Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы, 30 шілдеде, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келген қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері әрі ақыны.

Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды.

Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне кеңінен тарай бастайды. Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербор қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулие-ата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады.

Бүгін «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы перзенті, әнші-сазгер, ақын Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Жігіттер, шамаң келсе маған ұқса!» жас ақындар айтысы өтті. Облыстық жас ақындар айтысына әр қала, ауданнан  12 оқушы қатысты.

Республикаға танымал айтыскер ақын, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбектің шәкірттері: Қажет Еркеш, Айбек Құсайын (екеуі де – Атамекн ауылынан), Мейіржан Баршынбай, Нұридден Охиттан, Алдияр Қайрат және Амантай Ризат (барлығы – Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың оқушылары): Баянауыл ауданы, Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің ұстазы, танымал ақын Жеңісбек Пазілдің шәкірттері: Нұрақымет  Мәуіт пен Жансерік  Совет; танымал айтыскер ақын Мизан Жұмәлінің  шәкірттері: Әділет Айтжанов  (Білім инновациясы лицейі), Батырхан Әлім («Жас дарын» мектебі); айтыскер ақын Нұрбек Бәкірдің шәкірттері: Анель Оразова мен Елжан Өнерхан (Қ.Бекхожин атындағы мектеп) сөз сайысына түсті.

Сөз сайысына белгілі айтыс ақындары, «Айтыс ақындары және жыршы-термешілердің» Халықаралық одағының мүшелері Абзал Қабдраш, Мәрес  Байрон,  Оразбек Саяхат және көптеген респбуликалық айтыстардың жүлдегерлері Марғұлан Жанбау, Нұрбек Бәкір қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлдені Охиттан Нуридден жеңіп алды. І орынды Мейіржан Баршынбай, ІІ орындарды Нұрахмет Мәуіт пен Әділет Айтжанов, ІІІ орындарды Батырбек Әлім, Ризат Амантай, Қажет Еркеш иеленді. Өзге жас ақындарға «Жаяу Мұса Байжанұлы», «Абай Құнанбайұлы», «Иса Байзақов», «Қадыр Тайшықов» және «Қалмұқан Исабев» атындағы арнайы жүлделер табысталды.

Добавить комментарий