«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2025 жылы ел болып оқитын кітаптар таңдалды.
Акция қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру мақсатында 2007 жылдан бастап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп келеді.
Жоба аясында осы жылдар ішінде мыңдаған түрлі форматта кездесулер, көрмелер, жаңа технологиялық ақпараттар арқылы виртуальды көрмелер, сайттар, челлендждер, байқаулар ұйымдастырылып, оған миллиондаған аудитория тартылды. Құрамында елімізге белгілі ақын-жазушылар мен журналистер, кітапханашылары бар акцияның ұйымдастыру комитеті жылда отырыс өткізіп, өңір кітапханаларынан келген ұсыныстар мен оқырмандардың талғамын ескеріп, қазақ әдебиетінде есімі ұмытылып бара жатқан немесе мерейтойы тұспа-тұс келетін қаламгер шығармасын жыл бойы ел болып оқуға таңдайды. Ұлы Абайдың қара сөздерін оқудан бастаған акция бүгінде қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 51 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынып, насихаттап келді.
2024 жылы көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары оқылды. Көпшілік кітапханалар жыл бойы жоспарға сай түрлі инновациялық іс-шараларды ұйымдастырды. Мысалы, Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау үшін елімізде 10021 мәдени-рухани іс-шара өткен.
2025 жылы ел болып оқитын кітапты таңдау барысында комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқуға шешім қабылдады. Проза жанры бойынша ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. Поэзия жанры бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтың шығармалары таңдалды.
Енді жыл бойы ел болып оқуға таңдалған екі автордың шығармалары көпшілік кітапханаларда түрлі форматтарда жан-жақты насихатталады.