Нұтфолла Шәкенов – қазақтың көрнекті ақыны. Павлодар облысы Ақсу аудан Қанаш Хамзин ауылының тумасы. Кезінде ол жерді тоғызыншы ауыл деп те атаған. Арғынның ішінде Бәсентиін руынан – Бөрі. Нұтфолланың әкесі Жүнісов Шәкен 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу кезіне ілініп, «халық жауы» деп қудаланған. Қызыл науқанның құрбаны болған адам. Қызметінен аластатылып, партия қатарынан шығарылады. 1939 жылдың соңына қарай ақталып шығады. Шәкен Жүнісов – тектінің тұқымы. Оқыған адам. Семей облысының Абыралы ауылында 1934-1938 жылдары аудандық денсаулық бөлімінің бастығы болған.

Нұтфолла ақынның туған жері туралы баспасөз беттерінде біреуі Павлодар облысынан десе, біреулері Семей облысының тумасы деп жатады. Шын мәнісінде, ақынның балалық шағы Семейдің Абралысында өткені – шындық. Бірақ кіндік қаны тамған жер – Павлодар облысының Қанаш Хамзин ауылы. Бұны кезінде ақынның өз аузынан естігенмін:

– Менің өскен жерім, балалық шағым Абыралы ауданы Қайнар ауылы… Мұндағы адамдар – сауықшыл болды. Ауылымыз ән мен жырдың ордасы болатын. Осы қауымның ортасында өскен маған осындағы өнерпаз жұрттың шарапаты тимей қалған жоқ, – деген еді.

– 1941 жылы алтыншы сыныпта оқып жүргенімде, Семейдегі республикалық халық ақындарының айтысына қатысуға жіберді. Менің кішкентай екенімді көріп, қазылар алқасындағы ағалар басымнан сипап, «жарайды, айтысқа түспесең де, ақын аталарыңның жанында бол» деп меселімді қайтармай, қастарына отырғызып, «бақылап, байқап отыр екі-үш жылдан кейін қатысасың» деп еді. Содан 1943 жылы мектеп оқушыларының республикалық ақындардың жазба олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанып, жүлде алғанмын. Қайнарда оқып жүріп болашақ ақындыққа осылай жол аштым, – деп еді Қазақ радиосына берген сұхбатында, сол сөзі қағазға түсірілген еді. Қаз қалпында бердім.

Нұтфолла ақынды мен алғаш 1965 жылдың күзінде жерлес ақындарымыздың бірі Қабдыкәрім Ыдырысовпен Павлодар облысының Ертіс қаласындағы нөмірі екінші қазақ мектебінде көрдім. Нұтфолла Шәкеновтің сырттай, өзіміздің сүйіп айтып жүрген талай жүректерді жаулаған, жұрт аузында жатталып қалған, көкейімізде ұмытылмастай сақталған әндері арқылы білетінмін. Сол кездесуде, біздің мектептің оқушылары оның «Ақ бидай» – алтын астық дәнім аты» деп басталатын әні мен мектеп оқушылары үнемі сүйіп айтатын «Бейбітшілік сақталады» және «Еду, еду қашықтан, мен водовоз асыққан» деп өзіміз айтып жүрген «Су тасушы қыздың әнін» мектептің әуесқой әншілері орындап берді. Сонда Нұтфолла ақын өзінің өлеңін айтқан қыздар мен балаларға есімде «Жүз ән» деген өлең кітапшасын сыйлағаны. Сонда мен ішімнен неге мен де ән айтпадым екен деп өкініп отырғаным есімде.

Іле 1966 жылы Алматыға қазіргі әл-Фараби атындағы жоғарғы оқу орнының журналистика факультетіне оқуға барғанымда, конкурстан өте алмай, университеттен шығып, осы күнгі Абылайхан көшесімен жылап келе жатып, Жазушылар одағына жете бергенімде Қабдыкәрім Ыдырысов ақынмен бірге Нұтфолла ақынды кездестірдім. Тәңірім өзі жіберген болар.

Университет пен Одақ үйінің арасы жақын болатын, бір жолда, қазіргі Абылай хан, бұрынғы Комунистический көшесі. Олар мені тоқтатып:

– Қызым не болды, неге жылайсың? – деді. Тоқтай қалдым. Қарасам ақын Қабыкәрім Ыдырысов ағамыз, жанында ақын Нұтфолла Шәкенов бар. Жолы болғыр жігіттің, алдынан жеңгесі шығады дегендей… Ағаларым бәрін тәпіштеп сұрап жатыр. «Алған бағаларым – 4 пен 5, тек еңбек өтілім жоқ дейді», – деп жылағанымды баса алмай тұрмын. Сол кезде Қабдыкәрім аға:

– Нұтфолла, мына қызымызды Тауман Амандосовқа алып бар, менің қарындасым де, сен мені шығарып салмай-ақ қой. Аэропортқа өзім барамын, үйде жеңгең тосып отыр, – деді. Өзінің бүгін Сочиге ұшатынын айтып, мені Нұтфолла ағамен бірге деканатқа жіберді.

Қабылдау бөлмесі алдында біраз адамдар отыр екен. Хатшы қызға мен Жазушылар одағынанмын, декандарыңмен тез арада кездесуім керек деп ескертті де, бірден мені ішке алып кірді. Декан орнынан тұрып, Нұтфолла ақынға сәлем беріп, қолын алып жатыр. Мені көріп түсі бұзылып кетті. Сөздің қысқасы, Тауман Амандосов: «Алдын-ала ескертіп қоймадыңдар ма, қазір бұйрық шықты, өзгерте алмаймыз, осы балымен сыртқы бөлімге қабылдаймыз», – деді. Міне мен осылайша Қабдыкәрім ағаның араласуымен, Нұтфолла ағаның көмегімен журналистика факультетіне қабылдандым.

Университетке оқуға қабылдағанша, Нұтфолла аға бар жайды өзі қадағалап жүрді. Ол өзінің атағы жер жарып тұрса да, тіпті біздердің алдымызда да өзін кіші ұстайтын, қарапайым жан еді. Бауырмалдылығы соншама мені туған қызындай көретін. Оқуға қабылданғаным жайлы бұйрық шыққан күні, есімде, КазГУ-дің екі мұғалімін кафеге шақырып: «Мына менің қарындасыма қолқанат болыңыздар» деп тапсырған еді. Соның бірі Абдул-Хамид Мархабаев және Әбілпейіс Ыдырысов ұстазымыз болатын. Абдул-Хамид Мархабаев бір-екі жылдан кейін біздің журналистика факультетінің деканы да болды. Міне Нұтфолла ағаның маған жасаған қамқорлығы осындай.

Ал енді Нұтфолла Шәкенов ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында баяндап өтсем. 1943-1948 жылдары ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқиды. Алғаш рет 1946 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Ақ бидай» атты өлеңі жарияланады. Өлеңнің сөзін ұнатқан сол кезде университеттің музыка үйірмесін басқаратын композитор Бақытжан Байқадамов ән шығарады.

Нұтфолла Шәкенов Университетті тәмамдағаннан кейін, Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында аға оқытушы болады. 1949-1953 жылдарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінде Бас редактор, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, Жас әдебиетшілерді тәрбиелеу жөніндегі секцияның жауапты хатшысы міндеттерін атқарды.

1958-1961 жылдарды КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғары курста оқыған. 20-дан аса кітаптың авторы. Алғашқы шыққан кітабы – «Біздің жыр» атты өлеңдер жинағы, ол 1949 жылы жарық көрген. 1953 жылы «Жүрек сөзі» атты өлеңдер кітабы шықса, «Орамал» өлеңдер жинағы 1956 жылы баспадан шыққан. 1958 жылы, «Шаттық желі» ән текстері. Сол сияқты «Айгүл», «Сақина» атты ән текстері жарық көрген. Ал 1973 жылы «Бел-белес» атты таңдамалы өлеңдер жинағы, 1975 жылы «Белеңдер», 1979 жылы «Жан сәуле», 1984 жылы шыққан. Одан басқа да 30-ға тарта өлеңдер мен поэмалар жинағы бар. Жүзден астам өлеңіне ән жазылып, халық арасына кең таралды. Нұтфолла Шәкеновтің өлеңдеріне қазақтың атақты композиторлары: Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Мыңжасар Маңғытаев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Бекен Жамақаев, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбаевтар керемет музыка жазған, бұл әндерді әншілеріміз өз репертуарынан осы күнге дейін тастамай келеді. Тіпті өзіміз де айтып жүрміз, ғұмыры ұзақ әндер.

Нұтфола ақынның мына бір естелігін оқып едім:

– «Мен бала шағымнан әнге құмарттым, әнді сүйдім. Оған бірінші себеп Абай ауылының іргесінде – ән толқыған Абыралы тауының бауырында өстім және өз әкем қолынан домбыра түспеген, Майра мен Естайдан тәлім алған ел әншісі болды».

Осы жерде балалық бал дәурені өткен Нұтфолла ақынның «Абыралым, армысың!» деген өлеңін ұсынсам:

Балалық, балғын шағымнан

Кеудеме қонған бұлбұлың!

Өзіңді аңсап, сағынған

Мен-дағы сенің бір ұлың –

Абыралым, армысың!

Әлі де жақсы үміт көп,

Көп еді-ау бізден күткенің…

Алдыңа келген жігіт боп,

Баяғы бала Нүткенің –

Армысың, алтын Қайнарым! (қысқартылып алынды)

Нұтфолла ақынды бала кезінде Нүткен деп атаса керек.

Нұтфолла Шәкеновтің шығармашылығы жайында айтатын болсақ, ол әнге керемет сөздер жазған. Атақты әрі дарынды композиторлармен, жұлдызы асқақ әншілермен өнер саласында бірге еңбек етті. Қазақ музыка тарихында оның өшпес орны бар. Талантты композиторлардың әндеріне жазылған өлеңдері шын мәніндегі халық әндеріне айналды. «Жан Сәуле», «Махаббат вальсі», «Іздедім сені», «Қызғалдағым», «Бейбітшілік сақталады», «Сен ғана», «Ақ бидай» тағы да басқа ән-өлеңдері тыңдарманның рухани серігіне айналған қымбат әндер.

Нұтфолла Шәкенов ақын ғана емес, сан қырлы, сексен сырлы жан болатын. Домбыра тартып, күй шертіп, ән салатын, ол өз заманының серісі болатын. Оның поэтикалық эпика саласындағы поэмалары да бар. «Ұрпағым менің» поэмасы публицистикалық жанрдағы құнды дүние. Оқырман жылы қабылдаған дастанының бірі «Қазақ жаны» және «Сақина» атты дастаны. Ал «Айгүл» дастаны сол заманның тынысын көрсеткен шығарма.

Нұтфолла Шәкенов өз шығармаларында еңбек адамдарының ерен ерлігін, олардың ұлылығын өлеңмен бейнелеген. Нұтфолла Шәкенов Қазақ ССР-нің Жоғары кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған. 1983 жылы ол дүниеден өтті. Артында өшпес мәдени мұра – өлеңдері мен поэмаларын, дастандары мен ән-өлеңдерін қалдырған дарынды ақын.

 

Ғалия БАЛТАБАЙ,

Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі,

«Құрмет» орденінің иегері.

«Тұлғалар» – асыл жандар кітабынан алынды.

Добавить комментарий