(Қабдыкәрім, Медеу және Семей)

Ұлылардың кешегі жүріп өткен жолына кейде бір тоқталып, баса мән беріп, үлгі алудың артықтығы жоқ-ау. Сондай бір сөз арнағалы отырған жандар – көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысов пен жазушы Медеу Сәрсеке туралы. Қала берді, екеуіне ортақ – Семей өңірі турасында болмақ. Иә, Қабекең Кереку өңірінің тумасы болғанымен, Семейді «осы қала Керекуім секілді, өмірге алғаш ашқан менің бетімді» деп жырлап өткен. Бір емес, бірнеше өлең арнады. Осы Қабекең Медеу Сәрсекеге Қ.Сәтбаев туралы жазуға қолайлы жағдай жасап, кейін кітабы тар жол, тайғақ кешу көрген мезетте қолғабыс жасағанын көпшілік біле бермейтіні – ақиқат. 

Жалпы, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың қазақ әдебиетінің жас толқынына қолдау көрсетіп, қамқорлығын аямаған аға болғанын іні-қарындастары жиі айтады. 1928 жылы дүниеге келген Қабекең небары 50 жыл ғұмыр сүрді. Осы уақыт дересінде баспаларда басшылық қызмет етті, Жазушылар одағында ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ең бастысы, Әбіш кекілбаев, Ұлықбек Есдәулетов, Күләш Ахметова секілді кейін қазақ әдебиетіне олжа салған тұлғаларға алғашқы кітабын шығаруға қолғабыс көрсетуде аянып қалмады.
Қазақ қаламгерлерінің бірегейі Медеу Сәрсеке ұлттық әдебиетте зор мұра қалдырған жазушының бірі десек, артық айтқандық емес. Ол өзінің естелігінде Қабдыкәрім Ыдырысовпен Қазақ кен-металлургия институтында оқып жүріп танысқанын айтыпты. Техниканың қыр-сырын түсіндіретін қызықты оқиғаларды сұрыптап, балаларға арнап шағын көлемді әңгімелер жазып, соны көбіне «Қазақстан пионері» газетіне апарады екен. «Қабдыкәрім – сол газетте бөлім меңгерушісі. Мен апарған дүниелерді ол бөгеусіз қабылдайды. Қанша барсам да, «Ой, мынауың көп!» демейді, көзімше бір қарап шығады да, бірден-ақ машинисткаға жөнелтеді. Сөйтіп жүріп балалар газетінің тұрақты авторы болып алдым, әрі еңбегіме көп-көрім қаламақы аламын. Бұл болса жарау құрсақ шәкіртке едәуір сеп… Қабаңмен де жақын танысып, дос болдым. Сөйтсем, ол Ертіс бойының қазағы екен, Павлодардың Краснокутскі ауданынан», деп жазады.
Кейін екі тұлғаның жолы Медеу Сәрсекенің Өскемен қаласында «Социалистік Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша тілші болып қызмет етіп жүрген 1965 жылдар шамасында қайтадан түйіседі. Бұл кезде Қабдыкәрім Ыдырысов – Қазақстан Жазушылар одағына ауысқан, ұйымдық мәселелерді басқаратын хатшы. Бұл қызметке оны Ғабит Мүсірепов шақырған. Ғабаң өзі сол кезде одақтың бірінші басшысы, әрі КСРО Жазушылар одағының да хатшысы. Қысқасы, кімге болсын әмірі жүріп тұрған кезі екен.
Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін тарқатып кетейік. 1965 жылдары Семей өңірінде Жазушылар одағының филиалы Өскемен қаласына көшіріліп, оның жұмысы сұйылып, Қабдыкәрім Ыдырысов Алматыдан арнайы осы істі реттеуге келген көрінеді. Яғни, одақ филиалын қайтадан ашып, оны Абайдың елі – Семейде орналастыруды көздеп келген. Ғабеңнің тапсыруымен Қабекең Медеу Сәрсекені іздестіріп, жолығып, тілшілік қызметін қалдырып, әдебиетке ойысуды ұсынады. Міне, осы кезде Қабекең Медеу бауырына Қаныш сәтбаев туралы бастаған романын аяқтаудың сәті туғанын сөз арасында нығыздап айтады. Журналистік қызметтің ұдайы алашапқын еңбек екенін ескерсек, Қанекең туралы сүбелі дүниені қашан жазып аяқтауы мүмкін? Екеуара әңгімеде Қабдыкәрім ақын осыны ескертеді:
– Сен маған бұрнағы жылы Қаныш Сәтбаевтың өмірін зерттеуді бастадым дегенсің. Ал, содан бері не бітірдің? Бағана сұрағанымда «зауыттағы қызметіме де, мына тілшілікке де байлаулы бұзау сияқтымын, ешқайда бес-он күнге ұзап шыға алмаймын, сол себепті зерттеуді Семейден асыра алмай кібіртіктеп жүрмін…» дедің. Оныңа иландым. Ал бұл – сен үшін өмірлік тақырып әрі халық үшін аса керек… Бөлімшеге ауыссаң, біз саған Мәскеуге, Жезқазғанға, Томға, тағы қайда, айлап жүруге рұқсат етеміз әрі Литфонд арқылы жүріс-тұрысыңа, мейманханаға көтерме қаржы береміз. Сондықтан үйім жақсы, бұл жақтағы тұрмысым күшті дегенді менен басқаға айтпа, тым күйкі сөз. Еліңе қайта көшіп барасың да, аптаның үш күнін Одаққа, үш күнін өзің үшін жұмсайсың. Бұдан артық қандай жағдай керек саған?..» – деп біржола тұқыртты.
Сол күні ойланайын деумен құтылдым да, келесі күні ұшаққа шығарып саларда: «Қаба, кешегі айтқаныңа келістім, шынында да бұл қызмет – Қанекең тақырыбына біржола түсуге құдайдың берген несібесі екен. Одан бас тарту ақымақтық болатын сияқты. Арада бірер апта өткен соң Ғабит Мүсірепов ақсақал қол қойған, Семейдегі бөлімшені басқаруға шақырған жеделхат алдым. Ауысу жөнін де ойдағыдай етіп шешіп қойыпты. Тоқ етерін айтқанда, 1965 жылдың 14 сәуір күні Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып тағайындалғаным туралы бұйрық алдым, нақ осы мерзім «Еңбек кітапшама» жазылған. Мен осы міндетті артық-кемі жоқ 33 жыл атқарып, 1997 жылдың көктемінде шығармашылык демалысқа шықтым. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным – осы істің басы-қасында жанашыр досым һәм адал қамқоршым ардақты Қабаң тұрғанын ескерту», деп еске алады Медеу Сәрсеке «Достыққа адал еді» атты естелігінде.
Бұл жайт кейін шын мәнінде Қаныш Сәтбаев туралы зерттеу еңбектің жазылуына мүмкіндік бергенін автор өзі де алдымызға жаяды. Қаныш ағаның ғұмыр тарихын іздеу ұзаққа созылды. Ақыры, соның нәтижесі «Қаныш Сәтбаев» атты ғұмырнама енбекке айналып, ол болса «Жазушы» баспасы шығармақ «Жайсаң жандар» сериясының бірінші санды кітабы болып баспаханада теріліп жатқанда қиянатқа ұшырады.


Қабдыкәрім Ыдырысов пен мен Медеу Сәрсекенің екінші елеулі кездесуі дәл осы Қаныш Сәтбаев туралы кітап Орталық комитет тарапынан кедергі көріп, біраз уақыт баспа бетін көрмей жатып қалған кезінде болған.
Жазушы ақиқат іздеп Алматыдағы Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Әнуар Әлімжановқа шағым айта барады. Бірақ ол салған жерден Идеологияға жауапты Орталық комитет хатшысы Саттар Имашевпен бұл тақырып туралы сөйлесе алмайтынын айтып, шорт кеседі. Жазушылар одағының бірінші хатшысына баруы Медеу Сәрсекенің өзіне зиян болып шығады. Бір аптадан кейін аға досы, Жазушылар одағының екінші хатшысы Қабдыкәрім Ыдырысов шақырады. Ол мұндай қызуқандылыққа баланатын әрекеттердің соңы нәтижесіз екенін, біраз ақыл-кеңесін айтады.
Әрі қарай жазушының естелігі «сөйлесін»:
«Семейге не деп барамын? Бала-шағама не деймін, Қаба? Он жылғы еңбегім зая кетті, әлде шамам жетпейтін шоқпарды көтерем деп, масқараға ұшырадым деймін бе?
– Жә, жә. Асанқайғының уақыты өткен! – деді хатшы кісі сөзін кенет өзгертіп. Шынайы ақын адам мен тап болған қиын жағдайды жүрегімен сезіп, кекті үнімнен-ақ мүшкіл ахуалымды түсінгенін аңғартты. – Мұндағы дөкейлер сірә да қабылдамайтынын білсең керек-ті. Оның үстіне сен тыныш жүрмей, жұрттың бәрін мазалайтын көрінесің. Сірә, сонымен-ақ талай адамды өзіңе жау еткенсің. Саған мен дұшпан емеспін, оны өзің де білесің. Тіпті, «Баянауыл вальсіне» мәтін жазғанда, қайырмасына: «Қыздары көркем – май гүлі, Ұлдары жұртқа әйгілі…» деген жолдарды Қанекең үшін қосқаным да саған мәлім… Жұмыстан кетіп, дұшпандарыңа ұпай бергеннен не ұтасың?! – деді. Дос адамның ақылын алмау, ұтымды кеңесіне құлақ аспау – әсілі, астамшылық, одан да гөрі Қабаңның жаныма тиіп, батыра айтқан сөзі маған ем болды. Лауазымы жоғары әкімдердің қыр-сырына менен гөрі танысырақ Қабаңмен ашық әңгімеден соң өзім үшін тарс жабық есіктерді қағып, текке әуре болып жүргенімді ұқтым. Бақсам, әділдікке жетудің бұралаң да жолы бар екен. Олай болса, «Биік мақсат жол таңдатпайды» уәжімен сондай амалды неліктен қолданбасқа?!. Ақыры, сол әрекетім Мәскеуде 1980 жылы сәтті аяқталды. Алматыда «құлаған» кітабымды «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясында шығардым.
Амал қанша, Қабаң сол қуаны-шымды көре алмады, елуден енді ғана асқан шағында, жаңылмасам, 1978 жылы жүрек талмасынан опат болды. Тойына барамыз деп дайындалып жүрген Семейлік екі жазушы – Ғазиз Сапаев пен мен қазасына бардық…».
Қабдыкәрім Ыдырысов «Жалын» баспасында тұңғыш директор болған кезінде өзі Медеу Сәрсекеден сұрап алып, «Жетінші толқын» атты ғылыми-фантастикалык хикаятын көп таралыммен қайыра шығарып, молдап қаламақы төледі. «Қайран Қабаң: «Медеу, мен саған қатты сенемін, түптің түбінде сенің бағыңды ашатын кітабың «Сәтбаев» болады. Тек сол жолдан айнымау керек…» дегені де есімде. Шынында да менің сол жолда қырық жылдан аса уақыт талмай ұзақ жүргенім де осындай дос-жаранның, ел сенімінің арқасы болар деген ойдан мен арылған емеспін», деп аяқтайды сөзін жазушы.
Жалпы, бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз Ертіс өзенінің жағасын ен жайлап қонған екі өңірдің тұлғаларының өмірде жарасыммен жүргенін сөз ету еді. Қабдыкәрім Ыдырысовтың қай кезде де өзінен 8 жас кішілігі бар інісі Медеу Сәрсекеге қолдау білдіруі – ағалық. Медеу ағаның өзі естелігінде Қабаңнан әдеби тұрғыдан алғаным – менің оған бергенімнен әлдеқайда аз еді деп ой тұжырады. Қабдыкәрім Ыдырысов та Медеу інісінің салмағы зор дүниені қолға алғанын сезбеуі де мүмкін емес. Осы орайда Қ.Сәтбаев туралы жазуға қолғабыс көрсеткенін атап өту – тарих алдындағы парызымыз.
Семей өңірі – Қабдыкәрім ақынның шығармашылығында да елеулі орын алады. Бұған ақын поэзиясындағы Семейге арналған өлеңдер куә. Әрдайым Абай туған ел, дана Мұхтардың елі деп бағасын асырып, дос-туыс іздеп, сағынып жазады. «Семейім» атты әнге сөз де жазған. Павлодар облысымен шектесетін «Бесқарағай» ауданы туралы өлеңі де бар. Бұл ретте оқырман қауымға Қ.Ыдырысовтың сол өлеңдерін ұсынуды (кейбірін ықшамдап беруді) жөн көрдік. «Поэзияны түсіндіріп жатпайды» дегендейін, өлеңсүйер жұртшылық жүрегімен ұғынып алсын дедік.
Сондай-ақ, Қабдыкәрім Ыдырысовтың Семей өңіріне ұлы Абайдың (1970 жылы) және Мұхтар Әуезовтің мерейтойларында (1967 жылы)арнайы сапар шегіп, өлеңдер арнағанын да анықтап отырмыз. Осы сапарлардың белгісі ретінде кейбір суреттерді ұсынамыз. Кешегі Иса, Майра сынды Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлең-ғұмырында Семейдің орны бөлек.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Павлодар қаласы.

Добавить комментарий