Адам жасы ұлғайып, тоқталып, тоқыраған кезде қартайып қайғы ойлағаннан да басқа жағдайларды бастан өткізеді. Әрине, жыл мезгілдері секілді, адам өмірінің ерекше кезеңдері болады. Бірақ ол қайталанып отырмайтынын біз мезгілмен түсіне береміз ғой. «Жердің сәні – сұлу көктем кетпесе, өмір сәні – жалынды жасты өтпесе» деген өкінішті арман да осыдан туындайтын болар. Алпыс асып, жетпістің қырқасына тұяғы іліккенде өмірдің көбі кетіп, азы қалғанын сезінбейтін адам кемде-кем шығар. Міне, сол кезде сен осы мен не бітірдім, қол жеткен жетістіктерім қандай, қияметтік дос, өмірлік серік таба алдым ба, Алланың берген перзенттеріне дұрыс тәрбие, керек білім бере алдым ба? деп өзіне өзі сұрақ қойып, өміріне талдау жасау әр саналы азаматтың парызы ма деп білемін.
Менің замандасым, жерлесім, досым Мұхит Мүрсәлиұлы Омаров туралы өзім көзіммен көріп, куәсі болған жағдайларды шама-шарқым жеткенше баяндап берсем деймін. Бірақ біз бәрін бірдей көрмегеннен, ел арасында естіп өскен тегінен бастамасақ, бұл әңгіме толық болмасы анық. Арғы тегі Арғынның бес Мейрамының біреуі Бегендіктен тарайтын бұл әулеттің кейінгі буындарының мекен етіп, ұрпақ өрбіткен жері, жайлауы жайлы елі – бауырмал қасиетті Ақкөл жайылма. Түп нағашысы тұлпар мініп ту ұстаған Ғайыпберлі, Көлебе батырлар, өз заманында елдің пірі болған Жеміс әулие, өнердің қайталанбас тарланы, махаббаттың гимнін жазған Естай Беркімбайұлы, елдің сыйлы ақсақалы Омарбек қажы болса, өз нағашысы жансызға жан салмаса да Шамұғылдан кейін Жайылманың халқының ажалсызының жанына дауа таба білген Аябай тәуіп еді. Осы орайда Сарыарқадан Ислам дінінің таралуына өлшеусіз еңбек еткен Бейіс хазірет, Нұрхай моллаларды атап өткеніміз орынды болар. Бала Мұхиттың толыққанды тәрбие алуына ерекше еңбек сіңірген ата-анасынан басқа Бәтау ақсақал мен Ақылбек ағаның еңбегі зор. Мүрсәли ақсақал мен Нағима шешейдің отбасында бес бала болды. Бәрі – білім алып, отбасын құрған сыйлы адамдар. Үлкендері Тілеулес ағай маған ұстаздық етті.
Бұл отбасының Ақкөл кеңшарына көшіп келуі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары болатын. Біз бұл кезде орта мектептегі оқуымызды аяқтап қалған едік. Мұхитпен біздің танысып, араласуымыз осы кезден басталды. Көбіміз сол уақытқа дейін аудан орталығы Краснокутскіні көрмегенбіз, біз үшін Мұхит өзінің ширақтығымен, ұйымдастыру қабілетімен көзге түсті. Осыны аңғарған мектеп басшылары да оған иек артып, комсомол ұйымының жетекшісі етіп сайлап, оқушыларды ұйымдастыру жұмыстарын тапсырды. Спорттық іс-шаралар, шахмат ойынын үйрету, жарыс ұйымдастыру, мектептік қабырға газетін шығару, радио торабының жұмысын жүргізу, тағы да басқа шаралар жастар ұйымының негізінде іске асырылып отырды. Кейінгі өміріндегі атқарған қызметтерінің бастауын Мұхаң сол мектепте алды ма деп те ойлаймын. Тағы сол кезде мен аңғарған ерекше қасиеті Мұхиттың өлең жазатындығы еді. Ниеттің, ақ сезімнің пәк кезінде жазылған сол бір өлең жолдары есімде қалмаса да, бұл тегін адам емес екендігін мойындатқандай болатын. Бір ғана біздің Ақкөл мектебінде, бір мезгілде Мейрам Асылғазин, Мұхит Омаров, Жұмажан Мусин сияқты талантты оқушылар болып еді. Осылардың ішінде Мейрам ғана осы саланы ұстап, қазақ әдебиетінде көрнекті тұлға болып келе жатқанда өмірден ерте озды. Мұхит журналистикаға кетсе, Жұмажан Алланың берген өнерін ұстай алмай қалды. Бұрындары Байдалы би қолына су құйған Нұралы Сәбденұлына (Саққұлақ би баласы) «Көп жаса, балам», – деп бата берсе, Нұралы разы болмапты. Сонда би: «Бақ-дәулет өзіңде бар еді ғой, Алладан ғұмыр тілесейші, балам», – деген екен. Нұралы өмірден тым ерте кетсе керек. Өнер, ғылым, әдебиеттің адамдары ерекше жаратылыс иелері деп біліп, оларға жағдай жасайтын орта, қамқор аға мен тілеуқор ел керек шығар. Біздің жағдайда біреуіне өмір жетпейді, біреуін қызмет қызығы билеп кетсе, біреуіне ақыл тоқтау сала алмады. Шерханша айтсақ, «бір кем дүние».
Содан кейін білім іздеп әр жаққа тарап кеткен кезіміз болды. Өмірге жолдама-диплом алып, елге оралған соң-ақ тұрмыс құру, қызмет талабына сай сол кездегі қоғам өмірінің әр саласында еңбек етіп, тер төгуге тура келді. Әйтсе де бір-біріміздің қайда, немен айналысатынымыздан сырттай құлағдар болып, жетістіктеріне қуанатын едік. Мұхаң аудандық газеттің әдеби қызметшісінен бастап, тәжірибелі журналист дәрежесіне, аудандық жастар ұйымының басшысы мәртебесіне жетіп, мақтанышымызға айналды. Еңбегі мен білімін қатар ұштастырып, әр жастың арманы әсем астана Алматы қаласында университетте журналист мамандығын игерді. Бұдан кейін де қала, облыс деңгейінде үлкен дәрежеде жүрсе де, ізденіс, оқуын тоқтатпай, аяғында Москва қаласында академияда дәріс алды, аспирантурасында ғылым кандидаты диссертациясын қорғап, мәртебелі атақпен оралды. Сол талмай іздену мен тынымсыз еңбектің арқасында Павлодар қалалық партия комитетінің
2–ші хатшысы, кейін қала әкімінің 1-орынбасары, облысымыздың мәдениет басқармасының басшысы бола отырып, бізді де ұмытпай, шалғайда жатқан Ақкөлдегі бізді, қала маңатындағы басқа да елді мекен адамдарын шақыртып, көптеген сахна шеберлерінің, қазақ театр жұлдыздарының өнерін тамашалап, танысуымызға себепкер болған.
Қызметті кім істемей жатыр. Мәселе оның нәтижесінде деп білемін. Осы тұрғыда өзім куәсі болған бірнеше іс-шараны атап өткім келеді. Біріншісі, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, халық композиторы – Естай Беркімбайұлының 125 жылдық мерейтойының қарсаңында кәсіпкерлер Мағауия Рахымберлин, Бахриден Кәрімжановтарды ертіп келіп, кесене тұрғызу ісіне ұйытқы болса, дәл той өтер алдында облыс орталығының бір көшесіне ақынның атын бергізуге тікелей себепкер болды. Жалпы, сол жылдары Павлодар қаласының көшелерін қазақшалауға білек түріп алғашқы кіріскен де Мұхаң болатын. Кейін редактор кезінде облыс орталығы Павлодар атауын өзгерту қажеттілігін облыстық газет бетінде көтеріп, қызу пікірталас ұйымдастырды. Қазір айтуға оңай, ал ол уақытта бұл батылдықты талап еткені мәлім.
Екінші, облыстық мәдениет басқармасына басшы бола жүріп, толығымен орыстанып кетуге шақ қалған қаламызда қазақ өнерінің шаңырағын көтеріп, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрын ашып, республикаға әйгілі, талантты режиссер Ерсайын Тәпеновтің тілін тауып шақырып, Алматыдан өнер институтының бір курсын толығымен әкеліп, бірден кадр мәселесін шешіп еді. Театр ашылғанда халық «ақ түйенің қарны жарылды» – деп бір-бірінен сүйіншілегенін көзіміз көрді. Облысымызға елдің маңдайалды өнер ұжымдарын шақырып, өнерін тамашалауға, республикалық ақындар айтысын өткізуге ұйытқы болды. Аймағымыздың халқы төл өнерімізбен сусындап, ризашылығын білдіріп жатты. Сол кездің әсерімен біз де Ақтоғай ауданында Естай атындағы ақындар мектебін ашқып, айтыскер ақын, «Ақтоғайдың қаранары» атанған Бейсенбі Мұқажанов онда жемісті еңбегін әлі күнге дейін жалғастырып келеді.
Үшінші, облысымыздағы сол кездегі жалғыз қазақ газетін Мұхаң өте ауыр кезеңде қабылдап алды. Таралымы бюджеттік ұжымдарды қосқанда 3000–ның аржақ-бержағында, газеттің болашағы бұлыңғыр еді. Осы кезде үлкен табандылықпен атқарылған жұмыстың нәтижесінде таралымы 30000 мыңға тақаған газет аяғынан тік тұрып, аймақ өмірінің айнасы бола білді. Облыс басшысының редакциядағы бұрынғы журналистерді жұмыстан босатыңыз, бұлар жаңа талапқа сай емес, орнына Алматыдан шақырамыз, пәтер мәселесін өзім шешемін деген нұсқауына қарсы уәж айтып, ұжымды сақтап қалды, зейнеткерлікке шыққан ардагер журналистердің орнына жергілікті қабілетті жастарды тартты. Өз кадрын дайындау мақсатымен «Жас қалам» үйірмесі жұмысын бастады, университетте журналистика кафедрасын ашуға мұрындық болды. Газет жұмысын жаңаша ұйымдастырып, өзін-өзі қаржыландыруға бет бұрды. Аймақта күрт басталған «реформалар» нәтижесінде әсіресе қатты күйзелген ауылдық жерлерде халықпен кездесулер ұйымдастырып, проблемалардың себептерін аша біліп, газет бетінде көрсете алды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазіргі атқарылып жатқан іс-шаралардың кейбір салаларына сол кезде-ақ көңіл аударып, қасиетті мекендер, тарихи тұлғалар жөнінде құнды материалдар беріле бастады. Осы мақсатпен 2010 жылы ұйымдастырылған «Исабек Ишан қорының» жұмысына да белсенді атсалысқан адамның бірі – Мұхаң.
Елім дейтін ұланын ұлықтай білетін елдің ұрпағымыз ғой. Бұл кісі екі рет Елбасының тікелей қабылдауында болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Еңбегінің жемісін орып отырған ұлағатты ел ақсақалы. Жұбайы Бекзатпен ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қасиетті қара шаңырақта отырған бай-бәйбіше. Алланың берген денсаулығының арқасында әлі де қоғамнан сырт қалмай, білім ордасында (С.Торайғыров атындағы ПМУ-де) дәріс береді, Павлодар қаласының Құрметті азаматы ретінде көптеген қоғамдық істердің бел ортасында жүр. Жасында тастап кеткен қаламын қолына алып, бірнеше кітапты баспаға дайындап жатырмын дейді. Осы жолда біз замандасымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақытты қарттық, шығармашылық табыс тілейміз.
Әбілхақ ТҮГЕЛБАЕВ,
Павлодар облысының Құрметті азаматы.