Ертіс-Баян топырағы талай талантты тудырған қасиетті өлке. Осы өңірдің рухани тарихын, журналистикасының жаңа тынысын ашқан дара тұлғалар қатарында Мұхамеджан Дәуренбековтің аты айрықша аталады. Биыл – көрнекті қаламгер, айтыс жанашыры, жан-дүниесімен журналистиканы сүйген ардақты азаматтың туғанына 90 жыл.

Мұхамеджан Құрманғалиұлының өмір жолы 1935 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының Сұлукөл кеңшарындағы Қарағансай ауылынан бастау алады. Әкесі шопан болса да, ол баласының келешегін сөз өнерімен байланыстырғысы келген. Өзінің естелігінде: «Сауатсыздықтан көрмеген қорлығым жоқ. …Елге аман барсам, балаларды оқытармын деп серт етіп едім» деген әке сөзі жас Мұхамеджанның санасына білім мен өнердің құндылығын ұялатқандай. Атасы Аяпбергеннің өлеңі қонған баланың алғашқы қадамы да өлеңмен айқындалды. Алтыншы сыныпта жазған «Диқаншы» өлеңі Семиозер аудандық газетінде жарық көріп, болашақ журналистің арман жолына бағыт берді.
Өмірінде кездейсоқтықтар көп болғанымен, тағдырдың тартуы адамды өз биігіне жетелейді. Мұхамеджан Құрманғалиұлы бұл шындықты өмірбаяндық автобиографиясында: «Адам өмірінде кездейсоқтық деген жиі кездескенмен, негізгі маңыз атқара алмайды. Кімде кім негізіне, тұқымына тартпай қоймайды…» – деп, өз сөзімен-ақ айғақтап кеткен.
Ауылда жүріп ит-құсқа, жолдастарына өлең шығарып, Ұлы Отан соғысынан әкесі оралғаннан кейін жазбаша шығармашылыққа бет бұрады. Әкесі бір күні оған: «Балам, шын қоңған өлең болса ешқайда кетпейді. Алдымен білім ал» – деген еді. Әкесінің осы өсиеті болашақ қаламгердің бағытын айқындап берді.
1953 жылы мектеп бітірген жас талапкер Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына түсіп, кәсіби білімді терең меңгерді. Оқуын аяқтаған соң өмірін толығымен баспасөз саласына арнады. 1958 жылы Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде тілші болып еңбек жолын бастап, қаламының қарымын танытты.
Мұхамеджан Дәуренбеков журналистиканың барлық жанрында қалам тербеген, жан-жақты маман еді. Ол өзін очеркист, публицист, фельетоншы және шебер репортер ретінде таныта білді. Әсіресе, мәдениет, өнер, әдебиет, денсаулық сақтау және халық ағарту тақырыптарындағы мақалалары оқырмандар арасында кеңінен танымал болды. 1962-1965 жылдар аралығында Тың өлкелік газетінде аға тілші болған ол, 1965 жылы желтоқсанда туған ұжымы «Қызыл туға» қайта оралып, 1995 жылға дейін абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Оның очерктері мен фельетондары республикалық «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Ара» журналдарында, «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көріп, публицистік қабілеті республика жұртшылығына да танылды.
Мұхамеджан Дәуренбековтың еңбегі тек баспасөзбен шектелмеді. Ол «Тілші», «Қиын бала» атты шағын пьесалар, «Сенім» повесі мен бірнеше әңгімелер жазып, жазушы ретінде де танылды. Әсіресе, «Қиын бала» пьесасы Баянауыл және Аққулы халық театрларының репертуарына еніп, ел ықыласына бөленіп, көркемдік тұрғыдан жоғары бағаланғаны – оның драматургтік шеберлігінің айғағы.
Өзі естелігінде: «Екі шағын пьеса, он бес шақты әңгіме, бірталай өлеңдер қаламнан туды. Бірақ талпыныс болғанмен баспагерлерге жуи алмадым… Еңбектің басын кітап ету – бір арман. Орындалуын келешек көрсетеді» – деген еді. Бұл – қаламгердің шынайы жүрек сөзі деп білеміз.
Айтыс өнерін жаңғыртудағы еңбегі – Мұхамеджан Құрманғалиұлының ерекше дарыны мен азаматтық ұстанымының көрінісі. Ол облыста ақындар айтысын дамытып, әсіресе дауылпаз ақын Иса Байзақұлының төкпелі айтыс дәстүрін қазіргі деңгейге жеткізуге зор еңбек сіңірді.
Ол: «Жетпісінші жылдардан облыста тұңғыш рет әуелі жазбаша, сонан соң жазып барып жаттатып айтыс ұйымдастыру идеясын жүзеге асырдым. …Осы бастама кейін қазіргі суырып салма, төкпе айтысқа жалғасты» деп, бұл бастаманың қалай дамығанын мақтанышпен жазған.
Сондай-ақ, оның: ««Қызыл туда» қызмет істеген жылдары көптеген өлеңқұмар талапкерлерді әдебиетке баулыдым» дегені, ұстаздық қырын да көрсетеді. Атап айтқанда, Мейрам Асылғазин, Есентай Ерботин, Төлеген Мұқаев, Сүлеймен Баязитов, Жұмағали Қоғабай, Ғалия Балтабай секілді дарын иелеріне бағыт-бағдар беріп, олардың тырнақалды туындыларын газетке өңдеп беріп отырған.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қаламын тастамаған Мұхамеджан Құрманғалиұлы Павлодар аудандық «Нива» газетінде еңбек етіп, қазақ тіліндегі қосымшаны шығаруға атсалысты. Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысып, бірнеше кітап пен өлең жинақтарын жарыққа шығарды.
Ол – қаламы қарымды журналист қана емес, руханияттың, ақындар айтысының жанашыры, ізгілік пен өнегенің жаршысы. Ардақты азаматтың өмір жолы, ел игілігі жолындағы адал еңбегі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа қалдырған өшпес мұра.
Абзал РЫМБЕК,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.
