Құшағын оған Жұлдыз, Ғалам ашып,

Аязбен, ақ қарменен араласып.

Өлшеулі фәни тірлік, бұл ғұмырдың,

Бір жылы қырдан әрі барады асып.

 

Далада,

Шулы қала,

Көрші ауылда,

Әбігер, елдің бәрі жар салуда.

Тілеумен бір-біріне ізгі тілек,

Адамзат Жаңа жылды қарсы алуда.

 

Тірліктің талай сынын өткергендер,

Көп жасап, бұл өмірде көп көргендер.

Достарым,

Сіздерсіздер ызғар соқса,

Жылытып, бір-біріне от бергендер!

 

Атса да, арайланып таңы күнде,

Жараспай тіршіліктің әні мүлде.

Қасыңнан торыққан сәт табылғандар,

Өзіңмен сәні бірге, жаны бірге.

 

Жүреміз кейде біздер босқа ойланып,

Жүректің бір бұрышын бос қоймалық.

Дұшпаным,

Саған айтам, кім біледі…

Кім кепіл, кетпесіңе досқа айналып!

 

Көңілге қазыналы көш кеп қонса,

Бақытты күндер бастан көшпек сонша.

Мәнді боп, баста дәурен тұрары анық,

Жаныңда жақсы жолдас, дос көп болса!

 

Сондықтан, Жаңа жылға тілегім бұл,

Достарым,

Сізге деген, жүрегім – нұр!

Жыр болып, өлең болып,

Жаны жайсаң,

Жандардың жүрегінде түнедім кіл!

Тілеймін,

Жүріңіздер, Сіздер аман,

Менің де, Сіздерменен жүрегім бір!

Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ,

ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Добавить комментарий