Әлеуметтік желіден көрдім. Домбырашы, музыкатанушы Әсел Арынова  өзінің Facebook парақшасында «Мына жоқтауды ақын Жүнісбек Жолдинов шығарған екен» деп Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалық-этнографиялық жинағында («Алматы: Ғылым, 1972) жарияланған «Мұхтар Әуез ұлын жоқтауды» бөлісіпті. «Жүнісбек Жолдинов 1895 жылы Баянауылда дүниеге келді. Басқа ешқандай деректер жоқ. Мына өнерпаз туралы білсеңіздер, жазыңыздар» деген сұрауын да қалдырыпты. Білсем, танысам деген ниетті оқырман өтінішіне бей-жай қарамай, келер жылы туғанына 130 жыл толатын суырыпсалма халық ақыны, композитор Жүнісбек Жолдинов жайлы деректермен бөлісуді жөн санадым.

Ж.Жолдинов Баянауыл ауданында 1895 жылы Ақкелін ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Қылыш Бабаев атындағы кеңшарда қайтыс болды.

Бес жасында ата-анадан жетім қалып, «Қозышы бала», «Бақыршы бала» болып күн кешеді. Өмірдің қатал қыспағына қарамастан өнерге бейім сезімтал, сергек болып өскен. 1910 жылдың көктемінде Қотыр, Қызылтау деп аталатын жердегі (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Бабаев атындағы совхоз) Белағаш деп аталатын орыс поселкісінде жел диірменінде істейтін Ермолай деген жігіт бай қорлап, сабап күн көрсетпей жүрген бала Жүнісбекті өз ауылына ертіп әкетеді. Кирилл Гаргорович деген шағын шаруашылығы бар орыс мұжығы сегіз жасар Жүнісбекті асырап алған. Кирилл Жүнісбекті ертіп, шіркеуге апарып шоқындырып, оған «Кузьма» деп ат беріпті. Тіпті, туған баласындай жақсы көріп, жалғыз қызы Мариядан бірде-бір кем көрмейді. Ұлты бөлек болса да, бала Жүнісбекті бар зейінімен тәрбиелейді. Жүкең жас кезін есіне алып: «Әкем (Кирилл) жуас, момын адам еді. Қатты ұрыспай, көбінесе ақылын айтып, адам бол деп өнеге айтатын. Мария үшеуіміз жер жыртып далаға түнеп жүретінбіз. Бір күні мен ерігіп қурайдан сыбызғы жасап өзімше әнге қосып, шырқай бастағанымда маяда жегулі тұрған аттар үрке жөнелді. Көпке дейін ұстатпады. Әкем ертеңінде ғана аттарды алыстан қайырып әкелді. Сонда да маған ұрыспай, тек атты үркітуге болмайтынын айтты. Сөйткен әкейді мен де өмір бақи жақсы көріп кеттім. Орыс семьясында 18 жасқа дейін тәрбиелендім», – деп сыр шерткен екен.

Жүнісбек 1916 жылы патшаның маусым жарлығына ілігіп майданға қара жұмысқа алынады. Қара жұмысқа алынғандар 1917 жылдың жазында елге қайта бастайды. Жүнісбек Мариядан хат алып, әкесінің қайтыс болғанын, қарындасының тұрмысқа шыққанын естиді де, Омбы айналасындағы өнеркәсіп орындарында, шаруалар маңында күнделікті жұмыс істеп қалып қойған. Оқуға түсемін деп талаптанса да, арманы орындалмайды. Жүнісбек 1918 жылы Белағаш поселкісіне кәрі орыс шешесіне қайтып келіп, етікші болып жұмыс жасаған. Шешесі де дүние салған соң, Қарқаралы қаласына келіп, өз алдына үй болып, отау тігеді. Әйелі елден барған қазақ балаларының кірін жуып, тамағын дайындайды, өзі ұсақ-түйек кәсіп етеді.

1923 жылдың күзінде Омбы қаласындағы жұмысшы жастардың кешкі мектебіне оқуға түседі. Күндіз жұмыс жасайды. Қоғамдық жұмыстарға араласады. Ойын-сауық үйірмесін басқарады. Шағын қойылымдарда ойнайды. Жастайынан өлең-жырға құмартып, өзі де халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен ақынның 1966 жылы «Ойлар», 1969 жылы «Өрендерге өнеге» атты жинақтары «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Республикалық, облыстық айтысқа қатысқан Жүнісбек Жолдинов есімі республикаға кеңінен танылды. Әди Шәріповтың «Партизан қызы» хикаятына арқау болған әйгілі жерлесіміз Жылбек Ақәділов жайлы «Партизан Жылбек» поэмасын жазған.

Жүнісбек Жолдинов 1969 жылы Қазақ ССР ҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Мәлік Ғабдуллиннің шақыртуымен Алматы қаласында В.Лениннің 100 жылдығы мен Қазақ ССР-інің құрылғанына 50 жыл толуына арналған ғылыми-творчестволық конференцияға қатысқан және осы жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қабдыкәрім Ыдырысовтың қолдаумен ақынның еліміздің түкпір-түкпірінде халықпен кездесу кештері өткен.

1966 жылы Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде Т.Қоңыровтың  «Жүнісбек – Кузьма» атты мақаласы жарыққа шықты. Ал, 1963 жылы «Советтік Қарағанды» басылымында «Сөз зергері» мақаласы мен «Қарағанды шахтасы», «Баянтауда», «Самолет» өлеңдері басылды. 1970 жылы «Коммунизм нұры» газетінде «Қосылады екі өзен», «Домбыра», «Терме», «Нақыл», «Сәкенге» өлеңдері жарияланған.

Кешегі өткен Жамбыл ақын салған сара жолдың жалғастырушысы, дәстүрді сабақтаушы халық ақыны, жерлесіміз Жүнісбек Жолдиновтің «Жастарға айтарым» атты өнегелі өлеңін ұсынамын:

Жүйрік шабар баптасаң, қадірін біліп сақтасаң…

Жеміс қайдан шығады, аяғыңмен таптасаң.

Ақынсың деп кім айтар, алқа топқа айтпасаң.

Ақылды деп кім айтар, ашуыңнан қайтпасаң.

Іздегенің табылар, жалқауланып жатпасаң.

Бауыры жазық жүйріктер, қуғанменен шалдырмас.

Әлді болса атан нар, жолда жүгін қалдырмас.

Ақыл қонған ер болса, өтірік айтып нандырмас.

Сараң байға мал бітсе, үйіне қонақ қондырмас.

Жаман атқа жал бітсе, үстіне тоқым салдырмас.

Қас батырмен дос болсаң, жауға сені алдырмас.

Ақымақпен дос болсаң, қайда барсаң оңдырмас.

Топ ішінде сөз сөйле, сөзіңді біреу құндаса.

Көпті көрген көне деп, құлақ салып тыңдаса.

Болма босқа қара тер, ешкім құлақ салмаса.

Болғаныңды кім білер, өз теңдесің болмаса.

Бақыт қонған уақытта, надан да болсаң данасың.

Басыңнан бақыт ұшқанда, дана да болсаң шаласың…

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий