Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл

Ел басына күн туған кешегі Ұлы Отан соғысында бір әулеттің төрт бірдей ұлы – ағалы-інілі Хайдаровтар соғысқа аттанып, ерлік көрсетті. 1909 жылы дүниеге келген Мүбәрәк Закавказия бағытындағы соғысқа қатысып, елге аман-есен оралып, Павлодар қаласындағы 2568-ші автоколоннасында ұзақ жылдар бас бухгалтер болып, табысты еңбек етiп, 1979 жылы дүние салды. 1911 жылы туған Бағдат Ленинград майданында қаза тапты. 1919 жылы туған Бақыт Хайдаров жайлы әңгімені сәлден соң өрбітпекпін. Бұлардың ең кішісі – Қанағат Хайдаров. Ол 1924 жылы туған. Қанағат Сталинград майданында, одан Курск доғасындағы шайқастарда ерен ерлік көрсетті. Соғыстың бір қызған кезінде пулеметші Қанағатқа жарылған снарядтың жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Әскери госпиталда ұзақ емделіп, үйге қайтқан Қанағат Баянауылда әр салада қызмет атқарып жүріп, соғыста алған жарақатынан айыға алмай, 1984 жылы дүниеден озды.

Енді Бақыт Хайдаровқа келсек. Ол 1935 жылы Павлодар қаласындағы совхозаралық бригадирлер даярлайтын мектепті бітіріп, Шақат совхозында бригадир болып еңбек етті. 1938 жылы Павлодардағы ет-сүт техникумына (қазіргі Технологиялық колледж) оқуға түсіп, 1939 жылы қыркүйек айында Кеңес Үкіметінің жалпыға бірдей міндетті әскерге шақыру заңы шыққаннан соң, сол жылы 18 қарашада әскер қатарына шақырылды. Ленинград әскери округінде міндетін өтеп жүрді. Көп ұзамай сол жылы Кеңес-фин соғысына қатысып, 1940 жылы майданда көрсеткен ерлігі үшін есімі жазылған алтын сағатпен марапатталды. 1940 жылы наурыз айының соңына қарай Кеңес-фин соғысы Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталды. Осы соғыста финдердің алынбас қорғаныс шебі «Маннергейм линиясы» талқандалып, финдердің шекарасы 130 шақырымға шегерілді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Бақыт Хайдаров Ленинград майданында 46-шы Суворов орденді (Лужской) дивизиясының 176-шы атқыштар полкінде aғa сержант шенінде, алдыңғы шепке оқ-дәрі жеткізіп тұратын взводтың командирі ретінде ұрысқа кірді. 1944 жылы ақпан айында Ленинград қаласы қоршаудан босатылды. Хайдаровтың омырауында «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары жарқырады. 1944 жылы наурыз айының 31-нен 4 сәуірге дейін Ленинград облысының Анисимо, Бродцы, Стремутка, Оленино елді мекендерін жаудан азат ету кезіндегі кескілескен ұрыста 76 мм зеңбірек батареясының аға сержанты Бақыт Хайдаров 1944 жылы 2 сәуір күні фашистердің шабуылын тойтарып, 40-тан астам фашисті жер жастандырды. Тағы да бір станокты пулеметін, бір ірі калибрлі пулеметін расчетімен бірге жойып жіберді, осы көрсеткен ерлігі үшін 176-шы атқыштар полкінің командирінің бұйрығымен аға сержант Бақыт Хайдаров «За боевые заслуги» медалімен марапатталды.

1944 жылдың жазында Мустаоя елді мекені жанындағы үш күнге созылған бетпе-бет ұрыста Бақыт жаудың 12 дүркін шабуылына тойтарыс беріп, позициясын сақтап қалды. Фашистердің екі бронетранспортерін, бес танкісін, үш автомашинасын өртеп, жаяу әскеріне де елеулі соққы беріп, 100-ден астам солдаттары мен офицерлерін жер жастандырды. Осы ерлігі үшін Бақыт «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 1944 жылдың 10-20 маусым аралығында Выборг-Петрозаводск операциясы жүзеге асты. Кеңес әскерлері осы күндері финдердің «Маннергейм линиясын» екінші рет шабуылдап, жеңіске жетті. Осы 1944 жылы 17 шілдеде Муставоя елді мекені үшін болған ұрыста бір топ артиллеристер жарақат алды. Бақыт взводты айнала қоршаған жау солдаттарына көтеріле шабуылдап, оларды тас-талқан етіп, артиллеристерді дер кезінде оқ-дәрімен қамтамасыз етті. 46-атқыштар дивизиясының командирінің бұйрығымен Бақыт Хайдаров осы көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі  «Даңқ» орденімен марапатталды.

Осылай Ленинград майданы, Волхов майданы Балтық флотының қолдауымен жеңіске жетті. Ленинград, Новгород, Псков облыстары жаудан  азат етілді. 1944 жылы 19-қыркүйекте Педья өзенінен өту кезінде снарядтарды жеткізуге жер бедерінің қолайсыздығынан Бақыт снаряд толы жәшіктерді арқалап, жауған оқтың астында батареяны снарядпен қамтамасыз етті. Нәтижесінде жаудың екі ДЗОТ-ы, алты станокты, пулеметі, төрт 75 мм орудиясы талқандалды. Осы көрсеткен ерлігі үшін Бақыт Хайдаров II дәрежелі «Даңқ» орденін алды.

1945 жылы қаңтар айында 46-дивизияның 176-атқыштар полкі 2-ші Белорусь майданының құрамында болды. Оның қолбасшысы К.К.Рокоссовский еді. Фашистердің Розенбург, Розенберг қалаларына (Шығыс Пруссия) шабуыл кезінде Бақыт фашистердің үш танкісін, үш өздігінен жүретін зеңбірегін, екі 75 мм зеңбірегін, үш станокты пулеметті расчетымен бірге жойып жіберді. Осы ерлігі үшін Бақыт II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. 1945 жылы 16-22 ақпан аралығында Дубельно-Вользбух, Грут, Найдорф, Бушельн, Ринховен бағытында болған ұрыстарда Бакыт Хайдаров жаудың үш 75 мм зеңбрегін, төрт станокты пулеметін, бір автомашинасын, бүкіл экипажы мен бронетранспортерін құртып жіберді. Осы ерлігі үшін Бақыт Хайдаров 1945 жылғы 25 маусымда Кеңес Одағының Жоғары Кенес Президиумының Указымен І дәрежелі «Даңқ» орденімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталды.

Бақыт Хайдаров 1945 жылы 11 наурыз айында немістердің алынбас қамалы Кенигсберг қаласын шабуылдау кезінде ерлікпен қаза тапты. Оның сүйегі Польша дәлізінде Гросс-Мальзау қаласының маңындағы бауырластар зиратына жерленген.

1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында оның басына інісі фронтовик (пулеметші) Қанағат Хайдаров барып қайтты. Қанағат Хайдаров Ленинград қаласында болып, Бақыт ағасының майдан жолымен жүріп өтті. Ленинград қаласындағы бір көше Бақыт ағасының атымен аталғанына қатты қуанып келіп еді. Көп ұзамай Ленинград қаласында тұратын запастағы 2 рангалы капитан, СССР Журналистер одағының мүшесі Константин Павлович Прохацкийден хат келіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болдық! Сол хат мынау:

«Уважаемые товарищи!

Группой членов Союза Журналистов для издательства «Молодая гвардия» готовится книга о всех полных Кавалерах ордена Славы нашей страны, которая должна выйти в конце 1975 года. При подготовке материалов для книги «Орден Славы» были написаны письма всем полным кавалерам, родным погибших в годы войны и умерших в послевоенное время, пропавших без вести, а также тех, послевоенная судьба которых была неизвестной. Собирая документы и материалы почти в течение трех лет мы старались установить судьбу и получать: биографию, фотографию, воспоминания награжденных или какие либо сведения, рассказывающие о подвигах в годы войны от родных и близких абсолютно всех полных Кавалеров ордена Славы.

Но в нашей работе по подготовке книги мы встретились с большими трудностями в получений материалов и установлений судьбу некоторых полных кавалеров ордена Славы. Так до настоящего времени мы не получили необходимых данных о полном Кавалере ордена Славы, товарищу Хайдарове Бакита Хайдаровиче. 1919 года рождения, уроженца Алексеевка, Баянаульского района. Погиб в бою 11 марта 1945 года. В селе Алексеевка проживала мать Биса Хайдарова. Просим Вас оказать содействие и помощь в получений сведений, необходимых для книги. Будем Вам сердечно признательны и благодарны.

С искренним уважением, член Союза Журналистов СССР, Автор составитель книги «Орден Славы», капитан 2 ранга запаса К. Прохацкий.

08.10.1975 год»

            Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий