Бүгін – ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам белсендісі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Қоғабай Жұмағали Бижанұлының туған күні.
Қарымды қаламгерді, 75 жас мерейтойымен құттықтап, «Алдымда – адамшылық мұратым бар» өлең топтамасын оқырман назарына ұсынамыз.
Жарыс
Айта алмаймын,
Топта озған Құлагермін,
Әкеден қалған тұяқ мұрагермін.
Ішінде көп дүрмектің кетіп барам,
Тынышын ап сұлық жатқан құба белдің.
Бірде озып, бірде кейін мен қаламын,
Әйтеуір артта емеспін, аңғарамын.
Жүлделі орындарды үміт қылып,
Төсінде шауып келем сар даламның.
Айқай-сүрең бәрі шу айналамның,
Айхай шіркін,
Мен қалай жайланармын.
Қыса түстім тақымды, ұша түстім,
Серігіне жердің мен айналармын.
Алдымда адамшылық мұратым бар,
Астымда бастықпаған жыр атым бар.
Қырында шауып келем кең даламның,
Бағытым жыр аулында тұратындар.
Қамшылау
Ерен істер бітіргендей,
Көтеріңкі еңсеміз.
Кейбір істер бүтінделмей,
Жатыр әлі сенсеңіз.
Өзімізді мақтап қойып,
Өзгелерге батырмыз.
Өнімсізді жақтап қойып,
Өкінген боп жатырмыз.
Сәті келсе шетімізден,
Суырып салма ақынбыз,
Сап салмақты бетімізбен,
Селтеңдеуге жақынбыз.
Атай алмай ақындардың,
Асыл сөзін, атын біз.
Сөзіне еріп ақырғанның,
Өмір сүріп жатырмыз.
Тарата алмай қаттаулы бір,
Тарихымның төркінін.
Күн өтеді жаттауменен,
Өзге ұлттың тәртібін.
Болмағандай ел билеген,
Батырларым, сұлтаным,
Өз тілімді танымаған,
Өзгелермен бір таңым.
Қарнымыз тоқ, жарлымыз жоқ,
Көрген жоқпыз жазаны
Жауабы жоқ сансыз сұрақ,
Ала берді мазаны…
Ерен істер бітіргендей,
Көтеріңкі еңсеміз.
Көп ісіміз бүтінделмей,
Жатыр әлі сенсеңіз.
Уақыт
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Жалғандықтың шынысын,
Жалғыз таспен уатып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Сәби келсе дүниеге,
Сүйіншісін сұратып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт
Келін түссе үйіңе,
Көрімдігін сұратып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Анаң қайтыс болғанда,
Ағайының жұбатып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Ғашықтарды қуантып,
Жасықтарды жылатып.
Асылдарды ұқтырып,
Тасырларды бұқтырып.
Өтіп жатыр уақыт,
Қалғымастан тік тұрып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Өткінші, жалған өмірде,
Өмір сүру – бір бақыт.
Адамның ұлы болсам
Күн артынан күн өтіп, күндер өтіп,
Соны істі арқаға мінбелетіп.
Күннің қалай өткені білінбейді,
Суыт жүрген адамдай түнделетіп.
Жақын қапты отыз да ойламаған,
Теңізінің тереңін бойламаға.
Алау күннің ауылы ұзап барад,
Жарытып әлі ештеңе тойламаған.
Жиі-жиі жүрек те дүрсілдеуде,
Нені аңсады сыр құмар сыршыл кеуде?
Балапан ой басын тез көтереді,
Сырға толы өмірді білсін дей ме?!
Кісі емеспін мәз болар тойғанына,
Қадірсіз де емеспін аймағыма.
Бірақ, бірақ соңы жоқ сансыз сұрақ,
Маза бермей жүр бұла ойға мына.
Не айттым екен,
Жұртыма бергенім не?
Ақын болып құлашты сермедім бе?
Азамат боп еңбекте ерледім бе,
Түк бітірмей отызға келгенім бе?
Міне, осындай ойлар кеп буады да,
Жылына алмай отымның шуағына.
Өз-өзімнен қысылып дей беремін,
Адам бір-ақ рет өледі, туады да.
Тай мініп өрге ұмтылған талабына,
Сансыз ой дана болып қарады да.
Ақырын Абай сынды сыбыр етті,
Адамның ұлы болсаң жарады да.
Жол үстінде
Қара жолды машинамен қуырып,
Келе жаттық жер өкпесін суырып.
Көз ұшынан көрінген көк төбелер,
Қала берді шаңымызға жуылып.
Айқай шіркін, жылдамдықтың қуаты,
Асау сезім отыр жанды тулатып,
Арманымда асығады жеткізбей,
Қатпар ойдың қабырғасын құлатып.
Кенет бұл не?
Неге жүрек дір етті?
Шоферім де тежегішті тірепті.
Жаңа ғана зуылдаған көк тұлпар,
Шарасыздан кілт тоқтады, гүр етті.
Енді көрдім жол үстінде бөдене,
Үш балапан ұмтылады көдеге.
Ал бөдене бойға жиған бар күшін,
Кетер емес
Жүректі еді не деген!
Қиыс кеттік бетті бұрдық далаға
Құс деп оған менсінбей сен қарама.
Құс та болса балапанын қорғаған,
Қайда бізге қарсы тұру анаға!
Парыз
Апажан,
Жетпіс беске толғасың ба?
Салмақты ең ұқсайтын қорғасынға.
Қайран күнді бұл күні жиі айтасың,
Қатарларың сиреді
Қорқасың ба?
Апажан,
Кісі едің дара ширақ,
Аштық жылы жатқанда бала шулап.
Соғыс жылы жатқанда қала қирап,
Жұмысты атқарғансың жанды қинап.
Көлік болып соқаға жегілгенсің,
Қара қағаз келгенде егілгенсің.
Ешкім саған айтпайды,
Айта алмайды,
Сен өмірден жеңілгенсің.
Күнің көп ед балаға алаңдаған,
Қол босамай жұмыстан бара алмаған.
Өзіңді көріп өскен балаларың,
Қалай ғана бола алсын жаман бала.
Қиындықты талай сен көтеріп ең,
Неге сонша қорықтың жөтеліп ең?
Басқа жаққа баруға асықпашы,
Жоқ әлі біздің парыз өтелінген.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.