Бүгін Ақсу қаласында Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған қорытынды салтанатты іс-шара өтті. Жазушы бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған жиын қаламгер атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Жиналған жұртшылыққа мерейтойлы жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндалаған бейнефильм көрсетілді.

Сәбит Дөнентаев – ақын, жазушы, журналист, азамат ретінде халқымыздың мәдениетін көтеруге зор үлес қосқан тұлға. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоймай, өнеге болып келеді. Салтанатты жиынға өмірі мен еңбегі қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналған тұлғаның ұрпақтары – Дөнентаев Мұхтар Саматұлы, Дөнентаева Балқия Саматқызы,  Дөнентаев Асқар Саматұлы қатысты.

Мерейтойға орай жыл бойы көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Ақсу қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен С.Дөнентаевтың «Көркемтай» жинағы қайта басылып шықты. Кітап Ақсу өңірінің кітапханалары мен білім мекемелеріне таратылды. Қала мектептерінің 5-9-сынып оқушылары арасында қалалық Дөнентаев оқулары өтіп, оған 100-ге жуық жас талап қатысты. Құркөл ауылындағы ақын атындағы мектепте облыстық ақсақалдар алқасының қатысуымен конференция өтті. Қаламгер өмірі мен шығармашылығы арқылы оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Көркемтай және қазіргі заман» атты жиын өтіп, мектеп оқушылары аталған әңгімені талқылады. Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Байқауға Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстарынан 20-дан астам әңгіме ұсынылды. Қорытынды жиында байқауда жүлде алған авторлар марапатталды. Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов байқау жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйақыларын табыстады.

«Сәбит Дөнентаевтың асыл мұрасы – қазақ әдебиетінің биік рухы мен терең ойы, ал «Көркемтай» байқауы осы мұраны жаңа толқынның шығармаларымен толықтыруға ұмтылған игі бастама. Бұл байқау – қазақ әдебиетінің аспанында қанат қаққан жас таланттарға, сөз өнерінің қасиетті жолына түскен талапкерлерге шабыт сыйлаған ерекше алаң» – деді Болатбек Кәрімұлы.

Байқау қорытындысында 1-орынға Жантас Еркінұлы (Ақсу қаласы, Қызылжар ауылы), 2-орынға Бейбітгүл Оралқызы (Абай облысы), 3-орынға Ғылымнұр Кәдірбай (Астана қаласы) және екі арнайы жүлдеге Жанасыл Серікбол (Павлодар қаласы)  мен Еламан Қабділәшім (Баянауыл) ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай, жазушы, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы сөз сөйлеп, мерейтойлық жиынның маңызына, Сәбит Дөнентаевтың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі мен оның шығармашылығының бүгінгі күндегі өзектілігі және байқауға қатысқан жас жазушылардың шығармалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Серік Елікбай Сәбит ақынның әдебиетегі орынын айқындайтын ерекшеліктеріне тоқталды:

– Сәбит жөнінде айту – әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны – Сәбиттің таланат екені, қиын болатыны – сол кезде шоқтай жиылып, топтай шығып, өзгеше бір шоғырменен, шоқтығы бұзылмай, қай бәйгене салсаңыз да, қосқан тұсынан емес, тосқан тұсынан шығатын сөз жүйріктерінің, елім деген, жерім деген азаматтардың ішінен Сәбиттің өз жонын, өз жолын, өз сөз жүйесін, ырғағын тауып шыға алу шын таланаттың ісі екендігі.

Біз жиырмаыншы ғасырдың басында президент болатын, ұлтқа көсем болатын көптеген қазақ азаматтарын жоғалттық. Оның ішінде Әлихан бар, Ахмет, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов бар. Соларменен қатарлас, іргелес бірге Сәбиттің бөлініп, жеке шығуы – орасан іс.

Сәбитке қайта қайта оралып келе беретін себебіміз – оның әр сөзі афоризм, әр сөзі өмірден алынған. «Байқасаң, мына заман күштінікі» дейді. Рас қой. Заман күштінікі екенін, тістінікі екенін, азулыныкі, тырнақтыныкі екендігін сол кезде әр түрлі әлемдік, халықаралық жағдаяттарға қарап отырып жазған секілді. Сәбиттің сөзі ескірмейді, – деді ол.

Серік Төлеубайұлы одан кейінгі сөзін жазушының «Көркемтай» әңгімесі туралы өрбітті:

– Кез келген уақытта, қиындық болған тұстарда, аласапыран кезде қоғамың социумы ішінде екі-ақ тарап қиындық көреді. Біріншісі – кәрілер, екіншісі – жастар. Яғни, сәбилер мен балалар. «Көркемтай» қазақ қауымы өзінің алдында тұрған ұғымдардан – ұрпақты жалғастыру, ұрпаққа көмектесу, туыстық дейтін дүниеден кетіп бара жатқандығын, солардың ортасына мүлік, малдың түсіп кеткендігін, қазақтың негізгі ұстыны, негізгі тірегінің шайқалып кеткендігін көрсететұғын шығарма. Сәбиттің мықтылығы – сонда.

Бір өкініштісі – қазіргі оқулықтарда Сәбиттің шығармаларының жоқтығы. Мәшһүр Жүсіптің, Иса Байзақовтың жоқтығы. Мен бұны ұлт руханиятының жүдеуі деп білемін.

Біздің мектептердегі мұғалімдер: «Көремтай» балаларға қабылдауға ауыр» дейді. Иә, ол ауыр шығарма. Себебі жетімнің жағдайы қашанда ауыр. Себебі маза көрген жанның, өзімен-өзі қалған жанның жағдайы ауыр. Бірақ, ол – ұлттың мұңы. Жалпы, қуаныш-қызыққа, шулы топқа, даңғазаға құмар жұрттың өмірі де қысқа болмақ. Бір уақ мұңданып, Сәбиттей жазушыға соқпайтын болсақ, оны ұмытатын болсақ, қазақ әдебиетінің қасқа тістерінің бірінен айырылып қаламыз.

 Біздің мақтап айтып отырғанымыз бір ғана әңгімесі. Мысалы қарасаңыз Александр Грибоедовтың «Ақылдан қайғы» деген романы бар. Соны ол жазды ма, жазбады ма, әлі күнге дейін таласады. Бірақ ол әлем әдебиетінде бір ғана шығармасымен қалды. Сол секілді Сәбит Жүсіпбекпен, Мұхтармен қатар жүріп, проза жанрының ішінде ерекше орынымен қалды, – деді ол.

Баяндамашы одан әрі Сәбит Дөнентаевқа ықпал еткен әдеби орта туралы да айтты. Сұлтанмахмұттың Мәшһүрге жазған хатында жазған: «Семей – сынды қала» дегенін алға тартып, мықтылар жиналған сол сынды қалада Сәбит өзіндік жол тауып шыққанын мақтанышпен айтты.

Серік Төлеубайұлы баяндамасының соңында Сәбит шығармашылығында ұлтқа, халыққа деген жанашырлық басым екенін айтты:

– Қазаққа қажетті дүниені тікелей жеткізу мүмкін болмаған кезде ол юмор, сарказм, мысал өлең жазу жағынан озық шықты. Сәбит 1933 жылы қайтыс болып кетті. Үлкен қан қасаптың алдында, бауыздаудың алдында, қаламгерлер қаламгерлердің сыртынан жазатын тұстарда, қазақтан қазақ безінетін тұстарда дүниеден өтіп кетті. Егер сол кезеңде тірі болса, Сәбит алғашқылардың бірі болып, қылша мойыны талша болатын жазушы еді, – деп түйіндеді сөзін ол.

Одан кейін сөз алған Амангелді Кеңшілікұлы, баяндамасын: «Сәбит Дөнентаев – қазақ әдебиетінің классигі, әдебиетте өшпес өзінің ізін қалдырған, ек қана сөз өнерінде емес, қайраткерлігімен де халықтың жүрегіне жол тапқан тұлға» деп бастады. Баяндамашы балалық шағын, жазушы шығармашылығымен алғаш танысқан кезін еске алды:

– Сәбит Дөнентаев деген кезде менің есіме сонау қырық жеті жыл бұрынғы оқиғалар түседі. Ол кезде мен бірінші сыныпта оқитын баламын. Мен әріпті тез жаттап, мектепке бармай жатып кітаптағы шығармаларды жүгіртіп оқитынмын. Екінші сыныптың ба екен, үшінші сыныптыкінен бе, «Көркемтай» әңгімесі көзіме түсті. Соны оқып шықтым. Шығарма маған соншалықты қатты әсер еткен болатын. Бала кезімде оны, шамамен, жиырма-отыз рет оқыған шығармын. Оқимын, оқимын да жылаймын. Адамды ерекше бір мұңға батыратын әңгіме, жетім баланың тағдыры соншалықты шынайы жазылған.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқан екен: «Сәбит Дөнентаев – революцияға дейін әдебиет майданына шыққан бұқарашыл ақын» деп. Бұл, қарап отырсақ, өте жоғары баға. Әрине, қазақта ақын деген аз емес қой. Кез келген таланатты адам – ақын. Мықты жазушылардың өзінің арғы жағында ақындық сезім, ақындық түйсік болмаса, одан шебер суреткер шықпайды. «Көркемтайдың» сондай шынайы болып шығуы ақындық түйсіктен деп ойлаймын.

Сәбит тек қана ақындықпен айналыспай, бүкіл әдебиеттің негізін жасаған. Халықты ояту үшін қандай әрекеттерге барған?! Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовты, Мұхтар Әуезов… олардың ешқайсының жүрегінде иненің жасуындай жалғандық жоқ. Бәрінің жүрегінде, жанында елге, ұлтқа, Алашқа қалай қызмет етем деген мақсат мүдде ғана болды. Әрине, олардың шығармашылығынан кейін де көптеген ұлы тұлғалар келді. Солардың рухынан от алған қаншама ұлы ақындар келді. Сәбит сияқты халқына жан-тәнімен берілген, ұлтына адал қызмет еткен ұлы ақындар болмағанда, біздің әдебиетіміз, әсіресе поэзиямыз осы биікке көтеріле алмас еді деп ойлаймын, – деп бір тыныс алған Амангелді Кеңшілікұлы ақынын іздеген, жоқтаған ел-жұртына алғыс білдірді.

Одан ары баяндамашы «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауына тоқталды. Ол аймақаралық байқауға жиырмадан астам шығарманың қатысуын жоғары көрсеткіш деп бағалады. Кейде көп насихатталып, жарнамаланатын, қабылдау мерзімі ұзаққа созылатын, тұрақты өтетін республикалық ауқымды конкурсарға қырық шақты қатысушы болатынын атап өтті.

– Шығармаларды бағалауда, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтауда қиналдық. Үлкен жауапкершілік. Жүрегіңнің адалдығымен, зеректігіңмен, барынша шын мықтыларды анықтау үшін адал болу да, шын мықтыны тану да оңай емес. Өйткені, ұсынылған шығармалардың бірен-сараңы болмаса, жақсы дүниелер көп болды. Алдымен он шығарманы іріктеп алдық, оларды шорт-листке енгіздік. Оның ішінен жүлдегерлерді анықтадық.

Қазір біздің прозамыз дамыған, ешбір елдің әдебиетінен кем түспейтін кемелденген проза. Кез келген жаңа ұрпақ әдебиетке бір жаңашылдығымен келуі қажет. Жылт ете қалған болса да, жаңашылдық болуы керек. Үміткерлердің ішінде дәстүрлі әдебиетті жалғастырған, наратологиялық шеберлігі жақсы әңгімелер болды.

Мысалы, «Әдеби породигмалардың ауысуы» деген түсінік бар. Жиырманшы ғасырда, прозада керемет ғаламат тұлғалар келді. М.Әуезов өзінің мектебін қалыптастырды. Оны Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділев секілді жазушылар жалғастырды. Б.Майлин өзінің мектебін қалыптастырды. Оның С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов секілді жалғастырушылары болды. Т.Әбдіктің шығармаларының кей тұстарынан Бейімбетке еліктегенін байқайсың, әсіресе, қара юморды берген кезде. Бізде дамымай қалған, өзінің бағытын таба алмай қалған Ж.Аймауытов мектебі. Себебі ол көп айтылмады. Ол мектеп те өз жалғасын табады деп ойлаймын.

Алпысыншы жылғылар да әдебиетке өзінің жаңалығымен келді.

Жиырма бірінші ғасырда жаңа бір, әдебиетке тыныс, екпін, жаңа бір форма, жаңа дүние келуі керек.

Біздің бұл байқауда жүлде алған жас жазушылар осындай параметрлерге лайық деген сенімдемін.

Дәстүрлі дүниені жалғастыра берген дұрыс, бірақ әдебиеттің де жаңа тынысы ашылуы керек. Бізде поэзия дамыған, проза артта қалып қойған еді. Соңғы жылдары қуанып жүрмін, қазір әлем әдебиетінің прозасын жақсы білетін, сондай дүние жазуға талпынып жатқан, модернистік проза дейміз бе, постмодернистік проза дейміз бе, жаңашылдығымен елді елең еткізгісі келетін шығарма жазуға ұмтылып жатқан талантты жастар өсіп келеді. Мен өз басым жиырма мен отыз бес жас аралығындағы жазушылардың шығармашылығына қатты назар аударам. Менің байқағаным, қазір әдебиетке келіп жатқан талантты жастар, бәлкім, әлі ашыла алмай жатқан болар, келешекте олардың арасынан шын мағынасындағы жаңа әлем әдебиетіндегі У.Фолкнер, Дж.Джойс сияқты, Вульф секілді антиутопиялық романдарды алып келген қаншама мықты жазушылар бар, солар секілді, үлкен дүрбелең, болады деп ойлаймын. Оған мүкіндік бар. Біз тәуелсіз елміз. Бүкіл кеңістік ашық, батыс әдебиеті ме, шығыс па, қайсысын оқимын десек те, тереңдетіп қандай дүние жазам десек те, қазір ешкім қолды қақпайды, – деген сыншының кіріспе сөзінің өзі «Менің шығармама қандай талаппен қарап, қалай қабылдады екен?» деп қобалжып отырған жүлдегерлердің көңілін әткеншекте тербегендей толқытып жіберді.

Амангелді Кеңшілікұлы байқауда жүлде алған бес шығармаға жеке-жеке тоқталды:

– Жантас Еркінұлының шығармасының маған ұнаған себебі, басқалармен салыстырғанда озық болып тұрған себебі – ол батыс әдебиетіндегі Сэллинджер, Эжен Ионеско сынды жазушылардың шығармашылығын зерттеп жүрген, өзінің сүрлеуін іздеп жүрген талантты жігіт. «Егін алқабының жиегімен серуендеу» деген әңгімесінде де соны лепті байқадым.

Барлық шығармалар жаңашыл талаппен болмасын деп, отаншылдықты да насихаттайтын шығармалар болсын деген тұрғыда Бейбітгүл Оралқызының «Ауылға оралдым» шығармасына  жүлде берілді.

Ғылымнұр Кәдірбай мен үшін жаңалық болды. Ол «Аспан» кафесіндегі кездесу» шығармасында жаңашылдыққа ұмтылады, мистикамен байланыстырады. Магиялық реализм деген біздің әдебиетке енді-енді келіп жатыр ғой. Шындықты аңызбен, мистикамен баланыстырып жазуға деген талпыныс өте күшті біздің жастарымызды арасында. Түбі бұл әдебиет те нәтижесін береріне сенемін. Өйткені біздің фольклорымыз өте бай. Егер ертегі, аңыздарымызды оқитын болсақ, тұнып тұрған магиялық реализм. Ғылымнұр секілді жазушылар келешекте Г.Маркес, Х.Борхес сияқты боларына сенемін. Біз әдебиетімізді орыс әдебиетімен салыстырып үйреніп қалғамыз ғой. Мүлдем басқа тұрғыда, өзіміздің жан дүниемізді, орыстан алған дүниетанымды емес, өзіміздің жанымызда бар нәрселерді мистикалық, магиялық реализмді жазатын жазушылар шығады деп ойлаймын.

Маған Еламан Қабділәшімнің «Тұйық» деген әңгімесі қатты ұнады. Онымен қатарлас тағы бірнеше әңгіме болды. Бірақ «Тұйықтың» ұнаған себебі – бұл әңгімеде шынайылық басым секілді. Кейіпкердің оқиғасы автордың өз басынан өткен секілді, психологизммен керемет берген.  Бір ғана, соңғы жағы шолақтау аяқталған секілді. Шығарманың шыншылдығы маған өте ұнады. Өте тез оқылады. Адамды тартып алып кететін иірімдері бар.

Жанасыл Серікболдың «Қарашасы» да бізге қатты ұнады. Онда көркемдік бояулар басым. Соңғы екі шығарма – реалистік тұрғыдағы ғажап шығармалар.

Бізде реалистік шығармалар бар ғой. Біз одан өтуіміз керек. Батыс әдебетіне жаңа бағыттар келгендей, бізде де жаңа дүмпулер болуы керек. Біздің жазушыларымыз Нобель, Букер сыйлықтарын алуға ұмтылып жатыр, сондықтан біз көп оқуымыз керек, әлем әдебиетін оқуымыз керек. Әлемді таң қалдыратын дүниелер керек. Ол үшін бізге ізденіс керек.

Менің ойымша, әдебиетке жаңа бір толқын келді. Бұл толқынның мінезі біздің буынның мінезінен кесек болады. Бұлар әзір қанағаттанып отырған жоқ. Әрине, бұлар әлі үлкен дүние бере алмаған шығар. Түбі әдебиетімізге үлес болатын үлкен дүниелерді осы ұрпақ туғызады деп сенемін, – деп аяқтады сөзін Амангелді Кеңшілікұлы.

Ақсу қаласы мәдениет бөлімінің басшысы Медығат Манапов алдағы уақытта, байқауға келіп түскен үміткер шығармалардың барлығын топтап, жеке жинақ етіп шығару жоспарланғанын атап өтті.

Белгілі дәстүрлі әнші Дәуренбек Слямғали Иса Байзақовтың «Желдірмесімен» бастаған мерейтойлық жиын жас әнші Нұрдос Кеңес орындаған, С.Дөнентаевтың сөзіне жазылған Байғабыл Жылқыбаевтың «Жігіт-ақсың, қандайсың?!» әнімен түйінделді.

Добавить комментарий