Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі Насыр Ноғаевтың туғанына – 115 жыл

Насыр Ноғаев – биылғы жылы 125 жылдығы аталып өтілген жазушы, аудармашы, сазгер Қадыр Тайшықовтың туған інісі. Екеуінің арасы он жас. Қадыр мен Насырдың Жүсіпбек Аймауытовқа шөберелес туыстығы бар екенін бұрын да айтқанбыз. Осыдан болар, алдындағы екі ағасы секілді Насыр табиғи дарынды, әсіресе сөз өнері мен әдебиетке, ән-күйге жақын болып өседі. Ертеде үлкен әжелеріміз: «Қадыр мен Насырдың тартпайтын аспабы жоқ еді, жаз жайлауға демалысқа келгенде домбыра мен мандолино, сырнайды қоса ойнап, даланы ән мен күйге бөлейтін», – деп әңгімелеп отыратын. Сол Насыр қауметті жылдардың қасіретін барынша тартып, құрып кетуге айналған Ноғай ұрпағының болам деп туып, бола алмай кеткен боздағының бірі еді.
Жалпы Жүсіпбек пен Қадырдың туған жерлері Баянаула-Қызылтау деп жазылғанымен, Қуан балаларының ата қонысы Қызылтаудан он шақты шақырым солтүстік-шығысқа қарай жазықшалау жерде, Май ауданының аумағындағы Қалмаққырған биігімен, Ақшиман ауылымен қанаттас жатыр. Жүсекең өзі «туған жерім» деп жазатын Қараның адыры, Дәндебай, Ордабай, Ноғайлардың жұрты осы төңіректе. Дәл осы арадан шығыс бетке көзіңді салсаң, Мәдидің Үшқарасы мен Едірейдің биігі көгілдір сағымға бөленіп, менмұндалап тұрады. Одан әрі жүрсең, Семей өңірі, Абай елі…
1910 жылы өзінің ата қонысында (№19 ауыл) дүниеге келген Насыр ауыл молласынан сауатын ашып, кейін Семейдің 7 жылдық казкоммуна школасы мен педтехникумын бітіреді. Осыдан кейін бір жылдай Семейдің «Друг детей» қоғамында хатшы-нұсқаушы болып қызмет істеген екен. Бірақ дарынды жас Семейді місе тұтпай, сол кездегі ұлт зиялылары бас қосқан, әдеби ортасы бар Алматыға жетуді мақсат етеді. Және ол жерде әдебиетке араласып, аты шығып жүрген ағасы Қадыр бар. Сөйтіп 1930 жылы Насыр Алматыға келіп, «Еңбекші қазақ» газетіне ( кейін «Социалистік Қазақстан») қызметке кіреді. Насыр осы Алматыда болған 6 жылының 4 жылын бірыңғай жазу ісіне бағыштағанын байқаймыз (1932-34 жылдары әскери міндетін өтеп келген). Бүгінде сарғайып кеткен газет қиындыларын ақтара отырып, оның журналистикаға, жазу өнеріне сонша құштар болғанын аңғару қиын емес. Араб әліпбиімен, латын харпімен жазылған біраз дүниелерін ақтара отырып, қамтыған тақырыбының сан алуандығына тәнті боласыз. Мысалы, оның қаламына іліккен ауыл шаруашылығының дамуы, колхоз өмірінің мәдени тірлігі (мектептер мен кітапханалар жұмысы), өндіріс саласы, өнер мен мәдениетке қатысты ой-пікірлер, сол уақытта қала тірлігіне жаңа келіп қосылып жатқан кинофильмдер жайлы ондаған рецензиялар, театр жұмысы, жаңа кітаптар жайлы пікірлер, аудармалар, әйтеуір қамтымаған тақырыбы қалмағандай. Әсіресе, әдебиетімізде фельетон жанрын қалыптастырушы өзінің ағасы Қадырға қатты еліктегені байқалады. Сол кездегі қоғам өмірінің келеңсіз жақтарын уытты тілмен аямай сынайды.
Енді сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылғы 1 мамырдағы 10 санында Мәжит Дәулетбаевтың «Екпінді Машайып» атты әңгімелер жинағы жөнінде көлемді пікірі жарияланыпты. Ақын Ғали Ормановтың «Шеңбер» деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағына да осындай рецензия жазған екен.
Осы жылы «Социалды Қазақстан» газетінің 15 желтоқсанындағы санында «Кітап басуды түрлендіру керек» деген мақаласында баспа жұмысын сынға алып, танымал қаламгерлер Ілияс, Сәкен, Бейімбеттердің кітаптары ешбір көркемделмей, жұқа қағазбен көзге қораш болып шығатынын ескертеді. «Халық әдебиетін жинау жөнінде бір-екі сөз» атты мақаласында ақын-жыраулардың шығармаларын жинауда ыждыхаттылық пен тиянақтылық қажет екенін ескертіп, өте орынды ұсыныстар айтады.
Жай ғана педтехникум тауысқан Насырдың эстетикалық таным-түсінігі соншалық жоғары болғанына еріксіз қайран қаласыз. Мысалы, сол кезде Алматының клубтарында алғаш қойылып жүрген «Донна Джуванна», «Кемедегі қыз», «Иуда», «Ұлықтар сатқан сұлу», «Жасару», «Қара дауыл», «Күлегеш кісі», «Көк пакет», т.б. фильмдерге пікір айтып, оларды кәдімгідей талдайды.
Ал «Концерт» деген бір мақаласында 1931 жылы ұлт театрының маусым соңында берген концертіне, оның ішінде Құрманбек Жандарбеков бастаған хор тобының өнеріне сын айтыпты. Таңдап алған әндерінің хорға лайық емес екенін ескертіп, қазақта хорға лайық қандай әндердің бар екенін атап көрсетеді. Және осы концертте елден келген Жүсіпбек атты жас әншінің халық әндері «Ардақ» пен «Сұржекейді» жақсы орындағанын, оның болашағы бар өнерпаз екенін де жазыпты. Бұл кейін атақты әнші болған Жүсіпбек Елебеков еді.
Белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев өзінің бір мақаласында. «1931 жылы көктемде Қазақстан өлкелік партия комитеті хабар-ошарлар радиогазет болып берілсін, оның қазақшасы «Еңбекші Қазақ» болып аталсын деген қаулы қабылдады. Ол газеттің редакторлығын қосалқы қызмет ретінде маған жүктеді. «Еңбекші Қазақ» радиогазетінде үш кісі қызмет істедік: редакцияның жауапты хатшысы болып Айтбай Хангелдин, хабаршы-дикторы болып журналист Насыр Ноғаев істеді» – дейді.
Радио сол кезде қоғам өміріне жаңа еніп жатқан ақпарат құралы, үлкен мәдени жаңалық. Бұл мәселе Насырды да бей-жай қалдырмай, 1931 жылы «Радио не нәрсе? Мәдениет майданында радио қандай орын алады?» деген үлкен мақала арнапты.

Қолымыздағы газет қиындыларында оның орыс ақыны М. Светловтан аударған өлеңдері, П.Стрелковтың «Өлім аралы» әңгімесінің аудармасы, өзінің «Өмір мен үміт» деп аталатын ұзақ әңгімесінің «Қызыл Шығыста» деген үзіндісі, қазақ әйелдерінін тұңғыш шыққан филармония домбырашысы Нағима Ерғалиқызы жайлы мақаласы, театр мәселесі жөнінде «Күндестердің нотасы» деген сын мақаласы, көптеген фельетондары, түрлі жолжазбалары, араб харпімен жазылған бір пьесасы жүр. Нағима Ерғалиқызы жайлы: «Мемлекеттік филармония ашылған күні Мирзоян жолдастың өзіне арнап істелген домбырасының біреуін Нағимаға сыйлады» деп жазады.
Мысалы, «Жеккені пар ат, ішкені арақ, ақшаны санап, аспанға қарап жүрген кім еді?» – деп басталатын «Үркімбаевтың ұрлығы, үкіметтің үкімі» атты фельетонынан ағасы Қадырдың, Ілияс пен Бейімбеттерлің әсері сезіліп тұрғанын байқау қиын емес. Кейбір фельетондарына «Бала», «Бөкен», «Насыр» деген бүркеншек аттармен қол қойыпты.
Өз қолымен жазған өмірбаянында Насыр: «Повесть, әңгімелер, фельетондарым болмаса, үлкен туындыларым жоқ», – дейді. Журналистикамен айналысқан 4 жылдың ішінде әрине, үлкен туынды жаза қою оңай емес. Оның үстіне үнемі жаналғыш тыңшылардың бақылауында болып, бас сауғалумен жүрген адам не жазып жарытады. Ол туралы төменде әңгімелей жатамыз.
1930 жылдың 11 желтоқсанында елден келген Насырға «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы Ғ.Тоғжанов «әдеби қызметкер болып қызмет істейді» деген куәлік береді. Ал 1932 жылдан бастап орысша сауатты жазатын Насыр «Советская степь» газетінің де тілшілік міндетін қоса атқарған екен. Өзі берген өмірбаяндық анкетада ол: «Қазақша, орысша, татарша еркін сөйлеп, жаза аламын», – дейді. Мәскеуде оқып жүргенде «Крестьянская газета» дейтін басылымның «бізге кіріп кетіңіз» деп Насырға арнайы жолдаған хаты сақталған менде. Мүмкін ол газет те Насырды қызметке шақырып, болмаса мақалаға тапсырыс бергілері келді ме екен деп ойладық.
Жан-жақты сауатты Насыр 1932 жылы әскерге алынып, «аға писарь» болып қызмет етеді. Одан оралғасын аз уақыт «Түрксиб» газетінде жұмыс істепті. Осы басылымда еңбек етіп жүргенде (1934 жылы) берілген анкеталық жауапта Насырдың отбасында әкесі Баспақ (61 жаста), шешесі Салиха (Сақа кемпір, 63 жаста), інісі Қамет (6 жаста), қарындасы Битай (12 жаста) бар екені айтылған. «Бір қарындасым мен немере ағам театрда жұмыс істейді», – депті. Немере ағам деген Баспақтың інісі Қарабала атты күйші.
Ал 1939 жылы жазылған анкетада ол отбасымда әйелім, анам, екі қарындасым, екі балам бар дейді. Бұл кезде әкесі Баспақ Алматы түрмесінде жатса керек. Оның себебі, Баспақ Тайшықұлы деген адам кезінде Баянауыл-Қызылтау жерінде көп жылдар болыс болып, ел басқарған адам.
Сөз өнеріне бейім Насыр 1935 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысады. Бұл жөнінде оған аталмыш басылымның редакторы Жақан Сыздықовтың 1936 жылы еңбек демалысына шыққаны жайлы берген куәлігі сақталған.
Бірақ Насыр тек журналистикамен ғана шектеліп қалмай, өзін-өзі шыңдап, не істесем екен, қай тұстан жарқырап көрінсем екен деп, үнемі ізденіс үстінде жүрген секілді. Осыдан болар, ол қазақ өнеріне әлі сіңісті бола қоймаған режиссуралық жолды таңдап,1936 жылы Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтының режиссерлер дайындайтын факультетіне барып түседі. Оқу іздеп, шет жүрген адам үшін қашанда қаржы қиыншылығы болатыны сөзсіз. Қол ұшын беріп көмектеседі деген әке мен аға анадай жағдайда, өздері күнде тергеу, тексеруде жүр. Осыдан болар, Насыр қаражат табу мақсатында 1936 жылдың 16 сәуірі күні Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, өзінің жерлесі Рақымжан Жаманқұловпен А.Гайдардың «Төртінші блиндаж» әңгімесін аударуға шарт жасапты. Тағы сол жылы Алматыдағы Қуыршақ театрының директоры Федорченко деген кісімен осы театрға қазақ тілінде тәрбиелік мәні бар, мектеп өмірінен пьеса жазып беруге шартқа отырыпты. Өкінішке орай, бұл істердің нәтижесі қалай болғаны тағы белгісіз.
Арман қуып Мәскеу барған Насыр білім теңізінен барынша сусындап, сол жердегі атақты дәріскерлердің алдын көріп, режиссура, антикалық теория, өнер тарихы, Батыс Еуропа өнері мен әдебиеті, француз тілі, актерлік шеберлік, сахналық сөз мәнері, қозғалыс, ырғақ, музыкалық тәрбие, орыс тілі секілді пәндерден сабақ алады (оны дәлелдейтін құжаттар менің қолымда – С.Б). Бірақ бұл тірліктің де тұрлауы болмапты. Институттың бір курсын тәмәмдағасын, елге қайтадан оралуға тура келеді. Ол кезде ағасы Қадыр мен әкесі Баспақ ұсталып, қамалған кезі. Кәрі шеше мен бауырлары далада қалғасын, амалсыз елге қайтқанға ұқсайды. Және «қырағы көздер» бұл кезде Насырдың да соңына шам алып түсіп, оны қайтадан баспасөз жұмысына жақындатпайды. Алматыдағы бұрын өзі қызмет істеген үлкен басылымдарға жолай алмай, тек азғана уақыт қана облыстық «Сталин жолы» газетінде жүріпті. Одан кейін Қуыршақ театрына әкімші (администратор) болып орналасады. Бір ғажабы, ол жерде де жұмысқа белсене араласып, театрды Қостанай, Павлодар өңірлеріне гастрольдік сапарларға алып шығып, елдегі ағайынды қазаққа таңсық өнер – қуыршақ тетарымен таныстырады. Бізге Насыр Ноғаев жайлы құжаттарды сақтап жеткізген қарт ұстаз Бектемір Кәрімұлы атты ақсақал: «Сол кезде ел-жұрт атын естімеген қуыршақ театрын Насыр Майқайыңға тұңғыш алып келіп еді», – деп әңгімелейді. Насыр Ноғаевтың мұраларын кезінде бұл кісіге жазушының жары Мәнсия атты шешеміз тапсырған екен. Осы құжаттарды сонша уақыт сақтап, бізге жеткізген Бектемір ақсақалға шексіз алғысымызды айтамыз.
Насыр сөйтіп жүріп те шығармашылық жұмыстан қол үзбеген. 1937 жылы ҚазССР Халком кеңесі Өнер жөніндегі басқармасының өкілі Қасым Тоғызақовпен колхоз театрларына арналған екі көріністі пьеса жазып беруге және басқарманың өзі ұсынған бір пьесаны қазашаға аударып беруге шарт жасасыпты.
…Дегенмен енді Алматы Насырға қоныс болмауға айналады. Әке мен ағаның басына түскен зауал бұны да айналып өтпеген секілді. Ізін аңдығандардан құтылу үшін басауғалап 1938 жылдың жазында Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы №49 жылқы зауытының жанындағы бастауыш-орта мектептің 5 сыныбына қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болып барады. Әрине, бұл Насырдың деңгейі емес, бірақ уақытша жан сақтау керек. Бірақ шығармашылық қуаты мол азамат мектептің байлаулы тірлігіне көндіге алмай, облыстық атқару комитетінің өнер істері жөніндегі бөліміне: «Мені аталмыш бөлімнің аппаратына жұмысқа алуларыңызды сұраймын, себебі сол салада еңбек еткем, тәжірибем бар», – деп хат жазыпты. Осы хат кейін өзіне кесір болып тисе керек, ақыры ол жақта да бай тұқымы деп ізіне түсушілер тұрақ таптырмай, туған елге қайта оралып, Баянауыл ауданындағы Майқайың алтын кенішіне келіп жұмысқа орналасады. Заман түзелгенше осы жерде байырқап, баян табам ба деген Насырдың жоспары тағы да іске аспайды. Кеніштегі цех бастығы Бловный деген біреу оны жазықсыз жұмыстан қуады. Бұл жөнінде Насырдың облыс прокурорының атына жазған шағымы да сақталған. Сөйтіп әрі-сәрі болып жүргенде бұрқ етіп соғыс басталып, достан да, дұшпаннан да көңілі суыған Насыр өзі сұранып майданға аттанып кете барады.
Бір қызығы төрт жыл от пен оқтың ортасында жүрген Насыр жеңісті күнге сау-саламат жетіпті. Бұл деректі бізге Насыр мұрасын сақтап табыс еткен Бектемір Кәрімұлы атты қария айтқан еді. Соғыс біткеннен кейін Насырды өзінің жерлесі, кейін Майқайың кентінде тұрып, бертін қайтыс болған Айтыбаев Асқар деген кісі жолықтырады. Бұлар бұрыннан таныс бір елдің адамдары. Асқар Насырдан: «Елге қайтпайсың ба?», – деп сұраған екен. «Қайтпаймын, – депті Насыр, – елде мені кім тосып отыр, жалғыз ағам айдалып кетті, әкем түрмеде өлді. Кімге барам? Бай баласы деп мені де ертеңгі күн Сібірге айдап, не болмаса бір түйір оққа байлай салады. Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деген, одан да осында қалайын».
Насыр Баспақұлының одан кейінгі тағдыры белгісіз. Соғыстан кейінгі жарты ғасырдан астам уақытта оның атын атап, іздейтін кісі болған жоқ. Соғыстан кейін Насыр Еуропа жерінде қандай тірлік кешті? Сол кездегі «Азаттық» радиосының төңірегіндегілермен байланысы болды ма? Немен айналысты? Соңында ұрпақ қалды ма? Сүйегі қайда жатыр? Бұның барлығы жауабы табылар-табылмасы белгісіз сұрақтар. Біздің білетініміз қазақтың дарынды ұлдарының бірі Насыр Ноғаевтың жат топырақты жастанып қалғаны ғана.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Суретте: Насыр зайыбы Мәнсиямен.
