«Бір жұрнақ заттан шыққан асыл еді,

Қара түгілі, қожадан асып еді.

Әркім өз заманына дегендейін,

Тақсырдың шарапаты басым еді…»

Қазақ шешіресінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев Исабек ишан көз жұмғанда қабырғасы сөгіліп қайғырған қалың жұртқа қосылып, әулиені бірге осылайша жоқтайды. Міне, арада бір жарым ғасырға жуық уақыт өткенде бізге де хазірет жайлы сөз қозғаудың реті келіп тұр.

Исабек ишан бала күнінен діни сауатын ашып, толыққанды діни білім алған деуге негіз бар. «Исабек ишанның діни сауаты жөнінде Мәшһүр Жүсіп былай дейді:

Ғылымхал, ғылым қалыны білген тәмам,

Айырған хақ пен бутыл, халал, харам.

Ғылымдарды қойылған көңіліне,

Жігіттер, бар ма енді ондай адам?!

Мұнда Құдайлық және Адами ғылым-білімнің барлығы қамтылған, ислам дінінде болсын, басқа діндерде болсын бұдан басқа ғылым да, таным да жоқ». («Исабек Мұратұлының ишандығы хақында», авторы: Әділбек Әміренов, филология ғылымдары кандидаты).

Халық ішінде «Бір моллада қырық намазханның, бір масхунде қырық молланың, бір ахунде қырық масхунның, бір ишанда қырық ахунның білімі бар» деген сөз айтылады. Соған қарағанда Исабек ишанның діни білімі дария іспеттес болғаны хақ.

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағаланың құлы, сүйікті Мұхаммед пайғамбардың үмбеті екенін мойындап, құлшылық қылған Арқаның керегесі – ағаш, ұраны – алаш қазағы Исабек ишанды пір тұтып, дуалы сөзіне сүттей ұйыған. «… Бұл Исабек ишанға Бауыр, Қанжығалы, Ереймен, Ақкөл мен Жайылма, Сілеті бойы, Омбыдан бергі жұрт түгелімен мүрид мұхлис болып, бала болған. Әсіресе, Қарабұжыр, Тентек аса ықылас қойған еді», – дейді Мәшһүр Жүсіп өз жазбасында.

Деректерді қанша ақтарсақ та, Исабек ишанның Баянауладан Ақкөл-Жайылмаға қай жылы, не себеппен қоныс аударғаны жайлы мәлімет таппадық. Мәшекең жоқтауындағы:

Ақкөл мен Жайылмада аз жыл тұрдың,

Пір болып, мүрид бастап, дүкен құрдың.

Әркімнің көңіліндегі датын тауып,

Бір түскен сәулесі едің жарық нұрдың», – деген шумаққа зер салсақ, Исабек ишан Қылдыкөлге өмірінің соңғы кезеңінде келіп, қыстау салған сыңайлы. Айтпақшы, бұл жерді Тентек Қанжығалы ішіндегі Қорлыбай мен Қойлыбайдан тараған аталар мекендеген. Әйгілі ишанды құшақ жая қарсы алған олар ығысып, қоныс берген. Шұрайлы Қылдыкөлде аса таяғын шанышқан хазірет мұнда мешіт пен медресе салынуына ұйытқы болған. Бертін Сағымбай қария Жұмаділденовтің көрсетуімен қойлыбай Итібай ауылы жұртынан Исабек ишан үйінің орны табылуы да сөзіміздің растығына көз жеткізе түсті.

Исабек хазіретке сәлем беріп, ақыл-кеңесін тыңдап, заманның аужайын болжатып қайту үшін Қылдыкөлге төңіректегі елдің жақсы мен жайсаңы ағылып, жол салған. Әулие қажылық сапарына да осы жерден аттанған.

«…. Баянауыл, Ерейментау, Қарқаралы, Семей, Қараөткелден бай-манаптар жиналады. Аттанатын уақытта жұртқа қандай өсиет айтар екен деп халық күтіп отыр екен. Сол кезде Исабек ишан:

– Сасық сасып кетті,

Ишандық басып кетті.

Бәрінен де қымыздың қорын әкеп,

Шарабай асып кетті, – деп біздің атамыз Шарабайдың үстіне оқалы-зерлі шапанды жапқан екен дейді. Қора-қора мал айдап әкелген байлар күбірлесіп: «Бұл қалай?» деп күңкілдеседі. Себебі Шарабай екі құлынды бие, бір тай, сабаға қымыздың қорын ғана құйып әкеліпті. Сонда Ишан ата: «Шарабай байлығын көрсетуге келген жоқ. Қымыздың қорын құйып, ақ пейілін түгелдей ұсынып отыр. Құйған қорыңды өзіңе қайтардым, ақ ниетіңе ризамын. Шарабай, қолыңды жай, үрім-бұтағыңнан ырыс-құт, бақ-береке кетпесін», – деп батасын беріпті».

Аймаққа белгілі журналист Дәмет Қарашашева бұл әңгімені кезінде әкесі Бабылбек Смайыловтан естіген екен.

Ертедегі қазақ – құймақұлақ қазақ. Көзімен көргенін, құлағымен естігенін бұлжытпай ұрпағынан ұрпағына жеткізе білген. Ел ішінде «Алла жолын берсе, орыс тонын береді» деген Исабек ишаннан қалған әйгілі сөз жиі айтылады. Нақылға айналған бірауыз сөздің түп-төркіні мына бір оқиғадан шығады.

Мысық тілеулі адамдар әр заманда да болған. Исабек ишанның атақ-даңқы, халық арасындағы абырой-беделі тыныштығынан айырған біреулер арамдық қақпанына түсірмекші болып, Омбы генерал-губернаторына қайта-қайта арыз-шағым түсіреді. Содан мән-жайды анықтау үшін орыс шенділері хазіретті қамауға алады. Исабек ишан Алла Тағалаға сыйынып, дұға қылған сайын түрме камерасының құлпы ашылып кете береді. Бақылаушы жасауыл бұл жайтты түрме бастығына жеткізеді. Тұтқынның тегін адам еместігін сезген ол екіқабат әйелінің өтінуімен Исабек ишанды босатып, үстіне тон жабады. Осылайша, айдап әкетер алдында жылап-сықтаған жұртқа Исабек ишанның: «Жыламаңдар. Алла жолын берсе, орыс тонын береді» деп басу айтуы кейін дөп келіпті. Хазіретке Жаратушы дарытқан қасиет көп болған.

Жан еді шарапатты даңқы жеткен,

Кәнеки, кім бар еді онан өткен?!

Түрлі ауру, шерменде де, тіпті науқас,

Жазылып, сау-саламат болып кеткен.

Тон болған тоңдырмайтын жалаңашқа,

Ас болған таусылмайтын қарны ашқа.

Арымас ат, жаяуға көлік болып,

Әр мұңдыға ем болған басқа-басқа!

Көзсіз келсе, алдына көзді болған,

Тілсіз келсе, сөйлейтін тілді болған.

Не дегенін Құдайым қабыл етіп,

Мұңлы, кәріп алдына бәрі толған.

Саңыраудың себеп болған құлағына,

Ақсақтың дауа болған аяғына.

Жын-шайтаннан құтылып, халас болған,

Өзі түгіл, сүйкенсе таяғына, – деп, Мәшекең сол қасиеттерін жіпке тізгендей етіп айтып кеткен.

Билік тізгінін ұстаған ел басқарушылардың да әділдіктен тайып кететін тұсы болады. Ет пен сүйектен жаралаған пендеге бәрі тән, көзін шел басуы да мүмкін. Төрелікте бұрмалаушылық болғанда жұрт ара ағайынға жүгініп, мұңын шағып, әділдік іздейді. Исабек ишан ел ішінде бітімгер де бола білген.

Ақыл-парасаты, жөн сөзіне ел билеушілері де құлақ асқан. Бір жолы хазірет атақты Шорманның үйіне қонақ болып түсіпті. Келелі әңгіме үстінде үй иесі шара толы қымыз ұсынып, құрмет көрсетеді. Исабек ишан шараны екі қолымен ұстап, сәл-пәл шайқайды. Бұл қылығына таң қалған Шорман: «Ишан ата, мұныңыз не, төгіледі ғой», – депті абыржып. Сол мезетте көңіліндегі сөзін айтар сәт туғанын сезген хазірет: «Шорман, сен де асып-тасыма, төгілесің», – депті-мыс. Әрине, мұндай ишара сөзді далалық пәлсапаға жетік Шорманның риясыз қабылдайтынын әулие біліп келіп отыр. Әйтпесе, асыл сөзін шығындамас та еді.

Заманында ислам дінінің темірқазығы, мұсылмандықтың діңгегі болған Исабек ишанның бақилық болуын Мәшһүр Жүсіп жоқтау өлеңінде былай баяндайды:

Дәулет құс қонып тұрған басында еді,

Қырық шілтен ғайып ерен қасында еді.

Сапары бұл дүниеден ақыретке,

Қой жылы, жетпіс тоғыз жасында еді.

Айының оразаның бас жағында,

Ауызы берік, қарынның аш шағында.

Зәмзәмнің суыменен аузын ашып,

Жұманың өтіп кетті-ау ақшамында.

Исабек ишан жаз жайлауы Сасықкөлде Ақан сорында өмірден өткен. Марқұмның мәйітін ел-жұрт арулап, жаяу көтеріп, Қылдыкөлге жеткізіпті. Қазіргі уақытта хазірет көз жұмған жерге белгітас орнатылды.

Енді Исабек ишанның туған, өмірден өткен жылдары туралы сөз қозғайық. «Исабек ишан» қайырымдылық қорының қолдауымен шыққан «Исабек ишан» кітабында ишан ата 1792 жылы туған деп көрсетілген. Бірақ, бұл деректің нақтылығы күмән келтіріп жүр еді. 2020 жылдың жазында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері Бағдат Дүйсенов, Дина Медерова, Айтжан Нұрманова және Құралай Құрманбаева Қылдыкөлде болып, Исабек ишан қабіріне қойылған үш қырлы көктастағы арабша жазуды оқып, аудармасын жасады. Сөйтіп, ишан атаның нақты туған жылын анықтаудың сәті түсті. Құлпытастағы мәтіннің бір үзігі мынадай: 1300 жылдың айтында қой жылында Хазірет Ишан Исабек Мұратқожаұлы мақшарға рамазанның тоғызында дүйсенбі күні (қазіргі милади – григориан жыл санауы бойынша 1883 жылдың 30 шілдесі) дар әл-фаниден дар әл-бақиға рихлат етті. Мәтінді оқу құлпытасты кім қойғанын анықтауға да мүмкіндік туғызды. Онда былай жазылған: Бұның иесі және оның меншігі Хазірет Ишан Кете Молла Мұхаммеджар баласы Молла Бейсембай.

Ғалымдар әйгілеген дерек, бір ғажабы, Мәшекең жоқтауындағы деректермен дөп келіп тұр. «Сапары бұл дүниеден ақыретке, Қой жылы жетпіс тоғыз жасында еді». Сонымен, Исабек ишан 1883 жылдың 30 шілдесінде жетпіс тоғыз жасында көз жұмса, онда туған жылы 1804 жыл болып шығады. Мұны ел ішінде сақталған әңгіме де растайды. Исабек ишан екі перзентінен ерте айрылып, бір сәбиге зар болып жүргенде, «Бір қырық бес өмірге келер» деген аян беріледі. Сол нәресте – баласы Нұрмұхаммед. Ол 1849 жылы туып, 1906 жылы бақилық болған, ел іші оны Қырықбас атап кеткен. Қазақта «Жақсыдан қалған тұяқ» дейтін сөз бар емес пе. Бұл сөз атасына жетеғабыл не асып туған перзенттерінің шарапатты ісін көргенде сүйсінген жұрт аузынан шығады. Исабек ишанның баласы Нұрмұхаммедтен Қожахмет, Шүкімет қажы, Жақан қажы, Мұхаммедқасым, Әбсағит, Мұхаммедсолтан, Сағит, Әшім және төрт қыз: Гауһарайым, Әсия, Пәруза, Қарлығайым тарайды. Солардың арасынан Мұхаммедсолтан, Әшім қожалар және Қожахмет баласы Жандарбек қожа Кеңес дәуірінде дінге адалдығы, имани сөзі, көшелі ісі, ерекше қасиеттерімен Ақкөл-Жайылма елінің жүрегін жаулап, ары мен абыройына айналды.

 

Жассерік СӘДУАҚАСОВ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий