(Эссе)

 «Жосалының басынан жоса алмадым,

Жорға мініп, алдыңнан тоса алмадым»

«Күнікейдің жазығы» повесінен

 

Қайран Жүсіпбек! Талай жылдар архивте көміліп, кейінгі ұрпақпен кеш табысқан Жүсіпбек. Бір есептен дұрыс та шығар, ашып оқып жібергенде, Қазақ Совет әдебиетінен бірталай шығармаларды оқыған зерек оқырман,  оның саф алтындай сапалы туындыларына таңдай қағары анық.

Өзім Жүсіпбекпен институт қабырғасында жүргенде танысып едім…

Есте сақтаудың ерікті, еріксіз екі түрі болатыны, біреудің тапсырмасымен істелгені – еріксіз болатыны, ондай есте сақтаудың оңай болмайтыны туралы педагогикада айтылған. Сол шамадан алғанда, студент кезімде мандытып ештеңе оқымаппын. Одан соң «Кітаптың соры – оның жарнамасы!» деген бір көрнекті осы заманғы жазушының сөзі бар, Жүсіпбекті оқуым кедергіге тап бола берді. Оның үстіне кітап табу ол кездерде, 1990 жылдардың басы, қиын еді.

Хош. Мектеп қабырғасының «Хрестоматиясын» қолға алғанда, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларымен еркін таныстым. Қыстау жоқ. Емін-еркінмін. Өзім үшін. Әуелде Жүсіпбектің шығармаларындағы оқырманға ұсынатын сілтемелері: «Жүріңдер, Қартқожаны қарсы алайық» немесе «Бұл кім десеңіз – өздеріңе таныс Қартқожа» деген қолданыстарға үрке, секеммен қарағаным бар еді. Кейінен көп жыл өткен соң байқасам, бұл дегеніңіз нағыз шаһхар (шедевр) дүниелер екен ғой. Жазуы кенже дамыса да, әңгімешілдік, сөздеріндегі бейнелілік атадан – балаға мирас халық үшін, роман жанрын оқытуы, оның шегіністерін түсіндіруі  деп түсіндім қарымды қаламгердің. Сондай-ақ, ешкімге еліктемейтін, жалтақсыз, тыңнан салған сүрендей өз өрнегін, оймышын салғаны деп түсіндім. «Қорқыт ата жырларында»  осындай қолданыстар бар, әр беретіні, нәр беретіні шындық.

Адольф  Янушкеевичтің кітабын оқығаным бар. Сонда бүкіл Семейдің орысы орысшасын ұмытқан, қазақшаға судай дегенді оқып едім. Таң қалдым. Сөйтсе, халқымыз әуелде  өз тілімен, оның ауызекі сөйлеу түрімен өзге халықтарды иілтіп, иландырып алып кеткенін аңғардым. Бүгінде біздің арамызда тілдің жеңілдігі, ойлаудың ойнақылығы, бейнелілігі өзге тілдердің ықпалымен, газет стилінің әсерінен күрделеніп кеткенін байқар едік. Неге? Өйткені оқырман мен жазармен бар да, ауызекі сөйлеу оншалықты ере алмаған, ана бір жылдардағы үзілістің салдарынан болар. Оның үстіне жаңадан сөз жасап та  «өз үлестерін»  қосқан жазармандардың болғанынан деп білеміз.

Ал, Жүсіпбекте олай емес. Халық пен шығарма бітігене тыныстап, біте қайнасып жатыр. Оған көптеген детальдарды мысал етуге болады. Жүсіпбек шығармалары ақ өлең стилімен сөйлеп, ондағы ырғақ, әуен суреттеліп отырған пейзажға, психологиялық аһуалға әр береді. Үндесіп, қиюласып тұрады.

«Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды…» ,  толып тұрған әдемі әуезді сөйлемдердің жасалуы қандай тамаша!

Бүгінгі қазақ халқының тіршілігінен байқалатын әзіл-әңгімелердің, сықақ-оспақтардың да халықпен ертеден жасасып келе жатқанын, оның төл мінезі, жарасымдылығын Жүсіпбек шығармаларынан байқар едік. «Ақбілек» романындағы Матайдың Әбенін суреттейтін бөлімінде, Әбеннің дастарханында отырған адамдардың ішкі сезімдері, бірін-бірі қағытуы, Жылтырдың Мүсірәліні тәлкек қылуы – біздің бүгінгі қоғамда да көрініс беретін суреттерге ұқсайды. Сонда: «Төрдегі адамдардың шайы қою, қаймағы кесек, Мүсірәліден кеткен соң, арғы жағынан Семей көріне бастайды» дегеніне таңдай қақтым. Өйткені сол замандағы ел осы Жосалыдан Семейге талай қатынаған, бәрін өз көзімен көрген, меңгерген.«Арғы   жағынан Семей көріне бастайды» дегенінен,Семей көз ұшында тұрғандай-ақ елестейді. Шындығында, кедейге құйылған шайдың түсін шебер, сықақтап түсіндіргені. Халықтың сол заманғы әзіл-оспағын, күнделікті көрінісін, күйбең тіршілігін ауылдың  өз тілімен баяндағаны.

Жүсіпбек саясаттан тыс, әдебиетті өнер деп бағалаған жазушы. «Қартқожа» романындағы басты кейіпкерді  роман басында әр оқиғаға қатыстырып, ал кейінгі бөлімдегі алмағайып заманда басты рөлден алып, үстірт, жанама баяндауы, елдегі оқиға барысын оған,Қартқожаға,  «өзгелерден естіртіп отырғаны»  – саясаттан басын алып қашқаны, оның уақытша нәрсе екенін көре білген көрегендігі дер едім.

Сондай-ақ ақтың қашқан әскерінің салған зобалаңын оқып болғанда,  автордың мына сөйлеміндегі пайымына таңырқадым.  «Мына сықылды көкпеңбек қалың әскерді қуған қызылдарға қарсы тұрарлық күш болар деп білген жоқ». Алып Ресей, алыптығын жасап, өз орнына орнықты ғой…

Қартқожа бейнесі арқылы өзіне етене таныс ел тұрмысын, этнографиясыншебер түсіндіреді. Көшпелі ауылдың салтанатын әскерден қайтып келе жатқан кейіпкер сырлары арқылы ашады. Оқып отырып, басыңнан кешкендей толқып кетесің. «Ыстық қой, шіркін туған жер!»

Ерейментаудың желкесіндегі үлкен шоқы күні бүгін де  – Ордабай деп аталады екен. Жалпы, мемлекетімізде көшпелі өмір салтымен арнайы көшіп-қону картасы жасалып, сол дәстүр қалыптастырылсадеген тілегім бар.

Баспасөзден жапон жұртының күріш егуге қыруар қаржы жұмсайтынын, онысы  ақталмайтын болса да, оқып едім. Өйткені, олардың тілі, негізінен, күріш шаруашылығымен байланысты өрістейді екен. Неге бізге көшпелі қазақ шаруашылығын қайта жандандырмасқа?! Әрине,белгілі бір аумақта, ел қалауымен санасып жасалса ғой. Сонда, біздің тіліміз тұрмысымызбен байланысты ғой,  қара қос, мосы, қамыт-сайман, бұғалық, арқан,   ақсүйек т.б.сөздермен қайта толығар еді. Бұл – ойлантып жүрген ұсынысым ғой.

Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының тілі – жатық, қазақтың ауызекі сөйлеу тілі,  әңгімешілдік дәстүрімен тығыз байланысты тіл. Бірақ, ой тумауы керек: ол бүгінше суреттей алмаған, көркемдей алмаған деп. Асып түскен. Оған дәлел ретінде «Күнікейдің жазығынан» Күнікейдің күні туған көшті, сондағы  атқан таңды сипаттаған тұсын тартар едім: «Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып келе жатыр екен. Мана Арқалықтың басын жалап тұрған алтын сәуле заматта ылди біткенге шашырап, ол сәуленің жуан ортасында Күнікей келе жатыр еді. Өңі қашып  тұрған көк шөп, қызылды-жасылды, сарылы гүлдер де  аты бәйгеден келгендей,  ажарланып, жылтырап, құлпырып ала жөнелді» –  деп суреттегені панорамалық сурет емес пе!

Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Мен Жүсіпбектің шекпенінен шыққанмын, менің жазуым – Жүсіпбектен үйренгенім» деуі де оның әрдайым мойындағанының белгісі. Біреулер жампаңдап оны М.Горькидің шығармаларынан үлгі алған деп жазып жіберсе керек…

Қорыта келе, айтпағым – Жүсіпбек Аймауытов шығармалары халық игілігіне қызмет жасай беретіні анық. «Шөп шыққан жеріне бітеді» дегендей, бүгінгі Жосалыда әңгіме айтудың,  дәлел келтірудің қас шеберлері бар. Олардың да әңгімелерінен Жүсіпбек өмірінің сан қырына қанығамыз.

Ханбек АДАМЖАНОВ,

Май ауданы.

Добавить комментарий