Біз Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде жұмыс істеп жүрген уақытымызда, ескі «Жеңіс» газетінің 1974-1978 жылдардағы тігінділерінен Ризолла Бұланбаевтың өлең-жырларымен жиі ұшырастық. Назарымызға бірден іліккен өлең жолдары:

«Мен емеспін жоқтан барды құраған,

Деген шағым іздегенге сұраған.

Еңбек десе, ерінбестің өзімін,

Еңбек ету ең құрметті правом», – деп басталады.

Шымыр ұйқасты өлең бірден баурап алды. «Бұл кісі кім болды екен?», – деген ойдың жетегіне ілестік. Өзі айтқандай, зейнеті мол еңбектен өмірінің ақ жолын тапқан жан, «Алексеевка» совхозында шопыр болып жұмыс жасайды екен. Сонымен бірге, «Арақтың кінәсі», «Мұндайлар да болады» өлеңдері де қалам иесінің ой-өрісі кең, талғамы жоғары екенін аңғартты. Бұл топтама – «Жеңіс» газетінің 1974 жылғы қыркүйектегі санында жарияланыпты.

Ал, 1976 жылғы қарашадағы нөмірде жарияланған «Табысты жыл» өлеңінде автор «Ұлы Октябрь мерекесіне берекелі тартумен келген» «Алексеевка» совхозының еңбеккерлерінің төккен маңдай терін шабыттана жырлайды.

«Қуанарлық алғашқы адым қарышты,

Жылдағыдан биылғы жыл табысты.

Жарайсыңдар, ауылдастар, еңбекте,

Ерледіңдер қолдан бермей намысты», – деп, «Әр жүз саулықтан 100-130 қозы алған шопандар – Жетпіс, Жұмаш, Теміртай», «100 биеден 90 құлын өргізіп, жылды олжалы аяқтаған жылқышы – Әденұлы Олжа», «Мал бағуда терін төккен бақташылар – Тұрахмет, Сентай» есімдерін құрметпен атайды.

Біз «Ауыл тынысын, еңбек бейнесін осыншалықты зор құрметпен жырлаған қаламгердің есімін бұрын-соңды неге естімей, елемей жүрдік?» деген ойда қалдық. Әрине, жоғарыдағы жырларды науқандық шығармалар деп айтқанымызбен, автордың жырға ынтық көңілін, шалқар шабытын науқандық деуге қимаймыз. Себебі, ескі газеттердің бірінде «Жыр жолдары» айдарымен берілген топтамасы ақынның кең тынысын, зор талабын аңғартады. Сенбесеңіз, «Ақын болғым келеді» өлеңіне көңіл қойыңыз:

«Қиындықтан жасқанып, қорқақ болғым келмейді.

Ризығына басқаның, ортақ болғым келмейді.

Түк келмейтін қолынан, шорқақ болғым келмейді.

Өнбейтұғын жүрісі, жортақ болғым келмейді.

Өмірменен күресте батыл болғым келеді.

Достарыммен еңбекте, батыр болғым келеді.

Қиын іске қашанда жақын болғым келеді.

Халқым үшін ардақты, Ақын болғым келеді». Бұл өлеңнен әдебиет әлеміне енді ғана қанат сермеген жастың ақ адал ниеті, асқақ арманы анық көрінеді. Бұдан бөлек, «Ақыл сұрар адамың», «Ертісім, ерке өзенім», «Ешқашан опық жемесем» деген өлеңдері де бізге беймәлім сөз иесінің жыр киесіне бас игенін аңғартады. Осы топтамадағы «Ассалаумағалайкүм!» өлеңі ерекше әсер қалдырады:

«Үлгілі өмірлерің –

Нысана маған айқын.

Ақ шашты, уа, әкелер,

Ассалаумағаләйкүм!

Жас кезім жиын-тойда,

Сіздерді жағалаймын.

Үйренген сөзім сонда:

Ассалаумағаләйкүм!

Сыншым да әлі сіздер,

Сөзімді бағалайтын,

Жігітім, қой!, – дейсіздер,

Сөз айтсам, жадағай тым.

Біз үшін сау болыңдар,

Өтсе де, талай ай, күн.

Аяулы ақсақалдар,

Ассалаумағаләйкүм!».

Бұдан кейін «Екі өлең» айдарымен Ризолла ақынның «Туған ел» және «Егін» жырлары жарияланыпты. Алғашқы өлең былайша өріледі:

«Туған елім, сені сүйген мен балаң,

Жыр қанатын, жас қанатын қомдаған.

Елдігіңді паш етуге өлеңмен,

Он ойланып, күніне жүз толғанам.

 

Қиялыма аспандағы ере алсам,

Сөз-мұхиттың шын маржанын тере алсам.

Борышымды өтегендей болар ем,

Келбетіңді суреттеп бере алсам.

 

Ризамын, артса маған мол сенім,

Таба берсем, сөздің теңеу, өлшемін.

Қай шетіңде жүрсем-дағы, туған ел,

Мен – сенің бір ажырамас бөлшегің».

Осындай шығармашылық иесі неліктен ескерусіз қалды? Кейінгі ұрпақ, біз, неге бұл қаламгер жайлы толық білмейміз? Ақын қазір қайда?

Санамызда туындаған осы сұрақтарға және сөз басында айтқан сауалдарға жауап табу үшін Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Солтан Зекенұлының жол сілтеуімен Құндыкөл ауылында тұратын зейнеткер Кәкен Жақұповқа хабарластық. Ақсақал, жас күнінде аса көңіл бөле қоймаса да, қаламгер жайлы азын-аулақ естелікті санасына сақтап қалыпты. «Ризолла біздің совхозда шопыр болып жұмыс жасады. Аудандық газетке үнемі шығармаларын жолдап тұратын. Өлеңдері, әзіл-сықақ тақпақтары, фельетондары жиі жарық көріп тұрды. Ауылдастары оны «Біздің корреспондент» деп атайтын», – деді ол.

Ризолланың табан астында айтқан өткір әзіл сөздері де Кәкен ақсақалдың жадында екен. Сондай тақпақтардың біреуін бізге де айтып берді. 1972-1973 жылдары Алексеевка совхозында Александр Унтеров деген механик болыпты. Шопыр Ризолланың мінген жүк көлігі жиі бұзылып қала береді екен. Оның бұнысына механик: «Саған мотор шақ келмеді ғой!», – деп ұрсатын көрінеді. Сонда Ризолла ыза болып:

«Унтеров бастық болса, не етер еді?!

Ол менің түбіме өзі жетер еді.

«Зверьский моторды» құрттың ғой», – деп,

Ышқырын қайта-қайта көтереді», – депті.

Ақсақалдан тағы бір білгеніміз – Ризолла Бұланбаев сексенінші жылдарға дейін Баянауыл ауданында болып, кейіннен отбасымен бірге, туған жеріне қоныс аударыпты. Май елінде қызмет жасап, 2013 жылы өмірден озыпты.

Біз ақынның туған жері – Май аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мамандарына жүгіндік. Кітапханашылар Ризолла ақын жайлы мәліметтерді жинақтап қойыпты, жерлестері қаламгерді ерекше қадір тұтады екен. Ақынның туған жерінен жеткен мағлұматтарға назар аударайық: Ризолла Бұланбайұлы Ауан 1938 жылдың 10 тамызында Май ауданы, Саты ауылының Талды елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – Бұланбай Ауанов Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943 жылы қайтыс болған. Анасы – Күлзайра Сопылова колхозда сауыншы болып істеген. Кейуана 103 жасқа келіп, немере, шөберелерін қызықтап, 2003 жылы дүние салыпты.

Ризолла бастауыш мектепті «Бестау» колхозында бітіріп, 5-7-сыныптарды Май ауданының Абай ауылындағы мектепте оқыған. 1957 жылы Малайсары орта мектебін тәмамдаған. 1957 жылдан 1963 жылға дейін Чапаев совхозында малшы болды. 1964 жылдан бастап, 12 жылдай автокөлік жүргізушісі, тракторда механизатор және комбайнер болып жұмыс жасады. Қаламгер 1972-1980 жылдары Баянауылда, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі Құндыкөл ауылында қызмет жасады. Ақынның кенже баласы 1974 жылы Баянаула өңірінде дүниеге келген екен. Өмір есігін қасиетті де қастерлі мекенде ашқан қызына ол «Баян» деген есім берді. Баян қазіргі уақытта Аққулы ауданы, Жамбыл ауылында, Жамбыл атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Қаламгер өмірінің соңына дейін кенже кызының колында тұрды.

Кейіпкеріміз 1983 жылдың аяғынан бастап 1994 жылға дейін Чапаев совхозында 11 жыл ұсталықпен айналысыпты. Еңбек ардагері бес ұл, үш қызды дүниеге әкелген ардақты әке, 17 немере, 5 жиен сүйген аяулы ата болып өмірден өтіпті.

Қарап отырсақ, кейіпкеріміздің еңбектің ауыр жолында жүріп, ақындықтың ауыр жүгін арқалағанын көреміз. Бұл жөнінде ол «Қолдар» деген өлеңінде әсерлі жырлайды:

«Сан қилы ойға жетелер,

Осынау менің қолдарым.

Алақандағы сызықтар –

Сияқты өмір жолдарым.

 

Қымсынбай күстен қолдағы,

Машина рөлін ұстаймын.

Жыр жазып, қалам ұстасам,

Балаң шәкіртке ұқсаймын.

 

Мылтық па, әлде, күрек пе?

Ұстаймын керек болғанда.

Достарға көмек керек пе?

Қолымды созам қорғанбай.

 

Қолдары алтын еңбеккер,

Адамдар көп қой елімде.

Диқан дос, сенің қолыңнан,

Аумайды қолым менің де».

Ендігі кезекте, қос қолына техниканың қара майы мен қаламның қара сиясы қатар жұққан қаламгердің шығармашылық жолына назар аударсақ. Ризолла Бұлынбайұлы қарапайым ауыл адамдарын, өзімен қатарлас еңбек етіп жүрген ел түлектерін өз жырларына арқау етті. Ақынның алғашқы өлеңдері облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде 1962 жылы жарияланған. Содан бері оның лирикалық туындылары мен мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде – Ақсу аудандық «Ақ жол», Баянауыл аудандық «Жеңіс» («Баянтау») газеттерінде тұрақты жарияланып тұрды. Ақын өмірінің соңына дейін Май аудандық «Шамшырақ» газетімен шығармашылық байланыста болды.

1978 жылы әйгілі ақын Сағи Жиенбаевтың құрастыруымен және алғы сөзімен Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Балауса» өлеңдер жинағына топтама өлеңдері енді. Ал, 2006 жылы «Ел тірегі – ел түлегі» жыр жинағы жарық көрді.

2012 жылы Ризолла ақын өзі жазып қалдырған өмірбаянында «Өлең жазуды 4-сыныпта оқып жүргенде бастағаным әлі есімде. Денсаулығыма байланысты, 2008 жылдан бастап, соңғы 5 жылда өлең жазуды сиреттім, тіпті қойдым десем дұрыс болатын сияқты», – депті. Ақын сол жазбасында 1980 жылдардың басында екі рет Май ауданында өткен аудандық ақындар айтысына катысқанын, бірінші жолы бірінші, екінші ретте екінші орынға ие болғанын жазыпты.

Баян Ризоллақызының айтуынша, қаламгер көзі тірісінде екінші кітабын дайындап қойған екен. Кезекті жинағын «Ауыл – азаматтарымен көрікті» деп атапты. Өкінішке орай, ол кітабын баспаға жолдап үлгермепті. Қазір ақынның ұрпақтары аталған кітапты жарыққа шығару жұмыстарын жасап жатыр екен.

Кейіпкеріміз жайлы, ір кездері, марқұм ақын Арман Қанидан да сұраған едік, ол Ризолла Бұланбаевтың қаламгерлік қырынан бөлек, қайраткерлік қасиетін сөз етті. Арман ағаның Май аудандық «Шамшырақ» газетінде 2016 жылы 3 қыркүйек күні Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай жарияланған «Атомсыз әлемге аяқ басарда» мақаласында мынадай жолдар кездеседі: «Полигонды жабу және қозғалысты қолдау туралы талапхатқа облыстық партия комитетінің органы болып табылатын «Сарыарқа самалы» мен «Звезда Прииртышья» газеттері, облыстық телевизия мен радио журналистерінің басым көпшілігі бірден қол қойды! Қозғалыстың Павлодар облысында қанат жаюына жер-жердегі шығармашылық адамдары іс-әрекетімен де, шығармаларымен де зор үлес қосты». Арман аға айтып отырған, сөзі мен ісі үйлескен жер-жердегі шығармашылық адамдары – Ғабит Сапаров, Қайыр Жүнісқалиев, Серік Мұхтаров, Қанат Шайғазин, Өмірбек Құшманов, Жұмағали Қоғабаев, Сүлеймен Баязитов сынды белгілі азаматтардың қатарында Ризолла Бұланбаев та бар еді.

Балалық шағы Май ауданында, жігіттік кезі Баянауылда өткен қаламгер, біз білмейтін Ризолла Бұланбаев – еңбекте шыңдалған, өлеңде төселген, өмірде бапталған азамат болған екен. Қаламгер есімін алғаш кездестірген сәтте туындаған сауалдарға жауап алғандай болдық. Бірақ, көкейдегі сұраулы сөйлемдер әлі де сайрап жатыр. Оған уақыт жауап берер.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий