Бүгін ақын, өлкетанушы, журналист Мүбәрак Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл толуына орай С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Балбұлақ жырдың бастауы» әдеби-танымдық конференциясы өтті. Конференцияда қаламгердің балалар әдебиетін дамытудағы елеулі еңбегі ғана емес, оның азаматтық, қайраткерлік қырлары жан-жақты ашылды.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Әбділұлы жүргізді.
– Бүгін – қаламгердің туған күні. Осы айтулы датада Мүбәрак ақынның көзін көрген замандастары мен сөзін терген ізбасарларының басын қосып отырмыз, – деді.
Алпысбай Әбділұлының балаларға арнап қалам тербеп жүргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ал, оның төменгі сыныптардың бірінде оқып жүргенде Мүбәрак атасынан бата алғаны көпшілікке аса мәлім емес. Бір анығы –күллі шығармашылығын балғындарға арнаған ірі тұлғаның мерейтойына арналған тағылымды іс-шараны, одан тікелей тәлім алған шәкірттері мен өлеңдерінен өнеге алған шәкірттердің арасында алтын көпір болып атадан бата алған азаматтың отыруы жарасымды болды, әрі жиынның символикалық мәнін арттырды.
Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов бастады. Ол Мүбәрак ақынның ұстаздығын, кейінгіге өнегесін ерекше атап өтті.
– Мүбәрак Жаманбалиновтың, белгілі журналист Ғалия Балтабай бастаған, шәкірттері көп. Оның ішінде мен де бармын. Мүбәрак ағамыз әдебиеттегі мәселелерге, жазушылық өнерге ортақтасып жүретін. Біздің әдеби ортада Жаманбалиновтың жүргені, қалыптасуымызға оның әсер еткені шындық. Мектептің тәрбиесі басқа да, үлкен әдебиетке жол сілтеген Мүбәрактың өнегесі бір басқа», – деді қаламгер.
Одан кейін Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай сөз алып, ұстазының қайраткерлік қырына тоқталды:
– Жалғыз өзі жүріп, сол кездердегі партия ұйымдарының хатшыларының соңынан қалмай, сөзін өткізді, үлкен істермен айналысты. Ертіс ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрды, қазақ газетін ашып, тұңғыш редакторы болды. Аудан орталығындағы, ауылдардағы көше атауларының қазақшалануына қаншама тер төкті. Өлкетанушылық еңбегі бір төбе. Ол елеусіз қалған, аттары ұмытылып бара жатқан марқұмдардың молаларына, ашаршылық жылдарында опат болғандардың қабіріне құлпытас, есерткіш белгі орнатты. Соның барлығын жаяу-жалпы жүріп атқарды. Недеген қажыр-қайрат деп таң қаламын, – деді ардагер журналист.
Торайғыров универсиетінің прфессоры, балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Бақытгүл Қапасова М.Жаманбалиновтың балаларға арналған шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды:
– Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармашылығындағы ерекшеліктер көп. Өлеңнің танымдық, тәрбиелік сипатын кез-келген балалар ақынынан табуға болады. Ал, Мүбәрак ақынға ғана тән ерекшеліктердің бірі – ол балаларды еңбекке үйретуде өлеңдерге жүгінді. Балаға ең қажеттісі – еңбекке баулу. Өзге қаламгерлер еңбек туралы жазғанда дидактикалық сарынға кетіп қалатын болса, Мүбәрак еңбектің әр процесін түсіндіріп, баланы өзімен бірге жұмыс істетіп отырып үйретеді. Оның шығармаларынан шынайылық, еңбек тақырыбының өзгеше жазылуы байқалады. Себебі – ол өзі де шаруашылықты жақсы білді, қайнаған еңбектің ортасында жүрді. Ақын өлеңдерін оқып отырып, кабинеттен шықпай, балаларға еңбек туралы жазу басқа да, еңбек ете жүріп еңбек туралы айту мүлдем бөлек дүние екеніне көз жетеді.
Ақын табиғат суреттерін беруде де баланың өзін табиғатқа алып шығады. Жай ғана қызықтырып, оны суретке қарағандай әсер беріп қана қоймайды, оқушыны табиғатқа алып шығады –өзен-көл болса өзен-көлге, орман болса орманға, тау-тас болса тау-тас арасына кіргізіп жібереді.
Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – баланың бойындағы көшбасшылық қасиетті ояту. «Сурет» деген өлеңінде Марат деген баланың тапқырлығы көрінеді. Балалар қағазға аңдардың ізін салып, қандай аң екенін тауып ойнайды. Ал, Марат салған із ештеңеге ұқсамайды. Ойынның соңы дауға ұласады. Сонда Марат: «Тұра берсін қағазда, Біз білмейтін аң аз ба?» дейді. Ақын балалардың өздері үшін күрделі, түйінді істі әдемі шешіп береді. Ең бастысы, баланың образына, қабылдауына, ойлау жүйесіне сай келіп тұр. Сендіреді.
Ол кісі тазалықты, еңбекқорлықты балаға айтып қана қойған жоқ, өзі сондай адам болды, – деді Бақытгүл Қасымбайқызы.
Содан кейін ол Мүбәрак Жаманбалиновтың журналистік қырына ерекше тоқталды:
– Оның «Әйгілі аудан Ертісім» деген кітабын үлкен еңбек деп бағалаймын. Ондағы Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандарына қатысты мағлұматтар, материалдар сонау алпысыншы жылдардан бастап жинақталған. Онда М.Жаманбалиновтың журналист ретінде детальмен, дерекпен, фактімен сөйлейтіні көрінеді. 1975 жылы «Қайнаған өмір, жайнаған өңір» деген мақала жазыпты. Ол «Қызыл ту» газетіне басылғаннан кейін үлкен шу болған екен. Ертістің Тоқта деген ауылындағы қазақ мектебінде оқитын қазақ балаларының орысша сөйлейтінін жазады. Сол кезең үшін ондай дүниені айту, мәселені көтеру – саяси қателік болатын. Соған қарамастан ол айтарын айтты. Бүгінгі күннің проблемаларын ол баяғыда-ақ жаза бастаған екен. Махмет Қайырбаевтың араласуымен оң шешілген екен.
Ол кісінің ең басты қасиеті – ол мақаланы жаздым, жарияладым, болды деп қарамайды. Өзі жазған тақырып, көтерген мәселе шешімін таппағанша, дүркін-дүркін жазады. Әбден шешілгенше қайтпайды екен. Мысалы, Северный ауылының мәселесін айтуға болады. Табандылығы, қажырлылығы кейінгілерге үлгі болуы керек.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан ақынның «Аштық азабы» кітабы туралы толғанды:
– Кереку жеріндегі аштық азабы 1930 жылдары Қазақстанның көптеген аймақтарын қамтыған ұжымдастыру және күштеп отырықшыландыру саясатымен тығыз байланысты. Бұл саясат кезінде мал шаруашылығына бейімделген қазақ халқының дәстүрлі өмір салты күрт өзгеріске ұшырады. Жаппай мал тәркілеу, егін шаруашылығына көшуге мәжбүрлеу, қатаң бақылау және шаруалардың мал-мүлкін тартып алу қазақ даласында ашаршылыққа әкеп соқтырды.
Сол кезеңде Кереку жерінде халықтың көп бөлігі аштықтан, ауру-сырқаудан көз жұмды. Көптеген отбасы күнкөріс үшін туған жерін тастап, көршілес Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға көшуге мәжбүр болды. Осы кезеңде өлкенің көптеген ауылдары босап қалды, қазақ халқының саны күрт азайды, ал аман қалғандар ауыр күйзеліске ұшырады.
Бұл ауыр кезең туралы жазушы Жүсіпбек Аймауытов және басқа қазақ зиялылары шығармаларында ұлттың қайғы-қасіретін сипаттады. Сонымен қатар, қазіргі зерттеушілер мен тарихшылар да архив құжаттары мен естеліктер арқылы аштық кезеңіндегі Кереку өңірінің жағдайын егжей-тегжейлі зерттеп, оны тарих сахнасына шығарып отыр.
Аштықтың алапат екенін, геноцид екенін ашып жазған қаламгерлердің бірі – Мү.бәрак Жаманбалинов. 1931-1933 жылдардағы аштық апатында Ертіс ауданының негізі болған Қызылағаш болысындағы 20 мың адамның тең жартысы қырылып қалған. Мүбәрак ақын «Аштық азабы» деген поэмасында сол жылдардың ащы шындығын арқау етеді.
Ертіс ауданының құнарлы топырағында ресейліктер негізін қалаған Суворов совхозында аштық белең алған кездің өзінде жыл сайын 30-35 мың гектар егін егілген. Жұмысшылардың тамағы тоқ болған екен. Ал совхоз төңірегіндегі қазақ ауылдары жүрек жалғайтын нәр таба алмай, қынадай қырылып жатқан.
Совхозға қайыр сұрап келген қазақ әйелдері мен балаларын салт атты комендент қамшының астына алады екен. Совхоздың сыртына қуып отырған. Ал совхоздың жұмыскерлеріне тамақ пісіретін аспаз әйелдер сорпа-суанды, жуындыны, аш аталардың көзінше құмға төгіп тастайды екен. Жүзге жуық әйел-бала сол жерлерде жан тапсырған. Олардың басына кейін құлпытас орнатылған.
Совхозда тракторға қазақтардан алғаш болып Жұмабай Смақанов отырады. Өзгелері – келімсектер. Жұмабайдың жалғыз апасы Мүлипа Павлодардың түбіндегі бір ауылда тұрады. Ол аштықта күйеуінен, тоғыз баласынан айырылады. Оның аман қалған жалғыз ұлы Кәлен мен жұбайы Құралай екеуі – әрі сырқат, әрі аштық меңдеген Мүлипаны қоларбаға отырғызып Жұмабайды іздеп шығады. Поэмада осы үшеуінің жол үстінде тартқан азабы суреттеледі.
Шынайы оқиға негізінде жазылған поэманы оқып отырғанда денең түршігеді. Мысалы, Понфилов ауылы маңында (Суворов совхозы осы ауылдың аумағында болған), совхоздың бөлімшесі болған елді мекеннен қайыр сұрап келіп, ауылдарына қайта алмай жолда опат болған жүзге жуық әйелдің рухына қойылған ескерткіш туралы өлең қасіретті жылдарға лағнет айтқызады:
…Мазалады бастықты,
Қайыршының көптігі.
Ол үшін мынау басқа ұлттың,
Мыңы өлсе де – жоқ құны.
«Көшемізді өліктер,
Басып кетсе, қайтеміз?
Басып кеткен өліктер,
Сасып кетсе, қайтеміз?
Сасытпайық совхозды,
Қоқытпайық көшені»
Қатал мінез «Көккөздің»
Басындағы ой осы еді.
Бастықтың сөзі уәлі,
Кім айта алар қисық деп.
Көшелерден қуады,
Аналарды бишіктеп.
Көзден ағып сорасы,
Қашты аналар далаға,
«Сыртта малдың моласы –
Орындарың сол ара.
Өлесіңдер.
Өлсеңдер,
Сонда барып өліңдер,
Өлгендерді көмсеңдер,
Сол молаға көміңдер!»
Малға арналған сол мола,
Көрге солай айналды.
Жүзге таяу сорлы ана,
Осы жерде жайланды…
…Көрді-ау, шыққыр көзіміз,
Басқа не деп ойлаймыз.
Өз жерімізде өзіміз,
Топалаң тиген қойдаймыз.
Тәнімізді таяқтап,
Қақтап-қақтап өлтірді-ау.
Ар-намысты аяққа,
Таптап-таптап өлтірді-ау…
Конференцияны Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы жалғастырды. Ол Мүбәрак ақынның айтыс өнеріне сіңірген еңбегіне тоқталды.
– Мүбәрак ақын – облысымызда өткен айтыстардағы қазылар алқасының ең бірінші төрағасы болған адам. Ақындарға лайықты бағасын беретін. Мен де айтысып жүрген кезімде ол кісінің түрлі бағалауына ие болдым. Кейін мен қазылар қатарына қосылғанда, мынандай бір оқиға болды. Күз мезгілі болатын. Айтыстың бірінші айналымы өтті. Екінші айналымның алдында ақылдасуға шықтық. Кеңесіп болдық. Түскі үзілістен кейін орнымызға жайғаса бастадық. Төрағамыз жоқ. Ақындар әзір, халық толып отыр. Не болды екен деп бір-бірімізге қарадық. Бір мезетте Мүбәрак аға кіріп келді. Сөйтсек ол, Ертіске шомылып келіпті. Суыққа қарамастан. Содан мен оның өз-өзін күткен, денсаулығына барынша дұрыс қараған адам деп таныдым. Және оның туған жерін, өзінің Ертісін шексіз сүйетін адал перзенті екенін көрдім. Осы екі қасиет те баршамызға өнеге болуы керек, – деді айтыс ардагері.
Жиынды балалар жазушысы Серік Сатыбалдин түйіндеді:
– Мүбәрак ақынның есімі өлмейтінінің басты себебі мынада деп ойлаймын. Ол ауылда жатса да, балалардың ортасында жүрді. Балғындар нені ойлайды, нені армандайды, қалай сөйлейді соның барлығын ақын жақсы білді. Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра білді. Осы екеуі түйісіп келіп, қабысып келіп, оны биікке шығарды, – деді Серік Ғинаятұлы.
Конференция барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған Мүбәрак Жаманбалинов өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысының жеңімпазы, Қ.Бекхожин атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Кәусар Серік пен Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті Қарақат Тілеуберді ақын өлеңдерін оқыды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.