Тәуелсіздіктің нышаны – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – дербес елдің символы. Оған: Елтаңба, Ту және Әнұран жатады. Әр қазақстандық мемлекеттік рәміздердің не екенін, оған деген құрметті білгені жөн. Рәміздерге деген құрмет неден басталады?
Алдымен, білімнен басталады дер едім. Мемлекеттік рәміздердің тарихын, авторларын және нені бейнелеп тұрғанын білу – әр азамзаттың міндеті. Мысалы, Тудағы көк түс – бейбітшіліктің белгісі, ал қыран – еркіндіктің таңбасы. Елтаңбадағы шаңырақ – бірлікті, ортақ үйді білдіреді. Ал әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған қазақтың біртуар азаматы – Шәмші Қалдаяқов. Осы мемлекеттік рәміздердің шығу тарихын білген адам оларды шын жүректен қадірлей алатынына сенімдімін.
Сонымен қатар тәрбиенің де рөлі алдыңғы қатарда. Үйде ата-ананың, мектепте ұстаздардың балаға рәміздер туралы түсіндіріп, өте маңызды екенін айтқан жөн. Кез-келген жерде Әнұран қосылғанда, орындарынан тік тұрып, қолды жүректің тұсына қою – бұл құрмет. Осыған байланысты мен сыныптасыма: «Егер де сен көшеде жүріп бара жатып, Әнұранымыздың орындалғанын естіп қалсаң, не істер едің?» деген сұрақты қойдым. Ол: «Мен тоқтатп, қолымды кеудемнің сол жақ тұсына қоюшы едім» деді. Жауап мені тәнті етті. Дәл осындай әрекеттер адамның рухы мен елжандылық сезімін оятады.
Құрмет – іс-әрекеттен байқалады. Әр азамат мемлекеттік рәміздерді пайдаланғанда оларды таза, ұқыпты, өзіне сай түрде сақтауға тиісті. Бүгінгі күнде мемлекеттік ғимараттардан басқа спортшылар, өнер адамдары басқа мемлекетте өнер көрсетіп, жеңімпаз, не жүлделі болған жағдайда көк туымызды желбіретеді. Бұл – елде отырып, әлеуметтік желілер арқылы бақылаған жанкүйерлер, отандастар үшін үлкен абырой. Осындай әрекеттерден патриотизмнің белгісін көруге болады.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет білімнен, тәрбиеден және қандай да бір әрекеттерден басталады. Бұл – әрбір қазақстандықтың қалауымен жасалатын борыш, міндет. Рәміздерді құрметтей білейік, себебі рәмізге құрмет- елге құрмет!
Әли ӘЛІБЕК,
«Жас Дарын» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.