіретін негізгі күш-құрал – жалпы алаштықтардың, оның ішінде жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылық мұрасы.
Адам, алдымен, өзін-өзі тануы керек. Ол үшін психологияны меңгеруі шарт. Бұл ретте Жүсіпбек Аймауытұлының 1926 жылы шыққан «Психология» (Қызылорда-Ташкент, «Псиқолоғия» кітабы өз кезеңінде де, бүгінгі уақытта да аса маңызды, әрі қажетті еңбек ретінде бағаланады.
Жүсіпбек аталған кітаптағы «Ірі адамдардың маңызы туралы» зерттеуінде Энгельстің сөзін алға тартып, «…өз заманында Цезарь, Август, Кромуэль тағы басқалар шыққан. Заманына олар керек еді», – дейді. Жаугершілік, аласапыран, соғыс, талас-тартыс заманында адамзат баласына жолбасшы болған қолбасшы, стратег, батыр, ойшыл тұлғалар секілді, бүгінгі ғылыми майдан заманының керек еткені – интеллектуалды тұлға.
«Ондай тұлға қалай қалыптасады?» деген сұрақ өздігінен туындайды. Жауабы көп әрине, солардың бірі – оқу-тәрбие барысында Жүсіпбек Аймауытұлы шығармаларын барынша пайдалану. Жазушы «Тәрбие мен амал» мақаласында: «Өмірге пайдасыз білімнің білім сәндігі жоқ. Олай болса псиқолоғия білімі де тәрбиеге пайда келтіретін болуы керек. Тәрбиенің түпкі мақсұты не деген сұрауға келсек, сарқып келгенде, тәрбиенің мақсұты: адамды маңайындағы табиғат төңірегіне, әлеумет төңірегіне ыңғайласуға ықпал беретін құрал-күш жасап беру. «Тәрбиесіз» адам өмірде әрбір жаңа күйге ұшыраса берекесі кетіп, рәсуа болады. Ал, «тәрбиелі» кісі жадына сіңірген өнегелер, дерексіз ұғымдар арқасында бұрын ұшырамаған халге түссе де, шара табуға оңтайлы келеді…», – деп жазады.
Жүсіпбек әлемдік өркениет тәжірибесіне арқа сүйейді. Дамыған заманның адамы қандай болатынын нақты мысалмен көрсетеді. «…«Оксфорт» (Ағылшынның ескі университеті) өзінің студенттеріне не білім береді?» деп сұрағанда, бір профессор: «Ағылшын жентелмені» (азаматы) қандай болу керек болса, Оксфорт сондай жентелмен болатын окуды үйретеді» деп жауап берген. …Ағылшын жентелмені сегіз қырлы, «бес аспап» деп айтуға болады. Өмірде адам қандай күйге түспейді, адамның басына не келіп, не кетпейді? Соның бәрінде не істейтіндігін ағылшын жентелмені күн бұрын біледі…». Ендеше, қазақтың интелектуалды тұлғасы да әйгілі ағылшын жентелменінен бір мысқал кем болмасын! «Кем болмау үшін не істеу керек?» десеңіз, тағы Жүсіпбек жауап береді. Ол «Әдет заңы» мақаласында былай деп жазады: «…балаға пайдалы амалды жасынан бойына жапсырып, зиянды істен ерте бастан сақтандыру керек…»; «…Бір нәрсені істеуге талаптанғанмен, оны істеуге белді байлағанмен, мида із қалмайды, қозғалыс сезімі басталып, ол нәрсе іске асқан кезден былай мида із қалады. Мида ізі жоқ нәрсе әдет болмайды…»; «…Игілік арзанға түспейді, көп еңбектің, көп күштің құнымен қолға түседі. Біз күнде ертең, күнде ертеңмен жүргенде, уақыт өтеді, игілікті ала кетеді…»; «…Күнін босқа өткізбей, таза пайдаланған жас жігіт тәрбиесі нанымды жеміс беруіне күдіктенбесін, еңбекпен алған тәрбие, қай түрлі болса да, берік болмақ, ерінбей еңбек еткен жас, күндердің күнінде замандастары ішінде жетік кісі болуында сөз жоқ…».
Осы аталған пайдалы амалдарды әдетке айналдырып, көп еңбекке күш жұмсап жүрген жалынды жастардың, дарынды жастардың бірі – «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Жаңа көзқарас» пікірсайыс мектебінің жетекшісі Шыңғыс Молдасапар. Мен бұл азаматпен жиі пікірлесемін. Ол да мен секілді Аймауытұлы еңбектерінің қазақ халқының зияткерлігін қалыптастырудағы рөлі мен құндылығы өте зор деп есептейді.
– Жүсіпбек атамыздың ұлтына деген шынайы махаббаты мен білімге деген көзқарасы шығармаларында айқын көрініс тапқан. «Өтірік айтпа, қиянат қылма, адал бол, ақжүрек бол, өзің үшін оқыма, мен үшін де оқыма, ұлтыңа қызмет қылып, пайда тигізу үшін оқы!» деген сөздері оның ағартушылық көзқарасының негізін айқын көрсетеді. Бұл сөздер жастарды жеке бас мүддесінен гөрі, қоғамдық және ұлттық құндылықтарды жоғары қоюға, ұлтқа қызмет етуге шақырады, – дейді Шыңғыс
Мен замандасымнан «Психология» оқулығының өміріміздегі өзектілігі туралы сұрадым. Ол былай жауап берді:
«Бұл еңбек қазақ зиялылары арасында психология саласындағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Ол адамның жан-дүниесі мен оның ерекшеліктерін сипаттап, тұлғаны тәрбиелеу және дамыту жолдарын ұсынды. Бұл еңбектер қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтпаған, себебі тұлғаның жан-жақты дамуы мен психологиялық қолдауы зияткер ұлт қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар, Аймауытұлының биология мен адамның ішкі және сыртқы қасиеттері туралы еңбектері оқушыларға ғылымды түсінікті тілмен жеткізе білуінің тамаша үлгісі дер едім. Оның еңбектерін қазіргі оқулықтардан ерекшелейтін басты себеп – ол тек ғылыми білім беріп қана қоймай, білімді тәрбиелік мәнмен ұштастырған. Мәселен, адамның тәні мен жанын дұрыс күтудің қажеттілігі туралы түсініктер арқылы ол жас ұрпақты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды».
Шыңғыс қоғамдық өмірде де, пікірсайыс кезінде де Жүсіпбек Аймауытұлы шығармаларына ерекше басымдық береді. Себебі ол Жүсіпбек мұрасы – білім мен адамгершілік құндылықтарын біріктіріп, ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған үлкен қазына деп таниды. «Оның шығармаларын оқи отырып, білімді ұлтты қалыптастыратын негізгі қағидаларды түсінуге болады: адалдық, еңбекқорлық, білімге деген құштарлық және ұлтқа қызмет етуге деген ұмтылыс. Осы қағидаларды ұстану арқылы ғана шынайы зияткер ұлтты қалыптастыру мүмкін болады», – дейді жас маман.
Еңбекқорлық туралы айтқанда, қазір басты қажеттілікке айналған тайм-менеджмент ұғымын елеусіз қалдыруға болмайды. Себебі Жүсіпбек: «…Дүниеде анаған бір, мынаған бір жалтақтап бос қиялдан арылмай, өмір бойы «ой, бәрекелді!» дегізерлік бір іс ете алмаған, сары уайыммен, байбаламмен күні өткен езден жаман адам болмайды…», – дейді. Бұндағы «жаман адам» – алтыннан қымбат уақытын босқа ысырап еткен кісі. Біз уақытты тиімді жоспарлап, басқару дағдысын әдетке айналдырғанда ғана жаман адам болудан сақтанамыз. Ақпарат тасқыны қарқынды, тәулік сайын түрленген технологияға толы бүгінгі заманда уақыт үнемдеу ауадай қажет.
Ғылым мен білімде тәжірибе жинақтап үлгерген зерттеуші маман пікіріне құлақ түрсек:
– Уақытты тиімді басқарудың мынандай маңызды аспектілері бар: жұмыс барысында, өнімділік артады, бұл әсіресе бизнес пен мансапта маңызды; тиімді өткізілген уақыт стрессті және психологиялық әл-ауқатқа ықпал ететін күйзеліс пен көңілсіздікті азайтады; уақытты басқару – денсаулық пен бақыттың кілті. Кәсіби және жеке жауапкершіліктер арасындағы теңгерімді құруға көмектеседі; жеке хобби мен дамуға уақыт бөлуге көмектеседі, тұлғаның өсуіне ықпал етеді, – дейді Назарбаев Университетiнің PhD студенті Еркебұлан Мұхамбет.
Интеллектуалды тұлға (жалпы адам баласы) уақытты бағалай білуімен ғана құндылықтарға қол жеткізбек. Босқа өтіп жатқан уақыт біздің жеке уақытымыз ғана емес, қоғам мен мемлекеттің уақыты екеніне де бір ой жүгірткен дұрыс секілді. «Мен өз-өзімді дамытпасам, ұлтым мен халқымның дамуына тежеу боламын» деген түсінік керек біздің қоғамға!
Уақытты оқуға, ізденуге жұмсау арқылы ғана дамымақпыз. Ал, дамыған адам кемелдене түседі, кемеңгер болады. «Псиқолоғияның» «Теріс қылық» бөлімінде: «…Кемеңгер – өз әлеуметінің, өз заманының барып тұрған айқын ұлы. Кемеңгер – көптің мүддесін, көптің арманын, тілегін сөйлеуші, орындаушы адам. Ол – нағыз көптің адамы. Көп үшін сондай қызмет ететін айқын адамды теріс мінезді деу – адасқандық. Нағыз есі бүтін, дені сау заманға айна болатын солар. Аристотель, Леонардо-да-Винчи, Шекспир, Кант, Вашингтон, Дарвин, Маркс сықылды кемеңгерлердің қылығы дұрыстығы, күштілігі адамды таң қалдырғандай емес пе?», – дейді. Жазушы тағы да әлемді мойындатқан ғұламаларды баршамызға өнеге етіп отыр.
Тақырыптың тұздығы ретінде Жүсіпбектің «Жан жүйесі мен өнер таңдау» кітабынан да (Қазақстан мемлекеттік баспасының күншығыс бөлімі, 1926 жыл) бірнеше үзінді ұсынайын: «Адам – өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін жаратылыс. Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет пен зеректік болады», – дейді жазушы. «Оқыған азаматтың қызметке тұрлаусыздығы, тез қызып, тез суынғыштығы, білімі аз шалалығы, құр дауырық (демагогтік) боямалығы, еліктегіш, мансапқорлығы, кеңсешілдігі, пайдакүнемдігі, өз әлін өзі шамалай алмауы – негізгі мақсұты, мұраты жоқтығы, берік жол тұтына алмайтындығы, осының бәрі шын әлеумет қызметкері болуға піспеген, шынықпағандығын көрсетеді», – деп жазады тағы.
Иә, біздің барлығымызда қабілет бар, біз оқығанбыз, керек болса, тоқығанбыз. Жүсіпбек айтқан, кешегі шын әлеумет қызметкері – бүгінгі интеллектуалды азамат. Ол піскен, шыныққан болса ғана кішісі әлеуметке, үлкені ұлтқа, Мемлекетке пайда тигізбек. «Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық, әсіресе, жастардың басында: олар тәжірибесіз, олар көңілді, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды», – деген Жүсіпбек, артист, саудагер, әскер қызметкері, дүкенші, жақсы оқытушы болу үшін қандай қасиет-қабілет керектігін тізіп шығады. Ол жас буынға Л.Н.Толстой секілді ірі адамдардың өмірімен таныс болу өте пайдалы екенін айтады. Себебі «Өмір бойы еңбек еткен адамның қандай кемелдікке жеткенін сол адамдардың өмірінен көруге болады». Баланың өзін танып, өз жолын табу үшін өнерге икемділігі және оны меңгеріп, үйренуі басты факторға айналғанын заманның өзі дәлелдеп берді.
«Кемелдікке жету үшін ірі адамдарда келешектегі игілікке зор үміт, өзінің күшіне зор сенім болған» дейтін Жүсіпбек сөзі һәм тәжірибесі бүгінгі ұрпақтың бойына сіңсе, алдымыз жарық, келешегіміз жарқын екені күмәнсіз. «Өмір бойы өз жолына түсе алмаған адам бір пұшайман сорлы жан-дағы» деген жазушы анықтамасы да дәл қойылған диагноз. Мен осы сөздерді негізге ала отырып, мектеп оқушыларымен кездестім. «Жас буынға кім үлгі? Олар кімдердің өмірімен жете таныс?». Осындай қарапайым сауалға жауап алғым келді. Әрине, қаламыздағы барлық мектепті аралап шығу мүмкін болмады. Әр мектеп өзінше үздік, өзінше ерекше. Сондықтан, біреуіне басымдық бермей, мен тұрған жерге ең жақын білім ошағын таңдадым. Қ.Бекхожин атындағы мектепте 618 оқушы білім алады. Олардың 206-сы бастауыш сыныпта оқиды. Шағын сауалнамаға 400-ден аса оқушы қатысты. Олардың пайымдауынша, интеллектуалды тұлға – сауатты, саналы, білімді, ақылды, тәрбиелі, еңбекқор, ұқыпты, намысты, жан-жақты, дарынды, талапты, талантты, заманауи, ойын тура жеткізетін, нақты позициясы бар, ойлау қабілеті жоғары адам.
Осындай қасиеттерді бойына жинаған тұлға деп, оқушылардың басым көпшілігі, Apple корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобсты атап, содан үлгі алатындарын айтты. Одан кейін ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы мен Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейц пен инженер, өнертапқыш, бизнес-магнат Илон Маскты үлгі тұтатын оқушылар көп екен. Ең көп аталғандардың қатарында спортшылар да бар. Жалпы алғанда, бүгінгі оқушылар – ертеңгі білікті маман, білімді азаматтар аталған тұлғалар секілді адамзат тарихында өз орындарын қалдыруды армандайды.
Мен Жүсіпбек Аймауытұлының өмірін, еңбегін, шығармашылығын өнеге тұтқан оқушыларды жеке тізімдедім. Ондай жастар аз емес екен.
Солардың бірі – қалалық, облыстық байқаулардың, пән олимпиадалары интеллектуалдық сайыстардың жүлдегері, 11-сынып оқушысы Әдия Шәкәрімова.
– Жүсіпбек атамыздың романдарын, бірнеше әңгімесін оқыдым. Ол кісінің қазақ халқы үшін жасаған ерлікке пара-пар істерін ұстаздарымыз айтып берді. Еліміздің азаттығы мен халқымыздың білімді болуының бастауында Жүсіпбек аталарымыз тұр. Сол себепті мен Аймауытұлын өзіме кумир тұтамын, – дейді үздік оқушы.
Жүсіпбек «Тәрбие» мақаласында (1918 жылы «Абай» журналына шыққан): «…Ахлақты, ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны», – дейді. Сол күзетші-қорғанды қалыптастыруда адам өмірінде тәрбиешінің рөлі айрықша екенін айтады және. Тәрбиеші – ата-ана, ұстаз, қоршаған орта… Ұрпақ тәрбиесіне әр адам жауапты. Мен жас ата-аналардың қатарынан болғандықтан, бұл мәселеде көп қиындық барын мойындаймын. Балабақшаға баратын қызымды және оның қылықтарын қайталаумен ес жиып келе жатқан ұлымды смартфон мен YouTube-тан қалай алшақтатамын деп шыр-пыр болып жүргенімді несіне жасырайын?! Бүгін осылай, ал ертең қалай болмақ?! Мен келешекте тәрбиеші-ұстаздардың тәжірибесіне арқасүйерім анық.
Қазіргі уақытта мектептерде ұлттық, адами құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізіліп, жүргізіліп келеді. Бағдарлама жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуді мақсат тұтады. Ата-ананың өсиетін тыңдауға, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеуге, перзенттік парызын өтеуге тәрбиелеуді міндет етеді.
Мен оқушылардан кейін ұстаздармен де дөңгелек үстел басында бас қостым. «Ұстаздар интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу үшін қандай бағытта жұмыс істейді? Қандай тәжірибеге сүйенеді?» деген сауалды ортаға тастадым.
Жоғарыда аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжол Мұсаева: «Біз білім, ғылым, инновацияны бала оқытудағы үш қажеттілік деп қарастырамыз. Тәрбие біліммен егіз ұғым болғандықтан, қатар жүреді. Сондай-ақ, «Мұғалім – оқушы – ата-ана» үштігі арасында ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Ата-ананы қолдау» орталығы белсенді жұмыс істейді. Біз, ең алдымен, патриоттық тәрбиеге маңыз береміз. Әр апта тәрбие сағатымен басталады. Дүйсенбі сайын әнұран шырқалады. Әлемдегі, Қазақстандағы маңызды жаңалықтар айтылады», – деді.
Бүгінде сабақ беру барысында түрлі инновациялық әдіс-тәсілдер қолданылады, жаңа технологиялар пайдаланылады. Қазір кіріктіру сабақтарына көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, Ақжол мұғалім қазақ әдебиеті пәнін жаратылыстанумен кіріктіріп оқыту бойынша баяндама әзірлеген. Бұндағы басты мақсат – баланы «Жақсы бол!» деген сөздермен ғана емес, ғылыммен, қоршаған ортамен байланыстырып тәрбиелеу.
Мұғалімнің айтуынша, тәрбие жұмысында «Апта дәйексөзі» белгіленеді. Оқушылар ғұламалардың, ақын-жазушылардың нақыл сөздерін жаттайды, пікір алмасады. Бұл баланың бойында жекедара қасиет қалыптасуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазан айында Ж.Аймауытовтың «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң» деген сөзі оқу-тәрбие жұмысының негізіне айналған.
Жан-жақты оқушы қалыптастыру үшін информатика пәнінің ықпалы зор. Баяғыдай «Paint-та» сурет салумен шектелетін заман келмеске кетті. Бәсекеге қабілетті білімді тұлғаны барынша дайындайтын информатик ұстаздардың да жүгі жеңіл емес. Ұстаз Мадина Қайролла аталған пән баланың ақыл-ойын, ізденісін дамытуға барынша ықпал ететінін зор жауапкершілікпен айтты.
«Оқушылар бағдарламалауды, сыни тұрғыдан ойлауды үйренеді. Алгоритм қалай жұмыс жасайтынын біледі. Мысалы, біздің мектепте, негізгі пән ретінде де, қосымша үйірме ретінде де, робототехника сабағына ерекше көңіл бөлінеді. Сабақта баланың инженерлік қабілеті ашылады. Оқушы робот құрастырады. Роботтың пішінін ғана көрмейді, оған бағдарлама жасауды меңгереді. «Мына құрылғыны осылай пайдалансам, ол былай жұмыс жасайды екен» деп нақты мысалмен үйренеді. Күнделікті ұстап жүрген смартфон, планшеттерді пайдаланып, бағдарламалау жасайды. Сабақ барысында қай баланың қандай икемі, қызығушылығы барына мән беріледі. Сол жағы дамытылады. Қалалық, облыстық байқауларға қатысып, тәжірибелерін шыңдайды», – деді Мадина мұғалім.
Интеллектуалды тұлғаның басты белгісі – әлемдік өркениетте қанат жайған тілдерді меңгеру. «Ол қандай тіл?» дегенде, ең бірінші ағылшын тілі ауызға ілінеді. Сондықтан осы пән мұғалімінің тәжірибесі мен біліктілігіне көп салмақ түседі. Диана Тастенова: «Ағылшын тілді білу – әлемге есік ашу» екенін алға тартты.
– Тілді үйретуде оқушылардың қызығушылығын оята білу – үлкен жұмыс. Сондықтан түрлі қосымшаларды қолданамын. Арнайы бағдарламаны таңдап, тақырыптық тапсырмаларды орындаймыз. Оқу барысына жасанды интеллектіні енгіздік. Оның қандай жақсы жақтары, пайдасы барын түсіндіремін. Ал, сөйлеу дағдыларын дамыту үшін Speaking club жиі ұйымдастырылады, – деді мұғалім.
Сонымен бірге, бүгінде мектепте инклюзивтік білім беруге де басымдық беріледі. Сабақ үлгерімі төмен оқушылар да назардан тыс қалмайды. Оларға жеке жоспар құрылып, түрлі сабақ мақсаттары жасалады. Мектеп ұстаздары «Әр бала жеке тұлға болып қалыптасуы керек» деген ұстанымды берік ұстанады. Ұстаздардың қолға алған басымдығы, бет алған бағыты көңіл қуантты. Ең бастысы, тәрбиеші тәлімін бойына сіңіретін оқушылардың білім сапасының арта түскені.
Ғылым-білімді толық игеру және оған үнемі басымдық беру туралы айтқанда, тағы да Жүсіпбекке жүгінемін. «Қазір екі нәрсе керек», – дейді Жүсіпбек. Біріншісі – әскер екенін, оның керектігі заман күштінікі, қарау-жақтыныкі, атты-тондыныкі екенін айтады. Екінші керек – оқу. «Оқымай мәдениет жоқ: мәдениетсіз ел, қандай көп болсын, күшті болсын, ұлтшыл болсын ұлттығын сақтап, табанды ел бола алмайды», – дейді. Сонымен бірге, жазушы: «…аз ғана білім шолтаңдап, бір-екі ауыз тіл білгенге талтаңдап сылдыраған, құрғақ законшік іші де, тысы да жылтыр болып әлдебіреулердің аяғын құшып қалуымыз ықтимал», – дейді. Көш соңында қалып қоймау үшін аз ғана білім емес, маздаған білім керек. Ол үшін оқуға көп көңіл бөлінуі қажет. Оқу жайын қозғағанда ғылыми және пәндер олимпиадасындағы жетістіктерімізді айналып өткенім жөн болмас.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 473 медаль жеңіп алған. Олардың 58-і алтын, 169-ы күміс, 246-сы қола медаль. Солайша, жас ғалымдар, химиктер, физиктер, математиктер, жас экономистер еліміздің біліми әлеуеті жоғары, ғылыми болашағы зор екенін әйгілеп берді. Спорттық олимпиадаларда тұғырға көтерілген әр білектінің түр-түсін, аты-жөнін жақсы білеміз. Ал, білімділерді қоғам болып елеп-ескеріп жатқанымыз шамалы. Оларды бүгінгі жастарға өнеге ету жайлы академик Асқар Жұмаділдаев үнемі айтып жүр. Осы мақаланы жазып отырып, жоғарыдағы 473 жүлдегердің бірін де білмейтініме іштей күйіндім… Өз-өзіме күйінсем де, таныстым.
Сол жас дарындардың бірі – Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Ринат Илюсизов. Ол биыл Сауд Арабиясында өткен IchO-2024 химия олимпиадасында алтын медальге ие болды.
Оның оқуға деген қызығушылығын ата-анасы оятқан екен. Бала кезіндегі ынтасы №8 лицейдегі ұстаздарының сеп болуымен арта түскен. «Ұстаздарымның қызықты мағлұматтарды қызықтыра отырып үйретуінің арқасында мен одан ары оқығым, бұдан көп білгім келді», – дейді ол. Ринат химиядан бөлек, көркем шығармалар мен тарихи кітаптарды оқығанды ұнатады, математика, биология, ағылшын тілін тереңдете меңгеріп жүр. Болашақ жоспары жайлы сұрағанымда ол, Оңтүстік Кореяда ғылым және технология интитутында оқығысы келетінін айтты. «Мамандығымды әлі таңдаған жоқпын. Алдағы өмірім химиямен байланысты болады деп ойламаймын, бірақ ғылым жолын таңдайтыным анық. Себебі менің қызығушылығым тек химиямен шектелмейді. Маған зерттеу барысында сан түрлі саланың бір-бірімен ұштасып жатқаны ұнайды. Мысалы, биоинформатика немесе іс-тәжірибенің нақты математикалық формулалармен сипатталуы ұнайды», – дейді ол. Мен талантты оқушының ғылымға деген қызығушылығына іштей разы болдым.
Жүсіпбек Аймауытұлы білімнің, оқытудың жүйелі болуын да негізгі талап етеді. Онысын «Мектеп қандай болуы керек?» мақаласында егжей-тегжейлі жазып кеткен.
Ақыл-ойы қалыптасқан, санасы ашық азаматтар Жүсіпбектің өзін де, оның замандастарын да өнеге етсе, құба-құп. Мысалы Жүсіпбек жазған, «сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жаугершілікке қарсы күншығысшыл ақын» Мағжан Жұмабаев; «өткір зейінді, қажымас жігерлі, есіл-дерті оқу болып, ілім іздеген» Әмен Жүсіпұлы; «Қазаққа пайдалы жас талап» Ғаббас Амантайұлы; «Қартқожа» романындағы немесе «Шернияз» пьесасындағы оқу-білімге, жаңа өмірге, ой азаттығына, сана биіктігіне ұмтылған жастар (Қартқожа Тоғанбаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров) – сол кезеңнің озық ойлы азаматтары. Бүгінгі қазақ баласына да мотиватор болатын тұлғалар. Сондай-ақ, жазушының романдары мен повесі, пьесалары, аудармалары, ертегілері мен өлеңдері интеллектуалды өре қалыптастыруға барынша ықпал етеді.
Жүсіпбек С.Сәдуақасовқа 1928 жылы жазған анкетасы – «Өз жайымнан мағлұмат» деген жазбасында үлкен өмірге қадам басқан уақытында қандай тәлім алғанын, қалай ілім-білім жинағанын баяндайды. «…әкей бізді мал табуға дайындады. …Ақат ағам екеуімізді сабақтан үзбей, екінші, бізді ауылдағы етікші, ағашшы, сыршыларға жіберіп, қол өнерін үйретті. …Хатты ерте таныдым… Жасымыздан… боғауыз айтуды, шайпаулық қылуды, қақ-соқты көп білмедік. Әке-шешемізді сыйладық, жақсы көрдік…», – деп жазады ол. Осыған назар аударсаңыз, тұлға болып қалыптасудың алғашқы сатыларының қандай болу керек екенін көресіз. Жан-жақты болып өскен Жүсіпбек кейін тәрбие, білім, әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым, пәлсапа, психология және аударма, әлем әдебиеті мен мәдениеті мәселелерін жетік біліп, оларды бойына сіңіре зерттеуді шығармашылық һәм өмірлік мұратына айналдырды. Мопассан, Мольер, Виктор Гюго, Шекспир, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Конрат Беркович, Гоголь, Пушкин, Толстой, Чехов сынды әлем әдебиетінің классиктерін ұнатып оқыған Жүсіпбек, жалғыз Жүсіпбек емес, барлық алаштық азамат – интеллектуалды тұлға. Көкірек көзі ояу қауым алаштықтардың ауыл-үй айналысында қалып қойған шалабілімді емес, дара-білімді екенін мен айтпасам да жақсы біледі.
«…Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері…», – дейді Жүсіпбек. Сөзімді «Ұлтты сүю» мақаласымен (1918 жылы «Абай» журналында басылды) бастаған едім. Түйіні де осы мақаладан болсын.
Жүсіпбек Аймауытов тек шығармашылығымен ғана емес, іскерлігімен де озық ойлы азамат қалыптастыруға атсалысты. 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда, Қызылтау өңірінің ауқатты адамдарымен бірге аштыққа ұшыраған, ата-анасынан айырылған жетім балаларды жинп, «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын ашты. «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора салынады. Бұл – қазақ ағарту саласындағы үлкен іс, зор еңбек. Қазір «Мәдени кіндіктің» тек орыны ғана қалған.
Бас-аяғы 9 беттік мақаланы жазу барысында ондаған оқушымен, жастармен тілдестім. Барлығы дерлік Жүсіпбек өмірімен таныс, бір ауыз сөзін болсын оқыған. Олардың мақсат-мұраты саналы азамат болып қалыптасу, арманы ел үшін еңбек ету екенін естіп қуандым. Бүгінгі жас – ертең бас болар азамат. Ойланайық: мемлекеттің керегі, қызметкері боламыз, ұлтты сүйеміз десек, мойынымызда зор борыш, арқамызда ауыр жүк барын бір сәт те естен шығармайық.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.