Ізгілік деген не? Ізгілік – адам болмысының көрінісі. Жетіқат көктен биік, жеті қат жерден терең адам болмысы, жаны, табиғаты аса жұмбақтығымен ғана емес, қылдан нәзіктігімен және темірдей төзімділігімен таң тамаша қалдырады. Адам кейде өзінің жанын (ойын, қалауын) өз-өзін қинап, бір шеңберге салып, тұсаулап, ауыздықтап ұстауға тырысады. Ол асау жаны бас бермей, ала қашып, жығып кетуі де мүмкін. Кейде адамның жан қалауы оңашалықты, тыныштықты ұнатады. Ол биязы жаны бұйығы қалпында барынша шынайы екені көзге де, көңілге де айқын көрініп тұрады…

Ізгілік – еркіндік. Еркіндік деген – қалағаныңды жасап, дегеніңді істеп, ойлағаныңды жүзеге асырып, асып-тасып, шашылып-төгіліп, арқа-жарқа жүру ғана емес. Тіпті бұлай еркін болудың өзі айналаңызға зиянын тигізуі, біреудің көңіліне дақ түсіруі мүмкін. Еркін болу деген – ешкімнің алдында именбеу, төменшіктемеу, қуыстанбау, өзіңді кінәлі сезінбеу; еңсені тік ұстау.

Ізгілік – өнегелілік. Ізгі адам әрқашан басқаларға, оның туыс-дос екеніне, бай-кедей екеніне, таныс-бөтен екеніне қарамастан, жақсылық тілеп (жақсылық жасау жақсылық ойлаудан басталады), жамандықтан алыс болуға тырысады. Иә, алдымен «тырысады». Одан кейін ғана ол «болады»…

Басқаға көмектесу, қол ұшын созу дегенді де әркім әртүрлі түсінеді. Мысалы, біреудің мұқтаждығын көріп, оған материалдық қолдау көрсету арқылы ізгілікті шыңға шығара аламыз. Дегенмен, қыруар қаржы-қаражаттың өзі орнын толтыра алмайтын адам жанының бос кеңістігі болады. Оны тек жақсы сөз, асыл ой, жанашыр пейіл ғана толықтырады.

Жақсылық, қайырымдылық, әділеттілік – бәрі-бәрі жиналып келіп ізгілік деген біртұтас ұғымды құрайды. Ойшыл Сократ: «Ізгілік пен игілік жоқ жерде әсемдік те жоқ» деген екен. Әсемдікті, яғни үйлесімді сақтау, қорғау үшін адам ізгілікті неден алады, қайдан табады?

Бұл сұрақтарға жауапты ақын-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асығат Тұрғанбектің жақында ғана жарық көрген «Сен мінгізген ақ пырақ» кітабынан іздеп көрейік.

Алдымен, кітапқа қысқаша шолу. Жинаққа қаламгердің әр жылдары жазылған лирикалық өлеңдері, діни тақырыптағы жырлары, авторлық әндері мен әнге лайықталып жазылған өлеңдері енген. Халықаралық, республикалық айтыс додаларында сан мәрте бақ сынаған ақынның сөз сайыстары да оқырманға ұсынылған. Бұл қатарда оның Айтбай Жұмағұловпен, Айбек Қалиевпен, Тілеген Әділевпен, Бейбіт Бөженмен, Қуанышбек Шармановпен айтыстарының жазбаша нұсқасын оқи аламыз.

Кітаптың алғысөзінде ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай: «…жырларының бір парасы діни тақырыптарға арналған. Имандылыққа, адалдыққа үндеген өлеңдер қатарында «Азан», «Бес парыз бізді бастайды мәңгі жұмаққа» жырлары тазалық әлеміне, тылсым сырларға шақырғандай әсер қалдырады» деп жазыпты.

Әркім әртүрлі бағытта, жолда жүріп шарқ ұрып аңсайтын, бәлкім өзі жолығар деп күтетін ізгілік дейтін қасиетті құндылықты ақын Асығат, азамат Асығат имандылықтан тапқан десек қателеспейміз.

Бұл сөзімізге:

«…Тағдырыңды тартқанда таразылап,

Жәрдем сұрап жылайды жан азынап…», немесе,

«…Тыншығып әлем жайылған алақанымда,

Жан дүниеме періште тұрды үңіліп…», немесе,

«…Пенденің айыбы ұдайы –

Тағдырмен таласу.

Бастағы бақытың шынайы –

Қайғысыз қара су», – деген өлең жолдары дәлел. Және бұндай мысалдардың тағы бірнешеуін алға тартуға болады. Ақын өлеңімен оқырман кітап бетінде қауышар. Біз негізгі ойымызға оралайық.

«Айналып келер қазығың тектес,

Ағайыныңмен жағаласқан жаман.

Алланың берген нығметін көрмей,

Қанағаттанбай қара басқан жаман.

Ас-суы бөлек асылдарыңның,

Арасына түсіп, абаласқан жаман.

Шынайы оның бейілін білмей,

Өсектеп сырттай ала қашқан жаман…», – дейді ақын тағы бір жырында. Ақын айтқан жамандардан сақтанған ғана – адам. Сақтанбаған – надан. Жақында жамағатпен жұма намазына бардық. Уағыз – адамгершілік тақырыбында. Имам былай деді: «Қаламызда өте білімді, қасиетті Құранды жатқа білетін қари бар деп естіп іздеп бардым. Бірақ ол кісінің атын ғана білетінім болмаса, түр-түсін танымайды екенмін. Мешітке кірген бетте бір ер адамның техникалық қызметкерге ұрсып жатқанын көрдім. Сөзінен аңғарғаным тазалықшы апай бір жұмысты толық аяқтамапты. Соған ашуланған әлгі кісі дауыс көтеріпті. Сөйтсем, сол адам мен іздеп барған қари екен. Осы оқиғадан кейін «Қари болу әрине қиын, бірақ адам болу тіпті ауыр!» деген ой түйдім».

Бұл енді біздің тақырыпқа байланысты алға тартып отырған бір ғана мысалымыз. Ал, ақын өлеңінде айтылған жамандардан сақтану үшін биік парасат, терең білім, үлкен ақыл, берік иман керек.

Өлеңінен бөлек, Асығат Сәулетұлы айтыстарына да дін насихатын үнемі арқау етеді.

«…Жаратқанға жақындап құлшылықпен,

Дұға қылсаң, алдыңнан арайлар күн…», және,

«…Қаласа Алла қу шыбық бүршік берер,

Мейлі оны суарсын, суармасын…», және,

«…Иман ұйып жүректе тұрақтамай,

Бәріміз де бақыттан кембағалмыз…», және,

«…Дүние дос болмайды-ау жиғаныңмен,

Кенелткенмен кей-кейде сыйға бірден…», – деген өлең тармақтары Алланың асыл діні – Исламның өнегесін, қасиетін, құдіретін таныта түседі.

Дін Ислам дегенде біздің басқа бірнеше ой келеді:

Көлік тізгіндеген әр адам жол ережесіне бағыну қажеттігін, оны бұлжытпай орындамаса, қандай айып арқалап, қанша айыппұл төлейтінін жақсы біледі.

Дүкенге негізгі есік арқылы еркін кірген әр тұтынушы шығарда касса арқылы өтеді, сатып алған әр заты үшін ақы төлеп, есеп айырысады.

Әскерде болған әр азамат әскери Жарғының қандай күшке ие екеніне талай көз жеткізген. Қатардағы жауынгерден бастап, ең жоғарғы шенді, лауазымды офицерлерге дейін бір кітапта жазылған ереже, тәртіпке бағынады.

Осы мысалдардың барлығы қарапайым болғанымен, үлкен мағынаға ие. Адам өмірі де – автомобиль жолы секілді, дүкен сияқты, әскерге ұқсайды. Демек адамның өмірін жамандық пен арамдықтан, азғындық пен аярлықтан сақтап тұратын бір күш бар. Ол – Құдай сөзі.

Біз Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатындағы» Беркен құсап, «Қағазбайлар көп болса, жер бетінде ешқандай қайғы да, қасірет те, ұрыс та, талас та болмас еді. Күн ылғи күлімдеп, адамдар бір-біріне тек ізет етіп тұрар еді» деп қиялдаймыз (Бұндағы Қағазбай – біз сөз етіп отырған ізгі адамның үлгісі. Ол «біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейді, өзім деген кісіге қоң етін ойып беруге дайын тұрады»).

Дін де, ғылым да, өнер де ізгіліктен бастау алуы қажет деп ойлаймыз. Сұлтанмахмұт Торыайғыров «Социализм» мақаласынанда: «Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы. Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; мысалы: пароход, отарба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина, тағы-тағы сондайлар.

…ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы ар азығы – әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығы ер жетпегендігінен Европадағы адам баласының күн көрісін, жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр; неше миллион жас жігіттер мүшелерінен айрылып кем болуына, неше миллион адам кеуделерінің тау-тау болып үйіліп, қара құс пен қасқырға жем болуына, кәрі ата-ана баласынан айрылып, жәрдемсіз жас келіншек, жас балалар панасынан айрылып көз жастарының сел болуына жұмсалып жатыр…», – деп жазады.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын (!) көтерілген мәселе әлі де өзекті. Ақынның түпкі ойы мәнін еш жоғалтпаған. Бүгінде ғаламтор арқылы қаншама адам пайдаға кенеліп жатса, қаншама бейбақ алаяқтарға алданып сан соғып қалды. Жасанды интеллектің ұшан-теңіз пайдасын айтқанымызбен, көл-көсір зияны барын да жасырмаймыз. Сол секілді бір ауыз сөз де дұрыс айтсаң жұбатады, теріс айтсаң жылатады.

Осы тұрғыдан алғанда, «Сен мінгізген ақ пырақ» кітабы саналы оқырманды  ар жолына бастайтынын, ақын Асығат Тұрғанбек өлеңі арқылы, өнері арқылы ізгілікке ұмтылғанын, адамгершілікке асыққанын, имандылықты ұлықтағанын, сөзі – ақынның өзі екенін айтып тізгін тартайық.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий