Алматыда «Тұма жырдың Тұманбайы» атанған аса көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиевтың 90 жылдығына орай «Біз бақытты баламыз» атты балаларға арналған әдеби шығармалар байқауы өтті. «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Балдырған» журналы ұйымдастырған байқауда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының меңгерушісі Алпысбай Әбділұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.

Байқау балалар әдебиетін дамытуға үлес қосып, жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, білімпаздық пен адалдыққа баулитын тартымды да мазмұнды шығармалар қатарын көбейту, сол арқылы балалардың әдеби шығармаларды оқуға деген ынтасын арттыру мақсатын ұстанды. Байқауға қатысушылар балабақша бүлдіршіндері мен 1-4 сынып оқушыларына лайықталып жазылған тілі көркем, тәрбиелік мәні зор жаңа әдеби шығармалар жазды.

Жарыс үш номинация бойынша өтті. Нәтижесінде «Ертегілер» номинациясы бойынша бірінші орынды «Ғажайып әлемге саяхат» ертегісінің авторы Нұрлан Құмар иеленді. Екінші орын «Тамшы» ертегісі үшін Авут Мәсімовке, үшінші орын «Сиқырлы дәптер» ертегісінің авторы Інжу Күбейоваға, ынталандыру сыйлығы «Ақылды торғай» ертегісінің авторы Тұмартай Дінтайұлына берілді.

«Балаларға арналған әңгімелер» номинациясы бойынша «Құмырсқаның илеуі» әңгімесінің авторы Тұрдақын Жексенбай жеңімпаз атанды. Екінші орынға «Алба-жұлба машина» әңгімесі үшін Зейнел Жекейұлы, үшінші орынға «Жақсылық жасау қиын емес» әңгімесінің авторы Бауыржан Ғұбайдуллин, ынталандыру сыйлығына шағын әңгімелер топтамасы үшін Елдос Тоқарбай ие болды.

«Балаларға арналған өлеңдер» номинациясы бойынша бірінші орын жүлдесін «Жусан мен қаңбақ» мысалы үшін Сәли Сәдуақасұлы алды. Екінші орын Айдана Сегізбайдың, үшінші орын Достық Тілеубергеновтың, ынталандыру сыйлығын Алпысбай Әбділұлының еншісіне бұйырды.

Үздік шығармалар «Балдырған» журналында жарияланады.

Добавить комментарий