…Қазақы орта, қабырғалы орда деген аты мұқым жұртқа мәлім мектеп-интернаттың есігінен имене ене бердім.
Тамыздың соңын ала облыстың әр түкпірінен осында табан тіреп, жатағына жайғасу қамымен жүргендердің қатарына Жомарт екеуіміз де қосылдық. Ұзын бойлы, мығым денелі Жомарт досымның қасында менің тұрпатым бастауыштың баласындай болып көрінеді…
Ата-аналар мен балаларды кіре беріс дәлізде қарсы алып, бұл табалдырықты біз секілді алғаш аттаушыларға жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрген ұстаздың бірі ауылдан алып келген құжат-қағаздардың дұрыс-бұрыстығы екшеліп- реттелетін бөлмеге қарай бағыттап жіберді. Директордың кабинетімен жапсарлас шағын бөлмедегі үстелге жақындадым. Мұндағы апайлар 350 шақырымнан жеткізген «жүгімді» қаттап-шоттап, мұқият қарап шығып, «қыздың жиған жүгіндей екен» деген шешімін айтты. Сосын менің «Б» сыныбына қабылданғанымды «сүйіншіледі». Жомарттың жағдайын білсем, оны «Г» сыныбына қарай жөнелтіп жіберіпті.
«Тәйірі, «Б»-сы не, «Г»-сы не, бәрібір емес пе?!» деп қол сілтей салуға болатын еді. Жоқ, бәрібір емес екен. «Б»-ға бұрылғандар математиканы, ал «Г» сыныбына түскендер педагогиканы тереңдете меңгеретін болса керек.
Мәселенің осындай мәнісі бар екенін білген мен дереу әлгі үстел басындағы апайларға аптыға жетіп: «Мені «Г» деген сыныпқа жазыңыздаршы. «Б»-ларыңызға бармаймын» дедім бүлік шығарғандай болып.
Негізі, педагогикалық бағытқа алабөтен аңсар ауып, бас кететіндей түгім де жоқ. Менікі тек Жомарттың жанында болғаным жөн деген ішкі қалау ғана.
– Бұл директор деңгейінде қаралып, бекітіліп қойылған шешім. Мұны еш өзгерте алмаймыз, – деп қысқа қайырды мұндағылар.
… Шамалы минуттардан соң мен мектеп-интернаттың директоры Мақажан Жылқыбаев деген адамның алдында отырдым.
– Қарағым, біз балаларды бұған дейін оқып келген мектебіндегі көрсеткіштерін есепке ала отырып, қабілет-қарымына қарай сыныптарға топтастырамыз. Сондықтан осы сыныпта қала бересің, – деп тоқетерін айтты директор.
Менде үн жоқ. Жомартпен бір сыныпта жүремін деген үмітім әбден үзілген болса, басқа бірдеңе деуім бекер ғой.
Жаңа келіп жатқан оқушының көңілі жабырқап қалды-ау осы деп ойлады ма, әйтеуір бірталай жұбату сөзін айтып, ақыл-кеңесін ақтарып, соңында: «Г» сыныбында болуды соншалықты қатты қалап тұрсаң, бірінші тоқсаннан кейін ойластырайық» деді.
Бұған да шүкір дегендей желпініп қалдым.
Директор ағамыз сөйлегенде «қарағым», «сондықтан да» деген сөздерді жиі қолданатынын аңғарып үлгердім…
Осылайша, менің могикан Мақаш Мұғаліммен таныстығым басталып кетті.
Бірінші тоқсан біткенше, менің де «Г»-ге деген құлшынысымның қызуы құлдырағанын аңғармай қалыппын.
Жомарт досым көрші кабинетте, бір жатақханадамыз…
Математиканы тереңдете игеруге ден қойған бізге Біләл Ехсанұлы дәріс беруге кірісті. Ол кісінің қайталанбас болмыс-тұлғасы – бөлек әңгіменің тақырыбы.
Мақаш Мұғалім алғашында бізге әдебиеттен сабақ берді. Бірақ көбінесе, өзі болмай, өзге мұғаліммен ауысатын-ды. Оның да себебі мол екенін кейіндері түсіндік. Интернаттың шаруасы шаш етектен келетінін сол сәттерде өреміз жете қоймағандықтан ұғынып болмадық қой.
Жартыжылдықтан соң бізді әдебиетке Нәзен Қабдолқызы, сонан соң Мафруза Жармағанбетқызы оқытты…
…«Сұмдығы сол, Мақаш мұғалім мектептегі алты жүз баланың атын атап, түрін түстеп таниды. Өзі қателеспейді де!»
«Ой, Мақаш мұғалім жүректі елтітер жылы-жұмсақ сөздерімен кез келген тапсырманы орындатпай қоймайды-ау, қоймайды… Мақтамен бауыздағандай етіп, сиқырлы сөздерін төгілтіп-төгілтіп жібергенде мойның жар бермей жүрген қайсыбір жұмысты қалайша оп-оңай атқарып тастағаныңды өзің де білмей қаласың…»
«Мақаш мұғалімді алдадым деу – өзіңді өмір бойы алдамшылыққа ұрындырғаныңмен тең…»
«Мақаш мұғалім ақырын жүріп, жайлы сөйлеп-ақ жақсы мағынасында «желкеңді үзетін» басшы ғой…»
«Мақаштың машақатынан өткеннің мықты болмағаны аз…»
«Интернаттың шын мәнінде шыңға шыққан, шәкірттері шетінен шиыршық атқан кезеңі Мақаш мұғалімнің тұсында еді ғой…»
Осындай және осыған ұқсас сөздерді әрқайсымыз да көп естідік, естіп те келеміз, ести беретініміз де анық. Бұған дау айтар жан баласы болмасын да жақсы білемін. Мақаш мұғалім туралы айтылған анықтауыш, айқындауыш тіркестердің ішінде бірде-бір жылтырағы жоқ! Өйткені Ұстаздың Өзі де жылтырға құмартпады, ыбыр-жыбыр, беті жылтыр істі ұнатпады, сыртына қарап ішінен түңілетіндей құр жылтыраған шәкірт тәрбиелеуді қаламады. Құмартпаған, ұнатпаған, қаламаған соң бала тәрбиелеудің жөн-жосығын анық та қанық етіп Өзі көрсетуге, үлгі етуге күш салды. Салған күші, осы жолда төккен тері, машақатты ісі нысанаға дөп тиіп жатты. Соның нәтижесі не дерсіз? Нәтиже – Мақаш мұғалім жинақтап, қалыптастырған педагогикалық ұжымның алдынан өткен шәкірттер Алтынсарин интернатының атын күллі Алашқа мәлім етті және мәлім етіп те келеді. Шын Ұстазға осыдан артық бақыт, бас айналар марапат болар ма?! Осы мектептің шәкірттері кімдер десеңіз, сол орданың төріне қадам басып, тарих парақтарын ашып, жақыннан таныс болсаңыз, «Бәрекелді!» демеске еш лажыңыз қалмайды.
Ұстазымыз директорлық қызметтің соқасын суырып, зейнетке шыққаннан соң біраз уақытқа дейін қоғамдық ортадан көрінбей кетті. Үзеңгілес әріптестері, ізетті шәкірттері дара тұлғаны кәдімгідей сағынып, іздейтін болды. Араға біраз уақыт салып, шәкірттерінің қалауын ескере отырып, Мақаш мұғалімге арнайы шығып, газет бетінде ұйымдастырылған «Көптен көрмедік» айдарына шақырып, көлдей сұхбат бердік. Журналистер «Қайда жүрсіз? Қазір немен айналысасыз?» деп келетін жаттанды һәм таптаурын сұрақтарды жаудырады ғой әдетте. Мақаш мұғалім мұндай сауалдарды онша қош көрмей, сырғытпа жауап қатып, жеке бастың емес, білім мен тәрбие берудің өткір мәселелерін, оқыту жүйесінің көңілге қонымды, құптарлық дерлік (онысы шамалы еді-ау ол кезде) немесе жүгенсіз тұстары туралы кеңінен ақтарылғаны бар…
Рас, Мақаш мұғалім өзінің директорлық қызметтен кетуін «бар жылдамдығымен зулап келе жатқан экспресті оқыс тоқтатқандай» күйде қабылдады. Сүйікті істен, бауыр басқан ортадан оқыстан алшақтау оңайға соқпады, оған бірден бейімделіп кете алмады. Кейін ғой бәрі қалыпқа келгендей болғаны.
Не керек, Ұстазды қоғамдық орталардан жиі кездестіретін болдық, өзі де хабарласып, түрлі мәселелерге, біздің жұмысымызға қатысты ой-пікірін айтып, ақыл-кеңесін жеткізуден жалықпайтын-ды.
… 2020 жылдың қаңтарында Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты тұңғыш рет түлектер Форумын ұйымдастырды. Мақаш мұғалім де тамаша шараның төрінен мәртебелі орын алды. Алғашқы сөзді де көсіле сөйледі. Мұншалықты кездесудің ұйымдастырылғанына, оған әр жылдардағы түлектермен һәм зейнеткерліктегі барлық ұстаздармен бірге Өзінің де арнайы шақырылғанына ерекше қуанышты екенін асқақ көңілде жеткізді. Осы істің ұйытқысы бола білген мектептің жаңа басшысы Шоқан мырзаға ризалығын білдірді. Онан соң, Ұстазымыз көңілін күпті етіп жүрген көптеген мәселені ашына әрі ашық айтты. Мектептің бұрынғы беделі кейінгі кездері әбден құлдырағанын, материалдық-техникалық базаның әлсіздігін, бұрындары маңдай тер, машақатты ізденіспен қалыптастырылған ұжымның қазіргі келбеті жұмылған жұдырықтай еместігін, жылтыраққа жаны қас шіркін көңілінің тола қоймайтын тұстары шаш етектен екенін іркіп қалмай, көп алдында батыра айтты. «Мына Шоқан деген баланың осында басшы болып келуінен көп үміт күтемін» деп, мектепті қайтсе де жақсарту керек деген көкіректегі Ұстаздық арман-мұратын ақтарды. Сөйтіп, гимназия-интернаттың басшысы Шоқан мұғалімге сенім артып, үлкен жауапкершілік жүктеген-тұғын.
Не керек, сол Форумда Алтынсарин мектебін Түлектер, Ұстаздар, Шәкірттер болып қалай жақсартсақ деген мәселе бойынша талай ойлар ортаға салынды. Оның барлығын мектеп басшылығы түртіп алғанын байқатты.
Өкінішке қарай, мектептің күрделі жөндеуден кейінгі келбетін, іске аса бастаған жаңа жобаларының алғашқы легін көруді, соған марқайып, масаттануды, рақаттануды Мақаш мұғалімге жазбапты. Десек те, Ұстаздың арман-мұраты жүзеге асып жатқанына бәрекелді дейміз.
Ол – шын мәнінде аса бақытты тұлға һәм дәуір адам!
… Біз – кеңестік жүйе мектебінің соңғы түлектеріміз, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы студенттеріміз.
Ал, Мақаш ұстаз – кеңестік білім беру жүйесінің үлкен атағы – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі мәртебесін алған соңғы ұстаз.
Ол кезде, 1991 жылдың маусымында біз мектеп-интернатта бітіру емтихандарын тапсырып жатқан едік. Тәрбиеші-ұстазымыз Ботагөз Баязитқызы төртінші қабаттағы кабинетімізге жағымды хабарды жеткізе келіп:
– Қане, бірің қалмай тезірек төменге түсіңдер. Сыртта директорымызды қарсы аламыз, – деді ерекше қуанышты күйде…
Асыл ӘБІШЕВ.