Бүгін Екібастұз қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, аудармашы, қоғам белсендісі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Жұмағали Қоғабайдың 75 жас мерейтойына арналған «Екібастұздың рухты азаматы» әдеби-сазды кеш өтті.
Оқырман назарына аталған кештен фоторепортаж ұсынамыз:
Әдеби-сазды кеш қаламгер өмірінен сыр шертетін бейнебаянмен басталды.
Намысы – найза, серті – семсер, төзімі – тоң, жігері – жалын, ата-баба дәстүрін жалғастырушы қаламгер өмірі жерлестерімен жарасты.
Әдебиет патшалығындағы пайымдауы бөлек қаламгердің жебелі жырлары мен кестелі сөздері оқырманның жансусарына айналды.
Сахна төріне Жұмағали Бижанұлы көтеріліп, ел-жұртпен қауышқан сәтін азаматтық, қаламгерлік бақыты деп бағалады.
Мерейтой иесін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтады.
Сөз құдыреті – өлең. Өлең – жан сыры. Жүрек үні. Ал сол үн жолдар болып жазылып, әнге айналса ғажайып құбылыс емес пе?! Бұл ғажайып Жұмағали ақынның да поэзиясынан көрініс тапты. Оның нағыз отансүйгіш, өз еліне, туған жеріне деген махаббаты «Екібастұз» әні болып (сазы – Вадим Бгашевтікі) әуеледі. Туған жерге тарту сынды ерекше әнді Халықаралық байқаулардың лауреаты, белгілі әнші Дәурен Төлеубаев орындады.
Ақын:
«Бірде озып, бірде кейін мен қаламын,
Әйтеуір артта емеспін аңғарамын.
Жүлделі орындарды үміт қылып,
Төсінде шауып келем сар даламның…», – дейді бір өлеңінде.
Бала Жұмағали өлең өнеріне бала жастан құмар болды. Оның талабын анасы Нұрым ұштады. Жас талап Жұмағали қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы болуға талпынып, Қарағанды мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсті. Академик Ебіней Букетовтен дипломдық жұмысын сәтті қорғаған Жұмағали аға еңбек жолын Екібастұз педагогикалық училищесінде бастайды. Сөйтіп, Жұмағали аға кеншілер қаласында еңбек пен шығармашылықты ұштастыра жүріп, әдебиет әлемінің босағасынан аттады.
Әдеби-сазды кеште ақынның өнердегі ізбасар іні-қарындастары «Бақыт жайлы жыр», «Уақыт», «Парыз», «Досыма хат», «Қиястық пен Қиянат» өлеңдерін оқыды.
Мерейтой иесін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, ақын Ербол Алшынбай мен Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай құттықтады.
Жұмағали Бижанұлы шығармашылықты серік еткеннен бері домбыраның қос ішегіндей поэзия мен прозаны қатар алып келе жатқан қаламы қарымды қаламгер екені әмбеге аян. Ол әр жылдары «Екібастұздан ескен леп», «Дүмпуі көп дүние», «Жаңбырлы күн», «Дала қыраны туралы хикая», «Алақаны аялы», «Оюында ой-орман – өрнегінде аққу қаз», «Қырандарым, самғай бер», «Шақшан таудың шар болаты», «Ғаламтордың әлегі», «Тышқанның қулығы», «Телефон», «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар», «Сәтбаевтар әлемі» қатарлы жыр жинақтары мен әңгіме кітаптарын, деректі повестері мен деректі суреттемелерін, аударма кітабын жарыққа шығарды.
Жұмағали Бижанұлының өмір мен көңіл әуендері туған ел мен жерге арналып, махаббат тақырыбын өзек етсе, сезім шынайылығын серік еткен балаларға арналған өлеңдерінің өзі бір төбе. Ақынның балаларға арналған «Гүл сыйлаймын анама», «Ата мен немере», «Мен де сарбаз боламын», «Батыр», «Инелік», «Ғаламтордың әлегі», «Есірткіш есімдік», «Жол үстінде», «Кішкентай отаным» сынды өлеңдері оқылды.
Жұмағали Бижанұлы еңбек ете жүріп, шығармашылықпен айналыса жүріп, Екібастұз қаласының қоғамдық өміріне, әсіресе, ана тіліміздің аясының кеңеюіне зор үлес қосты. Ол Екібастұз қалалық «Қазақ тілі» қоғамын құруға белсене араласып, 28 жыл осы қоғамды басқарды. Тоқсаныншы жылдардың басында Екібастұз қаласында құрылған «Азат» азаматтық қозғалысының тең төрағасы, кейін Екібастұз қалалық «Ақсақалдар әділ-қазылығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Атамұра» мәдениет орталығындағы “Шабыт” әдеби шығармашылық бірлестігінің жетекшісі болды.
Көбен Төлепбергенов, Халел Хамметов, Октябрят Ағжанов, Амангелді Сүлейменов сынды ұлтжанды ағалармен, қазақ мұғалімдерімен бірге «Атамұра» мәдениет орталығының ашылуына, №22 қазақ мектебінің іске қосылуына, қазақ мектептерінде бала санының көбеюіне, көше атауларының қазақылануына үлес қосты.
Сонымен қатар, Бір топ журналистермен бірге 30 жылға жуық жеке оқу орны болмай жүрген №25 қазақ қыздар гимназиясына жеке ғимарат берілуіне ықпал етті. 1991 жылы наурызда қазіргі Ақсу, бұрынғы Ермак қаласының атын өзгерту, Ермактың тас ескерткішін алып тастауда ұйымдастырушылар қатарынан көрінді.
Мерейтойлық кеште Жұмағали Бижанұлының отбасы да сахнаға көтерілді. Қаламгердің өмірдегі һәм өнердегі ізбасары Шынар Жұмағалиқызы сөз сөйлеп, өлең оқыды.