Бүгін – академик Қ.И.Сәтбаевтың туған күні
Қанағаңның Сіз білмейтін қырлары
– …Бір қағаберісте Пәуеннен Капа айтқан Қарқаралы соғысының сырын сұрадым, – деп жалғады Бөкең әңгімесін.
– Ол – Қапар бүлігін басқаннан жарты жыл кейін болған оқиға. Есіл казачествосы Петропавл қаласын ала алмай, өткен жерлерін қанға бояп шегініп бара жатады. Уезден Баянауылға еріктілер отрядын құру жөнінде жарлық түседі. Егде қазақтардан еріктілерді үгіттеуді Асқар қолына алады да, жастарды тартуды Қаныш екеуімізге жүктейді. Тізім басына өзімізді жазбасақ басқаларды үгіттей аламыз ба? Жаздық. Содан кейін басқалар да жазылды. Алайда Қанекең екеуіміз ол соғысқа қатыса алмай қалдық. Капаның «әкем елден Имантай ақсақалды шақырды», дегені де рас. Қаныштың өкпесі ауыратыны да рас. Бірақ біздің Қарқаралы соғысынан қалуымыздың бас себебі бұлар емес еді. Өткен 1920 жылдың қыркүйек айында 1921 жылы Баянауылда автономия тойын өткізбек болып, соны дайындайтын комиссия құрылған. Төрағалығына Қаныш, жауапты хатшылығына мен тағайындалайын. Той жоспарын жасап, Поздняк пен Асқардың алдынан өткізіп алғанбыз. Жоспарда болыстардан тігілетін үй, сойыс малы, бәйгеге қосылатын сәйгүлік жарату, Семейден Қажымұқан мен Әмірені, Павлодардан Иса мен Майраны шақыру көзделінген. Ал тойды өткізу уақытына мамыр айының алғашқы он күні белгіленген. Осыған байланысты Қаныш екеуімізді соғыстан қалдырды. Қөкек айының 3-і күні отрядты шығарып салуға арналған митинг өтті. Онда Қаныш жастар атынан сөйлеп, отряд комиссары Асқар Сыздықовқа ақбоз ат мінгізді. Ал командирі – Павлодардан келген Сухоплюев деген әскери адам болатын.
Той белгіленген уақытында Көбей шілігінде өтті. Шақырған қонақтарымыздың Әміреден басқасы келді – деп аяқтады Пәуен әңгімесін…
Енді Қаныш ағайдың клубқа кіріп-шыққысы келді. Жолшыбай көшеде сәлем берушілер жиі тоқтатады және соңымызда қанша халық келе жатыр деңіз…
Клубтың сахнасында қара пианино тұр екен. Ағай екі-ақ аттап жанына барды. Қақпағын ашып, клавиштарымен саусақтарын жүгіртіп өтті де, Пәуенге бұрылды:
– Жиырмасыншы жылдардың басында мұндай аспап уезд орталығы Павлодардың өзінде жоқ еді ғой. Мынаның біздің қолымызға қалай түскені есіңізде ме?
Сонда Қаныш ағай мынадай оқиға айтты: 1920 жылы жастар ұйымы Баянауылдағы Боқырау (Покров. – Қ.И.) жәрменкесінің кеңсесін Халық үйіне айналдырады екен. Ал ішін немен, қалай толтыру керек? Сонда Қаншықа мынадай ой келеді. Станицада татар көпесінің ән мен биге суырылып тұрған өте көпшіл, қоғамшыл Меңдіжамал деген қызы болады. Шілдехана, тойлардың жаны. Жастар ұйымы соны шақырып, Халық үйінің меңгерушісі етіп қояды. Қыздың қуанып кеткені сонша, әкесі жасауына дайындап жүрген мүлік-жиһаздарын Халық үйіне әкеліп қояды. Соның алды осы күйсандық. Ірбіт базарынан әкелінген деп жүретін уақытында. Ол кезде бұл аспапта Қаныш, ағасы Әбдікәрім және қыздың өзі ғана жүйелі ырғақ шығара алады екен.
– Қазан қаласында саусағым тиген деп келіп, Жәкеңнің де ойнағаны бар, – деп Пәуен Жаяу Мұсаны да есіне алды.
– Меңдіжамалдың өзі қайда екен қазір? – деді Қаныш ағай.
– Дәрігер білімін алып, өткен соғысқа қатысыпты. Қазір Қазан қаласында тұрады деп естимін, – деді Пәуен.
– Әй, пысық қыз еді! – деп қойды ағай.
Аудан басшылары ағайға қонақасыны Жасыбай көлінің басында берді. Осы жерде де көп әңгіме айтылды, неше түрлі еске алынды. Мана Леңке үйінде Черкашиннің қайынбикесі Таня жөнінде кітап жазып жүргені сөз болған. Осы есінде қалған Қаныш ағай бір уақытта еңсесін түгел бұрып:
– Әлеке, – деді Черкашинге. – Сіз Қосымды білгенсіз ғой?
– Білгемін. Бажам Комаров бала кезінде кен пробалары салынған қоржынын өңгеріп, Қосым соңында көп жүрген. Осынау өңірде Қосекең ашпаған кен көздері қалмаған ғой.
– Сөл жөнінде бірдеңе жазбайсыз ба?
Черкашин не «жарайды» демей, не «жаза алмаймын» демей үнсіз калды.
(Александр Васильевич артынан «Судьба Косума» деген повесть жазып, оны «Павлодарская правда» газетіне бастырды. 1970 жылы қолжазбасын Алматыға әкелген еді. Жазушылар Одағының орыс әдебиеті секциясы талқылап, көптеген кем-кетік, ескертпелерін айтып авторы қолына қайта тапсырды. Қанекең тілімен айтқанда «Әлекең»: «Мұндағылар мені түсінбейді. Қаныш ағай тірі болғанда кітабымды шығартар еді», – деп, көзіне жас алып қайтты Баянауылға. Қолжазбаны мен де оқып, Одақ секциясының пікіріне қосылдым. Расында ол көркем әдебиеттен алыстау дүние болатын. (Қ.И).)
… Бетіміз – Қалмаққырған. Оу бастағы жобамызда Баянаула мен Ертіс аралығындағы бұл тауға соғу көзделмеген. Ертелік шайды ішіп отырғанымызда Қаныш ағай мен Пәуен кенеттен осы тауды есіне алсын.
– Үңгір есіңізде ме? – деді Пәуен.
– Жастық шаққа байланысты оқиғалар естен шыға ма?! – деді ағай.
– Әй, сондағы халықтың аңқаулығы-ай, – деуі мұң екен Пәуеннің, Қаныш ағай:
– Соға кетейікші, – деді. -Бірақ қазір Қапарға барып қайтайық.
Қапар сілемнің күнбатыс жағында. Лезде жеттік. Міне терең де ұзын шатқал. Екі жақ кемеріне де бұта мен шырмауық ұйысқан. Түбінде шатқал аттас бұлақ ағып жатыр. Арғы жағасында Жаманаулаға шығатын жол бар.
– Баяғыда мына ұйысқан жыныстан бұлақ көрінбеуші еді, – деді ағай.
– Мұның да өсімдігі сиреп барады, – деді Пәуен.
Сонан соң екі ағам біріне бірі:
– Сіз мына тастың қалқасында жатқансыз…
– Сіз мына жерден «Алға!» деп дауыс бергенсіз…
– Мен мына жермен жүгіргенмін…
– Мен мына жерде жатып атқанмын винтовкадан…
– Асекеңнің казак-орыстарды тасты бомба деп қорқытқан жері мынау… – десіп, әр тұсқа жүгірісіп, бала болды да қалды.
– Екі жақтан 3-4 адам қаза тапты, – деді ағай бір шама сабасына түскеннен кейін, күрсініп.
– Жаралғандар болды, – деді Пәуен…
Содан кейін біз «атымыздың» басын бұрдық. Баянауылдан күншығысқа қарай 4-5 километр шығаберісте оң жақтан дала ашылады. Соның бергі жағындағы шоқ тоғай тұсында ағай машинаны тоқатып, жерге түсті де әлгі тоғайға қарады да тұрды. Баяғы Автономия тойында Жаяу Мұса бата берген, Қажымұқан күшпен орындалатын өнер көрсеткен, Майра аспанды әнімен жаңғыртқан, Иса желдірмесін желдірткен, онау бетке көптеген үй тігілген, жерошақтарынан көк түтін көлбеп, қазан көтерілген, сабасы күрпілдеп қымыз пісілген Көбей шілігі осы. Кеше жатар алдында Жасыбай жағасында сейіл құрып жүргенімізде Пәуеннің:
– Көмірдей қара шашы желмен ойнап, Ақбоз атымен біресе ол жаққа, біресе бұл жаққа шапқылап тойдың барысына жөн беріп жүрген Қаныш ылғи көз алдымда тұрады, – дегені есіме түсіп жалт қарасам, туған өлкесінің самалы бурыл шашын осы жолы да ойнатып тұр екен… Қазір жастық шағымен кездесіп тұрған ағайдың бүкіл жан дүниесі де шашы сияқты нәзік қозғалыста-ау, деп ойладым мен…
Дала жолымен шаңдатып тартып бердік. Сексен километрдей жердегі Ақшиман (Май ауданы) совхозына бір жарым сағаттай жүріп жеттік. Қаныш келе қалады деп қайсысы ойласын. Шаруашылық басшылары мен халық тез жиналып ортаға алды. Ағай жөнін айтып жатыр:
–1920 жылы қыркүйек айында біз осы өңірге келіп, үңгір аузына «Еңлік-Кебек» пьесасын қойып, ойын-сауық көрсеткенбіз жұртқа. Түстеніп алғаннан кейін сол үңгірге соғамыз да Баянға қайтамыз.
– Мүмкін ауылдарыңызда сол ойынды көргендер бар шығар? – деді Пәуен.
– Бар, бар..
– Осында біреулер айтып жүретін.
– Қаныш аға, – деді өзін «совхоз директорымын» деп таныстырған жігіт. – Құдай айдап, дәм жазып келе қалған екенсіз. Бір түнеп кетіңіз. Сондағы Сіздің ойыныңызды көргендерді жинап берейін.
Қаныш ағай «қайтеміз?» дегендей Пәуенге қарады.
– Мен онсыз да уақыт өткізе алмай жүрген пенсионермін. Маған ермек керек, – деді Пәуен.
Сөйтіп, қалатын болдық. Директор үйінен түстенгеннен кейін аталмыш үңгірге барып қайттық. Дөңкиген тастардан ретсіз үйілген жалаңаш тауды араладық. Бір шопанның үйінен қымыз ішіп шықтық.
Кешке директордың үйіне көп адам жиналды. Араларынан «Сіздердің сондағы ойындарыңызды көргенбіз» дегендер де табылды.
– «Қаныш үңгірі» дейміз….
– Баяғы ойыннан кейін солай аталып кетті ғой, – десті әркімдер. Осы тұста ағайдың біртүрлі тебіреніп, толқып қалғанын байқадым…
«Қаныш аға осындай еді» кітабынан.
Б.Аяпбергенов, Қ.Исабай